Елімізде балалар үйінде 5044 бала тәрбиеленіп жатыр. Оларды асырап алушылар үшін Балалар құқығын қорғау комитетінің сайтында жетім балалардың дерек қоры бар. Мүмкіндігі бар ата-аналарға балаларды асырап алуға болады, қамқорлығына (қорғанына) алып немесе патронаттықты рәсімдей алады.
Informburo.kz баланы отбасына асырап алудың тәсілдері, олардың айырмашылықтары мен асырап алушыларға қандай төлемдер мен санкциялардың қарастырылғанын анықтап білді.
Оқи отырыңыз: Қазақстанда балалар үйінен қалай бала асырап алуға болады?
№1. Патронат дегеніміз не?
Патронат – қорғаншылық немесе қамқоршылық органмен келісім-шарт жасау арқылы ата-анасының қамқорлығынсыз қалған баланы белгілі бір отбасының тәрбиелеуге алуы.
Төмендегілерден басқа кәмелет жасына толған орта және жоғары білімі бар кез келген адам патронат–тәрбиеші бола алады:
- Сот өз бетімен әрекет етуге қабілетсіз деп таныған немесе мүмкіндіктері шектеулі азаматтарға;
- Сот ата-ана құқықтарынан айырған немесе осы құқықтарын шектеген жағдайда;
- Қазақстан Республикасының заңына қарама-қайшы келетін әрекеттер жасап, қорғаншы немесе қамқоршы міндеттерінен шеттетілген адамдарға;
- Бұрын бала асырап алғанымен, кінәларына байланысты оларды осы құқықтарынан сот айырған болса;
- Денсаулық жағдайына байланысты ата-ана міндетін атқара алмайтын азаматтар;
- Өздерінің тұрғылықты мекен-жайы жоқ азаматтар;
- Азаматтығы жоқ адамдар;
- Некеде жоқ азаматтар;
- Табысы жоқ азаматтар;
- Наркологиялық немесе психоневрологиялық диспансерде есепте тұратын адамдар;
- Сотталған, сотталған мерзімін өтемеген азаматтар.
Бұл талаптар патронат отбасыларға ғана емес, баланы қамқоршылыққа, қорғаншылыққа алғандарға сондай-ақ бала асырап алушыларға да қолданылады.
Патронаттық тәрбиеге бір отбасына үш баладан артық берілмейді. Бірге туған аға не әпке болса, үш және одан да көп бала асыраушыға, қамқоршыға тәрбиеге беріледі.
Оқи отырыңыз: Қошқарбай ауылының тұрғындары 11 жетімді бірден асырап алды
№2. Қорғаншылық пен қамқоршылық дегеніміз не?
Қорғаншылық – он төрт жасқа дейінгі баланың құқықтары мен мүдделерін қорғаудың құқықтық нысаны. Қорғанына алған адам баланың заңды өкілі саналады. Оның шотына түсетін жәрдемақы баланың тәрбиесіне, еміне, біліміне және оның дамуына жұмсалуы тиіс. Қорғаншыны тағайындау туралы шешімді жергілікті атқарушы органдар (әкімдік) қабылдайды. Құжат қорғаншылық органдары мен қорғаншыға да беріледі.
Қамқоршылық қорғаншылықпен салыстырғанда 14 тен 18 жасқа дейінгі балаға тағайындалады. Кәмелет жасына толған азаматтар ғана қамқоршы не қорғаншы бола алады. Олар қорғаншылығына не қамқорлығына бір немесе одан да көп баланы ала алады.
Оқи отырыңыз: Жетімге жаның ашымасын
№3. Бала асырап алу дегеніміз не?
Сот шешімі негізінде баланы бір отбасына тәрбиелеуге беру. Асырап алушыға баланың тікелей туысқанының құқықтары мен міндеттемелері теңестіріліп беріледі. Баланың физикалық, психикалық, рухани дамуы үшін, тәрбиеленуі мен білім алуына ол отбасыда қажетті дұрыс жағдай болуы тиіс.
Бала асырап алушылар некедегі отбасылық жұп болуы керек. Егер ерлі-зайыптылардың біреуі сот шешімімен еңбекке қабілетсіз немесе еңбекке қабілеттілігі шектелген деп танылған жағдайда,балалар үйінен бала асырап алуға ол отбасы үміткер бола алмайды. Дәстүрлі емес сексуалдық бағдарды ұстанатындарға бала асырап алуға рұқсат берілмейді.
Жалғызбасты әйелдер жоғарыда аталған талаптарға сәйкес келсе, бала асырап алуға құқылы саналады. Өз кезегінде, жалғызбасты ерлер де анасы қайтыс болса немесе ата-ана құқығынан айырылғаннан кейін үш жылдан соң бала асырап алуға құқы бар.
Асырап алған бала мен асырап алушының жас айырмашылығы кем дегенде 16 жыл болуы тиіс. Кей жағдайда аз ғана айырмашылық болса, сот оны ескеруі мүмкін. Жағдайы бар ата-аналар бірнеше баланы асырап ала алады.
Оқи отырыңыз: "Бала – ұнамай қалса, кері өткізетін тауар емес". Бала асырап алу агенттігі бұл мәселені қалай шешеді?
№4. Бала асырап алған отбасына қандай төлемдер қарастырылған?
Патронаттық тәрбиешілерге жұмыс өтілі, білімі мен санаты ескеріле отырып, орта есеппен – 40-75 мың теңге көлемінде жалақы төленеді. Мектепке дейінгі жастағы бір баланы асырауға – 9 АЕК (1 АЕК – 2525 теңге) көлемінде, мектеп жасындағы балаға – 10 АЕК көлемінде жәрдемақы төленеді. Жәрдемақы қолданыстағы келісім-шарттың мерзімі аяқталғанша тағайындалады.
Қамқоршылар мен қорғаншыларға бір баланы асырауға – 10 АЕК көлемінде жәрдемақы бала 18 жасқа толғанша беріледі.
Бала асырап алушыларға әр балаға әрқайсысы – 75 АЕК-тен бір реттік ақы төленеді.
Мақаланың орысша нұсқасын оқи отырыңыз: Хочу усыновить ребёнка из детского дома. Какие пособия получают приёмные семьи
№5. Бала асырап алған ата-ананың міндеттемелері қандай?
Патронаттық тәрбиешілер баланы асырауға, күтуге, емдеуге, олардың құқықтары мен мүдделерін қорғауға міндетті. Олар қорғаншылық органдарынакемінде жарты жылда бір рет есеп берулері керек. Тексерушілер баланы қадағалап, отбасы мен олардың атаулы әлеуметтік көмекті алғанын бақылап отырады.
Қорғаншы немесе қамқоршы айтылғандардан бөлек баланың міндетті орта білім алуын қамтамасыз етуге міндетті. Балалар қорғаншылар мен қамқоршылармен бірге тұруы тиіс. Егер отбасы басқа бір жерге қоныс аударатын болса, бұл туралы қорғаншылық органдарына ескертуі тиіс. Тұрақты түрде берілетін есептер – міндетті рәсімдер саналады.
Бала асырап алушылар да жоғарыда аталған талаптарды сақтауға міндетті. Мұндай отбасылар кемінде жылына бір рет бала кәмелеттік жасқа толғанша есеп беруі тиіс.
Оқи отырыңыз: Бала асырап алу жөніндегі агенттік қаншалықты қажет?
№6. Баланы балалар үйінен алу үшін қандай құжаттар керек?
Патронаттық тәрбиешілер қорғаншылық органдарына келесідей құжаттарды тапсыруға міндетті:
- Бала асырап алуға тілек білдіргені туралы жазбаша өтініш;
- Егер некеде болса, күйеуі не әйелінің нотариалды куәландырылған келісімі;
- Неке туралы куәлік;
- Тұрғын үйді пайдалану құқықтарын растайтын құжаттар;
- Денсаулық жағдайы туралы анықтама, некеде болса, күйеуі не әйелінің денсаулығы туралы анықтама;
- Білімі туралы анықтама;
- Баланың оқу орындарында оқитыны туралы анықтама;
- Соттылығы бар-жоқтығы туралы, егер некеде болса, күйеуінің де осындай анықтамасы.
Құжаттар тексерілгеннен кейін қорғаншылық органдары 10 күнтізбелік күн ішінде тұрғын үйін тексеріп, баланы патронаттық тәрбиеге берудің мүмкіндігі бар-жоғына қатысты қорытынды шығарады.
Ауқатты қорғаншылар мен қамқоршылар төмендегі құжаттармен бірге қорғаншылық органдарына өтініш тапсырады:
- Жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі;
- Егер некеде болса күйеуі не әйелінің нотариалды куәландырылған келісімі;
- Денсаулық жағдайы туралы, некеде болса күйеуі не әйелінің денсаулығы туралы анықтама;
- Некеде болса, неке туралы куәлігі;
- Баланың туу туралы куәлігі;
- Балаға қатысты бір немесе екі ата-анасының қорғаншылығы жоқтығын дәлелдейтін құжаттар: қайтыс болғаны туралы куәлік, ата-ана құқығынан айыру туралы сот шешімі, ата-ана құқығынан шектеу, ата-ананы хабарсыз кеткен, әрекет етуге қабілетсіз деп тану туралы, оларды қайтыс болған деп хабарлау, жазасын өтеу орындарында жазасын өтеу туралы сот қаулысы, ата-анасына іздеу жарияланғанын растайтын құжаттар, баланы ата-анадан қайтарып алу, ата-анасының денсаулық сақтау ұйымдарында ұзақ уақыт емдеуде болуы туралы, баланы тастап кеткені туралы акт, баладан бас тарту туралы өтініш;
- Кірісі туралы мәліметтер;
- Тұрғын үйді пайдалану құқын растайтын құжаттар;
- Соттылығы бар жоқтығы туралы анықтама, егер некеде болса күйеуінен де осындай анықтамасы қажет.
Құжаттар тексерілгеннен кейін қорғаншылық органы 19 жұмыс күні ішінде қорғаншылық не қамқоршылықты тағайындау не оны тағайындаудан бас тарту туралы шешім шығарады.
Әлеуетті бала асырап алушы келесідей құжаттармен бірге жетім балалардың республикалық дерек банкі не қорғаншылық органына өтініш жолдайды:
- Жеке басын куәландыратын құжат;
- Баланы асырап алуға арналған жақын туыстарының жазбаша келісімі;
- Табыс көлемі туралы анықтама;
- Отбасы жағдайы туралы анықтама, бала болған жағдайда олардың туу туралы куәліктері;
- Денсаулық жағдайы туралы, соның ішінде есірткіге, уландырғыш заттарға тәуелдігі жоқтығы туралы анықтама;
- Соттылығы бар немесе жоқтығы туралы анықтама;
- Тұрғын үйі бар екенін растайтын немесе тұрғын үйді пайдалану құқығы туралы құжат.
Қорғаншылық органдары 15 күн ішінде бала асырап алу мүмкіндігі бар жоқтығы туралы қорытынды береді. Әрі қарай бала асырап алуға қатысты істі сот қарайды.
Оқи отырыңыз: Қазақ қарияларын неге қадір тұтқан?
№7. Өткен жылы балалар үйінен қанша бала асырап алынды?
2018 жылы Қазақстанда 455 бала патронаттық тәрбиеге берілді. Оның 54-і балалар үйіне қайтарылған. Негізгі себептері: өзара түсініспеушіліктің жоқтығы, қорғанушының денсаулық жағдайына байланысты, тәрбиешінің бастамасымен, келісім-шарттың мерзімі аяталуына орай және баланы асырауға қажетті жағдайдың жоқтығына байланысты.
Қамқоршылық пен қорғаншылыққа өткен жылы 2345 бала берілді, оның 120-сы қайтарылған. Жоғарыда аталғандар себеп.
Елімізде 2018 жылы 1810 бала , оның ішінде 730 баланы туысқандары, 708 баланы өгей әке-шешелері, балалар үйінен 372 асырап алғані. Сот шешімімен 7-іне бала асырауға берілмеген. Негізгі себеп – балалар мен ата-аналардың мінездерінің сәйкес келмеуі, сондай-ақ асырап алушылардың психологиялық дайындығы болмаған.Барлық мәселелер бойынша дүйсенбіден жұмаға дейін сағат 9.00 – 18.30 дейін (түскі үзіліс 13.00 – 14.00, сенбі жексенбі – демалыс күндері) Балалар құқығын қорғау комитетінің +7 (7172) 74-23-41, 74-21-54 нөмірлеріне хабарласуға болады.
Авторы Зарина Жақыпова.
Аударған Мәншүк Шапхатқызы.