Тікелей эфир

Билік басындағы бір жыл. Президент Тоқаев қабылдаған маңызды шешімдер

Сурет Ақорданың ресми сайтынан алынды
Сурет Ақорданың ресми сайтынан алынды
Қасым-Жомарт Тоқаев президенттік қызметін Астананың атауын Нұр-Сұлтан етіп өзгертуден бастады.

2019 жылғы 19 наурыз, сағат 19:00-де Нұрсұлтан Назарбаев республикалық телеарналардың эфирінде президенттік өкілеттігін тоқтату туралы шешімін хабарлады. Конституция талаптарына сәйкес, оның орнына сол кезде Парламент Сенатының төрағасы болған Қасым-Жомарт Тоқаев президент болды.

Informburo.kz Қасым-Жомарт Тоқаев билік басына келгелі бері қабылдаған ең маңызды шешімдерді еске түсіреді.

Оқи отырыңыз: Коронавирус Қазақстанда: оқиғалар хронологиясы. Алтыншы күн

Астананың жаңа атауы – Нұр-Сұлтан

2019 жылғы 20 наурызда Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына ант беріп, президент қызметіне кірісті. Оның алғаш қабылдаған шешімі – елорданың атауын Нұр-Сұлтан етіп ауыстыру болды. Бұған қоса ол Тұңғыш Президенттің құрметіне орай ел астанасында монумент орнатуды, барлық облыс орталықтарындағы басты көшелерге Нұрсұлтан Назарбаевтың атын беруді ұсынды. Жиын кезінде Тоқаев алғашқы жарлығымен Нұрсұлтан Назарбаевқа "Халық қаһарманы" атағын беріп, "Алтын қыран" орденін тапсырды.

Ал 23 наурызда Астана атауының өзгертілуіне байланысты Конституцияға өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы заңға қол қойды.

Оқи отырыңыз: Президент отставкасы, Арыстағы жарылыс, әуе апаты. 2019 жыл Қазақстанда несімен есте қалды?

Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі

12 маусымда Қасым-Жомарт Тоқаев Президент жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесін құру туралы қаулыға қол қойды. Оның құрамына 44 адам кірді. Кеңес жұртшылықтың және азаматтық қоғамның пікірін билікке жеткізіп, маңызды стратегиялық проблемаларды талқылайды. Соның негізінде заңдарға ұсыныстар мен өзгерістер енгізіледі.

Осылайша, Тоқаев өзінің сайлауалды бағдарламасында мәлімдеген "Халық үніне құлақ асатын мемлекет" қағидаты бойынша қоғам белсенділерімен сұхбаттасуға дайын екенін көрсетті. Кеңестің жиналыстары қажет болған жағдайда өткізіледі. Бірақ құрам жылына кемінде үш рет бас қосып тұруы тиіс.

Биыл наурызда ротация аясында кеңестің 6 мүшесі ауысты.

Оқи отырыңыз: "Қазақстан дамудың аса маңызды кезеңіне қадам басты". Ұлттық кеңестің бірінші отырысында не айтылды?

Әлеуметтік аз қамтылған және көп балалы отбасылардың несиесін кешіру

26 маусымда Қасым-Жомарт Тоқаев несиесін төлей алмай жүрген тұрмысы төмен және көп балалы отбасылардың қарызын кешіру туралы жарлыққа қол қойды. Соның негізінде 500 мың адамның несиесі жойылды. Берешекті жабу үшін олардың әрқайсына 300 мыңнан бастап 3 миллион теңгеге дейінгі қаражат төленді.

Ал кепілсіз тұтыну қарыздары бар қалған қазақстандықтардың есептелген айыппұлдары мен өсімпұлдары есептен шығарылды. Мұндай отандастарымыздың саны 5 миллионға жеткен еді. Үкімет 629 мың несие алушының өсімпұлдарын өтеу үшін республикалық бюджеттен 105 млрд теңге бөлді.

Жарлыққа сай, күнкөріс көлемі 27 мың теңгеге жетпейтін адамдарға несие беруге тыйым салынды. Мұндай шешім олардың одан әрі қарызға батпауы үшін қабылданды.

Оқи отырыңыз: Кімдердің қанша қарызы қандай мөлшерде кешіріледі?

Бейбіт митингілерге рұқсат

17 маусым Қасым-Жомарт Тоқаев Euronews арнасына эксклюзивті сұхбат беріп, "елде бейбіт митинг өткізуге рұқсат беретін заң қабылданады" деп мәлімдеді. Президент сұхбатта елде саяси өзгеріске қалай қол жеткізуге болатынын ЕуроОдақ мүшелерімен кеңескенін айтты. Тиісті заңды әзірлеу үшін Үкімет мүшелеріне тапсырма берді.

30 маусымда Қазақстанда тұңғыш бейбіт митинг өтті. Онда белсенділер билікті бейбіт жиындар өткізуге заңнамалық шектеулерді жоюға, сондай-ақ саяси, әлеуметтік және экономикалық реформаларды біртіндеп жүзеге асыруға шақырды. Сонымен қатар, саяси тұтқындарды босату мәселесін де көтерді. Бұдан кейін де Алматыда бірнеше бейбіт шеру ұйымдастырылды. Қазір бейбіт жиындар туралы жаңа заң жобасы дайын. Ол жұртшылықтың талқысынан соң ғана қабылданады.

Оқи отырыңыз: "Бейбіт жиындар туралы заң жобасы Конституцияға қайшы". Қоғам белсенділері жаңа құжатқа неге қарсы?

Заңдарға өзгерістер енгізу

2 қыркүйек Мемлекет басшысы қазақстандықтарға жолдау жариялады. Онда бірқатар заңға өзгертулер енгізіп, жауапкершілікті қатаңдату қажеттігі көтерілді. Осыған орай былтыр Парламент бірнеше заң жобасын әзірлеп, олар биылдан бастап қолданысқа енгізілді.

Балаларға қарсы жасалған зорлық-зомбылық қылмыстар аса ауыр санатқа жатқызылды

Кәмелетке толмаған баланы зорлағаны және өлтіргені үшін қылмыскерлер енді өмір бойы бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Жаңа заңның мына нормалары үшін жауапкершілік қатаң:

  • балаларды зорлау;
  • кәмелетке толмағандарға қатысты нәпсіқұмарлық сипаттағы күш қолдану әрекеттері;
  • жас балаларды арандату;
  • балалар мен жасөспірімдерді жыныстық қатынас жасауға тарту.

Бұл қылмыстар үшін 17-ден 20 жылға дейін немесе өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылады. Кейінгісі жас баланы өлтіргендер үшін енгізілген.

Оқи отырыңыз: Сексуалдық сипаттағы қылмыстарға жаңа бап енгізілуі мүмкін. Заң жобасын талдаймыз.

Адам қағып өлтірген мас жүргізушілер өмір бойы көлік жүргізу құқығынан айырылады

Мас күйінде (соның ішінде есірткілік және уытқұмарлық масаң күйде) көлік жүргізу туралы бап бойынша жаза қатаңдатылды. Жүргізуші мас күйінде жол-көлік оқиғасын жасап, нәтижесінде адамдардың денсаулығына орташа немесе ауыр зиян келтірсе, оған келесі жаза қолданылады:

  • 3 000 АЕК дейін айыппұл салынады;
  • сол мөлшерде түзеу жұмыстарына тартылады;
  • қоғамдық жұмыстарға 1 200 сағатқа дейін тартылады;
  • 3 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылады;
  • 10 жылға жүргізуші куәлігі айырылады.

Егер мас жүргізуші адам қағып өлтірген болса, онда 10 жылға бас бостандығынан және жүргізуші куәлігінен айырылады. Ал жол-көлік оқиғасында екі және одан да көп адам қаза тапқан болса, өмір бойы көлік жүргізу құқығынан айырылады. Сондай-ақ, 7-ден 10 жылға дейін немесе өмір бойына түрмеге қамалады.

Оқи отырыңыз: 11 қарашадан бастап жол жүру ережесіне өзгерістер енді. Жүргізушілердің қаперіне

Киіктерді өлтіргендер үшін жеке бап пайда болды

Соңғы жылдары браконьерлік қылмысы жиілеп кетті. Қаруланғандар аңдарды былай қойғанда, жануарлар әлемін қорғап жүрген инспекторларды жазым етуге көшті. Қайғылы оқиғалардан кейін Президент қорықшылардың беделін көтеру бағытында бірқатар іс-шараларды қолға алып, киіктерді атқаны үшін жазаны күшейту қажет екенін мәлімдеді. Мемлекет басшысы қаскөйлер ұсталып, сотқа тартылатынын айта келе, киіктерді атқандарға жазаны күшейтуді тапсырды. Соның аясында браконьерлер бұрынғыдай 1-2 жыл емес, 5 жылға дейін жаза арқалайды.

Ақбөкендерге қатысты жаңа бап пайда болды. Бұл жануарды заңсыз олжалап, иемденіп, тасымалдағаны үшін табиғат қаскөйлер мүлкі тәркілене отырып, 3-тен 5 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылады.

Оқи отырыңыз: Қорықшының өлімі. Бір суреттің тарихы. Пластилиннен жасалған әсерлі мүсіннің авторы кім?

Қызметкердің жемқорлығы үшін басшысы отставкаға кетеді

Тоқаев елімізде жемқорлықтың дендеп кеткеніне де алаңдаушылық білдірді. Оның айтуынша, Қазақстанда жылына орта есеппен 2 мыңнан астам сыбайлас жемқорлыққа қатысты іс тіркеледі екен. Бұл қоғамдық дерт деген Президент, "Мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа" қатысты заңдарға өзгерістер енгізу туралы жарлыққа қол қойды.

Заңға сәйкес Орталық мемлекеттік органның басшысы (бұл министрлер, агенттіктердің төрағалары, Президентке тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдардың төрағалары) өзінің орынбасары немесе өзіне тікелей бағынышты қызметкері сыбайлас жемқорлық қылмысын жасаған кезде отставкаға береді.

  • Орталық мемлекеттік орган басшыларының орынбасарлары – өзі жетекшілік ететін ведомствоның, дербес құрылымдық бөлімшенің басшысы сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаған кезде;
  • Облыс, республикалық маңызы бар қала немесе Нұр-Сұлтан әкімдері – өзінің орынбасары, өзіне тікелей бағынысты мемлекеттік саяси қызметші, аппарат басшысы не аудан (облыстық маңызы бар қала), аудан әкімі сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаған кезде;
  • Облыс, республикалық маңызы бар қала немесе Нұр-Сұлтан әкімінің орынбасары – өзі жетекшілік ететін, жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын атқарушы органның басшысы сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаған кезде;
  • Қаладағы аудан (облыстық маңызы бар қала) әкімдері өзінің орынбасары, әкім аппаратының басшысы, өзі жетекшілік ететін, жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын атқарушы органның басшысы, ауыл, кент, ауылдық округ әкімі сыбайлас жемқорлық қылмыс жасауы отставкаға беруге негіз болып табылады.

Мемлекеттік саяси қызметшілердің арасында орынбасарының жемқорлығы үшін басшысы отставкаға өтініш жазады, бірақ бұл оның қызметтен кететінін білдірмейді. Себебі шешімді басшыны тағайындаған басшы қабылдайды.

Оқи отырыңыз: 2020 жылдан бастап жеке кәсіпкерлерге қатысты салық тәртібі өзгереді

Шағын бизнес өкілдерін салықтан босату

Жолдауда көтерілген келесі өзекті мәселенің бірі – кәсіпкерлікті қолдау. Президент шағын және орта бизнеске қатысты рейдерлік әрекеттер жиілеп кеткендігін алға тартып, олардың кәсібін беталды тексеруге 3 жылға мараторий жариялады. Сонымен қатар, Үкіметке микро және шағын бизнес саласындағы компанияларды табысқа салынатын салықтан 3 жылға босату үшін заңнамалық база әзірлеуді тапсырды. Заңнамаға енгізілетін тиісті түзетулер 2020 жылдан бастап күшіне енді.

Салық жеңілдіктері кәсіпкерлердің барлығына әсер етпейді. Салықтан босатылмайтын қызмет салалары:

  • акцизделетін өнімдерді өндіру және көтерме сату;
  • ойын кәсібі, лотереялар ойнату;
  • бензинді, дизель отынын және мазутты бөлшек сату;
  • есірткі және психотроптық заттардың айналымы;
  • астықты қабылдау пункттерінде астық сақтау;
  • радиоактивті материалдардың сауда айналымы;
  • банк, аудит, сақтандыру, бағалы қағаздар нарығы, несиелік бюро;
  • күзет қызметі;
  • азаматтық және қызметтік қарулар мен олардың патрондарының сауда айналымы;
  • жер қойнауын пайдалану, оның ішінде кеншілердің қызметі;
  • сыртқы экономикалық қызмет.

Оқи отырыңыз: Латын әліпбиінің "заңды нұсқасы" тағы да өзгеруі мүмкін. Өзбек, түрік, әзербайжан және қазақ әліпбиі қаншалықты ұқсас?

Латын әліпбиіне көшуді кейінге шегеру

2018 жылдың ақпан айында Қазақстанда латын қарпіне негізделген жаңа әліпби мақұлданған еді. Бірақ бұл да алдыңғы ұсынылған нұсқа сынды қоғам белсенділері мен ғалымдар арасында үлкен сынға ұшырады. Осыған орай Тоқаев 21 қазанда өзінің twitter парақшасында пікір білдірді.

Президент жаңа әліпбиде олқылықтардың бар екенін және оған көшуге асықпау керектігін айтты. Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұловаға тіл мамандарымен бірлесе отырып, ұсынылған нұсқаны жетілдіруге тапсырма берді.

Оқи отырыңыз: Алматының құрылысын жоспарлау кезінде қателіктер кеткен. Тоқаев кімдерге сөгіс жариялады, қандай тыйым салды?

Көкжайлауға курорт салуға тыйым

Алматыда Көкжайлау шатқалының аумағында тау шаңғысы курортын салу мәселесі талай жылдан бері қызу талқыланды. Табиғат жанашырлары мен қоғам белсенділері шатқалды бүлдіріп, құрылыс жүргізуге қарсылықтарын білдірді. Соған қарамастан, былтыр көктемде онда электр желілері мен демалыс орнының кәрізін салу жұмыстары басталды. Тас жол мен шаңғы жолдарын салу үшін Іле-Алатау ұлттық паркінен жер учаскелерін бөлуге тендер өткізілді.Бұл белсенділердің ашуын одан ары еселей түсті.

26 қазанда Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы қаласын дамыту мәселелері жөніндегі кеңес өткізіп, Көкжайлаудың тағдырына қатысты нүкте қойды. Ол Көкжайлау шатқалының аумағында курорт салуға тыйым салды.

Оқи отырыңыз: Жастар жұмыстан қашпайды. Көбі жалақыны азсынады

Президенттік жастар кадрлық резерві

Президенттің маңызды бастамаларының бірі – Президенттік кадр резервін жасақтау болды. Мұны ол алғаш рет өзінің сайлауалды бағдарламасында жариялады. Соның нәтижесінде бірнеше ай бойы ауқымды жұмыс жүргізілді. Жобаға бүкіл еліміз бойынша 13 мың адам қатысып, жүйрік шыққан 300 азамат іріктелініп алынды. 26 желтоқсанда жеңімпаздардың тізімі жарияланды.

Президенттік жастар кадрлық резервіне өткендер төмендегідей жауапты қызметтерге тағайындалады:

  • министрлер мен олардың орынбасарлары;
  • әкімдер мен олардың орынбасарлары;
  • комитеттер және өзге де орталық атқарушы органдардың төрағасы;
  • ұлттық басқарушы холдингтердің, ұлттық компаниялардың төрағалары мен басқарма мүшелері;
  • орталық атқарушы органдардың жауапты хатшылары;
  • аппарат басшылары.

Жоба мақсаты – мемлекеттік билік жүйесінде білікті басшылардың жаңа буынын қалыптастыру.

Оқи отырыңыз: Мейрамхана, сұлулық салоны, жаттығу залдары жабық. Карантин кезінде тағы қандай шектеулер қойылады?

Коронавирус қаупіне орай төтенше жағдай

15 наурыз Президент отандастарымыздың өмірі мен денсаулығы үшін елде төтенше жағдай жариялау туралы қаулыға қол қойды. Өйткені Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында қауіпті індетті жұқтырғандар саны күрт көбейіп, вирустың таралып кету қаупі туындады. Осыған орай азаматтарға төмендегідей шектеулер қойылды:

  1. Қоғамдық тәртіптің сақталуы, аса маңызды мемлекеттік және стратегиялық, ерекше режимдік, ерекше қорғалатын объектілердің, сондай-ақ халықтың тыныс-тіршілігін және көлік қызметінің жұмыс істеуін қамтамасыз ететін нысандардың күзетілуі күшейтіледі;
  2. Ірі сауда объектілерінің жұмыс істеуіне шектеу қойылады;
  3. Сауда ойын-сауық орталықтарының, кинотеатрлардың, театрлардың, көрмелердің және адамдар көп жиналатын басқа да объектілердің қызметі тоқтатылады;
  4. Карантин енгізіліп, санитариялық-эпидемияға қарсы ауқымды іс-шараларды, оның ішінде Қорғаныс министрлігінің және ішкі істер органдарының халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы қызметті жүзеге асыратын құрылымдық бөлімшелерінің қатысуымен жүзеге асырылады;
  5. Ойын-сауық, спорттық және басқа да бұқаралық іс-шараларды, сондай-ақ отбасылық, салт-дәстүр іс-шараларын өткізуге тыйым салынады;
  6. Қазақстанның және шет мемлекеттердің дипломатиялық қызметінің персоналын, сондай-ақ Сыртқы істер министрлігінің шақыруымен Қазақстан аумағына келетін халықаралық ұйымдар делегацияларының мүшелерін қоспағанда, Қазақстанға көліктің барлық түрлерімен кіруге, сондай-ақ оның аумағынан шығуға шектеулер белгіленеді.

Поделиться:

Серіктестер жаңалықтары