Тікелей эфир

Бесінші Каспий Саммиті: Теңіздің мәртебесі туралы келісімге қол қойыла ма?

Коллажды informburo.kz жасады
Коллажды informburo.kz жасады
Осы жексенбіде Ақтауда жиналған Каспий бестігі теңізді бөліседі. Алдын-ала келісімге де келген бес елдің мүддесі қалай шешіледі? Сарапшылар не дейді?
Аталған мәселе бойынша қабылданған қаулының сілтемесі осы мақала соңында қосамыз. Әзірге, әңгімені басынан бастасақ...

Қазақстан – Каспий теңізіндегі шегарасы ең ұзын мемлекет

Каспий – парсы, түркі, орыс, араб, Қап тауы аймақтарының тоғысқан әрі мол мұнай-газ қоры табылған, әлем елдері көз тіккен стратегиялық маңызды аймақ.

Каспий теңізінің жалпы ауданы 376 мың шаршы км. Оның беті теңіз деңгейінен 28 метр төмен жатыр. Теңіз солтүстіктен оңтүстікке қарай 1200 шақырымға созыла орналасқан. Ендірек жері – 435 км, ал енсізі – 193 км. Каспий теңізінің жағалау сызығының ұзындығы – 7000 шақырым. Оның суы 5 мемлекеттің сағалауын шайып жатыр. Жағалау сызығының Қазақстан үлесіне – 29% (2340 км), Ресейге – 16%, Әзірбайжанға – 20%, Түрікменстанға – 21%, Иран Ислам Республикасына – 14% тиеді.


Қашаған мұнай кенішінен бір көрніс

Қашаған мұнай кенішінен бір көрініс / Сурет neweurope.eu сайтынан алынды


Каспий теңізіне 130-ға жуық өзен мен ағынды сулар құяды. Олардың теңізге құятын жиынтық ағыны жылына орташа есеппен 300 текше километр. Осы мөлшердің 80%-ы Еділ өзеніне, 5%-ы Жайықтың үлесіне тиеді. Ағынның 10-11%-ын батыс жағалаудағы Терек, Сулак, Самур, Кура және т.б. өзендер береді. Қалған 4-5%-ы Иран жағалауы өзендерінен ағып жиналады. Шығысында тұрақты ағып келетін су көзі жоқ.

Каспий – мол байлық кеніші

Естеріңізге сала кетейік, Каспийдің дәлелденген мұнай қоры – 10 миллиард тонна. Ал мұнай мен газ конденсатының ортақ көрсеткіші 18-20 миллиард тоннадан асады.

Барланбаған мұнай қоры тағы бар. Сондықтан, әр мемлекет барынша көп аумақты өзіне қаратып, алып қалуға тырысып жатыр. Сырт елдердің де түрлі сылтау тауып, араласқысы келетіні белгілі.

Кеңес Одағы мен Иран арасындағы келісім туралы

Жағалау мен теңіз бөлісі – Кеңес одағы ыдрағаннан кейін мұраға қалған даулы мәселелердің бірі.

Кеңес Одағының әскери қуатының күштілігі мен мығым саяси тұлғасы сол кездегі Иранның кеудесін басып тұрған-ды. Екі ел арасындағы 1921 және 1940 жылғы келісім-шарттарға сай Иран Каспий теңізінің 11 пайызына ғана ие болған екен.

Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін Иран өз мүддесін қайта қарастыруды ұсынды. Оның үстіне алдыңғы келісімдерде Кеңес Одағы құрамында болған Әзербайжан, Қазақстан, Түркіменстан, Ресейдің шекарасына қатысты нақты ештеңе айтылмаған.

Алайда Ресей – Кеңес Одағының мұрагері болып танылды, олай болса екі ел де саяси картада бар.

Каспийді теңіз ретінде бөлу керек пе, көл ретінде бөлу керек пе?

Бұл жағынан алғанда екі ұсыныстың өзіндік ерекшеліктері бар. Айдынның көлге немесе теңізге жатуын БҰҰ-ның теңіз құқығы жөніндегі конвенциялары анықтап бере алмай отыр. Жабық теңіз деп айтуға болмайды. Бірақ теңіз емес деуге де болмайды. Сондықтан оны бәлкім ішкі өзен, көл деп қарастыру мәселесі керек болатын шығар.


Каспий жағалау елдерінің теңізді бөлу принсивтері

Каспий жағалауы елдерінің теңізді бөлу принциптері / "Взгляд деловая газета" суреті негізінде informburo.kz жасады


Теңіз ретінде бөлу:

Егер Каспийге халықаралық деңгейдегі "теңіз" мәртебесі берілсе, онда оған автоматты түрде БҰҰ-ның 1958 және 1982 жылдардағы құрылықтық түбектер, қайраңдар мен теңіз құқығы жөніндегі Конвенцияларының баптары сай келеді. Олай болған жағдайда әр каспийлік мемлекет 12 мильдік аумақтық өңірге және 200 мильдік экономикалық өңірге ие болып қалады.

Алайда Каспийдің ені 200 мильден аспағандықтан, оны жағалаудағы мемлекеттер арасында орта сызық бойынша тең бөлу мәселесі қарастырылып отыр.

Ашық теңіз еркіндігі, 1982 жылғы Конвенция шарттарымен басқа да халықаралық құқық нормаларымен анықталады. Оның ішіне теңіз жағалауында жатқан да, жатпаған да мемлекеттер еркін кеме қатынасын, ұшу кеңістігін, су асты құбырларын жəне байланыс торабын еркін өткізуге, халықаралық құқық нормасына сəйкес аралшықтар мен құрылғыларды орнатып, балық шаруашылығымен айналысуды, ғылыми зерттеуді емін-еркін жүргізулеріне болытындықтары қарастырылған. Барлығы ашық теңіз қағидасын басқа мемлекеттердің де мүдделерін ойлап қолдану керек.


БҰҰ-ның 1958 және 1982 жылдардағы құрылықтық түбектер, қайраңдар мене теңіз құқығы жөніндегі Конвенцияларының графикалық түсіндірмесі

БҰҰ-ның 1958 және 1982 жылдардағы құрылықтық түбектер, қайраңдар мене теңіз құқығы жөніндегі Конвенцияларының графикалық түсіндірмесі / Суретті жасаған informburo.kz


Егер теңіз ретінде бөлінсе, Қазақстан бүкіл Каспий акваториясының 30 пайызына ие болады.

Қазақстан, Әзірбайжан және Түрікменстан елдері теңізді ортақ линия арқылы ұлттық секторға бөліп, шекараны айқындауды қолдаған болатын. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары бұл ұсынысты қолдаған Ресей соңғы жылдары басқаша көзқарасты ұстана бастады. Ресейге Иран елі де қосылып отыр.

Көл ретінде бөлу:

Ал, заңнамалық тұрғыдан алғанда көлдің ешқандай экономикалық өңір, қайраң, аумақтық сулар деген санаты болмайды. Ол жағалаудағы мемлекеттердің ішкі суына жатады және оған халықаралық тәртіп құқықтары таралмайды.

Сондықтан мұндай жағдайда БҰҰ-ның мемлекеттердің ішкі істеріне араласпау қағидасы жүзеге асады. Халықаралық заңдарға сай бірнеше мемлекеттің ортасында орналасқан көлдер өзара келісімі бойынша немесе мемлекеттік шекаралар негізінде және көлдің орталық нүктесінен өзара бөлісулері қажет.

Яғни, көлдің құқықтық тәртібін айқындау жағалаудағы мемлекеттердің ғана құзырына кіреді.


Каспийді теңіз ретінде және көл ретінде бөлуді көрсететін карта

Каспийді теңіз ретінде және көл ретінде бөлуді көрсететін карта / Сурет http://www1.heritage.org сайытынан алынып, өзгертілді


Егер көл ретінде бөлінсе, Қазақстан өз жағалауымен жанасқан 12 мил, яғни 22,2 шақырым аумаққа ғана ие болады. Онда ұтылады.

Ресей:

Өзінің саяси және экономикалық мүдделерін тиімді қамтамасыз ету мақсатында Ресей Каспийді жағалауында орналасқан 5 елге ғана тәуелді жабық теңіз ретінде қалдыруды әрі Каспийдің құқықтық мәртебесі толық айқындалғанша бұрынғы Кеңес-Иран шартын басшылыққа алуды да ұсынған болатын.

Ресей қазірше теңіз түбін ғана құрлықтағы шегараға негізделген орта сызық бойынша бөліп, ал айдынды ортақ пайдалану керек дегенді ұсынады.

Бұл бір жағынан Каспий төңірегіндегі түркі тілдес елдердің өзара байланысын шектейді. Әрі Каспийдің құқықтық мәртебесінің толық айқындалмағанын сылтау етіп, Орта Азияның мол мұнай-газ байлығын ЕО-қа және басқа елдерге шығаруды мақсат етіп, құбырлардың салынуын тежеу үшін керек.

Бұған басты себептің бірі ретінде ЕО елдерінің Ресейдің мұнай-газ нарығының монолопиясынан бас тартуға тырысуы мен баламалы энергия көздерін іздеуін де алға тартуға болады. Ресей мен Әзербайжан арасындағы байланыс "Таулы Қарабақ" мәселесіне орай нашарлап кетті. Бұл ЕО-тың Орта Азия газын Каспий құбыры арқылы ЕО елдеріне жеткізу жобасының туындауына себеп болды. Бұл идеяны Түркіменстан қолдап отыр.


2014 жылы, Ресей. Төртінші Каспий саммитінен естелік сурет

2014 жыл, Ресей. Төртінші Каспий саммитінен естелік сурет / Сурет kaspnirh.ru сайтынан алынды



Енді бір жағынан, Каспий төңірегіндегі дауларға басқа шет елдердің араласуы мүмкін.

Алайда Ресей қазірдің өзінде Әзербайжан, Қазақстан қатарлы көрші елдерімен ортақ келісімге келіп отыр.

Жалпы, бүгінгі геосаяси жағдайға орай, Каспийдің мәртебесін айқындау үшін оның теңізге әлде көлге жатқызылуын айқындау мәселесі тағы да алға жылжыды. Бұл байлығы тұнып тұрған аймақты көздеген батыс елдерінің әртүрлі тәсілдермен оған ие болуға тырысып жатқаны да жасырын емес. Мысалы, арап түбегіндегі байлыққа таластан туған соғыстар осының дәлелі.

Аймақтағы елдердің әскери теңіз қуаттарын күшейтіп, жанталасып жатқаны да соның салқыны болса керек. Бұл тұрғыдан алғанда аймақта тұрақтылықты сақтау және өзара түсіністікке ұмтылу бәрінен маңызды.

Қазақстан мен Түркіменстанның шегарасы айқын

2014 жылғы 2 желтоқсанда Қазақстан Республикасы мен Түрікменстан Каспий теңізінің түбін өзара бөлу туралы келісімге қол қойды (2015 жылғы 31 шілдеде күшіне енді).

2016 жылы 26 мамырда Түркіменстан 2014 жылы қол қойылған келісім-шартты бекітті, іле-шала оны 27 мамырда Қазақстан Парламентінің ратификациялағаны белгілі.

Келісімге сәйкес екі ел Каспий теңізінің өзіне тиесілі секторына иелік етеді әрі олар ондағы ресурстарды өз ықтиярымен игеруге құқылы.

Қазақстан басқа елдермен келісімге келіп жатыр

Қазақстан БҰҰ-ның Теңіз құқығы жөніндегі 1982 жылғы конвенциясын негізге алып отырып, теңізді орта сызық бойынша бөлуді ұсынады. Қосымша әрбір елмен жеке-жеке келіссөздер жүргізіп жатыр. Бұл Әзербайжан ұстанымымен белгілі дәрежеде үндес болып шықты.

1998 жылғы 6 шілдеде Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы екеуара Жер қойнауын пайдалану құқықтарын тәуелсіз жүзеге асыру мақсатында Каспий теңізінің солтүстік бөлігі түбін ажырату туралы келісімге келді. 2002 жылы 13 мамырда аталған Келісімге Хаттама жасалды.

2001 жылғы 29 қарашада және 2003 жылғы 27 ақпанда тиісінше Қазақстан Республикасы мен Әзербайжан Республикасы арасындағы Каспий теңізі түбін шектеу туралы өзара келісім жасап және оған хаттама толтырды.

Сонымен қатар, Қазақстан, Ресей мен Әзербайжан 2003 жылғы 14 мамырда Каспий теңізі түбінің шектес учаскелерін межелеп бөлу сызықтарының түйісу нүктесі туралы келісімге келді.

2014 жылғы 2 желтоқсанда Қазақстан Республикасы мен Түрікменстан арасындағы Каспий теңізінің түбін екеуара бөлу туралы келісімге қол қойылды (2015 жылғы 31 шілдеде күшіне енді).

Иран: 11% үлесті 20%-ға ұлғайтқысы келген

Әңгіменің басында айтып кеткендей, Кеңес одағы кезінде Каспийді өзен-көл ретінде өзара бөлісіп, келіскенде Иран теңіз жағалауымен шектесетін теңіз аумағының 11 пайызына ие болған. Ал қазір Иран одан бас тартып, 20 пайызын алғысы келіп отыр.

Бұл тағы бір жағынан түркі тектес елдердің өзара байланысын күшейтуден сақтанғысы келген Ресей үшін де ойланарлық іс болып тұр. Алайда, Ресей – Кеңес одағының мұрагері болғандықтан, екі елдің саяси картада орындары сақталды. Халықаралық құқықтың қағидалары мен өлшемдеріне сай жаңа тәуелсіз мемлекеттер мұрагерлік қағидалары негізінде бұрынғы, 1920, 1940 жылдардағы Кеңес-Ирандық келісім-шартты пайдалана алады. Каспийдің қазіргі геосаяси жағдайына орай жаңа саяси мәртебесін айқындауда оның бұрынғысы негізге алынуға тиісті.

Ал Иран бәрін ысырып тастап, Каспий ауданын тең бөлуді, яғни әр елге 20 пайыздан үлестіруді талап етіп отыр. Тіптен Әзербайжанға әскери доқ көрсетіп, теңіз кеніштерін өз еркімен ашуға жол бермеген-ді. Өз кезегінде Әзербайжан ағылшын компанияларымен бірлесіп, ашуға кірісті де арада дау шықты.

Түркіменстан не дейді?

Түркіменстан Қазақстанмен мәселені шешкенімен, кейде Иран уәжін де жоққа шығармайды. Бұны көршілік ықпалымен де түсіндіруге болатын шығар. Ал Әзербайжанмен "теңіз" ретінде бөлісуге келісіп отыр әрі соған мүдделі. Бұндай жағдайда түркімен елі мұнай-газін Ресейсіз-ақ Әзербайжан арқылы ЕО-қа шығара алады әрі басқа да транзиттік мүмкіндіктерді пайдаланады. Бұның Ресейге ұнамасы анық.

Кеңес Одағы ыдырай салысымен, Әзірбайжан мұнай кен орындарын игере бастағанда, Түркіменстан әскери кемелерін жіберіп, қақтығысу қаупі төнген. Түркіменстан – Әзірбайжан арасында кен орындары үшін талас әлі де жалғасып отыр. Мәселен, "Азери-Чираг-Гюнешли" мен "Араз-Алов-Шарг" кен орнындарына қатысты дау әлі тоқтаған жоқ. Әзірбайжан, Түркіменстан, Иран бұл кен орындарын өздері игеруге толық құқылы екенін дәлелдеп әлек.

Алайда 2017 жылы желтоқсанда Түркіменстан мен Әзербайжан бұл мәселеде келісті. Иранмен әлі келісімге келген жоқ.

Әзербайжан:

Әзербайжан Каспийді теңіз ретінде қарастырып бөліскенді құп көреді. Ондай жағдайда бірнеше ірі кеніштер олардың аумағында қалмақ. Оның үстіне мұнай-газ, жүк тасымалын еркін жүргізе алады.

Атап айтқанда, дұшпандық танытып, Арменияға көмектесіп отырған Ресейдің ЕО-на сатып отырған мұнай-газ тасымалына бәсекелес болады. Яғни, балама тасымал құбырын салып, Орта Азияның шикізатын ЕО-қа тікелей жеткізуге мүмкіндік алады. Бұл – ЕО үшін де таптырмайтын энергетикалық әрі саяси қажеттілік.

Сондықтан Әзірбайжан елі Каспий теңізінің мәртебесін Кеңес-Ирандық шартқа сай емес, жаңаша қарастыруды көздейді. Оның үстінде Әзербайжанның артында АҚШ, ЕО пен Түркия қатарлы алып елдер тұрғаны да Ресейдің осы мәселе тұрғысындағы геосаясатына ықпал етіп отыр.

Каспий жағалауы мемлекеттерінің Президенттері төрт рет кездесті

Каспий жағалауы мемлекеттері Президенттерінің төрт Саммиті (2002 жылғы 23-24 сәуірде, 2007 жылғы 16 қазанда, 2010 жылғы 18 қарашада және 2014 жылғы 29 қыркүйекте) және Сыртқы істер министрлерінің бес кеңесі (1996 жылғы 11-12 қарашада, 2004 жылғы 6 сәуірде, 2007 жылғы 20 маусымда, 2014 жылғы 22 сәуірде және 2016 жылғы 12-13 шілдеде) болып өтті.


Самиттің белгісі

Самиттің белгісі / Сурет әлеуметтік желіден алынды


Алайда осы кездесулер барысында Каспий аумағына басқа елдердің әскери күштерін, кемелерін кіргізбеу туралы және Каспий аймағының экологиясын бірлікте қорғау туралы өзара келісімге келді. Бұл да үлкен жетістік екені белгілі.

Келесі саммит 2018 жылы 12 тамызда Ақтауда өтетіні белгілі болды.

Ақтау Саммитінде Каспийдің құқықтық мәртебесі туралы конвенцияға қол қойылады

2017 жылы 4-5 желтоқсанда Мәскеу қаласында өткен Каспий жағалауы мемлекеттерінің Сыртқы істер министрлері кеңесінің қорытындалары бойынша Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы конвенция жобасының мәтіні келісілді. 2018 жылы Қазақстан Республикасында өткізуге жоспарланған Ақтау Саммиті шеңберінде аталған құжатқа қол қою көзделеген. Бұл туралы ҚР Сыртқы істер министрлігі хабарлаған болатын.

"Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы конвенцияға" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2018 жылғы 25 шілдедегі №465 қаулысына сай қол қою туралы ұсыныс енгізілгені белгілі болды.

Осы Конвенцияның қатысушылары, Каспий теңізінің жағалауында орналасқан мемлекеттер – Қазақстан, Иран Ислам, Әзербайжан Республикалары, Ресей Федерациясы және Түрікменстан Каспий теңізін бөлу туралы шешімді қабылдайды. Кімге не бұйырары әзірше анық емес.

Ресейде жарияланып кеткен "Құжат" талқыланып жатыр

2018 жылы 21 маусымда Ресейдің мемлекеттік құқықтық порталында Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы конвенцияға қол қою жөніндегі ұсынысты енгізу туралы Ресей Федерациясы Үкіметінің 2018 жылғы 21 маусымдағы №714 Қаулысы жарияланды.

Құжатта не жазылды?

Осыған орай Иносми.ру порталы Дэвид Оберн (David O'Byrne) мырзаның сараптамасын жариялады. Онда аталған Құжатта магистральды құбырларды төсеу мәселесінің шешілгені және теңіз айдынына шетелдік әскерилердің кіруіне тыйым салу мүмкіндігінің қарастырылғаны айтылған.

Құжаттың ең маңызды бөлігі – 14 бап. Оған сәйкес жағалаудағы мемлекеттер Каспийдің түбінде мұнай құбырларын салу құқығына ие болады. Онда "Тараптар Каспий теңізінің түбі арқылы су асты кабельдері мен құбыржолдарды төсей алады" деп атап көрсетілген.

Жарияланған Құжатқа сәйкес, "Каспий теңізі секторының теңіз түбі мен минералдық ресурстарды бөлудегі жалпыға танылған қағидаттары мен құқықтық нормаларға сәйкес жақын және қарама-қарсы елдің келісім-шарттары негізге алынатын болады" делінген.


Каспий теңізінің орналасуы

Каспий теңізінің орналасуы / informburo.kz


Бұдан, Каспий теңізін бөлуде оның әрі теңіз әрі көл ретінде қарастырылып, өзара ыңғайлы қағидаттарды негізге алғанын көруге болады.

Аталған Қаулыда Иранға қатысты дау толық шешілмегені байқалды

Теңізді бөлу мәселесінде Иранға берілетін үлеске қатысты қиындық туып отыр.

Иносми порталының жазуынша Құжатта Иран талап еткен 20% үлес алу мәселесі шешілемеген. Оған сәйкес Кеңес Одағы мен Иран арасындағы келісімді негіз ете отырып, "орта мөлшерді" алу қағидасы бойынша Иранға 14% үлес беру мүмкіндігі бар. Алайда әлі де даулы мәселелер туындары хақ.

Ресейліктерді алаңдататыны "Түркімен газының уысынан шығып кетуі"

Станислав Притчин, Ресей Федерациясының Шығыстану иниститутының Орталық Азия және Кавказды зерттеу орталығының басшысы: "Бұл тәсіл "жалтақ", бірақ "үміт күтеміз". Ресейге бұл не үшін қажет? "Газпром"-ның бәсекелесі саналатын Түркіменстан үшін бұл – үлкен мүмкіндік. Нарыққа сәйкес Ресей газы бағасының құлауына әкелуі мүмкін" деп алаңдаушылық білдіріпті.

Заур Шириев, Халықаралық дағдарыс тобының Бакудегі сарапшысы: "Ресейдің ойынша Каспий теңізінің табаны арқылы өтетін газ құбырының құрылысын қаржыландыруға басқа факторлар әсер етеді. Оның ішінде кедергілер де бар деп санайды. Сонымен бірге Ресей Түрікменстан мен Әзірбайжан арасындағы даулы проблемалар процесті баяулатады деп сенеді" дейді.

Егер Әзербайжан мен Түркіменстан толық келісімге келсе, онда түркімен газын Еуропаға шығаруға кедергі қалмайды.

Ресей Түркімен газын Қытайға жібергісі келмейді

Джон Робертс, Каспий аймағындағы энергетикалық мәселелер жөніндегі сарапшы және Вашингтонда орналасқан Атлантикалық кеңестің аға ғылыми қызметкері: "Ресей Түркіменстанның газ экспорты нарығының негізінен Қытайға бағытталып, Қытайға тәуелділігінің артуына алаңдайды. Мәскеу Ашхабадқа өз ықпалын нығайтқысы келеді" дейді Иносми порталынына берген сұхбатында.

Робертстің айтуынша, Кремль Әзербайжан немесе Түркия үшін газдың шамалы мөлшердегі көлемін сататын газ құбырының құрылысына рұқсат беруге дайын. Мұндай жағдайда Баку Еуропаға елеулі көлемде газ жеткізуге қабілетті үлкен газ құбырының құрылысына талпынбайды. Бұл – Ресейді тыныштандыратын себеп.

Әзербайжан мен Түркіменстан келіссе газды Еуропаға да жібере алады

"Баку жылына 8-10 миллиард текше метр өткізу қабілеті бар газ құбырының құрылысына рұқсат бере алады", – дейді Робертс. "Осының есебінде, Әзербайжан өз ішіндегі табиғи газ тапшылығын жабуға мүмкіндік алады. Сонымен бірге Түркімен газының бір бөлегін Әзірбайжан мен Түркия салған Трансанатоли құбыры арқылы Түркияға, Грузияға және одан әрі Еуропаға жеткізе алады", – деп отыр.


Қазақстанның Каспиq газын жеткізу жобасы

Қазақстанның газын Каспий арқылы жеткізу жобасы / "Норт Каспиан Оперейтинг Компани Н.В." компаниясы жобасы негізінде informburo.kz жасады


Қазақстанның ұтары көп

Қайталап нақтылап айтсақ, жалпы Каспий теңізін бөлу әрі теңіз әрі көл ретінде қарастырылып, өзара ыңғайлы қағидаттарды негізге алғанын көруге болады.

Теңіз ретінде құқықтық мәртебе берілсе, Қазақстанға Каспийдің 30 пайызы бұйырады. Егер көл ретінде бөлінсе, теңіз жағалауындағы 12 миль, яғни 22,2 шақырым аумақ иелігінде болып, қалғаны ортақ болады.

Амангелді Құрмет, саяси сарапшы:

– Каспий теңізінің құқытық мәртебесінің айқындалатыны белгілі болды. Егер жоғарыда көрсетілген Қаулыға қарасақ, Орта Азия елдері үшін жаңа мүмкіндік туып тұр. Атап айтқанда, көмірсутегі конденсаттарын теңіз асты құбыры арқылы Еуропаға, Түркияға жеткізуге болады. Бұл – өте үлкен базар.

Конвенцияға сәйкес, Каспий теңізі айдынына Каспий жағалауындағы бес елден басқа елдердің ешқандай әскери күштері де, азаматтық теңізшілері де кіре алмайтын болады. Бұл қауіпсіздік үшін өте маңызды.

Сонымен бірге, әр ел өз теңізі бөлігінің шеңберінде кен орнын ашып, көрші елдермен келісе отырып құбыр тартады. Оның үстіне қазақ елі үшін баламалы тасымал жолдары көбейіп, Ресейдің ықпалынан шығуына, өз еркінше сауда жолын ашуына мүмкіндік туары анық. Былайша айтқанда өзара сенімділік пен түсіністік орнайды деп есетеймін.

Тағы бір жағынан алғанда Қазақстан Түркіменстан мен Әзербайжан елдері арқылы жаңа газ құбыры желілеріне қатысуы керек. Бұл Қытайға тәуелділікті азайту үшін де маңызды, – дейді.

Сонымен бірге Түркіменстан газы Қазақстан арқылы Қытайға кетіп жатқанын ескерсек, енді Түркіменстанмен бірлесе отырып, Баку – Тибилиси – Жиһан құбыры жоспарына да қатыса алады.

Оның үстіне Ақтау еркін экономикалық аймағы арқылы теңіз тасымалын кеңейтіп, туристерді де тартуға мол мүмкіндік ашылады.

Серіктестер жаңалықтары