Арман Құдайбергенов Денис Теннің туғандарынан кешірім сұрады
Алматыда белгілі спортшы Д.Теннің өліміне байланысты сот процесі жалғасып жатыр. Оқиғаға кінәлі деп танылған күдіктілердің біреуі А.Құдайбергенов Д.Тенді өлтіру ойымызда болған жоқ, бар мақсатымыз — ақша табу болатын деп жауап берді.
Марқұмның туыстарынан кешірім сұрады, өкінетінін жеткізді. Ұсталғаннан кейін полицияда маған "Д.Тенді өлтіргеніңді мойында деді, басқа амалым болмағандықтан мойындадым", – дейді күдікті.
Балалардың дәрілерден өлгендігі туралы ақпарат жалған деп танылды
Алматыда "Амоксициллин", "Ибупрофен", "Алклофенак", "Сумамед", "Ингалипт", "Антисепт", "Инфлюцид", "Панадол детский", "Сана-сол" препараттарына аллергия туындауына байланысты 3-12 жас аралығындағы 12 бала өлді деген ақпарат WhatsApp желісінде таралып жатыр. ҚР Денсаулық сақтау министрлігі осы ақпараттың ақиқатқа жанаспайтынын мәлімдеді. Дәрі-дәрмектерді ұлттық сараптау орталығы ұсынған мәліметке сәйкес аталған дәрілердің кері әсері туралы ешқандай ақпарат тіркелмеген.
Қазақстанда дәрілердің бағасы Германия тәжірибесіне сәйкес белгіленеді
Дәрінің бағасы арзан болған сайын, оның үстеме ақысы да көп болады. Мәселен, 350 теңгеге дейін тұратын дәрінің үстеме ақысы 68% құрайды. Ал, 200 000 қымбат болса, үстемеақысы 3%-дан аспауы тиіс.
Фармация комитетінің төрайымы Л.Бюрабекованың айтуынша, дәрі-дәрмектің бағасы жылына екі рет бекітіледі. Дәріні шекті бағадан асырып сатқандарға айыппұл салынады. Жуырда елімізде дәрі-дәрмектердің бағасын қадағалауға арналған мобильді қосымша пайда болады. Ол арқылы халық баға саясатына қатысты құқықбұзушылықтарға жол берген дәріханалар туралы хабарлай алады.
Қазақстандықтар 2018 жылы VIP-нөмір сатып алуға 4 млрд теңге жұмсаған
Қазақстанның автобизнес қауымдастығы таратқан мәліметке сүйенсек, былтырғы жылы автокөлік иелері 15 мыңнан көп VIP-нөмірлерді рәсімдеген. Бұл көрсеткішке елімізде былтыр Түркістан облысы құрылып, республикалық маңызы бар қала ретінде Шымкенттің 17-ші өңір ретінде тіркелгені әсер еткен дейді қауымдастық мамандары.
Көлікті есепке қоюдан Оңтүстік Қазақстан облысының (Шымкент пен Түрікстан облыстары) азаматтары көш бастап тұр – 173 925 көлік тіркелген. Екінші орында Алматы облысы – 173 453 көлік, үшінші орында Алматы (151 030 көлік) және Астана қалалары (101 431 көлік).
Астананың ескі темір жол вокзалында 10 эскалатор іске қосылды
Елорданың ескі вокзалындағы ескірген эскалаторларды жаңасына ауыстыру жұмыстары 2018 жылдың қарашасында басталған. "Қазақстан темір жолы" АҚ хабарлағандай, халықаралық стандарттарға сай жаңа эскалаторлар жолаушылар қауіпсіздігін қамтамасыз етеді, тез тозбайды әрі энергия үнемдейды. Эскалаторлар "Ақмола лифтжасау" зауытында жиналған.
Қазақстандық БАҚ не жазды:
Inform.kz: Елімізде магистратура және докторантураға оқуға түсу ережелері өзгерді. Егер осыған дейін магистратураға гранттар ЖОО беріліп, олар өздері тапсырма дайындаған, өздері емтихан өткізіп, түсу туралы шешімді өздері қабылдаған еді. Енді GMAT форматы бойынша бірыңғай емтихан болады. Яғни, үміткерлерге Ұлттық тестілеу орталығы өткізетін кешендік тестілеуден өту керек. докторантураның салалық пәні бойынша қай ЖОО-на түссе, сол жерде, сол университетте емтихан тапсырады, сонымен қатар шет тілін білетінін растайтын сертификат ұсынады. Мұндағы басты өзгеріс - енді докторантураға түсу үшін халықаралық сертификат (сәйкесінше, IELTS, TOEFL және т.б.) талап етіледі.
Baq.kz: Қазақстанда ажырасқан әкелердің 30%-ы баласымен кездесу құқығынан айырылған. Елімізде әрбір үшінші неке ажырасумен аяқталады. Олардың 83 пайызында кәмелеттік жасқа толмаған бала бар. Ажырасқан әкелердің 30 проценті сот шешіміне қарамастан балаларымен қарым-қатынас жасау мүмкіндігінен айырылған, сондықтан сотқа қайта жүгінуге мәжбүр.