2018 жылы 11 қыркүйек сағат 06:35-те Қазақстан халқының саны 18 321 606 адамға жетті. Жыл соңына дейін 18 608 079 адам болып көбейеді, табиғи өсім 249 393 адам болады деп күтілуде. Бір жылда 411 929 бала туылып, өлім-жітім саны – 162 536 деген болжам шықты.
Халықтың жалпы демографиялық жағдайы туралы нақты да қызықты талдау беруді жөн көрдік. Биылғы алғашқы жарты жылдықтағы халық санағының нәтижесі негізінде жасалған сараптамаға осы саланы зерттеп жүрген Мақсат Имандосов мырзаның деректерін тұздық еттік.
Оқи отырыңыз: Халық санағына 4 ай қалды. Қазақстандықтар қандай сұрақтарға дайын болуы керек?
Қазақстанда бала туудан рекордтық көрсеткіш 1987 жылы болған
Мақсат Имандосов, педагог, демография зерттеуші:
– Өткен жылы республикамызда 390 мың сәби дүниеге келсе, биыл осы мезгілде 395 мың бала туылған. Бұл 2016 жылғы көрсеткіштен 5 мыңға кем. 2016 жылы Тәуелсіз Қазақстан тарихында ең көп көрсеткіш 400 мың балаға жеткен болатын.
Ал рекордтық көрсеткіш 1987 жылы болды. Онда Қазақстанда 417 мың бала туылған.
Төменде Қазақстан Республикасының Статистика агенттігінің ресми сайтындағы халық санын автоматты есептеп тұратын есептегіштен қиып алынған суреттерді көрейік.
Оқи отырыңыз: 2019 жылы халық санағы өтеді. Мемлекет біз туралы нені білгісі келеді?
Урбанизация процесі жоғары, табиғи өсім жақсы
Статистика агенттігінің 2018 жылы 1 тамызда таратқан мәліметінде жыл басынан бері қала халқы 120 771 адамға көбейіп, 10 544 340 адам жеткен. Оның 34 521 – көшіп келгендер. Ал табиғи өсім – 86 250 адам. Ал ауыл тұрғандары 14 596 мыңға өскен. Урбанизация процессі жоғары қарқынмен дамып келе жатыр.
Қазақстанның бірде-бір қаласында халықтың табиғи азаюдың төмендігі қуантады.
Мақсат Имандосов:
– Жалпы алғанда, қалалардың демографиялық ахуалы жаман емес. Тек екі қалада ғана кему байқалады. Мұның себебін Қарағанды және Көкшетаудың Астанаға жақын орналасуымен түсіндіруге болады.
Төменде ҚР Статистика агенттігінің сайтынан қиып алынған мәліметтерге қараңыз.
Оқи отырыңыз: 1897-2018. Қазақ халқының саны қалай өзгерді?
2015-2018 жылдардағы алғаш мектеп табалдырығын аттаған балалар саны туралы
2018 жылы 350 мыңнан астам бала алғаш мектеп табалдырығын аттаған. Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігінің мәліметінше, 2017 оқу жылында 370 мыңнан астам бала бірінші сыныпқа барады. 2015 жылы 336 мың, 2016 жылы 369 мың бала мектеп есігін алғаш ашыпты.
Мақсат Имандосов:
– 2012 жылы Астана қаласында 9 900 бала мектеп табалдырығын аттаса, 2018 жылы 18 мыңнан астам оқушы бірінші сыныпқа қабылданып отыр.
Кей мектептерде 1 сыныпқа қабылданған бала саны 350-ден асып кеткен.
Оқи отырыңыз: Урбанизация. Қазақстанда қалаға көшу динамикасы қандай?
Астана мен Алматыда және батыстағы үш қалада туу көрсеткіші жоғары
2018 жылы Астана халқының саны алғашқы жарты жылдықта 1 030 577-ден 1 051 255 адамға дейін өскен. Мұның ішінде табиғи өсім – 14 550 адам және оған көшіп-қонған 6098 адам қосылыпты.
– Алматы халқының саны1 833 990 адамға жетіп республика халқының 10% үлесін алғаш рет иеленді. 2018 жылғы алғашқы жарты жылда 31 997 адамға көбейіпті.
Мен қалаларымыздағы 2018 жылдың бірінші жартысында туылғандардың саны туралы статистикамен таныстым және оларды өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырдым. Алматы және Астана қалаларында туғандар санының өсуі сәйкесінше (+4,4) және (+4)% болды. Ақтөбе қаласында (+5.3)%, Атырау (+6.8)% және Орал (+7.5)%. Қазақстанның батысындағы үш қала да – туудың өсуі бойынша көшбасшы, – дейді Мақсат Имандосов.
Батыстағы төрт облыстың қайсысының демографиялық жағдайы жақсы?
Мақсат Имандосов:
– 2018 жылдың, бірінші жарты жылдығында, Қазақстанның батыс аймағындағы төрт облыстың ішінде (Маңғыстау, Атырау, Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстары) Батыс Қазақстан облысында туу деңгейінің ең аз көрсеткіші тіркелген.
Оқи отырыңыз: Тұтынушылардың сауаты төмен. Халық қай өнім мен қызметке көп шағымданады?
Ал егер, Батыс Қазақстан облысын (ары қарай БҚО) Қазақстанның 4 солтүстік облысымен ( Қостанай, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Павлодар) салыстырғанда, әрқайсысында да БҚО-нан да аз бала туылған.
Биыл алғаш рет, Атырау облысы мен Маңғыстау облысының табиғи өсімі Ақтөбе облысының көрсеткішінен асып түсті, – дейді Мақсат ағамыз.
Әрбір бесінші бала Түркістан облысы мен Шымкентте туылады
Мақсат Имандосов:
– Оңтүстік аймақтағы төрт облыстың (Қызылорда, Түркістан, Жамбыл, Алматы) Алматы, Шымкент қалаларымен қоса алғандағы туу көрсеткіші республикадағының жартысын құрап отыр. Бұл жағдайдан еліміздің Астанасын солтүстік аймаққа көшіргендігінің тиімділігін аңғаруға болады.
Бүгінде еліміздегі халықтың 55 пайызы Қазақстанның оңтүстігінде тұрады екен. Мысалы, 2017 жылғы алғашқы жарты жылдықтың есебіне қарайық. Қазір республикамыздағы әрбір бесінші бала Түркістан облысы мен Шымкентте туылады.
Оқи отырыңыз: Жұдырықтай жұмыла білген халық
Мақсат мырзаның дерегіне сүйенсек, 1989 жылы Шымкент қаласында 393 мың адам тұрған. Ал, 1999-жылы халық саны 419 271. Бүгінде шымкенттіктердің саны 1 009 212-ге жетіп, Шымкент – миллионер қала атанды. Мұнан бөлек, 1999 жылы Түркістан облысының халқының саны Шымкентпен қосқанда 1,97 миллион болса, қазір 3 миллионды құрап отыр. Демек, оңтүстік жұрты 19 жыл ішінде шамамен 1 миллионнан астамға көбейген.
Бір қызығы, бүгінде Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Павлодар, Атырау, Ақмола, Ақтөбе облыстарында туылған мен Түркістан облысы мен Шымкентте туылған балалардың саны бірдей екен.
Шымкент және солтүстіктегі, батыстағы қалалардағы халық санының өсу көрсеткішін өзара салыстыру
Мақсат Имандосовтың айтуынша егер Кеңес Одағы кезіндегі (Қостанай, Петропавл, Павлодар және Көкшетау) солтүстіктің төрт облыс орталықтарының жалпы халқымен Шымкенттің халық санын салыстыратын болсақ, онда бұл төрт қаладағылардың саны Шымкенттен әлдеқайда көп. Тиісінше 936 және 393 мың адам. Бүгінде бұл 4 қалада жалпы адам саны 40 мыңға өссе,яғни 977 мыңға болса, Шымкенттің халқының саны бір миллионнан асып кетті.
Оқи отырыңыз: Халық көп. Мектеп пен аурухана тапшы. Көк түтін, толған кәріз. Елорданың бүгінгі сиқы Тоқаевқа ұнамады
Жоғарыда аталған солтүстік аймақтағы қалаларды біздің батыс қалаларымызбен (Ақтөбе, Орал, Атырау және Ақтау) салыстыруға болады. Мәселен, 1989 жылы Ақтөбе, Орал, Атырау және Ақтау қалаларында жалпы халық саны Қостанай, Петропавл, Павлодар және Көкшетау қалаларынан 175 мың адамға аз болып, 760 мың адам, қазіргі 1,3 миллион адамға жеткен.
Ресеймен көрші облыстардағы демографияны салыстырғанда...
– Өз кезегінде, осы жылы Ақтөбе облысында туғандар саны алғаш рет көршілес Орынбор облысына туғандар санына жуықтады және жыл соңына дейін оған теңесуі мүмкін.
2018 жылдың бірінші жартысында Ресей мен Қазақстанның шегаралас өңірлерінің тұрғындарының жалпы өсімінің көрсеткіштерін картадан қараңыз.
660 мың тұрғыны бар Маңғыстауды 3 млн тұрғыны бар Дағыстанмен салыстырғанда, көрсеткіші жақсы. Ал 7,5 миллион халқы бар Мәскеу облысының бірінші сыныпқа барған балаларының саны 96,7 мың болса, 1,95 миллион халқы бар Түркістан облысынан алғаш мектеп табалдырығын аттаған балалар саны 55 мыңға жеткен. Бұл өте тамаша көрсеткіш, – дейді зерттеуші Мақсат Имандосов.
Оқи отырыңыз: Әкімдік, халық, Уәлиев. Жақсы ауданында марганец өндіруге кім қарсы?
Ресейдің Астрахані мен Қазақстанның Атырау облыстарындағы салыстырмалы жағдай
Мақсат Имандосовтың айтуына қарағанда Атырау облысы туу көрсеткіші бойынша Ақтөбе облысымен бәсекелесе алмайды. Ал Ресейдің Астрахань облысымен салыстырғанда, 4 жыл бұрын осы екі шекаралас өңірлердегі туғандар саны бірдей болса, биыл бұл көрсеткіштен Атырау облысы Астраханнан 50%-ға басып озған.
– Астрахань облысында 1 025 мыңнан астам адам бар. Ал Атырау облысында 625 мың адам. Атырау бала туу саны бойынша Астраханды бірнеше жыл бұрын озып кеткен. Бір жыл бұрын бірінші сыныпқа барған балалар саны бойынша да озды. Осы жылы Атыраудағы жалпы мектеп оқушыларының саны – 218 мың адам болса, Астраханда 117 мың адам екен.
Оқи отырыңыз: Қазақстанда мемлекеттік ең жоғарғы қанша марапат бар? Кімдерге, қалай беріледі?
Мәскеу мен Қазақстандағы қарттар саны
– Мәскеу мэрі С.Собяниннің жуықта берген сұхбатында көрсетілгендей, Ресей астанасындағы зейнеткерлер саны – 3,5 млн екен. Ал ҚР Статистика басқармасының мәліметтеріне сүйенсек, бізде 2,05 млн зейнеткер бар. Салыстырып көрсек, 12,5 млн тұрғыны бар Мәскеуде 3,5 млн зейнеткер, ал 18,2 млн тұрғыны бар Қазақстанда 2 млн-нан сәл астам зейнеткер бар. Екі елдегі зейнетке шығу жасы екі түрлі. Мәселен Ресейде 60 (55) жаста шықса, бізде 63 (58) жас. Алайда бұл жалпы көрсеткішті өзгертпейді, – дейді Мақсат ағамыз.
Шешенстан да туу көрсеткішімен Алматыға жете алмай тұр
Ресейлік демографтардың бірі өз елінің өңірлерінің көпшілігіндегі халықтың өсіміінң табиғи құлдырауы туралы әңгімесінде Шешенстандағы халықтың өте жоғары табиғи өсіміне назар аударады.
Осы сәтте журналистердің бірі оған республикадағы халықтың табиғи құлдырауының қашан болатыны туралы сұрақ қояды. Демографтың айтуынша, "ешқашан Шешенстанда халық санының төмендеуі болмайды, тек өседі". Бұл шешен халқының ислам дінін ұстануымен де байланысты.
Мысалы, 1 440 000 тұрғыны бар Алматы облысында 2017 жылы 40 мың бала туылған. Ал тура сондай халқы бар Ресейдің Шешенстан Республикасында сәйкес мерзімде туылған бала саны 30 мыңның айналасында болған.
Оқи отырыңыз: Соңғы көрсеткіштер бойынша Өзбекстан халқы 32,6 миллионға жетті
Қазақстанның көк паспортымен қоштасқандар қанша?
– Жылдың бірінші жартыжылдығының деректеріне сәйкес, біздің қалалардың ішінде Қызылордадан (25 адам) ең аз адам қоныс аударған. Бұған таңқалуға да болмайды, өйткені қала тұрғындарының 100% -ға жуығы – қазақтар.
Ақтауға байланысты әзірге нақты мәліметтер жоқ. Алайда бірнеше ондаған адам тұрақты тұруға шетелге аттанған. Одан кейін Атырау (106 адам). Талдықорған мен Тараздан 200 адам көшіп кеткен. Миллион тұрғыны бар Шымкенттен 295 адам кеткен. Салыстырмалы түрде өте аз. Мысалы, шағын Көкшетау қаласынан 317 тұрғын кеткен. Семейдегі көрсеткіш 456 адамды құрады.
500-ге жуық адам Ақтөбеден, 500-ден астам, яғни 521 адам Оралдан қоныс аударды. Қостанайда көк паспорттан 751 адам бас тартты. Астанадан 801 адам, Қарағандыдан 982 адам көшіп кеткен.
Биылғы бірінші жартыжылдықта аталған үш қаладан көшіп кеткендер саны мыңнан асты.
Өскеменде – 1 196 адам, Павлодарда –1 260 адам және Алматыда – 1 541 адам. Осы қалалардың тұрғындарын ескере отырып, Өскемен мен Павлодардағы эмиграция Алматыға қарағанда көбірек. Бұларға қарағанда халқының саны аз Петропавлда көшіп кетудің одан да жоғары деңгейі байқалды – 901 адам.
Оқи отырыңыз: Қазақстанда 2 миллиондай халық әлі ауыз суға жарымай отыр. Осы мәселе қалай шешілмек?
Аймақтық орталықтан басқа шағын қалалардың тұрғындары да елден кетуде. Бұл – Теміртау (653 адам), Рудный (690 адам), Екібастұз (319 адам), Ақсу (175 адам), Риддер қаласы (199 адам) және басқалар.
Эммиграцияның ең жоғарғы көрсеткіші Лисаковск қаласында тіркелген. 40 мың тұрғыны бар қаладан, алты айдың ішінде 262 адам көшіп кеткен, – дейді Мақсат аға.
Көші-қон айырымы мен көшіп кеткендердің ұлттық және жас құрамы
– Өткен жарты жылда (2018 жыл) Қазақстандағы көші-қон айырымы (миграциялық сальдо) – 10 803 адам болды. Былтырғы ұқсас мерзімдегі көрсеткіш – 6400 адамды құраған. 2017 жыл бойынша – 22 426 адам. Егер осы жылы кері көрсеткіш сақталатын болса, жыл соңына дейін көші-қон айырымы – 37 100 адамға жетуі мүмкін. Мөлшерлеп айтқанда өткен жылы Қазақстаннан 37 725 адам көшіп кеткенін еспке алсақ, бұл сан тағы 60 000 адамға дейін өсуі мүмкін. Бұл алаңдатарлық сан екені белгілі.
Көші-қон айырымы бойынша этникалық құрамға келсек: 71,3% – орыстар, 8% – немістер, 6,6% – украиндер, 4,5% – қазақтар. Ал жас құрамына келсек: 73% – (16-62) жас аралығында, 21% – 15 жасқа дейінгі балалар, 6%-і 63 жастан асқандар екен.
– Менің жазбамдағы мәліметтер халықтың ішкі көші-қоны туралы емес, эмиграция туралы, яғни, шетелге тұрақты тұруға кеткен адамдар жайлы екендігін ескерткім келеді, – дейді Мақсат Имандосов.
Оқи отырыңыз: Ашаршылық. Қырылған қазақтың саны қанша? Саяси баға қашан беріледі?
Қазақстандағы жастардың және қарттардың қаласы
Мақсат ағамыздың айтуынша жастың ұлғаю тәртібі бойынша алсақ Ақтау, Атырау, Шымкент және Қызылорда – республиканың жасөспірім қалалары болып саналады. Оларда балалар мен жасөспірімдердің үлесі әр қаланың жалпы халқының 32-ден 37% құрайды. Балалар мен жасөспірімдердің ең аз көрсеткіші – Петропавл және Өскемен. Әрқайсысында шамамен 20%.
Павлодар, Өскемен және Петропавл қалаларындағы зейнеткерлік жастағы азаматтардың үлесі республика бойынша ең жоғары көрсеткішті көрсетеді. Тиісінше 16,17 және 18%.
Атырау, Қызылорда және Астана қалаларында қартаюға диаметрлі қарсы жағдай қалыптасып жатыр. 7-ден 8,5%-ға дейін.
Демек, бала көп аймақтарда білімге көбірек қаржы жұмсау қажет. Ал зейнеткерлері көп аймаққа, денсаулық сақтау саласына қаржы бөлу керек.
Атырау мен Жаңаөзендегі демографиялық жағдайды салыстыру
– Астанадан басқа, осы екі қаланы да Қазақстанда ең жылдам өсіп келе жатқан қалаларға жатқызуға болады. Мәселен 1999 жылы Атырауда 142,5 мың адам өмір сүрді, бүгін – 321,4 мың адам, 18 жыл ішінде халық саны 2,25 есе өсті. Жаңаөзендегі өсім одан да жоғары. 1999 жылы 48,9 мыңнан асқан бұл қалада қазір 146,6 мың адам тұрады. Бұл үш есеге көп.
Статистикаға оралсақ, соңғы 15 айда Жаңаөзенде халық саны 5 мыңнан астам адамға өсті. Салыстырсақ, Ақтау қаласының халық саны азайып барады, бірақ оның себебі басқа, – дейді Мақсат Имандосов.
Оқи отырыңыз: "Халықтың жалақысы негізсіз көп". Қаржыгер қымбатшылықтың себебін осылай түсіндірді
Ақтау халқының саны неге азаюда?
Мақсат Имандосов:
– Мен Ақтау қаласында тұрғындар саны неге жыл сайын азаюда деп, Маңғыстау облысы статистика департаментіне сұрақ қойдым. Іс жүзінде Түпқараған ауданына қарасты, Ақшұқыр, Сайын Шапағатов және Мұнайлы ауылдарына қала тұрғындарының мыңдап көшуі байқалған. Мұны адамдардың жеке үйлерде, жағажайда, табиғатқа жақын өмір сүргісі келетіндігімен түсіндіруге болады. Сонымен, Ақтау қаласының тұрғындарының азаюының сыры ашылды.
Қазақстандағы халқы ең көп және ең аз аудандар
Түркістан облысындағы Мақтаарал (305 мың), Сарыағаш аудандарын (324 мың) бірнеше ауданға бөлу туралы облыс мәслихаты шешім қабылдады. Қазіргі таңда Алматы облысындағы Еңбекшіқазақ пен Қарасай – халық саны ең көп аудандар . Оларда жеке-жеке 300 мың және 252 мың халық тұрады. Ал Түркістан облысының Сайрам ауданында 203 мыңға жуық.
2018 жылғы алғашқы жарты жылдық статистика бойынша халық саны ең азы – Ақмола облысының Егіндікөл ауданы. Онда 6170 адам тұрады екен. Ал Қорғалжын ауданында 8890 адам бар. Қостанай облысының Наурызым ауданында 11 574 адам, Солтүстік Қазақстан облысының Тимирязиев ауданында 11 823 адам тұрады.
2035 жылы Қазақстанда тағы бір миллион тұрғыны бар қала пайда болады
Мақсат Имандосов:
– Қазіргі демографиялық жағдайға қарағанда 2035 жылы Алматы халқы 3 миллионға жетеді. Ал дәл сол кезде Ақтөбе қаласында адам саны да миллионға жетіп, Қазақстандағы миллион тұрғыны бар бесінші қала болады деп күтілуде. Ақтөбе үшін бұл болжам одан да ерте орындалуы мүмкін, – дейді.
Қазір миллион халқы бар Қазақстан қалалары мыналар: Алматы – 1 833 990, Астанада – 1 051 225, Шымкентте – 1 009 212 адам. Бұдан кейінгі адам саны көп Қарағанды қаласында – 501 000 адам бар. Ал Ақтөбе халқы – 470 000 адамнан асқан.
Оқи отырыңыз: Кредиттік амнистия. Популизм бе, әлде нақты әлеуметтік көмек пе?
Ресейде ана капиталы мен түрлі үстемақылары демография мәселесін шеше алар емес
Ресейдің 2018 жылғы халық саны 60 045 адамға көбейіп, 146 510 064 адамға жеткен. Бір жылда 1 861 380 бала туып, 2 029 797 адам өлген. 228 462 адам Ресейге қоныс аударған. Табиғи өсім – 168 418 адам болып, шегінген.
Ресейде әр күні орташа есеппен 5 100 бала туылып, 5 561 адам өледі екен. Күніне 626 адам қоныс аударып, көшіп келеді.
– Біздің солтүстік көршіміз Ресейден үлгі алуымыз керек. Өткен жарты жылдықта Ресей Федерациясы Зейнетақы қорынан жалпы сомасы 137,2 млрд. рубль сомасындағы аналық жарна сертификаттарын бөліп, 382 мың отбасыға берді. Отбасылардың үштен екісіне алғашқы жарна мен қарыз бойынша төлемдерін төлеуге көмектесті, – дейді Мақсат Имандосов.
Рамай Юлдаш (Ramay Yuldash) атты Фб қолданушы өзінің парақшасында: "Татарстанда да үстеме ақы қосады. Марий Эл Республикасы – өте кедей дотациялық ел. Ешқандай үстеме жоқ. Алайда Аналық капиталдың арқасында 25 жыл әскери қызмет жасаған жұбайыма, құны 2,5 млн рубль тұратын, 62 шаршы метр тұратын үйге үстемесіз, пайызсыз несие берді. Кейбір әскери қызметкерлерге 5-7 млн рубльден пайызсыз несие берілсе, екі баласы барларға 450 мың рубльден қосып берді, ал үшінші балаға үй салу үшін жер берілді", – деп жазған.
Ресейде қарттар көбейіп, туу төмендеп барады
2018 жылы маусымда жарияланған мәліметте Ресейдегі зейнеткерлер саны 46,5 миллион адамға жетіп, жалпы халық санының 31,7%-ын құраған. Соңғы 11 жылда 7 миллион зейнеткер қосылыпты.
Мақсат Имандосов:
– Ресейдегі демографиялық үрдістердің қайталану цикліне көз жіберсек. Екі жыл бұрын Ресейде басталған туудың төмендеуі 90 жылдардағы атап айтқанда туылғандардың саны жылына 1,25 миллионға дейін азайған демографиялық шегіністі қайталап отыр. Төмендегі кестеге қарағанда, бала туудың төмендеуі 1987 жылы 2,5 миллионнан 1999 жылы 1,25 миллионға дейін төмендеді. Бұл цикл тағы да қайталануы мүмкін.
Мақсат мырзаның айтуынша, Ресейде көптеген жылдардан бергі санақта ұлттық негізінен саналмай келеді. Сондықтан онда 600 мыңнан 1 миллионға дейін қазақ бар деуге болады.
Көші-қон балансы Ресейдегі халықтың табиғи төмендеуін сақтап отыр
Мақсат Имандосов:
– Қазіргі уақытта көші-қон балансы Ресейдегі халықтың табиғи төмендеуін сақтап отыр. Бірақ жылдың соңына қарай халықтың жалпы өсімі азаяды. Мәселен, Росстаттың мәлімдеуінше, маусым айында Ресейден кетіп қалғандардың саны 40 мыңнан асты. Бұл – соңғы 16 жылда халықтың ай сайынғы көші-қонының ең жоғарғы көрсеткіші, – дейді.
Қытай халқы қартайып барады
Қытайдың 2018 жылғы халық саны 7 193 567 адамға көбейіп, 1 401 295 763 адамға жетті. жылдық табиғи өсім – 7 569 975 адам болды. Елде17 314 749 бала туылып, 9 744 774 адам өлген. 376 408 адам Қытайдан басқа елдерге қоныс аударған.
Қытайда әр күні орта есеппен 47 438 бала туылады (сағатына 1 976.57 бала). Әр күні 26 698 адам өледі ( сағатына 1 112.42 адам), 1 031 адам шетелге қоныс аударады. 2018 жылы әр күнгі табиғи өсім орташа есеппен 19 708 адамды құрайды.
Қытай өкіметі отбасыларға екінші балаға рұқсат бергеннен кейін де, туудың төмендеуі жалғасуда. Нәтижесінде, елде тұрғындары қартайып барады. Бұл – болашақта елдің дамуына нақты қауіп төндіретін жағдай.
Өзбекстан, Қырғызстан және Түркіменстан халқы тез өсуде
Оңтүстіктегі көршіміздің соңғы жылдағы табиғи өсімі 580 мың адамға жеткен. 1991 жылы 20 миллион халқы бүгін 32,8 миллионға жеткен. Оңтүстіктегі жұмыс іздеген көрші ағайындар бізге де келіп, нәпақасын тауып жүр. Соңғы ресми санаққа негізделгенде Өзбекстандағы қазақтардың саны 2017 жылы 803 мың деп көрсетілген.
Қырғызстан халқы ресми санақ бойынша 2018 жылы қаңтарда 6,256 миллион адамға жетті. Халқының жылдық табиғи өсімі әр жылы 150-160 мың адамға көбейіп отыр.
2017 жылғы статистика бойынша 6 млн 140 мың адамның ішінде 2 млн 64 мың адамды (халықтың жалпы санының 33,6%-і) балалар мен жасөспірімдер, 3 млн 628 мың адам (59,1%-і) – еңбекке жарамды, 448 мың адамды (7,3%-і) – еңбекке жарамсыз.
Түркіменстан халқы 2018 жылы 5 617 512 адамға жетті. Халқының табиғи өсімі 75 937 адамға жетті.
Дания, Жапонияда балаларға берілетін түрлі көмекті көтерсе де туу көрсеткіші төмен
– Жапония соңғы 120 жылда туу деңгейі өте төмендеді.
Даниядағы туу деңгейін көтеру бағдарламасы мемлекеттік және жеке салаларға бөлінген. Мысалға, бір жекеменшік Дания туристік фирмасы өз туристеріне үш апталық және бір айлық турларды сатып алып, демалу барысында, бала көтерген жағдайда, балаға қажетті заттардың 3 жылдық қорын (резерв) ұсынады.
Алты жыл бұрын Токиода алғаш рет 65 жастан асқан ұрылардың саны жастарына қарағанда асып кетті. Құқық қорғау органдары 3221 зейнеткерді ұстаған. Ұрлықпен ұсталған жасөспірімдер саны – 3195 болған. Елордадағы әрбір төртінші ұры – зейнеткер. Елде де осындай жағдай, – дейді Мақсат Имандосов.
АҚШ пен Латвияда бала туу неге төмендеп кетті?
– Олардың бірі – Америка Құрама Штаттары, онда бала туудың ең төменгі деңгейі, әр әйел адамға 1,76 балаға дейін түскен. Американдықтардың балалы болғысы келмейтін себептерінің бірі деп, "Нью-Йорк таймс" газеті балабақшалар мен бала күтушісі көрсететін қызметтердің қымбаттығын атап атаған.
Латвияда туудың төмендеуі Еуропаға көші-қон ағынының жоғарылауымен байланысты. Соған орай егер 2017 жылы халық саны 2 миллион болса, онда 2050 жылға қарай болжам бойынша 1,52 миллион адамға дейін азаюы мүмкін, – дейді Мақсат Имандосов.
Бала туу деңгейі ең төмен он ел
Мақсат Имандосов ағамыздың айтуынша бала туу көрсеткіші ең төмен он мемлекетке Испания, Италия, Болгария, Оңтүстік Корея, Жапония, Ұлыбритания және Сингапур кіреді. Соңғы жылдары әлемде ең төменгі бала туу деңгейі – 0,83.
Әлем елдерінің табиғи өсімі бойынша кестеде 195 мемлекеттің ішінде 25 мемлекетте төмендеу байқалған.
Табиғи өсімі мың адамға шаққанда ең төмен елдердің басында 6,31 адам болған Украина елі тұр. Тізімді Балтық жағалау елдері мен Еуропа елдері жалғастырған.
Ресейде 1000 адамға жылына 0,2 адам қосылып жалпы тізімде өсім бойынша 169 орында тұр. Өзбекстан 99, Қазақстан 104, Қырғызстан 67, Түркіменстан 91, Қытай 142 орында.