Тікелей эфир

Бүгіннен бастап көп балалы отбасыларға арналған 21 мың теңге туралы заң күшіне енді. Қандай өзгерістер бар?

Informburo.kz
Informburo.kz
"Атаулы әлеуметтік көмек" туралы заң Президент әкімшілігіне жіберілді. Әлі қабылданбаса да, күшіне енеді. Жіліктеп түсіндірейік.

Осыған дейін атаулы әлеуметтік көмек туралы жан-жақты талдаған болатынбыз. Біздің редакцияға да, informburo.kz журналисіне де хабарласып, тіпті әлеуметтік желілерде небір сұрағын қоюшылар қаптады.

Соның бәрін жіпке тізгендей жазып алып, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіндегі әлеуметтік көмек саясатын дамыту департаментінің бас сарапшысы Ғалия Жабағинадан сұқбат алдық. Сөйтсек, 21 мың теңге әлеуметтік көмек, нақтырақ айтқанда 20 789 теңгенің төңірегінде түсінбеген, дұрыс түсіндірілмеген тұстары жетерлік екен. Сонымен қандай өзгерістер бар?

Атаулы әлеуметтік көмек деген не?

Атаулы әлеуметтік көмек – бұл кешенді көмек. Табысы аз отбасыларға, оның ішінде көпбалалы отбасыларға қаржылай көмек берумен ғана шектелмейді, жұмыспен қамтуға көмектесу жағы да қарастырылған. Соның ішінде ақшалай көмекке келер болсақ, оны алу үшін отбасының табысы ескеріледі. Оның екі түрі бар. Ол туралы толығырақ мына мақалада айтып кеткенбіз.

Оқи отырыңыз: Көпбалалы аналарға 21 мың теңге. Атаулы әлеуметтік көмекті сонымен кімдер алады?

Өтініштерді қабылдау басталды. Қай жерге жүгіну қажет?

– Ол үшін тұрғылықты жері бойынша жұмыспен қамту орталығына жеке куәлігін алып барады. Ауылдық жерде тұратын отбасы кент, ауыл, ауылдық округтердің әкімдіктеріне жүгіне алады.

Айта кетейік, өтініш беру үшін белгілі жағдайларға байланысты шыға алмайтын болсаңыз, нотариус арқылы бекітілген сенімхатпен жақындарыңыз баруға болады.

Заңға Президент қол қоймаса да, өтініш қабылдана бере ме?

– Елбасының тапсырмасына сәйкес атаулы әлеуметтік көмек 1 сәуірден бастап берілу керек. Ол норма заңда көзделген. Сондықтан, жаңа Президенттің қол қоюы кешіктірілсе де, заң күшіне енеді. Бұл тұста түрлі болжам жасаудың қажеті жоқ.

Қандай құжаттар керек?

– Өтініш беру үшін тек жеке куәлікті алып барсаңыз болғаны. Басқа құжаттар қажет емес. Мысалы, атаулы әлеуметтік көмекті алу туралы өтініш жазу үшін жұмыспен қамту орталығына немесе әкімдікке бардыңыз. Сол кезде қызметкерлердің өздері "Е-халық" бірыңғай базасы арқылы сіз туралы мәліметтерді оп-оңай шығарып алады. Бұрынғы қолданыстағы заңдағы тапсыру керек құжаттармен шатастырмау керек.

Базада сіз туралы мәліметтер жоқ болса, қызметкерлер мемлекеттік органдарға сұрау салып, құжаттарды өздері жинайды.

Міндетті түрде тұрақты тіркеуде тұру керек пе, әлде уақытша тіркеу бола ма?

– Мысалы, сізді халыққа қызмет көрсету орталығына жіберсе, онда сіз тіркеуде жоқсыз. Сондықтан, міндетті түрде тұрғылықты мекенжай бойынша тұрақты немесе уақытша тіркелу қажет. Ата-анасы балаларын өздері тұратын мекен-жайда емес, басқа жақта тіркеуге тұрғыза алады. Бірақ, бір елдімекенде, қалада, ауылда ғана тіркей алады.

Құжаттарды айдың басынан тапсырған жөн бе?

– Атаулы әлеуметтік көмекті өтініш білдірген күннен емес, айына байланысты тағайындайды, яғни, сәуірдің 20-ы немесе 25-іне жүгінген болса да, жәрдемақы сәуірдің бірінен бастап есептеледі. Демек, төлемді де толық көлемде бір ай үшін аласыз. Бұл норма бұрыннан бар.

Комиссия нені тексереді?

– Өтінішті қабылдап алған күннен кейін сол отбасының тұрып жатқан үйіне арнайы комиссия жіберіледі. Олар әлеуметтік жағдайын, айтылған мәліметтің қаншалықты рас-өтірік екенін анықтайды. Қазір табысын жасырып қалу үшін түрлі қитұрқы әрекеттерге баратындарды кездестіріп жатамыз. Заң жүзінде күйеуімен ажырасқанымен бір үйде тұратындар бар. Комиссияны ешкім алдай алмайды. Қорасындағы малын да жасыра алмайды.

Үйіндегі әрбір мүліктің бағасы мен сапасы, ішіп-жеп отырған тамағына дейін комиссия тексереді деген – өтірік.

Бірер сиыры бар отбасыларға атаулы әлеуметтік көмек беріле ме?

– Жұмыспен қамту орталығына келгеннен кейін жергілікті комиссия жіберілетінін айтып өттік қой. Міне, солар материалдық жағдайын тексереді. Соған байланысты табыс көзі есептеледі, – деп түсіндірді Ғалия Жабағина.

Осыған дейін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің вице-министрі Светлана Жақыпова да жергілікті атқарушы орган жеке шаруашылықты есепке алатынын айтқан еді. Әкімдіктердің атаулы әлеуметтік көмекке зәру адамдарды есепке алғанда үйдегі сиыр-қойды да есептейтіні рас. Бірақ, ол малдың жем-шөп, шығындары ескеріледі.

– Мәселен, екі көршіні алайық. Біреуі 20 сиыр ұстайды, балаларына етін жегізіп, сүтін ішкізіп асырап отыр. Ал қасындағы көршісінің сиыры жоқ, оны сатып алуға жағдайы да жоқ. Бірақ жәрдемақы тағайындаған кезде, екеуі де сол көмекке ілігеді.

Бірнеше сиыр ұстайтын отбасы да балаларына 21 мың теңге алады, бірде-бір сиыры жоқ көршісі де дәл сондай жәрдемақы алады. Сонда айтыңызшы, осы әділетті ме?, – деген болатын вице-министр.

Жергілікті атқарушы органдар жеке шаруашылықты кіріс деп санау-санамауды өздері шешеді

Атаулы әлеуметтік көмек туралы заңның 7 бабында жеке шаруашылықты кіріс деп санау-санамауды жергілікті атқарушы органдардың өздері шешетіні көрсетілген.

– Жеке қосалқы шаруашылық орналасқан белдеуіне байланысты шешім әр түрлі. Мысалы, Ақмола облысы дала мен шөлді-дала зонасында, ал ШҚО таулы аймақта орналасқан. Бір өңірдің өзінде бірнеше жағдай болуы мүмкін. Сондықтан, мал басын есептеудің тәсілі көп.

Павлодар облысы қосалқы шаруашылықтар кіріс әкелмейтіндігі жөніндегі шешімді аймақ бойынша қабылдады. Ол жерде қосалқы шаруашылықтан түсетін табыс кіріс ретінде саналмайды. Әкімдік табыс әкелмейтінін нақты дерек пен құжат бойынша дәлелдеп берді, – дейді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіндегі әлеуметтік көмек саясатын дамыту департаментінің бас сарапшысы Ғалия Жабағина.

Жәрдемақыны есептеген кезде бірге тұратын туыстардың барлық табыстары есепке алына ма?

– Иә. Бір шаңырақ астында үш-төрт отбасы тұратын болса, ол отбасындағылардың барлығының табысы есептеледі. Мысалы, ата-ананың, бала асырап алушының, балаларының, ата-анасы бір және ата-анасы бөлек бауырлардың, апа-қарындастардың, ата-әженің, немерелердің дегендей...

Егер отбасының бір адамға шаққандағы айлық табысы 20 789 теңгеден аспаса, отбасыға атаулы әлеуметтік көмек төленеді. Бұл ретте кәмелетке толмаған балаларға 20 789 теңге мөлшерінде, ал ересектерге отбасының жан басына шаққандағы табысы мен АӘК критерийлерінің мөлшері арасындағы айырма төленеді. Қалай дейсіз бе?

ЕСКЕРТУ: Атаулы әлеуметтік көмектің мөлшері әрбір отбасыға әртүрлі. Қалай есептеледі

Балалар үшін бөлек, ата-аналарға атаулы әлеуметтік көмек өзгеше есептеледі. Ол үшін барлық табыс көзі тексеріледі.

  • Ең төменгі күнкөріс деңгейінің (26 915 теңге) 70%-ы немесе 20 789 теңге әрбір балаға беріледі.
  • Ал, ересек мүшелеріне отбасындағы жан басына шаққандағы табысынан есептеледі.

Мысал ретінде екі ересек адамнан тұратын, яғни ата-ана мен үш баласы бар отбасының табысы 40 мың теңге деп алайық. Оны бес адамға бөлгенде, жан басына шаққандағы табыс 8 мың теңгеден шығады.

Ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70 пайызынан, яғни 20 789 теңгеден балаларына беріледі. Ал осыдан 8 мың теңгені алып тастасаңыз, 12 789 теңге шығады. Бұл – ата-аналарға белгіленген сома.

Соңғы үш айдың зейнетақы тарихын сұрап жатыр. Қаншалықты рас?

– Өтініш беруге барған кезде, жұмыспен қамту орталығы немесе әкімдік орталық база арқылы соңғы үш айдың зейнетақы тарихын тексереді. Мысалы, сәуір айында атаулы әлеуметтік көмекті алу үшін барсаңыз, қаңтар, ақпан, наурыз айында зейнетақы түсімінің түскен, түспегені бойынша табыс көзі есептеледі.

Ал, сәуір айында жұмыссыз болып, табыс таппай қалсаңыз... Онда келесі тоқсанда берілетін атаулы әлеуметтік көмекке қайта құжат тапсырасыз. Әрбір тоқсанда үш ай барын ескере кетейік.

Мынандай ай сайынғы төлемдер табыс көзі ретінде есепке алынады

  • Бала күтіміне байланысты алатын жәрдемақы;
  • Мүгедек баланың күтіміне байланысты берілетін жәрдемақы;
  • Күйеуі қайтыс болғаны үшін тағайындалатын жәрдемақы;
  • Зейнетақы;
  • Жеке қосалқы шаруашылықтан түскен табыс т.б.

Қандай табыс есепке алынбайды

Біріншіден, төрт және одан да көп баласы бар көп балалы отбасыларға берілетін арнаулы мемлекеттік жәрдемақы;

Екіншіден,"Алтын алқа" және"Күміс алқамен" марапатталған көп балалы аналарға берілетін жәрдемақы;

Үшіншіден, баланың мүгедектігі бойынша жәрдемақы;

Төртіншіден, студенттердің шәкіртақысы;

Бесіншіден, жергілікті атқарушы органдар беретін біржолғы төлемдер: бала тууына байланысты бір реттік берілетін төлем, мерекелерге төленетін жәрдемақы.

Қанша жастағы балалар АӘК ала алады?

  • 18 жасқа дейінгі балаларға;
  • Орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында күндізгі оқу нысаны бойынша оқыған жағдайда 23 жасқа толғанға дейін төленетін болады.

Бала сырттай оқуда оқыса ше?

– Күндіз оқып жатқан бала күнделікті сабаққа баратын болғандықтан, жұмыс істеуге уақыты жоқ. Ал, сырттай оқып жатқандардың анда-санда сабаққа баратыны түсінікті. Олар жұмысқа қабілетті. Жұмыссыз болса, арнайы шартты атаулы әлеуметтік көмекке ілінеді. Белгілі бір уақыт аралығында жұмысқа орналасуы керек.

Енді онлайн-калькулятор арқылы атаулы әлеуметтік көмекті есептей аласыз

Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі онлайн-калькуляторды іске қосты. АӘК мөлшерін есептеу үшін тұрғылықты өңірін, отбасы мүшелерінің санын, жиынтық табысын:

  • Еңбекақыны;
  • Алиментті;
  • Жеке қосалқы шаруашылықтан;
  • Кәсіпкерлік қызметтен;
  • Жылжымайтын мүлік пен көлік құралдарын жалға беру, сатудан түскен табыстарды;
  • Кредиттен (микрокредиттен) түскен табыстарды, сондай-ақ басқа да табыс түрлерін көрсету қажет.

Бұдан басқа, атаулы әлеуметтік көмек тағайындау мәселелері бойынша кеңестерді бірыңғай байланыс-орталығының "111" тегін нөміріне хабарласа аласыз. Қосымша анықтамалық ақпаратты келесі нөмірлер бойынша алуға болады:


28 наурыздан бастап осы нөмірлерге хабарласып жатқандардың қатары көп

28 наурыздан бастап осы нөмірлерге хабарласып жатқандардың қарасы көп / Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің жеке мұрағатынан алынды


Серіктестер жаңалықтары