2025 жылға дейін елімізде 800-ге жуық жаңа мектеп салынбақ. Тірек елді мекендерде 114 интернат салу жоспарланған.
Премьер-министр Асқар Мамин инвесторлар үшін білім беру саласының өсіп келе жатқан тартымдылығының маңызын атап өтті. Алдағы 5 жылда салаға 11,5 трлн теңге бағытталады, оның ішінде 1,3 трлн теңге жеке инвестициялар тартылады. Бұл жеке инвесторлар есебінен 150 мың орынға қосымша мектептер салуға мүмкіндік береді.
"Ел экономикасы үшін ғылымның нәтижелігін арттыру үшін ғылыми-зерттеу қызметі жетілдіріліп, ғылымға жұмсалатын шығындар көбейеді. Білім беруді қаржыландыру жалпы ішкі өнімнің 7 пайызын құрайды", – деді Асқар Мамин.
Үкімет басшысы Білім және ғылым министрлігіне жыл басынан бағдарламаның іске қосылуын және көздеген көрсеткіштерге қол жеткізуді қамтамасыз етуді тапсырды.
Оқи отырыңыз: Биыл Қазақстанның білім саласында не өзгереді?
Асқар Маминнің айтуынша, Президент тапсырмасын орындау аясында мұғалімдердің жалақысы 2020 жылдан бастап 4 жылдың ішінде 2 есе ұлғаймақ.
"Білім министріне келесі жылдан бастап білім мен ғылымды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған бағдарламасын іске қосып, жоспарлы көрсеткіштерге қол жеткізді тапсырамын. Бердібек Мәшбекұлы, бақылауға алыңыз", – деді Асқар Мамин орынбасары Бердібек Сапарбаевқа.
Тағы бірнеше ЖОО лицензиясынан айрылуы мүмкін
"Біз 5 жоғары оқу орнының лицензиясын тоқтаттық. Бүгін лицензиядан айыру үшін бір ЖОО бойынша құжаттарды сотқа жібердік. Лицензиядан толықтай айыру үшін тағы да бірнеше ЖОО бойынша құжаттар дайындалды. Тоқтату – бұл уақытша шара. Егер біз тексеріп, бұзушылықтар тапсақ, онда тоқтатуға тиіспіз. Бірақ, тоқтатқаннан кейін біз тағы бір рет тексеріп, сол бұзушылықтардың жойылмағанын анықтайтын болсақ, онда министрлік басқа шешім қабылдауға көшеді. Біз сол университетті мүлдем жабу үшін сотқа жүгінеміз", – деді Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов.
Оқи отырыңыз: Ұстаздардың жалақысы қалай есептеледі? Мектеп директорларын 5 жылда бір рет алмастырып тұру керек пе?
Министрдің айутынша, бірнеше жоғары оқу орны бұл проблеманы дербес шешуге тырысып жатыр.
"Бір университетті жабу туралы сотқа жүгінгеннен кейін бірнеше ЖОО бізге хабарласып, бірігуге ниеттері бар екендерін хабарлады. Біз де бұл мәселені қарастырған едік. Оқу орындары өз еріктерімен және дербес бірігулері қажет. Мұның мультипликативті әсер бар. Себебі біреулерінде кадр жетіспесе, енді бірінің спорт залы, тағы бірінде жатақхана және басқа да жағдайлары болмауы мүмкін. Ал біріккеннен кейін нақты бір әсерге қол жеткізіледі", – деді Асхат Аймағамбетов.
Сонымен қатар, ол кейбір университеттер колледжге, институтқа, академияға айналуы тиістігін атап өтті.
"Жалпы, лицензия беретін өкілетті орган ретінде Білім және ғылым министрлігіне сотқа жүгінбестен сол лицензияны қайтарып алу туралы шешім қабылдауға мүмкіндік беретін норма қабылданады деп үміттенеміз", – деді министр.
Бір-екі жылда мектептер 100% бейнебақылаумен қамтылады
Министрдің айтуынша, балалардың мектептегі қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қажетті шараларды жүзеге асыру қажет. Сонымен қатар ол республиканың барлық мектептері қай уақытта 100 пайыз бейнебақылаумен қамтылатынын айтты.
"Мемлекеттік бағдарлама 2025 жылға дейін есептелген. Бірақ, біз ары кеткенде 1-2 жылдың ішінде осынау кешенді мәселелер шешілуі тиіс деп есептейміз. Бейнебақылау бойынша келесі жылдың соңына дейін жергілікті басқарудың барлық органдары бұл мәселені шешуі тиіс деген міндет қойып отырмыз. Бұл айта қоярлықтай үлкен проблема емес. Балаларды қорғау мен тасымалдауды қамтамасыз ету үшін 2025 жылды күтудің қажеті жоқ", – деді Асхат Аймағамбетов.
Оқи отырыңыз: Оқушы білімін бағалаудың жаңа жүйесі. Ата-аналар неге наразы?
Жалпы, соңғы 3 жылда білім мен ғылымды дамытудың мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыруға 1 трлн 466 млн теңге бөлінді. Нәтижесінде мектепке дейінгі ұйымдардың желісі 1728 бірлікке ұлғайды, 3 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі оқытумен қамту 98%-ға дейін артты. 1-10 сынып оқушылары (95,4%) жаңартылған мазмұнға көшті. 273 мың мұғалім (94%) жаңартылған оқу бағдарламасы бойынша оқытылып, 30% мөлшерінде үстемеақы алуда. Аттестациядан өткен 123 мыңнан астам мұғалім қосымша төлемдерді 30-дан 50%-ға дейін алады.
Сонымен қатар, 437 мемлекеттік және 80 жекеменшік мектеп жан басына қаржыландыруға көшті. 372 жаңа мектеп салынды.