Тікелей эфир

Батаның қасиеті. Оның адам өміріне тигізер әсері қандай?

Фото islam.kz
Фото islam.kz
Сөз қасиеті мен қадірін жете түсінген қазақ бата беруге. бата алуға аса мән берген. Шынайы жүректен шыққан бата ғана қабыл болады дейді зерттеушілер

Ғасырлар бойы ауыздан ауызға тарап, көшпелі өмірдің келбетіне айналған бата – қазақ салт-дәстүрінің ішінде әлі күнге дейін қолданыста жүрген дәстүрдің бірі. Бата оқылған кезде үлкен-кіші әр сөзін ықыласпен тыңдайды. Өйткені әдебиеттанушы Тоқтар Әлібектің айтуынша, қазақ халқы батаға үлкен сеніммен қарайды. Алайда ол батаны жаттап алып айту дұрыс емес дейді.

– Ескірмеген салттың бірі – бата беру. Қазақ бала кезінен ұрпағын үлкеннің алдын кесіп өтпеуге, тек ақ батасын алуға тәрбиелеген. Өйткені батаның адам өміріне тигізер әсері зор болғаны тарихтан белгілі. Сенімге негізделген батада айтылған әрбір сөздің қабыл болатынына халық ешқашан күмән келтірмеген.

Оқи отырыңыз: Ырымның жаманы болмайды. Ырымға неге сенеді?

Десек те, осы күні кейбір үлкен кісілер жаттап алып айтады. Ол дұрыс емес. Қанша адамды аузына қаратып, алақан жайып тұрған халыққа шынайы жүрегінен шыққан сөзін арнауы керек. Ал жаттап алған бата біреудің батасы болып есептеледі. Әрине, батагөйлердің барлығы ақын емес. Сондықтан қарапайым тілмен айтып жеткізсе жеткілікті, – деді.

Батаның маңыздылығы оның рухани күшінде

Батаның адам санасына әсер ететін үлкен күші бар. Халық бата жасалған жерде жақсылыққа сеніп, ынтымақ, береке болады деп ырымдайды.

Жалпы батаның мазмұны қазақ қоғамында алғыс пен қарғысты да, тілек пен дұғаны да, ризашылық пен ренішті де қамтиды. Сол арқылы халықты бір нәрседен тыйып, бір нәрсеге бағыттап отыратын әмбебап ұғым. Ол тікелей батагөйлердің беделіне қарай халыққа әсер еткен. Батагөй қариялар ел арасындағы жақсы істің іске асуына рухани демеу болып, жаман істің алдын алып, құптамай халыққа бағыт – бағдар беріп, тәрбиелеп отырған дейді зерттеушілер.

Оқи отырыңыз: Қазақ бас киімді неге қадір тұтқан?

"Бата – тәрбиенің бастауы"

Этнограф Серік Негимов осылай дейді.

– Тәрбиенің бастауы болған аталардың қасиетті сөзін ғасырлар бойы мысқылдап жиналып, ақыл елегінен өткізіп, тексерілген өмір тәжірибесінің тарихи санасының даналық қорытындысы. Шынайы шеберлікпен тоқылған бата берудің рәсімі де әртүрлі. Қазақ үйіне келген мейманға мал сойып, бата сұраған. Бата сөзде мейман үй иесінің, отбасының бәле-жаладан аман болуын тілейді.

Айдай жарқыра,

Жұлдыздай жылтыра.

Маңдайың ашық болсын,

Дұшпаның қашық болсын! – деп келген қонақ, ризашылығын білдіріп, батасын берген.

Сонымен қатар бата сөздерде қазақтың тарихи салт-дәстүрі, танымдық ерекшеліктері, этикалық–адамгершілік келбеті, жанұя жарастығын сақтауы, ұрпағын тәрбиелеуге негізделген арман-аңсары көрініс тапқан. Ондағы ғибратты сөздер ұрпақты әділетті, салиқалы, көркем мінезді болуға тәрбиелейді. Қарынның қамын емес, халықтың қамын ойлауға шақырады. Сондай-ақ адамның ақыл-ой, таным-пайымын кеңейтуге жол ашады, – дейді Серік Негимов.

Оқи отырыңыз: Әдет-ғұрыпқа айналған қазақы емдер. Қазақ қатерлі ісіктен қалай сақтанды?

Бата түрлері

Батаның ең көп тараған түрлері бала дүниеге келгенде, бесікке салғанда, жол жүргенде, қан майданға аттанғанда, келін түсіргенде, ас қайырғанда, қоныс тойда, ұлыстың ұлы күнінде, ұлкендерге құрмет көрсеткенде айтылады. Соған қарай алғыс айтқанда, игі бастамаларға, мерекеде, сапар-жорыққа, тойда, асқа берілетін бата болып бірнеше түрге бөлінеді. Ал адамшылыққа жатпайтын, жан түршігерлік қылық жасағандарға теріс бата берген. Яғни, бата белгілі бір кезде, белгілі бір адамға қарата айтылған. Мысалы,

"Е құдайым, жарылқа,

Жарылқасаң малды қыл,

Біткен жұрттың алды қыл,

Бұған қас қылғанның,

Малын алып зарлы қыл" деп Алладан отбасына ырыс, береке сұрай отырып, бәле-жаладан сақтауын тілеген.

Қазақ үшін батаның қасиетті ұғым болғанына лиро-эпостық жырлар мен көркем шығармаларға арқау болған жастардың өмірі дәлел. Онда ата-анасының ақ батасын алмай қосылған екі жас мақсат-мұратына жете алмайды. Мысалы, "Қыз Жібек" жырындағы Төлеген әкесінен теріс бата алып, ғашығына қосыла алмай, арманда дүниеден өтеді. Сондықтан қазақ кез келген істі үлкендердің батасын алып бастайды.

Оқи отырыңыз: Қазақ неге қамшысын қолынан тастамаған?

1991 жылы Н.Назарбаев та алғаш Президенттікке сайланып, таққа отыру рәсімінде үлкен ақсақалдың ақ батасын алып барып, ел басқару ісіне кіріскен. Батаны бүкіл қазақтың данышпан ақыны болған, аты әлемге жайылған ұлы Абайдың ұрпағы Шәкір ақсақал берді. Шәкір Әбенов – қазақтың халық ақыны, сазгер, сөз білетін, жөн білетін дана ақсақал болған.


Ақын Шәкен Әбенов 1991 жылы президент Н.Назарбаевқа бата берген

Ақын Шәкір Әбенов 1991 жылы президент Н.Назарбаевқа бата берген / Фото e-history.kz сайтынан алынды


Серттесу батасы

Бұл бата құдалықта, ел арасындағы маңызды шараларда жасалады. Оны бұзу қарғыспен тең. Қазақ баталауды елдіктің, тектіліктің, азаматтықтың белгісі деп білген.

Этнограф-жазушы Сейіт Кенжеахметұлы баталасуға байланысты өз зерттеулерінде мынадай мысал келтірген: XVIII ғасырда Шақшақ қайтыс болғанда жас әйелі Сомалтынды жақын қайнысы Әйдеркеге қосады. Осы Сомалтының Шақшақтан туған жас баласы Есназар мен Әйдеркеден туған Жылқыайдар екеуі енелес. Екі бала бірге өсіп, ер жеткеннен кейін елдің басты адамдары жиналып, "Сомалтын – қасиетті, өнегелі ана болды. Бұдан былай одан туған Есназар мен Жылқыайдар бір ананың баласы болғандықтан, қанша ата өлсе де, бір-бірінен қыз алыспасын, өмір бойы туыс болып саналсын" деп қол жайып, аруақ атын айтып, баталасыпты. Міне, сол бата арада 400 жылдай уақыт өтіп, арасы 12 атаға толса да, әлі бұзылған жоқ.

Оқи отырыңыз: Тәңір – қазақтың құдайы ма, әлде ескі дәуір тарихы ма?

Сақтық батасы

Уа, құдайым, тілегімді қабыл ет,

Иманымды кәміл ет

Тозақта жанған оттан сақта,

Қаңғырып тиген оқтан сақта, – деп жаманшылықтың алдын алуға тырысқан.

Сонымен қатар қыздарына:

Қыздарың қылықты болсын,

Ғаламат білікті болсын,

Күндей нұрлы болсын,

Гүлдей түрлі болсын!

Өлмес өнер берсін,

Теңдессіз дарын берсін дей келе, келіндерге:

Жасың ұзақ болсын,

Күнің шуақ болсын,

Басыңа бақыт қонсын,

Үйіңе жақұт толсын, балалы-шағалы бол, ағалы-жағалы бол, – деп, үлкендер ризашылық білдіргенде ақ батасын берген.

Қызметке тұрғандарға:

Әумин десең есе берсін,

Қызырың кеп жетелесін,

Бақ-дәулет пен дәрежең,

Одан ары өсе берсін.

Ниетің ақ босын,

Құлқының пәк болсын,

Көңілің шат болсын,

Дау-дамайдан қашпа,

Араныңды ашпа,

Қиындықтан саспа,

Қара қылды қақ жарып,

Елді түзу баста. Аллаһуакбар!

Қазақ баталарында этика, мораль, ар-ождан, ынтымақ, бірлік, молшылық, бақыт, қонақжайлылық, амандық-саулық мәселелер қозғалады. Мысалы ұлыстың ұлы күнінде:

Ұлысың оң болсын, Ақ мол болсын, Қайда барсаң жол болсын, Ұлыс бақты болсын, Төрт түлік ақты болсын, Ұлыс береке берсін, Бәле-жала жерге енсін! – деп, батагөйлер халыққа мереке батасын берген.

Ал Сегіз серінің Қаныш Сәтбаевтың әкесі Имантайға берген батасында ұлы елдің жүгін арқалайтын, ақылгөй болуын тілеп, ақ батасын берген. Батасы қабыл болып, Қаныш Сәтбаев атақты ғалым болған.

Қазыбектей халқыңның данасы бол,

Қарабастай жұртыңның бабасы бол.

Елін қорғап, дұшпанға соққы берген,

Үш жүздің Бөгенбайдай панасы бол!

– Жалпы үлкеннен бата алған барлық адамның сол ақ батамен көгеріп, өркендеуіне септігін тигізетінен куә болып жүрміз, – дейді Серік Негимов.

Теріс бата

Қазақтың салт-дәстүрін зерттеген Қайыржан қажы Макин "Салтыңды сақта, дәстүріңді дәріпте" кітабында "Бата – ізгі ниет, барлық наным-сенімнің бірлігі. Ата-тегін масқаралайтын ауыр қылмыс жасағанда теріс бата берген. Ол ұрпақтан-ұрпаққа қара таңба болып келген. Теріс бата алған адамды халық жек көріп, қонаққа шақырмаған, қыз алысып, дос болмаған. Ал теріс батаны қайтару үшін жұртты жинап, Алладан сұрап, жалбарыну рәсімін жасаған. Тірі болса, теріс батамды қайтып алдым деп айтқан. Сондықтан қанша жерден ашу қысқанмен, теріс бата беруге асықпаған" деп жазған.

Құдай сені қор қылсын,

Дұшпаныңды зор қылсын!

Жетпейін дегенде жер қылсын,

Еңбегіңді сор қылсын!

Көз жасыңды көл қылсын!

Қайғың қалың шемен болсын,

Шыға алмайтын терең болсын! – деп теріс бата берген.

Батаны кімдер береді?

Қазақ халқы ақ ниетпен бата беріп, жақындары үшін тілек тілеуді дәстүрге айналдырған. Оны кез келген адам айта бермейді және тойдағы тілектен айтарлықтай өзгешеленеді. Кімге қаратып айтылатынына қатысты да мәтіні өзгеріп отырады.

Этнограф-фольклоршы ғалым Александр Васильев өзінің 1905 жылы Орынборда шыққан "Образцы киргизской народной словестности, молитвенных благожеланий – бата сөз" атты мақаласында "Кімде-кім қазақ даласында болса, ол батаның халықтың қандай ерекше назарында болатынын жақсы біледі. Бата – қазақ поэзиясының ерекше түрі, онда бата беруші адамның үй иесіне деген шын жүректі жарып шыққан ықылас-пейілі, ақ ниеті, Алладан тілер тілегі поэзиялық өлең түрінде ақтарылады" деп жазған.

– Батаны көпті көрген қариялар ғана береді. Ер адам отырған жерде әйел бата жасамайды. Халық арасында ғасырлар бойы сақталып келе жатқан баталар бар. Мысалы, Төле бидің Қойгелді биге берген батасы, анасының Райымбек батырға берген батасы, Шәукеннің Бөлтірік шешенге берген батасы, Соқыр Абыздың Жәнібек батырға, Қарасай батырдың балаларына, Кененнің келіндеріне, Б.Момышұлының берген баталарын халық жаттап алған. Сондықтан бата беруші қариялар да халық алдында беделін түсіріп алмауға, бата беруге лайық болуға тырысқан, – дейді әдебиеттанушы Тоқтар Әлібек.

Қарасай батырдың батасы:

Жақсы қыз – жағадағы құндыз,

Жақсы ұл – көктегі жұлдыз.

Жақсылап ұғып алыңдар!

Батыр туса – ел ырысы,

Жаңбыр жауса – жер ырысы,

Көпке салса, дұрысы, көнбесе болар ұрысы.

Алдымен еліңнің, жеріңнің қамын ойлаңдар, сөзіме терең бойлаңдар!

Сырбаз бата

Қазіргі күні көп қолданыста жоқ бата түрлері де бар. Мысалы, сараң адамдарға сырбаз бата берген. Кейбір кездері сыйлы қонақтар келгенде мал соймайын десе, елдің сөзінен қорқып, қонақтың сөгіп кетуінен именіп, жаман лақ, қотыр тоқты әкеле салады. Сол кезде сараңдарға сырбаз бата берген екен. Сол кезде:

Мына тоқтың тоқ па өзі,

Басқа малың жоқ па өзі?

Мұны соймай малдансаң,

Саулық болар көп–көрім,

Мұны тағы қинама.

Көме қатып қаймағын,

Шайың болса, құй маған, – деп, келген қонақ ренішін білдіріп, шай ішкен соң кетуге қамданып отырғанын жеткізген.

Әзіл бата

Бұл бата құрбы-құрдасқа, дос-жаран, жезде балдыздардың сый-құрметтеріне көңілі толмаған кезде әзіл-қалжың, сын-сықақ түрінде айтылған. Әзіл батаны Айып Нүсіпоқасұлының "Тал бесіктен жер бесікке дейін" кітабынан оқуға болады. Мысалы,

Әкелгенің арық қозы,

Зорға әкелдің өзін.

Бір келгенде қой сойсаң,

Кедейлесіп кетер ме едің өзің?!

Зерттеушілер ғылымда әр адамның бойында белгілі зарядтық толқын жиілігінің болатыны дәлелденген деген тұжырым жасап отыр. Олар физика тілімен айтқанда, магнит және электр өрісі болады. Адам бойынан сол тоқтаусыз шығып тұратын зарядтық толқын адам аяқ басқан, отырған, тұрған жерлерге тарайды. Сол толқынды қабылдаған жер белгілі уақытқа дейін кері қайтарып тұрады. Яғни, адам бойынан барған кесапат немесе шарапат белгілі уақытқа дейін сақталып, ауаға тарап, қасындағы адамдарға ықпал етеді. Қазақ соны әуелден біліп, "сынықтан басқаның бәрі жұғады" деп жақсы адамдардың ықылас-батасын алуға тырысқан дейді.


 Қазақта дастархан батасы кең тараған дәстүрдің бірі

Қазақта дастархан батасы кең тараған дәстүрдің бірі / Фото youtube.com сайтынан алынды


Бата беру дәстүрі қайдан шықты?

Ал батаның шығуына қатысты зерттеушілер бір пікірге тоқталмаған. Бірқатар маман оның араб елінің "фатеке" сөзінен шыққанын айтады. Фатеке дегеніміз – алғыс айту, ақ тілек білдіру.

"Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атауларының дәстүрлі жүйесі" кітабында фатекенің негізінен намаздың соңында қол жайып айтылатын дұға екені туралы жазылған. Яғни қазақ баталары соның үлгісінде айтылады.

Қазақ қоғамында бата көбінесе астан кейін табақты жинап алудың алдында атқарылатын ғұрып ретінде қалыптасқан. Ақсақал бата бергенде шаңырақтағы жастар, кейде, тіпті, жасы үлкендер қол жайып, түрегеліп тұрады. Бұл үрдіс Қазақстанның оңтүстік пен батыс өңірлерінде сақталған.

Батаның магиялық қасиеті

Әдебиеттанушы Тоқтар Әлібек аузы дуалы батагөйлер кез келген адамға батасын бермеген дейді.

– Адам бойында батаға деген үлкен сенім қалыптасқан. Яғни, ақ бата алған адамның жолы ашық болса, теріс бата алған адам қарғысқа ұшырайды деген. Өйткені батаны естіген адамның көңілінде қалған ой, ұялаған сенім оның болашақтағы қадамдарын анықтап береді. Мысалы, батырлар жекпе-жекке шығар алдында міндетті түрде үлкендерден бата алған. Батаға деген сенім оларға күш-қуат берген.

Десек те аузы дуалы қариялар да кез келген адамға батасын бере бермеген. Мысалы, Жамбыл Сүйінбайдың батасын алу үшін біраз тер төккен. Ал Сүйінбай Қабан жыраудан әзер алған. Өйткені өнер жолындағы адамдар ізбасарлары көңілінен шыққан кезде ғана батасын берген. Яғни, бірі жүрек жұтқан жауынгер, бірі жолаушы, бірі танымал ақын болса да, батадан аттап кете алмаған. Ал халық оларды сол кезде ғана мойындаған. Ал әйел адамның бата беруі – салтты бұзу болып табылады. Әйел адам тек ақ тілегін айтқан, – дейді Тоқтар Әлібек.

Бата сыйы

Бата сөз тек қазақ жұртында емес, түркі-монғол халықтарында бағзы заманда дәстүрге айналған. Бурят елі мұны "юролы", алтайлықтарда "алқышы", немесе "алқыш сос", монғолша "еролы"деп аталады. Батагөйлер әр өлең өлшемін дәлме-дәл сақтай отырып, әсем жеткізген. Қазақтың бата сөздері XIX ғасырда алғаш рет жиналып, жариялана бастаған.

Қазақ батасын алған адамға бата сыйын жасаған. Яғни, бата берген адамға рахмет айтылып мата немесе мал түрінде сыйлық берген.

Серіктестер жаңалықтары