XVI ғасырдың басында Иран мен Әзербайжанның 12 түркі тілді тайпалары құрған Сефевид мемлекетін қазақтар Қызылбас елі деп атап кеткен. Ортағасырлық тарихи шығармаларда да, көбінесе Қызылбастар мемлекеті деп аталады.
Қызылбас атауы қайдан шықты?
Тарихта мемлекет атауын оның тұңғыш билеушісі І Исмаил шахтың Ардабели шейхы Сефи ад-Дин ұрпақтарының бірі болғандығымен байланыстырады. Исмаил шах құзырындағылардың көпшілігінің сүннит болғандығына қарамастан, мемлекеттік дін ретінде исламның шииттік бағытын таңдаған.
Шығыстанушы Ғалия Қамбарбекованың айтуынша, бұл идеология құлдыраудың аз-ақ алдында тұрған мемлекеттің бірігуіне ықпал еткен.
– Қызылбастар елі – 12 түркі тайпаларының өздеріне берген атауы. Шейх Сефидің бастарына қызыл сәлде ораған 12 сенімді өкілі халық арасында үлкен сенімге ие болған. Қызыл сәлделі адамды көрсе, ел шейх Сефидің сенімді өкілі деп қабылдап, оларға қалтқысыз сенген. Бұл идеологияның халық арасында тез қолдау тапқаны соншалық, он жылға жуық уақыт аралығында шииттік ағымды қолдаушылар да бастарына қызыл сәлде таға бастаған.
Қазақ елінің тарихында қызылбастар өзіндік із қалдырған
XV ғасырдың ортасында (1465-1466 ж.ж. шамасы) қазіргі Жетісу жерінде Ақ Орданың әйгілі билеушісі – Орыс ханның ұрпақтары Керей мен Жәнібек XV ғасырдың 20 жылдары ыдырап кеткен қазақ мемлекетін қайта қалпына келтіріп, тарихи әдебиетте Қазақ хандығы деген атауымен қалады.
Қазақ хандығы осы кезден бастап, көрші отырған мемлекеттермен байланыс орната бастаған. Ортағасырлық тарихи еңбектерде Қазақ хандығы мен Қызылбастар елінің XVІ ғ. бас кезінде байланыс орната бастағаны жайлы деректерді кездестіруге болады.
Тарихшылар ондай мәліметтердің авторы белгісіз "Алам ара-йи Сефеви" (Әлемді арайландырушы Сефевидтер әулеті тарихы) атты шығармада кездесетіндігін айтады.
Қазақ ханы қызылбастармен соғысуға мәжбүр болған
Шығармада Сефевидтер мен олардың одақтасы Әмір Темір ұрпақтарынан ойсырай жеңілген соң, шибандықтардың 1513-14 ж.ж. қазақтың бас ханы Қасымға сефевидтерге қарсы соғысу жөнінде ұсыныс жасағаны туралы айтылады. Өзінің Түркістандағы иелігіне қауіп төніп тұрғандықтан қазақ ханы олардың ұсынысын қабылдайды.
Қасым ханның бұйрығы бойынша, қалың қол жиылып, сефевидтерге қарсы аттанады. Әскерді басқару Қасым ханның ұлы Әбілқайырға жүктеледі. Қазақтың қалың қолына өзбек билеушісі шибандықтардың әскері қосылып, Жейхуннан (Әмудариядан) өтіп, сап түзейді.
Әбілқайыр сефевидтердің шахы Исмайлға хат жіберіп, өлкені бейбіт жолмен босатып, Иранға қайтуын талап етеді. Алайда Исмайл шах қазақтардың бұл талабынан бас тартып, шайқасуға әзір екенін жеткізеді.
Қарсыластардың арасында кескілескен шайқас өтіп, Сефевид әскері жеңіске жеткен.
Қазақ хандары жауларын жақын ұстаған
Тарихшы Жамбыл Артықбаев қызылбастар елімен қазақ хандарының арасында жазысып отырған хаттарының сақталғанын айтады.
Қазақ хандығы тұсында Қасым ханның Әбілхайыр атты ұлының өзбек ханы Мұхаммед Шайбанимен бірігіп, сефевидтерге қарсы шығып, соғыста мерт болғаны жайлы деректер бар. Қанша соғысты бастан өткергенмен қазақ хандары тұсында екі елдің байланысы үзіліп қалмаған.
Тарихта Есім ханның тұсында қазақтардың қызылбастар елімен жақсы қарым-қатынас орнатқаны туралы да дерек қалған. Әз Тәуке ханмен де хат алысып, кей кездері елші жіберіп тұрған.
Алайда қазақтар 1528 жылы Жәнібек ханның немересі Әдік сұлтанның ұлы Тахирдің ел билеген кезінде шибандықтармен бірге қызылбастарға қарсы тағы жорыққа аттанған. Шибандықтардың билеушісі Ұбайдоллах хан қазақтан өзге Мәуренахрдан, Қашқардан, Түркістан, Әндіжан, Отырардан, Сайраннан, Қабұлдан, Турфаннан, Ғылманнан, Қыпшақ пен Қырғыз даласынан қалың қол жиып, апарған. Алайда қызылбастар тағы жеңіске жетіп, ханның өзі шайқас даласынан әзер қашып құтылған екен.
Қобыланды батыр да қызылбастармен шайқасқан
Қазақ ауыз әдебиетінің эпикалық жырларында да қазақтар мен қызылбастардың шайқасы туралы деректерді жиі кездестіруге болады дейді тарихшылар.
Бұл жөнінде тарихшы Нұрлан Атығай: "Алам арай-и Сефеви" шығармасында сипатталған оқиғалар, қазақ эпостарында қызылбастармен шайқас түрінде көрініс тапқан тәрізді. Бұған "Қобыланды батыр" жыры айғақ. Жырдың бас кейіпкері Тоқтарбайдың баласы Қобыланды қызылбастармен шайқасады. Сонымен қатар жырда Қобыланды батырдың "Қазақ көппін дегенде, Көппін деп айтар тілім жоқ" деп, қазақтың құрамына кіретін Қарақыпшақ руынан екенін аңғартады" деп жазады.
"Авеста" кітабында қазақ жерінің аттары аталады
– Ұлы Жібек жолында орналасқан бірнеше мемлекеттер арасында тек сауда-саттық қана емес сонымен қатар әдеби, мәдени байланыстар орнай бастаған. Тарихшылар Орталық Азия жеріне ислам дінің таралуына да жібек жолы себепші болған дейді. Демек, екі ел арасындағы байланыс қазақ хандығынан бұрын орнаған, – дейді Жамбыл Артықбав. – Арадағы мәдени байланыс сақ дәуірінен басталған болуы мүмкін. Өйткені б.э.д екінші мыңжылдықта жазылған Авеста кітабынан да біздің жеріміз суреттелген деректерді кездестіруге болады. Мысалы, Ақмола, Торғай облыстарына тиесілі жерлер "Арианам-Вайджа – арийлер жазығы" деп, ұлы даланың орталық бөлігі сипатталады. Сол жерде тайпалар үлкен ас беріп, бас қосқан. Олар жауларымен шайқасып жүріп, мәдениетінің дамуына да аса мән берген.
– Қызылбас елімен арадағы байланыс ортақ сөздік қорының қалыптасуына алып келді. Мысалы, "шабандоз, наурыз" тағы да басқа сөздер түркі халқының ортақ сөз қорына енді. Сонымен қатар мейрамдардың да бір мезгілде атап өтілуі мен тұрмыс-тіршіліктегі ұқсастықтар көп деп айтуға болады. Мұндай ұқсастық жылдар бойы екі ел арасында тығыз қалыптасқан байланыс бар екеніне дәлел, – дейді Жамбыл Артықбаев.
Сонымен қатар тарихшы Уахит Шәлекенов "Ана тілі" газетінде шыққан мақаласында "Авеста" кітабында Атырау секілді қасиетті аймақтың да аты аталады деп жазған. Ол:
"Атыраудан Арідби
Мың салалы тараммен,
Һәм мыңдайын көлдермен,
Әрқайсысын олардың
Қырық күнде оралап
Үлгереді зорға деп,
Желғабызға салт мінген" деген жыр жолдарын "Авеста" кітабынан алынғанын атап өткен.
Авеста – ежелгі Орталық Азияда, Иранда, Әзірбайжанда, Ауғанстан жерінде таралған Заратуштра ілімінің қасиетті жазбалар жинағы. Бұл – Шығыс халықтарының көпшілігінің тарихына, мәдениетіне, дініне, ауыз әдебиетіне қатысы бар ортақ жәдігер. Авеста – Заратуштра (грекше – Зороастра) пайғамбардың рухани ілімі мен құдайға құлшылық ету уағыздары. Мазмұны екі мың жыл ішінде (біздің заманымыздан бұрынғы 3-1 мыңжылдықтар арасы) қалыптасқан
Иранда да қазақша жер, су атаулары сақталған
Каспий теңізінің бір жағалауын Орта Азиядағы түркі халқы мекендесе, бір жағалауын парсы тілдес елдер мекен еткен. Түркі тектес халықтарының негізгі қоныстанған немесе шайқас болған жерлер сол көне атауларын сақтап қалған.
Ұлы Жібек жолы бірнеше рет жаңғырып, мәдени, саяси байланыстар дами түскенмен де, сол тарихи атаулар қаз-қалпында қалған.
Шығыстанушы Ғалия Қамбарбекова.
– Иранның он мың жылдық тарихына қарамастан, түркі тектес халықтарға ортақ жер, су атаулары әлі солай аталып келеді, – дейді. – Қазір Иранда парсылардан бөлек бірнеше ұлт өкілдері өмір сүріп жатыр. Солар мекендеп отырған жерлер өздерінің тарихи атауларын әлі сақтап қалған. Әсіресе түркі тілдес халықтар мекендейтін Иранның солтүстігінде Теңгелі, Қарағаш, Сырмақ, Суырмақ сынды қыстақтар әлі солай аталады. Қаратау тауы мен Ақбұлақ, Қарабұлақ сынды кішігірім өзен атаулары да қолданыстан түспеген, – дейді шығыстанушы.
Ирандағы қазақтар салт-дәстүрін жоғалтпаған
Иран жерін мекендеген қазақтар диаспорасының тарихы өткен ғасырдың отызыншы жылдарынан басталады. Совет одағындағы жаппай қуғын-сүргін және аштық зардабынан бас сауғалаған қазақтардың бір тобы Маңғыстау жерінен Түркіменстан арқылы Иранға барып орныққан.
Олардың бір бөлігі одан әрі араб елдері мен Ауғанстанға да қоныс аударған. Иран қазақтарының саны нақты айтылмайды. Ал Иран халқының саны 80 миллионға жете-ғабыл деп есептеледі.
Иран қазақтары Гүлстан провинциясындағы Горган, Бәндар-Түркімен, Гунбад-и Кабус және Аққала қалаларында шоғырланған. Иранның Горган қаласында тұратын Жафар Шадкам мұндағы қазақтардың беташар, қыз ұзату, құда күту, орамал тойы секілді салттарын жоғалтпай, берік ұстанатынын айтты.
Дінін де, ділін де берік ұстанады
– Ең бастысы, мұнда қазақтар арасында аралас неке деген жоқ. Тойда көбі ұлттық нақыштағы киімдерді киюге тырысады. Біз үшін ең үлкен мереке – ораза айт пен құрбан айт мерекелері. Сосын наурыз мейрамын атап өтеміз. Айт кезінде кез келген қазақ дастарқан жаяды. Біз міндетті түрде айтшылап барамыз. Соңғы жылдары біз ұстанған салтқа да өзгеріс ене бастады. Бұрын ата-аналарымыз атастыратын. Атастырылған жастар көшеде бірге жүрмек түгілі, болашақ қайын жұртының көзіне көрінбеуге тырысатын. Қазір жастар өз таңдауымен үйленетін болған. Қазақстанмен барыс-келіс көбейгендігінің әсерінен бе, тойда екі жақ – құдалар бір түсті киім киюді сәнге айналдырды, – дейді Жафар Шадкам.
Қазақстан туралы жаңалыққа үнемі құлақ түріп отырады
– Горган қазақтары атақты Генадий Головкиннің, Қанат Исламның жекпе-жектерін жібермей тамашалайды. Ұлтқа деген мақтанышымыз жоғары болғандығынан ба, әлде сағыныштан ба, әйтеуір, қазақы үлгіде тігілген киімдерді киіп жүрген ұнайды. Тіпті Қазақстан туы түстес киімдерге сұраныс жоғары. Ұлттық киім тігетін арнайы тігіншілер бар.
Жалпы Иранда мектеп оқушылары 12 жылдық білім алады. Қыздар мен ұлдар мектепті бітіргенше бөлек оқиды. Жастар жоғары оқу орындарына өз білімдерімен оқуға түсуге тырысады, – дейді Жафар Шадкам.
Зейнетақымыз жоғары
– Бізде ақылы оқу өте қымбатқа түседі. Бірақ жоғары білімі бар маманның жалақысы жоғары. Әрі зейнеткер жасына шыққанда зейнетақыны қомақты алады.
Мысалы, мен осыдан алты ай бұрын зейнеткерлікке шықтым. 700 АҚШ долларына сәйкес зейнетақы аламын. Әйелім де зейнеткер. Бізде жасың 63-ке келгенді күтіп отырмайсың. Еңбек өтілің 25 жылдан асса, шыға беруге болады.
Қазір жасым 50-ге келген жоқ. Еңбегімнің жемісін жеп отырмын. Ал бұл ақша Иранда өмір сүруге жеткілікті қаражат, –дейді Жафар Шадкам.
Иран тарихының қалыптасуына тайпалар ықпал еткен
Иран өркениетінің ғасырлар бойы қалыптасуына халықтар мен тайпалардың сонда қоныс аударуы ықпал еткені шындық.
Иран мемлекетінің негізін қалаған арий тайпалары да б.з.б. ІІ мың жыл бұрын Еуразия даласынан қазіргі Иран мен Үндістан жеріне басып кіріп, мемлекет құрған болатын.
300 жылда орныққан ислам діні де оңайшылықпен келген жоқ. Сондықтан ислам дінінің шиит тармағын ұстанатын діни мемлекет болғандықтан елдегі діни және саяси билік аятолла Сейд Әли Хаменейдің қолында.
Наразылық акциясына Иран қазақтарының қатысы жоқ
Иранның бірнеше қаласында 2017 жылдың 28 желтоқсанынан бері биліктің әлеуметтік, экономикалық, ішкі және сыртқы саясатына қарсы наразылық акциясы болып жатыр. Елдің солтүстік-шығысындағы Мешхед қаласынан басталып,елдегі ірілі-ұсақты он шақты қаласында болған наразылық акциясында ресми мәлімет бойынша, 22 адам қаза болған.
Ал қамалғандар саны соңғы мәліметке сүйенсек, 3700 адамға жеткен. Бұл туралы заңгер, парламент мүшесі Махмуд Садежи мәлімдеді. Ал елдің рухани басшысы Аятолла Әл Хаменеи 9 қаңтарда тағы мәлімдеме жасап, бұл жолы да елдегі оқиғаға АҚШ пен Ұлыбританияны кінәлады.
Осыған дейін Иран Жоғарғы соты елдегі шеру ұйымдастырғандар ең ауыр жазаға тартылатынын мәлімдеген. Бұл елдің заңына сай ең ауыр жаза - өлім.
Толқу ел ішіне жайыла бастаған соң Иранда қауіпсіздік шаралары күшейтілді. Билік әлеуметтік желілер мен ұялы байланысты бұғаттай бастады. Ал наразылық акциясына Иран қазақтары өздерінің қатыстарының жоқтығын айтады.