Тікелей эфир

Білім беру саласының жарты миллиондай қызметкерінің жалақысы өседі. Жаңалықтарға шолу

Көпбалалы отбасылардың үйлеріне жөндеу жүргізіледі. Алдағы үш тәулікте Қазақстанда күн жылынады.

Жыл басынан бері 1200 қазақстандық екпеден бас тартқан

Жыл сайын олардың саны өспесе, азаймай отыр. Дәрігерлер елімізде үш жыл қатарынан өршіп тұрған қызылша ауруының қаупі әлі де сейілмеуі мүмкін деп алаңдаулы. Инфекциялық және паразитарлық аурулар басқармасының жетекшісі Манар Смағұлдың айтуынша, қызылшаға қарсы екпені 6355 адам, дифтерия, сіреспе, көк жөтел ауруына қарсы екпені 9 мың адам салдырмаған. Туберкулезге қарсы салынатын епкеден де бас тартатындар бар көрінеді.

Әлеуметтік сауалнама қорытындысына сәйкес, екпеден бас тартатындардң басым бөлігі (50%) жеке сенімін, 32%-ы діни сенімдерін алға тартқан.

Жас мұғалімдердің еңбекақысы елдегі орташа жалақы мөлшерінен төмен болмауы керек

Мәжіліс депутаты Ирина Смирнова осылай деп мұғалімдерге жалақысын ұлғайтуға мүмкіндік беретін кезектен тыс аттестация өткізу жүйесін сынға алды. Айтуынша, 2018 жылы кезектен тыс аттестацияны түлектер емтихан тапсыратын күндері қолайсыз уақытта өткізген. Биыл да дәл осындай жағдай қайталанғалы отыр. "Барлық мұғалімнің жалақысын көтермеу үшін осылай жасалып отырған сияқты" дейді депутат.

Бұл тұрғыда И.Смирнова Білім және ғылым министрлігіне мұғалімдердің еңбекақысы мен олардың жұмысын бағалау әдістерін өзгертуді ұсынды.

Мамырдың аяғында Алматыда электр автобустар жолға шығады

Бұл туралы қала әкімі Б.Байбек өзінің Twitter-дегі парақшасында хабарлады. "Екі жылда Алматының автобустар паркі 80%-ға жаңартылды. Экологияны жақсарту үшін электр көліктерді енгіземіз. Алматыда құрастырылған алғашқы 10 электроавтобус жолға шығады", деп жазды ол. Жаңа қоғамдық көліктердің Төле би көшелерінің бойына шығарылатыны белгілі болды.

Қазақстандықтар коммуналдық қызметтерге 10 млрд теңге қарыз

Оның жартысынан көбін тұтынушылардың жылуға қатысты қарыздары құрайды. Энергетика вице-министрі С.Есімхановтың айтуынша, газға берешектер саны да артып кеткен. 2019 жылдың мамыр айындағы көрсеткіштер бойынша "ҚазТрансГазАймақ" АҚ алдындағы қарыз құны 5,7 млрд теңгені құрап отыр.

Көпбалалы отбасылардың үйлеріне жөндеу жүргізіледі

Қазақстандағы көпбалалы отбасыларды қолдау мақсатында 31 арна Ақпарат және қоғамдық даму министрлігімен бірігіп "Анашым, біз үйдеміз" тележобасын іске қоспақшы. Жоба аясында телекөрермендердің көз алдында осындай отбасылардың пәтерлеріне тегіннен тегін жөндеу жасалып беріледі.

31 арнаның бас директоры Ю.Бродскийдің айтуынша,
түсірілім тобы бірінші маусымда жобаға қатысатын 24 отбасыны іріктеп алады. Қатысушыларға қойылатын басты талап – отбасының 18 жасқа толмаған 4 және одан да көп баласы болу керек. Ақпарат және қоғамдық даму министрі Д.Абаевтың айтуынша, отбасыға көмектесу туралы шешімді комиссия анықтайды. Мемлекет тарапынан жобаға 130 млн теңге бөлінген.

Қазақ және орыс тілдерінде өтетін жобаға дайындық жұмыстары 15 мамырда басталады. Оған қатысуға өтінімді dom@31.kz электронды поштасына қалдыру керек. Жоба үйлестірушісімен +7 708 267 7326 нөмірі арқылы байланысуға болады. Ең бірінші шығарылымды көрермендер 11 тамызда тамашалай алады.

Тоқаев Атырау облыстық полиция департаменті басшысының ерсі әрекетін тексеруді тапсырды

Президент өзінің Twitter-дегі парақшасында: "Ішкі істер министрі Е.Тұрғымбаевқа Атырау облыстық Полиция департаменті бастығының ерсі әрекетіне қатысты қызметтік тексеру жүргізуді тапсырдым. Қатаң шара қолданылатын болады" деп жазды.

ІІМ әлеуметтік желіде жарияланған видеоға қатысты тексеру жұмыстарын бастады. Бейнежазбада Атырау облыстық полиция департаментінің басшысы А.Дүйсенбаевтың атта отырғаны түсіріліпті. Видеоның жазбасында оған атты кәсіпкердің сыйлағаны туралы айтылған.

Салымшылар саны азайып барады

"Қазақстанның Халық банкі" АҚ Басқарма төрайымы Ү.Шаяхметова осылай деп мәлімдеді. Айтуынша, жеке тұлғалармен қатар заңды тұлғалардың да банктегі жинақ ақшаларының деңгейі төмендеп кеткен. Бұған керісінше, бөлшек несие алушылар саны ұлғайып отыр. "Адамдар демалысқа, жөндеу жұмыстарына, той жасауға несие алады. Бір клиенттің орташа есеппен қарызы 800-900 мың теңгені құрайды" дейді Ү.Шаяхметова.

Банк басшысы несие алушылардың санының артуын халықтың табысының төмендігімен байланыстырады. "Бұрын бір адамның басында бір несиеден болса, қазір микроқаржылық орталық, онлайн қарыз берушілердің саны артуына орай бір адамда орта есеппен 1,6 несиеден бар", дейді ол.

Білім беру саласының жарты миллиондай қызметкерінің жалақысы өседі

Осы мақсатқа 2019 жылы республикалық бюджеттен 109 млрд теңге бөлінген. БҒМ таратқан мәліметке сүйенсек, жалақысы көтерілетіндердің қатарында еңбек жолын енді бастаған жас мұғалімдер, колледж мұғалімдері, әлеуметтік психологтар, балабақша жетекшілері мен тәрбиешілері, тәрбиешілердің көмекшілері, Сонымен қатар қосымша білім беру жүйесінде жұмыс істейтін қызметкерлер бар.

Мысалы, 1-2 жылдық еңбек өтілі бар санаты жоқ қаладағы жоғары білімді мұғалімдердің жалақысы 78 560 теңгеден 95 819 теңгеге өсетін болады. Ауылдағы осындай мұғалімдердікі 95 166 теңгеден 116 740 теңгеге жоғарылайды.

Жоғары санатты, 20-25 жылдың еңбек өтілі бар қаладағы мұғалімдердің айлық ақысы 105 051 теңгеден 118 898 теңгеге дейін өседі. Ауылда 128 280 теңгедей еңбекақы алып жүрген осындай мұғалімдердің жалақысы 145 589 теңгеге жоғарылайды.

Қазақстандық БАҚ не жазды:

Inform.kz: Әлемдегі әрбір бесінші адам аллергиядан зардап шегеді. Егер дәрігерлер ХХ ғасырды жүрек-қан тамыры ауруларының ғасыры деп атаған болса, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының болжамы бойынша, қазір аллергия ғасыры саналады. Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында депутат Майра Айсина елімізде аллергия шақырмайтын таза өнімдерді шығаруға қолдау көрсету тетіктерін күшейтуді сұрады. Айтуынша, ешкі сүті - аллергия шақырмайтын өте сирек өнім. Депутат әлемдік тәжірибені ескере отырып, мал (ешкі) сатып алуға бөлінетін субсидияның мөлшерін қайта қарауды ұсынды.

24.kz: Алдағы үш тәулікте Қазақстанда күн жылынады. Батыс Сібірден Қазақстанның солтүстік және шығыс аймақтарына ығысқан суық антициклон республиканың орталық, оңтүстік және оңтүстік-шығыс облыстары суытады. Бірақ 17-18 мамырда солтүстік ауа ағындарының батысқа ауысады және Қазақстанның басым бөлігінде ауа температурасының тез көтеріледі деп күтіледі.

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары