Demoscope қоғамдық пікірге жедел мониторинг жүргізу бюросы қазақстандықтар арасында "Қазақстандағы коронавирус пандемиясы" тақырыбында сауалнама жүргізді.
"19 наурызда қатаң карантин шаралары енгізіліп, төтенше жағдай режимі жарияланды. Бастапқы кезеңде жасалып жатқан алдын алу шаралары нәтиже беріп жатқандай көрінген. Бірінші локдаун тоқтатылған соң, елімізде вирус жұқтырғандар күрт көбейді. Мұндай сценарийге біздің денсаулық сақтау жүйесі дайын болмай шықты. Стационардағы медицина қызметкерлері толассыз келіп жатқан науқастарды қабылдап үлгере алмады. Науқастың өмірін құтқара алатын ең қажетті медикаменттер тапшылығы басталды" делінген хабарламада.
Demoscope қоғамдық пікірге жедел мониторинг жүргізу бюросының дерегінше, қазақстандықтардың үштен бірі коронавирус туралы ресми статистикаға сенбейді. Олар билік ауруды жұқтырғандар мен қайтыс болғандар санын азайтып көрсетіп отыр дейді. Керісінше, респонденттердің жартысы Covid-19 туралы ресми дерекке сенеді.
Респонденттердің 20%-ы өздері немесе бірге тұратын жақындары коронавируспен ауырғанын мәлімдеген. Қатысушылардың 32%-ы карантин дәрі-дәрмек таппай, медициналық көмек ала алмаған. Төрттен бірінде аздап қиындықтар болған. Сауалнама қатысушыларының 47%-ы дәрі-дәрмек таба алмай қиналған екен.
Оқи отырыңыз: Қазақстандықтардың 11 пайызы ғана қатаң карантинге үзілді-кесілді қарсы. Demoscope сауалнамасы
2020 жылдың наурызынан бастап Demoscope пандемия кезіндегі мемлекеттік органдардың жұмысын бағалау үшін үш рет сауалнама өткізген. Халықтың эпидемия басталған кездегі және қазіргі ойларын салыстырғанда мемлекеттік органдардың жұмысын өте жоғары деп бағалаған қазақстандықтар екі есе азайған. 33%-дан 14%-ға өзгерген.
2020 жылы тамызда өткізілген сауалнама деректері
Қазақстандықтардың жартысына жуығы (45%) биліктің жұмысын орташа деп бағалаған. Олар біршама мәселе шешілмеді дейді. Респонденттердің үштен бірі биліктің омақаса құлағанын айтып, мемлекеттік жүйе мұндай жағдайларға дайын емес деген қорытынды жасаған. Тек 14% биліктің пандемия кезіндегі жұмысына "өте жақсы" деген баға берген.
Қатысушылардың үштен бірінің (37%) пікірінше, Үкіметтің дәл қазіргі міндеті – вирусты жұқтыру деңгейін төмендету. 26%-ы жұмыссыздықты төмендету, бизнес пен халыққа көмек беру секілді экономикалық проблемаларды шешу керек дейді. Бұрынғыдай емін-еркін байланысты, қамсыз күндерге оралуды (16%) қалағандар мектептегі және университеттегі сапалы білімді арттыру керек (11%) деп пікір білдіргендер санынан асып түскен.
Сауалнама қатысушыларының жартысы пандемиямен байланысты туындаған экономикалық дағдарыстың зардабын тартқанын, табыстары азайғанын мәлімдеген. Ал үштен бірінің табысы қатты төмендеген. Қалған 25%-ы табысының аздап азайғанын айтқан.
Оқи отырыңыз: 17 тамыздан сауда үйлері, сұлулық салондары мен фитнес орталықтар жұмысын бастайды
Наурызда жүргізілген сауалнама қорытындысына сәйкес қатаң шектеу шараларын қазақстандықтардың 28%-ы қолдаған. Маусымда респонденттердің 12%-ы қатаң шектеу шараларын енгізген дұрыс деген болатын. Бұл көрсеткіш тамызда 17%-ды көрсетті. 63%-ы карантинге түсіністікпен қарайды. Дегенмен де олар мемлекет жұмыссыз қалған адамдарға көмектесуі керек деп санайды. Карантинге үзілді-кесілді қарсылардың үлесі – 7%.
"Сауалнама қорытындысы көрсеткендей, карантин басталғалы қазақстандықтардың билікке деген сенімі төмендеген. Оған биліктің статистикалық көрсеткіштерді төмендетуге бағытталған шешімдері әсер еткен болуы керек. Халықтың басым бөлігі карантин шараларына түсіністікпен қарайды. "Үкіметтің қазіргі уақытта ең басты міндеті – жағдайды тұрақтандыру және халыққа нақты көмек көрсету" дейді олар" делінген Demoscope хабарламасында.
Сауалнамаға 4-11 тамыз аралығында 14 облыс пен Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкентте тұратын 18 жастан асқан 1 100 адам қатысқан:
- 53% – ер азаматтар;
- 47% – әйелдер.