Тікелей эфир

Баласын 6 жастан мектепке бермеген ата-аналарға биыл да, келер жылы да айыппұл салынбайды. Жаңалықтарға шолу

Мүмкіндігі шектеулі жандарға дауыс беруге жағдай жасалады. Елімізде жаз жаңбырмен басталады.

Тоқаев пен Еспаева теледебатқа қатыспайтын болды

Екі үміткердің орнына олардың сайлау штабтарының өкілдері қатысатын болыпты. Дания Еспаева сайлауалды жұмыс кестесіне сәйкес аймақтарда кездесу ұйымдастырып жүрген көрінеді. "Кесте бекітілгенде дебаттың өтетіні туралы ақпарат белгілі болмады" деп түсіндірді үміткердің штабынан. Пікірсайысқа оның орнына "Ақ жол" партиясының лидері Азат Перуашев түсетін болыпты.

Жұрт Қ.Тоқаевтың теледебатқа қатысқанын қанша қалағанмен, қазіргі Президент бұл додада төбе көрсетпейтін болыпты. Мемлекет басшысының кеңесшісі Ерлан Қарин үміткердің үгіт-насихат жұмыстарын сенімді өкілдері мен қоғамдық штаб жүргізіп жатқанын жеткізді. Осы себептен Қ.Тоқаев бұқаралық шараларға қатысудан бас тартып отырған көрінеді. Үгіт-насихат жүргізіп, суретімен билбордтарды ілуге де қарсылық білдіріпті, қоғамдық штабына дебатқа өздерің қатысыңдар деп тапсырма беріпті. Қысқасы, Кеңесшісі қазіргі Президенттің қызметін атқаруына байланысты мемлекет басшысының дебатқа қатысуға қолы тимейтінін түсіндіруге тырысты. Кейін Nur Otan партиясының баспасөз-хатшысы Максим Споткай теледебатқа Қ.Тоқаевтың орнына үміткердің республикалық штабының жетекшісі Мәулен Әшімбаев қатысатынын хабарлады.

Бүгін сағат 18.00-де Президенттікке үміткерлер теледебатқа шығады. Пікірсайыс тікелей эфирде "Хабар" телеарнасынан көрсетіледі.

Тозығы жеткен құбырларды үш жыл сайын жаңарту керек

ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі тозған құбырларды ауыстыруға қатысты жаңа бағдарлама әзірлеп жатыр. Вице-министр Қ.Үскенбаевтың айтуынша, елімізде сумен жабдықтайтын компаниялардың бәріне өздеріне тиесілі аумағындағы құбырларды әр үш жыл сайын жаңартуға тапсырма берілетін болады. "Бұл жұмыстарды жүргізуге қаражаттары жетпей жатса, бюджеттен қосымша ақша беріледі" дейді министр. Қазір компаниялар желілерді өз қаражатына жөндеп жатқан көрінеді.

Әскерилерге жеңілдікпен баспана беру бағдарламасы мерзімінен бұрын аяқталды

Қазақстан "Тұрғынүйқұрылысжинақбанкінің" "Әскери баспана" бағдарламасы 2-ші мамырда басталған. 27 мамырға дейін банк әскерилерге берілетін жылдық несие лимитін толықтай игеріпті. Нәтижесінде 3800 адам баспана алатын болыпты.

Әскерилерге баспана алуға несиенің басым бөлігі Елордадан (294 қарыз) беріліпті, одан кейін ШҚО-да (99 қарыз), үшінші орында Семей (77 қарыз). "Әскери баспана" бағдарламасының үшінші кезеңі 2020 жылдың қаңтар айында басталатыны белгілі болды.

Соқыр ішекті анальгин мен димедрол уколын салып емдепті

Шымкенттің денсаулық сақтау басқармасы қате диагноз қою салдарынан 4 ай бойы аурумен арпалысқан А.Песецкаяға қатысты қызметтік тексерісін жүргізді. Емделуші ауруханаға перитонит пен бауыр абсцесі диагнозымен түскенге дейін бірнеше рет жедел жәрдем шақырған. Анальгин мен димедрол уколын салғанымен оның ауруының беті қайта қоймаған. Емханадағылар оған суық тиген деп диагноз қоя салған.

Абырой болғанда дер кезінде ота жасалып, әрең аман қалған А.Песецкая қазір Орынбаев атындағы клиникада ем алып жатыр. Қызметтік тексеріс нәтижесімен денсаулық сақтау басқармасы диагнозды дұрыс қоймаған 16 дәрігерді тәртіптік жауапкершілікке тарту туралы шешім қабылдаған, екеуі жұмыстан қуылған.

Биыл 6 жастағы балалардың 80 пайызы бірінші сыныпқа барады

Білім және ғылым министрлігінің вице-министрі Э.Суханбердиева қалған 20%-ның ата-аналарына жергілікті білім беру мекемелері түсіндіру жұмыстарын жүргізеді деп мәлімдеді. Министрлік педагогтардың ата-аналардың күмәнін сейілтетініне сенімді. Бұл ретте құзырлы орган балаларын 6 жастан мектепке бермеген ата-аналарға биыл да, келер жылы да айыппұл салынбайтынын хабарлады.

Назарбаев Еуразиялық экономикалық кеңестің құрметті төрағасы болды

Елордада Н.Назарбаевтың еуразиялық интеграция жөніндегі идеясының 25 жылдығына және Еуразиялық экономикалық одақ жөніндегі келісімнің 5 жылдығына орай Жоғары Еуразия экономикалық кеңесінің отырысы өтіп жатыр. Кеңесте Н.Назарбаевқа мұндай мәртебелі атақты беруді Ресей Президенті В.Путин ұсынды. Одақтың қалыптасуындағы Н.Назарбаевтың рөлі айрықша аталды. Елбасы бастаманы көтерген В.Путинге және оған қолдау білдірген кеңеске мүше мемлекеттердің басшыларына ризашылығын білдірді.

Golden Dragon автобустары аймақтарда тегін тест-драйвтан өтеді

Еліміздің өңірлеріндегі барлық автопарктер "Астана моторстың" қоғамдық көліктерін сынап көретін болады. Бір апта ішінде жүргізушілер мен жолаушылар 10,5 метрлік автобустардың жайлылығына баға береді. 81 адамға шақталған қоғамдық көліктерге бейнекамера, табло орнатылған, желдеткіш жүйелерімен жабдықталған.

Жолаушыларға қолайлы жағдайлар жасалған мұндай Golden Dragon автобустарының бағасы 32 млн теңгеден басталады екен. Автобустар алғашқы рет сынамадан өтуге Ақтөбе мен Петропавлға аттанды.

Мүмкіндігі шектеулі жандарға дауыс беруге жағдай жасалады

Нұр-Сұлтанның әкімдігі осылай деп хабарлады. Әкімдіктің сайтында мүгедектер үшін сайлау учаскелерінде автотұрақ, таяныштар мен пандустар, кең есіктердің болуы, лифтілер, тактильді көрсеткіштер, дауыс беруге арналған арнайы кабиналар орнатылатыны жазылған.

Ресми ақпаратқа сүйенсек, есту қабілеті нашар азаматтарға дауыс беруге онлайн режимде 29 сурдоаудармашы көмектеседі. Учаскелерде көру мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін қосымша жарықтандыру, оптикалық құрылғылар сондай-ақ аудиоформаттағы жадынама орнатылады. Елордада 25719 мүмкіндігі шектеулі азамат тіркелген. Оның ішінде мүгедектігі бар 19504 адам дауыс беру құқығына ие.

Қазақстандық БАҚ не жазды:

Inform.kz: "Қазақстан барысының" биылғы жеңімпазы 25 млн теңгені қанжығасына байлайды. Турнир биыл 8 маусымда "Барыс-Аренада" өткізіледі. ҚР Қазақ күресі федерациясының президенті Арман Шораевтың айтуынша, осымен тоғызыншы рет өтетін бәсекеге еліміздің 14 облысынан, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларынан және күштік құрылымдар арасындағы турнирде іріктеуден өткен 36 үздік балуан қатысады. Ресми салмақ өлшеу рәсімі 6 маусым, сағат 19.00-ге белгіленген.

24.kz: Елімізде жаз жаңбырмен басталады. Синоптиктер алдағы үш күнде қазақстандықтарды қандай ауа райы күтіп тұрғанын айтты. 30 мамыр мен 1 маусым күндері аралығында еліміздің басым бөлігінде жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Қазақстанға батыс және солтүстіктен жылжыған атмосфералық фронттар алдағы үш тәуліктегі ауа райына ықпал етеді. Фронттардың әсерінен көптеген облыстарда найзағай жарқылдап, екпінді жел соғады. Өткінші жаңбыр жауады. Жаңбыр тоқтағанда ауа температурасы жылдам көтеріледі.

Серіктестер жаңалықтары