Биыл үй рекордтық көлемде салынады
Былтыр Үкімет республика бойынша 2019 жылы 12,5 млн шаршы метр тұрғын үй салынады деп жоспарлаған еді. Өткен аптадағы Үкіметтің кеңейтілген отырысында Инвестиция және инфрақұрылымдық даму министрі Роман Скляр жыл соңына дейін 13,1 млн шаршы метр үй салынатынын жеткізді. Бұл -республика бойынша тарихи рекорд болмақ. Құрылыс саласына салынған инвестицияның 11% -ға өскені жоспарды артығымен орындауға себеп болуы мүмкін.
Маңғыстауда сұраныс азайды
Үкімет отырысында жасаған баяндамасында Роман Скляр Нұр-Сұлтан қаласы мен Маңғыстау облысында құрылыс қарқынының төмендегенін мәлімдеді. Оның айтуынша, Маңғыстау облысында жеке құрылыс компаниялары үй салуды азайтқан. Сол себепті жаңадан салынып жатқан үй көлемі 10,3% азайған.
Бір қызығы, Статистика комитетінің мәліметінше, 2019 жылдың қаңтар-маусым аралығында Маңғыстау облысында баспана саудасы да былтырғы алғашқы жарты жылдықпен салыстырғанда 1,7% азайып кеткен екен. Соған қарағанда өңірдегі ұсыныс сұраныстан асып кеткенге ұқсайды.
Нұр-Сұлтанда баға тұрақты
Нұр-Сұлтан қаласында да жаңадан салынған үй көлемі былтырғыдан 32,8% азайғанымен, Статистика комитеті алғашқы жартыжылдықта былтырғымен салыстырғанда сауданың 15,3% өскенін хабарлайды.
Дегенмен, елордада құрылыстың азайып, сауданың көбеюі бағаға айтарлықтай әсер етпеді. Kn.kz сараптама қызметінің мәліметінше, жыл басынан бері астанада үй бағасы былтырғы қаңтармен салыстырғанда өзгеріссіз болса, ақпан айында бір пайыз төмендеген, наурызда республика бойынша баға айтарлықтай қымбаттағанда елордада 1% ғана өсім болған. Ал сәуір мен мамыр айларында 1% болар-болмас арзандаған.
Алматыда "үй лихорадкасы (безгегі)"
Есесіне оңтүстік мегаполисте нарық жанданды. Алматы қаласында сауда айтарлықтай қызып, биылғы алғашқы алты айда былтырғы осы уақытпен салыстырғанда 49% өскен. Тиісінше, жаңадан салынған үй көлемі де 15,6% артыпты.
Сауданың көбеюі өз кезегінде бағаға да оң әсер еткен. Kn.kz деректеріне сүйенсек, жыл басынан бері Алматыдағы үйдің бағасы қаңтар-ақпанда "тыныш" тұрғанымен, одан кейінгі үш айда шамамен 6-7% қымбаттаған.
Министрдің айтуынша, 2018 жылмен салыстырғанда тұрғын үйді пайдалануға беру қарқыны Түркістанда (47,4%), Қызылордада (22,4%) және Қостанайда (15,2%). Бұл облыстар көш басында.
Ипотека нарығы өсті
Статистика комитетінің мәліметінше, республика бойынша биылғы алғашқы алты айда баспана саудасы былтырғы жарты жылдықпен салыстырғанда 21,2% қызды.
Оған бірінші кезекте жаңа үйлердің көптеп салынуы немесе баспанамен қамтуға арналған мемлекеттік бағдарламалардың көбеюі түрткі болуы мүмкін. Олай дейтініміз, 2019 жылдың маусым айының қорытындысы бойынша қазақстандықтардың мойнындағы ипотекалық қарыз былтырғы маусымдағыдан 30,7% өсіп, 1,49 трлн теңгеге жетті. Былтыр маусым айында қазақстандықтардың ипотекалық қарызы 1,14 трлн теңге ғана болған еді. Ал 2018 жылдың соңында көрсеткіш 1,3 трлн теңгені құраған.
Құрылыс заттары бағаны ұстап тұр
Сауданың жандануы республика бойынша бағаға да әсер етпей қоймады. Статистика комитетінің мәліметінше, биыл жыл басынан бері жаңа үйлердің бағасы 2,4% қымбаттаған екен.
Қазір үй бағасының негізгі драйвері нарықтағы сұраныс болып тұрғаны анық. Өйткені, құрылыстың өзіндік құнында қымбатшылық байқалмайды. Мәселен, жыл басынан бергі алты айда мұнай- жол битумдарының бағасы 4,7%, қыш тақтайшалар мен тақталар – 4,5%, цемент – 3,4%, шағыл – 2,3%, құм – 1,3%, қиыршықтас 1%-ға өсті. Ал әк пен ғаныш 5,9%, бояулар мен эмальдер – 4,2%, құрылыс ерітінділері – 2,9%, лак 1,3%-ға арзандапты.
2019 жылғы маусымда өткен жылғы желтоқсанмен салыстырғанда құрылыстағы баға 0,7%, машиналар мен жабдықтарға – 3,2%, өзге де жұмыстар мен шығындарға – 2,7% өскенімен, құрылыс-монтаж жұмыстарына – 0,3% төмендеді.
Құрылыс-монтаж жұмыстары былтырғы қараша айынан бері тұрақты арзандап келе жатса, машина мен жабдықтар екінші ай қатарынан қымбаттап келеді, ал өзге де жұмыстар мен шығындар биылғы ақпаннан бері арзандау үстінде. Жалпы, құрылыстағы баға индексі былтырғы қарашадан бері төмендегенімен, соңғы үш ай өзгеріссіз сақталуда.
"Сауда да, баға да төмендеді"
Kn.kz порталының жылжымайтын мүлік бойынша маманы Георгий Ходжаваның айтуынша, қазір жылжымайтын мүлік нарығы тоқырау үстінде.
– Қазір нарық құлдырап бара жатыр. Доллар бағамы да өсіп кеткенін білесіздер. Бірақ, баға сонда да өспейді. Өссе, сауда жүрмей қалады. Үй иелері бағаны миллиондап түсіріп жатыр, сонда да сатылым аз. Таяуда ғана екі апта бойы жақсы сауда болған, қазір қайтадан тынышталды, – дейді маман.
Георий Ходжаваның пікірінше, халықтың қазір үй алуға құлшынысы төмен.
– Елдегі өздеріңіз де білетін жағдайларға байланысты адамдардың көңіл-күйі өзгерді. 20 млн теңгеден қымбат үйлер мүлде сатылмай жатыр деуге болады. Оның екі себебі болуы мүмкін. Біріншіден, адамдардың төлем қабілеті азайды. Немесе адамдар тәуекел еткісі келмейді. Бұрын үй иелері бағаны ұстап отыратын. Қазір өздері хабарласып, "арзандатамын, сатып берші" дейтін болды. Ал екі үш үйі бар қалталы азаматтардың өздері үйлерін "сатылымға шығарып" жатқанымен, сатып алушы жоқ.
Мемлекеттік бағдарламалардың үй саудасына не себепті әсер етпей жатыр дегенге маманның жауабы мынадай:
– Мемлекеттік бағдарламалармен де алынбай жатыр. Басында жаппай бәрі рәсімдеген. Қазір мемлекеттік бағдарламамен берілетін үйлер азайды немесе мемлекеттік бағдарлама бойынша үй алуға жататын азаматтар азайды, – деп түсіндіреді Георгий Ходжава.
Үй бағасы долларға да байланысты
"Қазақстан құрылысшылар одағы" РЗТБ атқарушы директоры Азамат Қарлығашев жыл басында журналистерге берген сұхбатында үй бағасы биыл доллардың құнына тікелей байланысты болатынын айтқан.
-Көптеген құрылыс материалдары Ресейден, өзге де шетелден әкелінеді. Арматура, кірпіш, бетон, травертиндерді біз елде өндірмейміз. Доллар қымбаттаса, құрылыс заттары да қымбаттап, үй бағасын өсіреді. Доллардың бағамына қарау керек. Егер теңге әлсіресе, үй қымбаттайды,- деген еді сарапшы.
Өткен аптада доллардың теңгеге шаққандағы бағамы 385,75 теңгеге өсіп тарихи ректорд жаңартса, бүгін - сейсенбінің таңында бағам тіпті 386,90 теңгеге өсіп кеткенін көрдік.