Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің "Бақытты отбасы" бағдарламасымен әкімдік кезегінде тұрған жандар ғана ипотека рәсімдей алады. Олар:
- Көпбалалы отбасылар;
- Толық емес отбасылар;
- Мүмкіндігі шектеулі баласы бар отбасылар.
Бағдарлама арқылы несие 2 пайызбен беріледі. Бастапқы жарна ретінде үй бағасының 10 пайызын толтыру және отбасының табыс көзін растау міндетті. Сондай-ақ, отбасылардың атында басқа үй болмауы шарт.
- Қарызды өтеу мерзімі – 20 жыл;
- Соңғы 6 ай ішінде отбасының әр мүшесінің айлық табысы 2 күнкөріс деңгейінен артық болмауы керек (2020 жылы – 62 366 теңге).
Оқи отырыңыз: Тұрғын үй бағдарламалары көбейді. Биыл баспаналы болудың 11 мүмкіндігі
Аталған бағдарлама арқылы баспаналы болу үшін келесі 9 қадамды жасау керек:
№1. Жолдама алу
Бағдарламаға қатысу үшін баспана кезегінде тұрғаныңыз және әлеуметтік осал топқа жататыныңыз туралы жолдама алу керек. Биыл карантинге байланысты жолдамаға өтініш онлайн қабылданды.
№2. Төлем қабілетін тексеру
Жолдамамен Тұрғын үй құрылысы жинақ банкіне барасыз. Банк төлем қабілетіңізді тексереді. Өтінім берушінің, отбасы мүшелерінің табысы есептеліп, бар болса – кредит төлемдері ескеріле отырып, несие мақұлданады не берілмейтіні туралы шешім шығады.
Отбасының табысына ерекше бала күтіміне берілетін жәрдемақыны да қосуға болады. Ол үшін ХҚКО-дан және жәрдемақы түсетін банктен соңғы 6 айдағы анықтама алып өткізу керек.
№3. Үй не пәтер іздеу
Несие алдын ала мақұлданған соң өзіңіз сатып алатын үй не пәтер іздейсіз. Бұған 6 ай уақыт беріледі.
Оқи отырыңыз: Тұрғын үй кезегіне қалай тұруға болады? Нұсқаулық
№4. Үй не пәтерді бағалату
Тапқан баспананы банк аккредитациясынан өткен тәуелсіз бағалаушыларға бағалатасыз.
Мысал: үйді сатушы 15 миллион теңгеге сатпақ. Бағалаушы оны 14 млн теңгеге бағаласа, банк те сізге несиені осы көлемде береді. Ал сатушы 14 млн теңгеге сатуға келіспесе, баға айырмасын өзіңіз төлейсіз немесе басқасын іздейсіз.
№5. Сату-сатып алу келісімшартын жасау
Сатушымен келіскен соң, сату-сатып алу келісімшартын жасайсыз. Ол құжатты банк филиалындағы нотариуста немесе басқа кез келген нотариуста рәсімдеуге болады.
№6. Келісімшартты тіркеу
Келісім-шартты ХҚКО арқылы әділет органында тіркеуге өткізесіз (5-6 қадамдар бірер күннен бастап бір аптаға дейін созылуы мүмкін).
Оқи отырыңыз: 2020 жылы Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінен кім үй ала алады?
№7. Банкпен келісімшарт жасау
Келісімшарт әділет органында тіркелген соң банкпен жылжымайтын мүлікті кепілге алу келісімшартын жасайсыз.
№8. Алғашқы жарна
Бағдарлама шарты бойынша пәтер құнының кемінде 10 пайызы көлемінде алғашқы жарна құю қажет. Өтініш беруші жарна ретінде Тұрғын үй құрылысы жинақ банкінде жинаған қаржысын пайдалана алады.
Егер мұндай есепшот болмаса, жаңадан ашып, қаржыны бірден құюға да болады.
Ескерту: жергілікті әкімдік тарапынан пәтер құнының алғашқы жарнасын өтеу мақсатында әлеуметтік әлсіз топтарға қолдау ретінде 1 миллион теңгелік тұрғын үй сертификаттарын беру қарастырылған. Оны алудың да өз шарттары бар.
№9. Үй сатушыға қаржы аудару
Сонымен, несие мақұлданды. Төлем графигіне қол қойылған соң сізге берілген несие үй сатушының есепшотына аударылады.
Сату-сатып алу келісімшарты жасалғаннан бастап ақша сатушының қолына жеткенше бір аптаға дейін уақыт өтуі мүмкін. Жылжымайтын мүлікті банк арқылы рәсімдеудің бір ерекшелігі – осы.
Сатушыға осы шартты алдын ала ескертіп, хабарлауыңыз керек.