Тікелей эфир

Баяғыда қазақ байлары қандай болған? Байлық пен дәулеттің айырмашылығы

Фото mfa.gov.kz сайтынан алынды
Фото mfa.gov.kz сайтынан алынды
Қазақтың байлары халқының қамын жеп, жағдайын ойлап отыратын менеджер болған. Алайда қазір бай адам туралы пікір түбегейлі өзгерген. Оған не себеп?

Қазақ байлары халқына тек байлығымен ғана емес, ақыл-парасатымен, жомарттығымен сыйлы болған. Өйткені олар бай мен кедей арасындағы тепе-теңдікті сақтап, қол астындағы халықтың әл-ауқаты мен қал- жағдайының жақсы болуын бақылауда ұстаған.

Сонымен қатар бір рудың атақты шешендері мен батырларының жағдайын жасаған. Тіпті ел қорғайтын әскерінің барлық шығынын көтерген. Сондықтан қазақта малдың, байлықтың иесін емес, рухани жағынан ішкі діңгегі мықты, ақылы толысқан, түсінігі жоғары, өзі текті адамды бай деп атаған.

Оқи отырыңыз: Ұлттың жеті қорғаны: қазақтың жағдайы қалай?

"Қазір бай мен байлық деген сөздің мәні өзгерген"

Абайтанушы Омар Жәлел осылай дейді.

– Байлықтың екі түрі болады. Бірі – материалдық, екіншісі – рухани. Кезінде рухани бай адамды дәулетті деп атаған. Ілім-білім, ақыл-парасат байлық арқылы келеді. Мысалы, атақты Құнанбай малы болған соң, Абайды оқытты. Оның шығармашылықпен еркін айналысуы үшін інісі Оспан да барын аямаған. Міне содан Абай Абай болды, халқына баға жетпес құнды мұра қалдырды. Ал жоқшылықтың азабын тартқан, қарны аш адамның хайуанға айналатыны белгілі емес пе? Өйткені қу тамақты ғана ойлайтын, өзі аш-жалаңаш адамнан не күтесің, онда қандай сана-сезім болады?!

Кезіндегі байлар осыны жақсы түсінген. Олар өз руының жағдайын жасай отырып, тепе-теңдікті ұстап отырған. Абай "сұлу аттың көркі – жал, адамзаттың көркі – мал" деген. Адам мінезінің көркемдігі, жомарттығы, пейілінің кеңдігі барлығы байлықтан. Яғни, байлық – адамның көңілін тойдырады. Көңілі тоқ адам айналасына шапағат-нұр төгуге әзір болады.

Қазақ "жемесең де май жақсы, бермесе де бай жақсы" деген бір ғана мақалымен бай адамның рөлін анықтаған. Өйткені байлыққа әркімнің қолы жетпейді, бай болу кез келгеннің қолынан келе бермейді.

Оқи отырыңыз: Қазақ бренді

Ақын, жыршылардың шашбауын байлар көтерген

– Бай адамға деген түсінік-көзқарасты Кеңес үкіметі өзгертті. Бізге байларды жау қылып көрсетті. Ал олар бір ауылдың, бір рулы елдің, қала берді жауға шабатын әскердің де жағдайын жасаған. Мысалы, Кенесары бастаған көтерілісте сарбаздарды ас-су мен тамақпен, мініс ат, қару-жарақ, киіммен байлар қамтамасыз еткен.

Ал ауыл-ауылды аралаған ақын-жыршыларды, жыраулар мен сал-серілерді бай адамдар айлап қонақ қылған. Соның арқасында ел жұрт ән-жырға қаныққан. Рухани азық алған. Бұқар жырау "шүлдірлеген қызыл тілден не пайда, алдыңа салып айдаған малың болмаса" деген. Сондай-ақ "ақыннан да, батырдан да бай жақсы" дейді қазақ. Адамның әлеуметтік жағдайы бірінші орында тұрады. "Қанша шешен болса да, дауға салма малсызды, қанша батыр болса да жауға салма жалғызды" деген бар. Ауылдың бетке ұстар азаматтарына артынан ерген руластары мен ауылдың байлары демеу көрсетіп отырған.

Байлар бұл әрекеті арқылы өздерінің тектілігін танытқан. Өйткені руханияттан өзі ғана емес, халқының да сусындап өсуіне мүмкіндік берген. Содан келіп, жақсы әке, жақсы ана, тәрбиелі ұл-қыз өсірген. Әрі ән-жырдың таралуына себепкер болған, – дейді Омар Жәлел.

Оқи отырыңыз: Нәубет жылдар ызғары. Қара көпірге ілінген бас пен босқан елдің көрген қорлығы


Қазақтың байлары сал-серілерді, жырауларды үйінде айлап қонақ қылған

Қазақтың байлары сал-серілерді, жырауларды үйінде айлап қонақ қылған / Фото qazaqtimes.kz сайтынан алынды


Байдың малын өз малындай қараған

– Бай болу үшін адамға биік парасат, терең ақыл керек. Өйткені адамды арманына жетелейтін, жеткізетін байлық. Ал қазақ байлықты Алла Тағаланікі деп түсінген. Сондықтан байлар құдайдың сүйікті құлы болуы үшін жан-жағына, туған-туыстарына көмек беріп, қарасып отырған. Осылай үйлесімді өмір сүргендіктен, қазақ қоғамында құл деген болмаған. Байдың малын баққандар өз малым деп есептеген. Өйткені басына күн туса, көмектесетін бай болған.

"Адам ғапыл дүниені дер менікі,

Менікі деп жүргеннің бәрі оныкі.

Тән қалып, мал да қалып, жан кеткенде,

Сонда ойла, болады не сенікі?" деп Абай атамыз Пайғамбар сөзін уағызбен дәл жеткізген.

Оспан інісінің әйелі Еркежанды Абай әмеңгерлік жолмен алған кезде, бақташысы Шәукімбай ере келеді. Ол жаққан оттың шоғының үстіне киіз төсеп далада жатып, өмір бойы мал бағумен жүрген екен. Сол Абайдың малды есепсіз жұмсағанын көріп, "Мына біреу басы қазандай болып алып, малдың бәрін тауысып болды. Өзі балта қайрауға да жарамайды" деп ренжиді.

Оны естіген Абай "Бұл шындықты айтып тұр. Еңбек осылардыкі" деген екен. Шәукімбайдың бұл сөзінен байдың малын өз малындай қарағанын білуге болады.

Оқи отырыңыз: Ұлтыңды танығың келсе, жеріңді таны

Сараң бай – сасық бай

Сараң байдың қашанда халық арасында қадірі болмаған. Оларды "сасық бай" деп атаған. Тіпті ауыл-ауылды аралап жүретін сал-серілер, жыраулар да ондайлардың үйіне бармаған.

Ал олардың ауылына түспей кетуі бай үшін үлкен мін, сүйекке таңба болған. Ақтамберді жырау "Қайырлы болса баяжан айдын шалқар көлмен тең, қайырсыз болса, жаман бай, тартылып қалған шөлмен тең" деген теңеуді қайырсыз байға айтқан.

Байлығын игілікке жұмсаған

– Тарихта дүниесін игілікке жұмсаған бай аз болмаған. Оның бір дәлелі, "Қазақ" газетінің алғаш шығуына байлар ат салысқан. Құнанбайдың да байлығын құдай жолына жұмсап,"малым – жанымның садақасы" деп, Меккеде мешіт салдырған.

Қазіргі кезде айтып жүргендей "Бірінші байлық – денсаулық, екінші байлық – ақ жаулық" емес, "екінші байлық – он саулық, сосын ақ жаулық" болған. Өйткені денсаулық пен байлық жоқ жерде ақ жаулық қайдан болсын. Алдымен тұрмыс жағдайын түзеп алып, отау құру керек. Ал қазіргі жастарда үйленуге ақшасы жоқ, қаңғырып жүр. Сондықтан ол кездегі қазақтың санасы экономикалық тұрғыдан өте жоғары болған, – дейді Омар Жәлел.

Оқи отырыңыз: Қазақ өз тарихын тануды неге енді ғана қолға ала бастады?

Бай адам елдің құты

Қазақта елдің құтына айналған байды ерекше құрметтеген. Байлық адам бойындағы қасиетті танытады деп есептеген.

– Байлар табысының он пайызын жылына бір рет таратып, халықты жарылқаған, әрі елдің алғысын алған. Сондықтан оларды "құтпан бай" деп атаған. Осыған орай мынадай бір аңыз бар. Ғалым, шахид, жомарт үшеуі жұмаққа кім бірінші кіреді деп дауласады. Ғалым "біз үшін жанын пида еткен шахид бірінші кірсін" дейді. Шахид "ғалым кірсін" дейді. Сонда ғалым "Жоқ, жомарт кірсін. Өйткені мен ғылым, білім іздеп кеткенде 20 жыл бойына жомарт бала-шағамды бағып-қаққан" дейді. Байлардың жасаған жомарттығы өзінің де, өзгенің де жанын сақтап қалған. Сондықтан батыр да, ғалым да болу үшін байлық керек. Ал байлық сол кезде ғана дәулетке айналады, – дейді Омар Жәлел.

Бай бір ауылды баққан

Филология ғылымдарының докторы, сыншы, ғалым Дандай Ысқақ дүниесін тәркілеп, байларды жер аударғаны Кеңес үкіметінің үлкен қателіктерінің бірі болды дейді.

– Қазақ даласындағы ашаршылық осыдан басталды. Бір үйде бес қой мен бір сиыр немесе бір жылқыдан басқа ештеңе қалдырмай алып кеткенмен, үкімет оған да ие бола алмады. Өйткені қазақтың жағдайынан бейхабар болатын. Байлардың жиған-терген малының арқасында бір елді асырап отырғанын білмеді. "Байлықтың бір жұттық" екенін олар жақсы білген. Өйткені баюдың жолын білген ақылды адамдар ғана байлыққа ие болған. Сондықтан олар ел алдындағы абыройын ойлап, қарамағындағы туған-туыс, ағайынға қарайласқан.

Оқи отырыңыз: Бір компьютерді бір қозылы қойға айырбастап, миллионер атанған қазақ жігіті кім?


XIX ғасырдың аяғындағы қазақ ауылы

XIX ғасырдың аяғындағы қазақ ауылы / Фото ғаламтордан алынды


– Байлардың күнде қазан-қазан қылып асқан тамағынан барлық ауыл адамдары ішетін дейді менің шешем. Одан өзге руластарының қалыңмалын төлеп, қыз әперіп, жер дауы мен жесір дауын да шешіп отырған. Туындаған дауды уақытында шеше алмау байларға үлкен сын болған. Ал байдың малын баққан кедей еңбек ақысын алып, қыстық соғымы мен жаздық ас-қатығын айырып отырған. Ал кеңес өкіметі сол қалыптасқан тепе-теңдікті бұзды. Аяғында халық ашаршылыққа ұшырап, тамақ іздеп, қаңғырып кетті, – дейді Дандай Ысқақ.

Жалпы конфискациялауды кеңес үкіметі 1926 жылы бастады. Алдымен 1926 жылы Ресейде, 1928 жылдары Украинада, 1929 жылы Орта Азияда жүргізді. Сол кезде Қазақстаннан 1000 байды жер аударып жіберген. Солардың ұрпақтарын мен Забайкальеде көрдім. Олар Моңғолиямен шекаралас Красный Великан деген бір ауылда тұрады екен. Жер аударылып барған соң қалып қалған. Тіпті Қазақстанның егемендік алғаны туралы естімеген. Өйткені арада ешқандай байланыс жоқ, – деді ғалым.

Үнемдеген де бай болады

– Біздегі бай адамға деген түсінікті, көзқарасты кеңес үкіметі өзгерткенмен, дәл қазіргі кезеңде байға деген теріс пікірдің қалыптасуына олардың арам жолмен баюы себеп болып отыр. Арам жолмен байығанын көрген соң, ондайларға деген халықтың сый-құрметі де жоғалады. Сонымен қатар, қазір бізде елдің тұтастығын ойлайтын байлар жоқ.

Осыдан біраз жыл бұрын Қазан қаласындағы медициналық университетте оқып жүрген бір студент тек байлардың қолы жететін элиталы үйлердің бірінен төрт бөлмелі пәтер алған екен. Оған тексеру жүргізген жергілікті билік жігіттің еңбекорлығына таң қалған. Студент жігіт сабақтан тыс уақытта бес жерде еден жуушы болып жұмыс істеген. Ол түске дейін екі кеңсені жуса, түсте және кешкісін қалған үш кеңсені жуып, сол жерде тамақтанып, қонады екен. Түскі және кешкі асты кеңседен тегін ішкен. Ол енді көлік пен үй жиһазын алуға ақша жинап, отбасын құруды ойлап отырғанын айтқан.

Қазіргі уақытта адамның қолы байлыққа әр түрлі жолмен жетуі мүмкін. Ол үшін барлық мүмкіндік бар. Ақылына жүгініп, баюға болады дегенді жастардың миына құйып, соған үйретуіміз керек. Сонда байлыққа деген көзқарас түбегейлі өзгереді.

Ақшаны үнемдеп, орнымен жұмсаудың тағы бір мысалын айтайын. Менің бір танысым әйелі екеуі жатақхананың бір бөлмесінде тұрды. Өздері мектепте суреттен сабақ береді. Олар жұмыс орнына жаяу келіп, түскі асты үйден дайындап алып келетін. Біраз уақыттан соң жер алып, үй салып, баласын оқытып, баласына автокөлік алып берді. Ерлі-зайыптылар ешқашан ақшаларын бей-берекет жұмсаған емес. Сондықтан үнемдеу арқылы да қалағаныңды алып, байып, берекелі өмір сүре алады, – деді Дандай Ысқақ.

Қазақ әдебиетінде бай қалайша жексұрын атанды?

Кеңес үкіметі орнаған уақыттан бастап, жылдар бойы қалыптасқан салт-дәстүрді түп-тамырымен жою үшін бай мен байлық туралы барынша теріс пікір қалыптастыруға күш салды. Оның бірден-бір жолы – әдеби шығармалар арқылы халықтың санасына әсер ету еді.

Ашаршылықтан, 1937 жылғы ойраннан кейін, екінші дүниежүзілік соғысты бастан кешірген қазаққа бұның зардабы қатты тиді. Елуінші жылдары партиялық талап тіптен күшейтіліп, социалистік идеяны насихаттау қазақ әдебиетіне мықтап тапсырылады. 1947 жылы Қазақстан Орталық комитетінің "Қазақ ССР Ғылым Академиясының тіл және әдебиет институтының жұмысындағы саяси өрескел қателер туралы" қаулысы қабылданды.

Тарихшылар мен белгілі әдебиетшілер орнынан алынып, жұмыстан қуыла бастады. Қазақстан жазушылар одағындағы ұлтшылдық қателіктер туралы арнайы қаулылар қабылданды. Осылардың нәтижесінде қазақтың ауыз әдебиеті мен тарихындағы көп шығармалар ескішіл көзқараста деп танылып, оларды оқуға тыйым салынды. Батырлар мен эпос кейіпкерлері шыққан тегіне қарай жіктелді. Қобыландыны, Алпамысты байдың балалары, байды қорғаған батырлар деді, Төлегенді бай баласы, Қыз Жібекті хан қызы деп қаралады. Қазақтың эпосынан тек кедейдің ішінен шыққан Қамбар батыр мен Тазша бала жайлы ертегілер халықтық деп танылды.

Газет-журнал бетіндегі мақалалар осы сияқты "сынау мен әшкерелеуге" тұнып тұрды. Осылайша көрнекті қаламгерлер мен ұлттық мұраға, салт-дәстүрге, бай мен байлыққа қарсы қоғамдық пікірді тудырды.

Осындай асыра сілтеушіліктің кесірінен Е.Ысмайыловпен бірге тарихшылар Е.Бекмаханов, Б.Сүлейменов, әдебиет зерттеушілері Қ.Жұмалиев, Қ.Мұхамедханов тұтқынға алынды. Жазушылар одағы жүйесіндегі "ұлтшылық қателері" үшін одақ төрағасы мен кей ақындар жазаға тартылды.

Бұл үрдіс Сталин қайтыс болғаннан кейін ғана босаңсыды.

Байлықты бөлісетін дәстүр болған

Этнограф Ахмет Тоқтабай бір байдың байлығы бір ауылды асырауға жеткен дейді. Оның айтуынша, дәстүрге сай дәулетті байдың өз байлығын тегін тарататын кездері болған.

– Кезіндегі байлар өз еңбегімен, ақылымен байыған. Сондықтан бар жиған дүниесінің бір бөлігін жылына бір рет таратып берген. Оны "шүлен тарату", "байдың тасуы" деп атаған. Осы дәстүрді шетелдегі қазақтар жақсы сақтап қалған екен. Керемет бай болмаса да, туған-туысын қаңғыртпайды. Қытайға барғанда үйсіз қалған бір дуананы бір кәсіпкер жігіттің асырап отырғанын көзіммен көрдім. Қазақстандағыдай емес, шетел қазақтары намысшыл. Сондықтан болар, қайыр сұраған қазақты көрмейсің.

Қазақтар ырымдап, бай сөзін жалғап балаларына ат қойған. Асубай, Алпысбай, Қабанбай, Бөгенбай деген аттар осылай тараған.

Ал бізде белгілі бір идеологияның болмауынан жастар жұмыссыз сенделіп, бет түзеп, арқа сүйер таппай адасып, басқа жолға түсіп кетіп жатыр. Жұмыс жоқтықтан кедейшілікке түскен адамның ой-санасы да бұзылмай қайтеді, – деді этнограф.

Бай мен кедейдің айырмашылықтары

  • Бай ақша мен уақытты үнемдейді.
  • Кедей тапқанын тауыса жұмсайды. Ал бай жинайды.
  • Кедей белгіленген бағаға сатып алады, ал бай кез келген жерде жеңілдік талап етеді.
  • Байда ешқашан артық ақша болмайды, ал кедейлерде әрқашан бар. Бай табыс әкелетін жерге ақша салса, кедей шығындалатын жерге ақша салады.
  • Байға бір теңге берсең, миллион табады, кедейге миллион берсең, құртады. Кедейге ақша – өмірдің мақсаты болса, бай адам үшін – мүмкіндік.
  • Байлар ақшаны билесе, ақша кедейлерді билейді.
  • Кедей байды жақтырмайды, бай болса, кедейге назар аудармайды.
  • Бай кедейге құлақ салса, кедей байды естімейді де.
  • Кедей өзінен басқаның бәрін кінәлайтын болса, бай кінәні өзінен іздейді. Кез келген кедейдің ішінде бай жасырынып отыр.
  • Кедейді байдан асығыстық пен сабырсыздық ажыратады.
  • Бай адам тосыннан сауда жасауға қызықпайды.
  • Байлар мүмкіндігіне қарай тіршілік етеді, кедейлер аз қаражат тапса өздерін шейх секілді сезінеді.
  • Кедейлер қолынан келгенше табыс табуға ұмтылады, ал, байлар барлық жерден ақша табуға құмар.
  • Байлар табысын еселеуге, кедейлер шығындарын жабуға тырысады.
  • Кедейге байлық бітсе, оның әлсіз тұстары бірден білінеді.
  • Шын мәніндегі бай адам бар байлығын жоғалтса да өзі өзгермейді.
  • Кедейге кез келген дәулетті кісі жұмбақ.
  • Байдың бәрін дәулетті деуге болмайды.

Әлемдегі бай адамдар кімдер?

Америкалық "Forbes" журналының есебіне сүйенсек, әлемде 2 мың 208 миллиардер бар екен. Журналдың 2018 жылғы жариялаған байлар тізімінің алғашқы жүздігінде қазақстандықтар жоқ. Бірақ мыңдықтар тізімінде бес адам тіркеліпті. Онда Қазақстандағы ең бай адам 3,2 миллиард доллар байлығымен 779 орында тұр.

Ал тізім басында тұрған үш адам – АҚШ азаматтары. Бірінші орында интернет арқылы тауар және қызмет түрлерін сатумен айналысатын, айналымы бойынша әлемдегі ең ірі Amazon компаниясының негізін қалаушы Джефф Безос тұр. Forbes оның байлығы – 112 миллиард доллар деп жазған. Екінші орында – Microsoft компаниясының негізін қалаушы Билл Гейтс (90 миллиард доллар), үшінші орында – әлемге әйгілі инвестор Уоррен Баффет (84 миллиард доллар).

Forbes журналының бағалауынша, миллиардер саны бойынша АҚШ бірінші орында тұр. Онда 585 бай адам тіркелген. Екінші орында – Қытайда (Гонконг, Макао және Тайваньмен қоса) 476 адам байлар тізіміне енген. Биылғы жылы әлемдік қаржы алпауыттары тізіміне алғаш рет Венгрия мен Зимбабвенің байлары да енген екен.

Серіктестер жаңалықтары