Тікелей эфир

Азық-түлік бағасын бақылайтын сайт іске қосылады. Жаңалықтарға шолу

Полицейлерге ала таяқтары қайтадан берілуі мүмкін. Еліміздің қай өңірінде жұмыссыздық деңгейі жоғары?

Бердібек Сапарбаев Премьер-Министрдің орынбасары болып тағайындалды

Б.Сапарбаев ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі лауазымынан босатылды. Осы министрлікті басқару оған биылғы жылдың ақпан айында жүктелген еді.

Президенттің жарлығымен бүгін Гүлшара Әбдіхалықова Премьер-Министрдің орынбасары қызметінен босатылды. 16 тамызда Nur Otan партиясының саяси кеңес бюросының отырысында Г.Әбдіхалықоваға Парламент мәжілісі депутатының мандатын бері туралы шешім қабылданған болатын.

Шымкенттің зың-зың әкімінің орынбасары жаңа қызметке келді

Данат Жумин ҚР Премьер-Министрі кеңсесі басшысының орынбасары болып тағайындалды. Мұның алдында ол Шымкент қаласы әкімінің орынбасары болған еді. Бұл қызметтен ол Шымкенттің әкімі Ғабидолла Әбдірақымов лауазымымен қош айтысқаннан кейін кетті.

"Хабар" агенттігінде жаңа басшы

Ерлан Бекхожин "Хабар" агенттігі АҚ басқарма төрағасы болып тағайындалды. Осыған дейін (2009 жылдан бастап)
Қазақстан Республикасы президенті телерадиокешенін басқарған Е.Бекқожин еңбек жолын Қазақ радиосындағы "Панорама дня" ақпараттық бағдарламасын жүргізуден бастаған. Қазақ телевизиясында комментатор, ақпараттық бағдарламаларда бас редактордың орынбасары қызметін атқарған.

Қыркүйекте Астана әуежайындағы рейстердің кестесі ауыстырылады

Келесі айда Н.Назарбаев атындағы халықаралық әужайдың ұшу-қону жолағына жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Осыған орай 13-30 қыркүйек аралығында күн сайын сағат 9.00-ден 13.00-ге дейін ұшу-қону жолағы жабық болады. Бұған байланысты осы уақытқа жоспарланған барлық рейстердің уақыты ауысады.

Әуежайдың PR-менеджері Ж.Ахметжановтың айтуынша, жоспарлы рейстер не сағат таңертеңгі 9.00-ге дейін, не болмаса 13.00-ден кейін ұшырылады.

– 23-24 қыркүйекте қалада саммит өткізіледі. Осы уақытта жөндеу жұмыстары уақытша тоқтатылады, рейстер өз кестесімен ұшырылады, – дейді Ж.Ахметжанов.

Полицейлерге ала таяқтары қайтадан берілуі мүмкін

Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі таратқан мәліметке сүйенсек, ала таяқты пайдалану тәжірибесіне қайта оралу жол қозғалысын реттеуші полицейдің әрекеттерін жақсарту (әсіресе қараңғы және түнгі уақыттарда), полицейлерді қағып кету оқиғаларының алдын алу мақсатында ұсынылып отыр.

"Ала таяқты тек жол қозғалысын реттеу үшін ғана қолдану жоспары бар. Көлікті тоқтау үшін ала таяқты қолдануға бұрынғысынша тыйым салынады" делінген ресми хабарламада.

2017 жылдан бері Қазақстанда жол қозғалысын реттейтін полиция қызметкерлеріне ала таяқты пайдалануға заңмен тиым салынған.

Жайремдегі жұмысшылар қақтығысына қатысқандар ұсталды

Қарағанды облыстық полиция департаменті 12 тамызда Жәйрем кен-байыту комбинатының жұмысшылары арасында болған қақтығысқа қатысқандардың ұсталғанын 1 аптадан соң хабарлап отыр. Негізі күдіктілер төбелестен кейін бірден ұсталғаны белгілі болды.

– Тәртіпсіздіктер жасауға және бөтен мүлікті ұрлауға қатысты күдікпен Жайрем ауылының 22-33 жастағы 7 тұрғыны ұсталды. Ұсталғандар түсінік беріп, уақытша тергеу изоляторына қамалды,–деп мәлімдеді полиция департаментіндегілер.

Азық-түлік бағасын бақылайтын сайт іске қосылады

ҚР Сауда және интеграция министрі Б.Сұлтановтың айтуынша, сайт арқылы аймақтардағы және нақты дүкендердегі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын онлайн режимде бақылауға болады.

– Қазіргі уақытта Статистика комитеті әр сейсенбі күні әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын қолмен жинақтайды. Ресми статистикалық деректер әр бейсенбі күні жарияланады. Ал, дамыған елдерде бағаны мониторингтеуге халық қатысады. Яғни, кез-келген адам тауар бағасын суретке түсіріп, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының сайтына жібере алады, – деді Министр. Бұл ретте ведомства басшысы жүйені құруға және оған барлық мүдделі мемлекеттік органдар мен ұйымдарды қосуға дайын екенін мәлімдеді.

Атамбаевты қамауда ұстау мерзімі 26 қазанға дейін ұзартылды

Сот Қырғызстанның бұрынғы президенті Алмазбек Атамбаевты Мемлекеттік ҰҚК тергеу изоляторында 26 қазанға дейін қалдыру туралы шешім шығарды. Қырғызстанның бұрынғы президенті бірнеше бап бойынша айыпталып отыр. Оның ішінде Бішкек жылу энергия стансасын жаңғырту кезінде сыбайлас жемқорлыққа жол беру, заңсыз жолмен табыстарын арттыру (йФорумй ғимараты ісі), Геология агенттігінің жекелеген лауазымды тұлғаларымен бірге лицензия беру бойынша сыбайлас жемқорлыққа жол беру, жаппай тәртіпсіздік ұйымдастыру, тергеуге кедергі жасау, адамдарды кепілге алу, адам өлтіруді ұйымдастыру, адам өлтіруге әрекет жасау т. б. бар.

Қазақстандық БАҚ не жазды:

Inform.kz: Енді жаңа көлікті автосалонда тіркетуге болады."Азаматтарға арналған үкімет" астаналық көлік иелері үшін тамыз айының басынан жаңа жобаны іске қосты. автосалонда мемлекеттік корпорацияның бір қызметкері жұмыс істеп, есепке қою операцияларын жүзеге асырады. Көліктің техникалық құжаты мен мемлекеттік тіркеу нөмірі дайын болған сәтте оны салонға курьер жеткізіп береді. Таяу арада бұл жоба, сондай-ақ Алматы облысының Талғар ауданында іске қосылатын болады.

Baq.kz: Еліміздің қай өңірінде жұмыссыздық деңгейі жоғары? Биылғы екінші тоқсанның қорытындысы бойынша Қазақстанда жұмыссыздық деңгейі 442,8 мыңнан 441,8 мың адамға азайды (бірінші тоқсанмен салыстырғанда 1062 адамға аз). Мұндай тұжырымдарды Еңбек ресурстарын дамыту орталығының (бұдан әрі ЕРДО) сарапшылары ҚР Ұлттық экономика министрлігі статистика комитетінің ақпаратын талдау нәтижесінде жасады. Жұмыспен қамтудың жоғары үлесіне қарамастан Алматыда жұмыссыз азаматтардың саны 50,3 мың, Алматы облысында – 48 мың, Түркістан облысында – 42,1 мың адамды құрады. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда жұмыссыздар санының теріс өсу динамикасы Маңғыстау облысында - 12,7%, Атырау облысында - 6,5%, Нұр-Сұлтанда - 5,7%. Сарапшылардың пікірінше, халық санының көптігіне байланысты жұмыссыздықтың ең жоғары деңгейі еліміздің оңтүстік өңірінде тіркелген.

Серіктестер жаңалықтары