1 маусымнан бастап Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі балаларға арналған "Арнау" депозитін іске қосты. Жаңартылған бағдарлама қазақстандық ата-аналарға кәмелет жасқа толмаған балаларының атынан шот ашып, баспанасының алғашқы жарнасын қазірден жинай беруіне мүмкіндік береді.
Оқи отырыңыз: Тұрғын үй бағдарламалары көбейді. Биыл баспаналы болудың 11 мүмкіндігі
"Арнау" депозитінің шарттары:
- жылдық сыйақы мөлшерлемесі: 2 пайыз;
- ең төменгі жинақ мерзімі: 10 жылдан 15 жылға дейін;
- жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі: 14 пайызға дейін (мемлекет сыйлықақысын қоса алғанда);
- жинақ мерзімі біткен соң, қарыз бойынша жылдық мөлшерлеме: 2 пайыз (ЖТСМ 2,1 пайыз);
- жыл сайынғы мемлекет сыйлықақысы: 20 пайыз (бір жыл ішінде жиналған 200 АЕК (айлық есептік көрсеткіш) дейінгі жинақ сомасына);
- депозит ашу тегін;
- депозит иелеріне арналған несиелендіру мерзімі: 6 айдан 10 жылға дейін.
Депозиттің қосымша артықшылықтары қандай?
- Салымшының төлем қабілетін растау процедурасы жеңілдетілген. Әдетте еңбек жолын енді бастаған жастардың жалақысы төмен болады. Алайда "Арнау" депозитінің иесі табысы аз болған жағдайдың өзінде несие ала алады;
- Депозитті 18 жасқа дейінгі кез келген балаға ашуға болады. Мысалы, баланың жасы 15-те болса және оның атына депозит ашылса, 10 жылдан кейін, яғни 25-ке келгенде 2 пайызбен тұрғын үй несиесін рәсімдей алады;
- Тек ата-ана/қамқоршылар ғана емес, ата-әже, аға-әпке, тіпті ұйымдар баланың атына "Арнау" депозитін ашып, оны толықтырып отыра алады.
Қандай жағдайда салымды бөлуге рұқсат етіледі?
"Арнау" депозитін бөлуге, басқа тұлғаның атына рәсімдеуге және біріктіруге (мысалы, "Отбасылық пакет" бойынша) болмайды. Сондай-ақ, "Арнау" депозитіне басқа тариф бағдарламаларынан өтуге болмайды.
Тек төмендегі 2 жағдайда ғана салымды бөлуге рұқсат етіледі:
- мұрагерлік тәртібінде меншік құқығы пайда болғанда;
- заңды күшіне енген сот шешімі бойынша.
Алайда, бұл жағдайда салымды қабылдап алған адамға "Арнау" депозитінің жеңілдетілген шарттарын қолдану мүмкіндігі берілмейді.