Қазақстанда әйел құқығы мен теңдігі мәселесі соңғы кездері жиі көтеріліп жүр. Көбінесе әйелдер қауымы әлеуметтік жағдайдың жақсаруын талап етіп көшеге шығады. Отбасы, ошақ қасында да зорлық-зомбылыққа ұшырайтын әйелдердің дауысы құзырлы билікке жетпей жататынын әйелдер қауымы жиі айтады.
Құқығы тапталған әйелдер түрлі ұйымдар құрып, өздерін қорғауға кіріскен. Ал елдегі құзырлы органдар түгілі депутаттар да әйелдермен диалогқа баруды қажетсіз санайтын секілді.
Дегенмен, мемлекеттік гендерлік саясат аясында әйелдерді қолдауға арналған түрлі бағдарламалар бар. Биылдан бастап Парламент мәжілісіне әйелдер мен жастарға 30% квота сақталған. Әйел министрлер, облыс басқаратын әйел де бар біздің мемлекетте. Алайда, елдегі белсенділер бұған "демократияның жай ғана имитациясы" деген баға беріп отыр.
Қазақ қызының құқығы қорғалған ба?
Заңгер Камиша Есмұхамедқызы Қазақстанда әйелдердің құқығы қорғалмағанын айтады:
"Бүгінде әйелдердің құқығын әйелдер қорғайтын күнге жеттік. Әйелдердің зәбір шегуі жиілеп кетті. Құқық қорғау органдары да әйелдерге басымдық береді. Ол бар нәрсе", – дейді заңгер.
Оқи отырыңыз: Алматыда қыз зорлады деп айыпталған экс-прокурор мен банк қызметкері әлі бостандықта. Олар істі қалай жабуға тырысқан?
Қазақстандық және әлемдік феминизм
Феминида қозғалысының негізін қалаушы Гүлзада Сержанның айтуынша, феминизм – әйелдердің өз құқығын қорғауы. Яғни, әйелдердің бірігіп, ұйым құруы, заңға өзгерту енгізуге тырысуы, саясатқа араласуы.
"Қазақстандағы феминизмге келер болсақ, – дейді Гүлзада. – және соңғы 100 жылды алып қарастырсақ, бізде қазір әйелдердің сайлау және сайлану құқығы бар. Бірақ, ол қаншалықты орындалып отыр? Рас, ол әйелге мемлекет ісіне, яғни саясатқа араласуға құқық береді. Өкініштісі, бізде кедергі өте көп".
Айтуынша, Президенттің жанында "Әйелдердің ісі және отбасылық демографиялық саясат" деген ұлттық комиссия бар. Ол ешқандай биліктің тармағына кірмейді. Ол Президентке тікелей кеңес беретін, әйелдердің мәселесі жөнінде Қазақстанның ұстанатын саясатын анықтайтын ұйым.
"Ол ұйымның атауында әйел деген сөзбен қатар демография ұғымы жүреді. Яғни әйел деген – ана. Бізде көпбалалы ана деген ұғым бар. Көпбалалы ана болса, көпбалалы әке де болу керек. Мысалы, бір еркектің бес әйелі болса, әрқайсысынан үш баладан жалпы 15 баласы болса да, ол көпбалалы әке деген құрметке ие болмайды. Неге? Өйткені, көпбалалы ана деген ұғымның артында жауапкершілік жатыр. Бәріне ана жауапты", – дейді ол.
Гүлзаданың айтуынша, отыз жылы бойы әйелге мемлекет алдында ана болсаң ғана қадірің бар деп айтып келіп, отызыншы жылы: "сен туарда неге менен сұрамадың" деген сұрақ қояды.
Оқи отырыңыз: Қазақстанда әйелдер мен қыздардың құқығын қалай қорғаймыз?
Журналист Нұрсейіт Жылқышыбай ер азаматтар да жетісіп жүрмегенін, олардың деңгейін көтеретін, ер азаматым деп қарайтын әйелдер өте аз екенін айтады. Оның сөзінше, алаңға шыққан әйелдер үйінде ерін ез қылып тастаған, ерін құрметтемейтін әйелдер. Феминистердің алдына қойған мақсаттан қорқуға болады. Олардың көбі, байдан келген немесе тұрмысқа шықпағандар. Феминизмнің негізгі идеясы билікке әйел адамдарды әкелу. Арғы жағында үлкен саяси күштер тұр.
Нұрсейіттің бұл ойына қатысты Гүлзада:
"Біз әйелдердің проблемасын көтерген кезде, еркектер рахаттанып жүр демедік. Митингке шығатын да, қазір қамауда отырған да ерлер. Статистика бойынша, әйелге қарағанда он жас кем өмір сүретін де ер адамдар. Бірақ, біз қазір әйелдердің мәселесін айтып тұрмыз", – дейді.
Кәмиша Есмұхамедқызы да келісе келе, алимент төлемейтін еркектердің барын да еске салды. Сөзінше, еркектер жалқау. Кейде жауапкершілікті де білмей жатады.
"Әйелдер неге көшеге шығып жатыр? Еркек жағдайын жасаса, сол әйел көшеге шыға ма? Балалардың құқығын таптайтын педофилдер кім? Әйелдер ме? Әйелдер толыққанды қорғалған болса, мұндай нәрсе орын алмаушы еді", – деді ол.
Феминистерді кім қаржыландырады?
"Атын атап айтар болсақ, Дариға Назарбаеваның билікте отыруы қазақ халқына түрпідей тиіп отыр. Мұны ешкім ұнатып отырған жоқ. Феминистер де ұнатып отырған жоқ", – дейді Гүлзада.
Айтуынша, бұл әділетсіз нәрсе. Ол әйел тек жақын туысының арқасында билікке келеді дегенді меңзейді. Біздің қазір "әйелдер мен жастар" деп қосып енгізген 30% квотамызды қырғыздар баяғыда-ақ енгізіп тастаған.
Психоаналитик Жұлдыз Төлеудің айтуынша, әйел адамдар эмоционалды келеді. Сондықтан олар ішіндегі жан жарақатын ашық айта алады. Бірақ, бала кезінен зорланып, зәбір көретін ер азаматтар да өте көп."Сондықтан 30% квота бұл феминистердің жеңісі емес. Оның қасына жастар деп қосып қойды. 2016 жылы Парламентте 30 пайыз әйелдер отырады деп келді де, 2016 жыл келгенде 2030 жылға соза салды", – дейді ол.
Қазақстанда жылына тіркелген фактілер бойынша, 400-ден астам әйел отбасындағы жанжалдан күйеуінің қолынан мерт болған екен. Неге бұлай?
"Отбасылық кикілжіңде көп жағдайда әлеуметтік жетіспеушілік себеп болады. Отбасы болған соң екі жақ бірдей тырысу керек. Екеуі бір-бірін қолдап қолпаштаса ғана дұрыс семья болып кетеді", – дейді заңгер.
Оның ойынша, осы тұрғыда мемлекеттік қолдау қажет.
Ерлер әйелге неге қол жұмсайды?
Нұрсейіттің пікірінше, әйелдерді бір жақты айыптауға бомайды. Бізде тәрбие деген нәрсе дұрыс емес. Бүкіл нәрсені қыз бала өз аузынан табады. Дей тұрғанмен, ер азамат әйеліне қол жұмсамауы керек.
Камиша бұл пікірмен мүлдем келіспейтінін айтты. Оның ойынша, қазіргі кезде еркектер жалқау, бір отбасын асыра алмағандықтан әйелдер көшеде митинге шығып жүр.
Психологтың айтуынша, отбасындағы жанжалға тек әйел не еркек кінәлі деуге болмайды. Ер адам әйеліне қол көтеруге болмайды. Егер ұрса, ендеше еркек де, әйел де кінәлі.
Не істеу керек?
"Конституциямызда 17-бап бар. Яғни, әйелдердің өміріне қасақана зәбір келтіруге, еркінен тыс өмірін қиюға және олардың ар-намысын таптауға болмайды делінген. Конституцияда әйел адам қорғалған", – дейді заңгер.
Оның айтуынша, еркектер бір рет қана қол көтеруімен шектелмей, әйел үндемей қалса, төпештей береді. Ақыры әйел суицидке дейін жеткізеді. Сондықтан, ері қол көтерсе, бірден арыз жазу керек.
Ол мемлекет міндетін сақтаса, отбасы сақталатынын айтады.
Гүлзаданың ойынша, отбасын сақтап қалу үшін билікке ананың жан айқайын түсінетін әйелдер келу керек. Мемлекет тұрғысынан үлкен саясаттар жасалып, әлеуметтік жағдай жасалса отбасын сақтап қалуға болады.
Нұрсейіттің ойынша, отбасының ажырасуына екі себеп бар:
- белең алып келе жатқан белсіздік;
- әйелдің білгенін істеп, еріне бағынбауы.
Психолог Жұлдыз Төлеу феминизмнен қорықпау керек деп есептейді. Оның ойынша, феминизм тек пайда ғана әкеледі.
"Адамзат пайда болғалы матриархат болды. Қазір патриархат, бірақ табиғи түрде матриархат келе жатыр. Ол тек Қазақстанда емес, бүкіл жер бетінде болып жатқан үрдіс", – деді ол.
Оқи отырыңыз: "Қазақтың отбасында жасырын матриархат" дейді психолог мамандар
Қазақстанда әйел президент болуы мүмкін бе?
Гүлзада Қазақстанда матриархат болмайтынына сенімді.
"Феминистердің арманы, еліміз парламенттік басқару жүйесіне көшіп, сол жерде 9,5 миллион әйелден бірнешеуі болса деген арман". Ол жерден еркектерді қуып жіберу емес, 50\50 болып отырса, ерлердің де әйелдердің проблемасын көтере аламыз", – дейді ол.
Орамал тақтырмау, хиджаб кигізбеу – әйел құқығын шектеу ме?
Енді ғана оң мен солын таңып келе жатқан баланығ басына, мәжбүрлеп орамал тақытыруға болмайды, дейді заңгер.
Айтуынша, жүргізген зерттеу қорытындысы бойынша, сұраланғандардың 70% әкесінен қорыққан соң киген болып шыққан.
"Әкесі өз мүддесін жоғары қойып. Балаға қысым көрсетуі дұрыс емес. Өзі балиғат жасқа толғаннан соң таңдауы керек", – дейді заңгер.
Қазақ әйелдерінің комплексі қандай?
"Қазақ әйелдерді құртатын – ұят", – дейді психолог.
Жұлдыздың бұл пікірімен Гүлзада да келіседі. Оның ойынша, ұят әр адамда болу керек. Ал мемлекеттік қызметкерде ұят көптеу болғаны дұрыс.
Заңгер де қазақтың көп әйелдері ұяттың төңірегінде жүріп отбасында зорлық зомбылық көрсе де шыдайтындар бар дейді.
Қазақтың қазақылығын сақтау үшін ұят керек, дейді Нұрсейіт. Айтуынша, балаға ұят болады деп тәрбие берсең, педофил де, басқасы да қоғамда болмайды.
Лев Толстойдың "Қоғамның қандай екенін білгің келсе, сол қоғамның әеліне қара" деген сөзі бар. Өкінішке орай, қазақ әйелінің жағдайы соншалықты керекмет деуге келмейді. Жалпы қазақ әйелі табиғатынан мықты, дейді психолог.