Балалар үйінен бала асырап алу оңай емес. Әуелі ата-аналар шешім қабылдай алмай біраз жүреді, одан кейін мыңдаған жетімдердің арасынан асырап алғысы келетін баланы іздеумен тағы уақыт өткізеді. Ақырында құжат рәсімдеуге келгенде бюрократия мен қағазбастылыққа тап болады. Алайда проблема мұнымен біте қоймайды. Informburo.kz редакциясы ешқандай кедергіге қарамастан бала асырап алуға ниеттенген ата-аналардың осы мәселеге байланысты бірқатар сауалдарына жауап іздеп көрді. Материал "Жетімдерсіз Қазақстан" сайтында келтірілген мәліметтер мен мамандандырылған жетекші қоғамдық ұйымдар сарапшыларының пікірін пайдалана отырып әзірленді.
Оқи отырыңыз: "Балалар үйінен бала асырап алғым келеді". Бала асырап алушылар қандай жәрдемақы алады?
№1. Қазақстанда баланы отбасына орналастырудың қандай құқықтық жолдары бар?
Бірнеше. Төменде олардың бәріне жеке-жеке тоқталамыз.
Патронат – ата-анасының қамқорлығынсыз қалған баланы қорғаншылық немесе қамқоршылық органымен келісімшарт жасау арқылы белгілі бір отбасының тәрбиелеуге алуы.
Қорғаншылық – он төрт жасқа толмаған балалардың және сот әрекетке қабілетсіз деп таныған адамдардың құқықтары мен мүдделерін қорғаудың құқықтық нысаны. Бұл Қазақстанда кең таралған тәжірибе. Мұны бала асырап алумен шатастыруға болмайды. Қорғаншы – баланы уақытша сеніп тапсырған және оның мүдделерін қорғаушы адам. Ол баланы тәрбиелеу мен қамтамасыз ету міндеттерін жауапкершілігіне алады. Алайда оған ата-ана құқы берілмейді. Көп жағдайда баланың туысқаны қорғаншы болады. Қорғаншылық туралы шешімді жергілікті атқарушы орган қабылдайды және ол бала асырап алу процесінен оңайырақ. Көп жағдайда бала асырап алудың өтпелі кезеңінде пайдаланылады және отбасына баланы беру процесін жылдамдатады. Құжаттарды рәсімдегенде баланың анкеталық деректері сақталады, яғни қорғанына алушы оған өз тегін бере алмайды. Егер, баланың әкесі не шешесі хабарласса, олар ата-аналық құқын қайта қалпына келтіре алады, қорғаншыларға қарағанда ата-аналарының құқы басым. Баланы 18 жасқа дейін қамтамасыз етуге ай сайын 10 АЕК (1 АЕК – 2405 теңге) көлемінде жәрдемақы беріледі. Қорғаншылықта алименттік, мұрагерлік, мүліктік құқықтық қатынастар болмайды. Баланың денсаулығы, оқуы, белгіленген үлгіге сәйкес жәрдемақы қаражаттарын жаратуға қатысты қорғаншылық ұйымына жылына екі рет есеп береді. Асырап алуға үміткерлер шықса, бала басқа отбасыға берілуі мүмкін.
Қамқоршылық – он төрттен он сегіз жасқа дейінгі баланың, сондай-ақ спирттік ішімдіктерге немесе есірткі заттарына салынуы салдарынан сот әрекет қабілетін шектеген кәмелетке толған адамдардың құқықтары мен мүдделерін қорғаудың құқықтық нысаны.
Ұл баланы (қыз баланы) асырап алу – сот шешімі негізінде баланы бір отбасына тәрбиелеуге беру. Мұндайда бала отбасының толыққанды мүшесіне айналады. Оның барлық құқықтары мен міндеттері ата-ананың жауапкершілігіне беріледі, олардың туған ұл/қызына айналады.
Асырап алу туралы соңғы шешімді сот қабылдайды. Оған прокуратура, қорғаншылық немесе қамқоршылық бойынша міндеттерді атқаратын орган өкілі, сондай-ақ асырап алушы қатысуы керек.
Оқи отырыңыз: Қошқарбай ауылының тұрғындары 11 жетімді бірден асырап алды
№2. Қамқорлыққа алуға қандай құжаттар керек?
Ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балаларды алу үшін тұрғылықты мекен-жайы бойынша қорғаншылық немесе қамқоршылық ұйымдарына төмендегі құжаттарды өткізу керек:
- баланы қамқорлығына алуға тілек білдіргені туралы жазбаша өтініш;
- жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі (түпнұсқасын көрсетумен);
- неке қию туралы куәліктің көшірмесі;
- жұбайының денсаулық жағдайы туралы, сондай-ақ наркологиялық және психиатриялық диспансерлерде есепте тұрмайтындығын растайтын анықтамалар;
- соттылығы бар немесе жоқтығы туралы анықтама;
- меншігінде тұрғын үйі бар екенін растайтын құжат немесе баспананы жалдау шартының көшірмесі.
Оқи отырыңыз: Жетімге жаның ашымасын
№3. Бала асырап алу үшін не қажет?
- Бала асырап алуға тілек білдіргені туралы жазбаша өтініш;
- жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі;
- баланы асырап алуға арналған жақын туыстарының жазбаша келісімі;
- табыс көлемі туралы анықтама;
- отбасы жағдайы туралы анықтама;
- денсаулық жағдайы туралы, соның ішінде есірткіге, уландырғыш заттарға тәуелдігі жоқтығы туралы анықтама;
- соттылығы бар немесе жоқтығы туралы анықтама;
- тұрғын үйі бар екенін растайтын құжат;
- асырап алу мүмкіндігі туралы қорғаншылық және қамқоршылық органдары берген қорытынды.
№4. Бала асырап алушылар көп жағдайда қандай проблемаларға тап болады?
"Милосердие" қайырымдылық қорының жетекшісі Аружан Саинның айтуынша, үміткерлердің басты проблемасы - баланы таңдауға мекемеге жолдама алу. Мекемелер көбіне жолдаманы нақты бір баламен танысу үшін әкелуді талап етеді, ал ата-ана бұл уақытта тіпті таңдау жасап үлгермейді. Балалар үйіндегі сәбилер туралы ақпараттарды электронды деректер базасынан алу мүмкіндігі бар. Алайда қоғамшылдардың айтуынша, онда көп деректер келтірілмеген, анкеталар балалардың жартысына ғана толтырылған көрінеді.
Оқи отырыңыз: "Бала – ұнамай қалса, кері өткізетін тауар емес". Бала асырап алу агенттігі бұл мәселені қалай шешеді?
№5. Кімдерге бала асырап алуға тыйым салынады?
- сот өз бетімен әрекет етуге қабілетсіз деп таныған немесе мүмкіндіктері шектеулі азаматтарға;
- сот ерлі-зайыптының біреуін немесе екеуін де өз бетімен әрекет етуге қабілетсіз деп таныған жағдайда;
- сот ата-ана құқықтарынан айырған немесе осы құқықтарын шектеген жағдайда;
- Қазақстан Республикасының заңына қарама-қайшы келетін әрекеттер жасап, қорғаншы немесе қамқоршы міндеттерінен шеттетілген адамдарға;
- бұрын бала асырап алғанымен, сот белгілі бір себептерге байланысты оларды осы құқықтарынан айырған болса;
- денсаулық жағдайына байланысты ата-ана міндетін атқара алмайтын азаматтар;
- өздерінің тұрғылықты мекен-жайы жоқ азаматтар;
- ер немесе әйел деген жынысқа өздерін жатқызбайтын азаматтар;
- осы уақытқа дейін қасақана қылмыс жасағаны үшін сотталған, сотталған мерзімін өтемеген азаматтар;
- азаматтығы жоқ адамдар;
- тіркелген некеде тұрмаған еркек жынысты азаматтар;
- баланы Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген ең төмен күнкөріс деңгейімен қамтамасыз ететін табысы жоқ азаматтар;
- наркологиялық немесе психоневрологиялық диспансерде есепте тұратын адамдар;
- заңды некелеспеген азаматтар бала асырап ала алмайды.
Оқи отырыңыз: Бала асырап алу жөніндегі агенттік қаншалықты қажет?
№6. Бала асырап алу құпиясы заңмен қорғалады ма?
Иә. Жаңа ата-аналарына беру туралы сот шешімі шыққаннан кейін, баланың биологиялық ата-анасымен байланысы үзіледі. Бұл ретте асырап алған ата-аналары балаға оның тумаған екенін ешқашан айтпауларына болады.
№7. Бала асырап алу үшін кезекке тұру керек пе?
Бұл үміткерлердің баланы таңдауына тікелей байланысты. Ата-аналар көбіне ұлты да сырт келбеті де өзіне ұқсас, дені сау нәрестелерді асырап алғысы келеді.
Оқи отырыңыз: "Балалар үйінен бала асырап алғым келеді". Бала асырап алушылар қандай жәрдемақы алады?
№8. Балаларды жетімдер үйіне неге кері қайтарады?
"Асыранды балалары бар ата-аналар қоғамдастығы" қорының директоры Жанна Кимнің пікірінше, балалар үйінен бала асырап алу оңай емес. Барлық қиындықтарға қарамастан асырап алған баланы жетімдер үйіне қайта өткізу – одан өткен қиын іс. Мұндай жағдайда бала психологиялық күйзеліске түседі. Ата-аналардың мұндай жағдайға тап болуының төмендегідей 5 себебі бар:
Ата-аналардың ынта-жігері жетіспейді. Бала асырап алуға оларды көбіне толыққанды отбасын құру ниетінен бастап, қартайғанда жалғыз қалмау қорқынышына дейінгі жағдайлар итермелейді.
Осылайша бірінші кезекте өздері туралы ойлайды да, баланы таңдаудан бастап оған бірнеше талап қояды. Бұдан кейін бірінші қиындыққа тап болған жағдайда баланы қайта өткізу туралы ойлай бастайды. Мәселен, олар өзіне ұқсайтын көрікті, дені сау қызды іздеп, тапты делік. Ал, бала 3 жасқа толғанда оның аутизм дертімен ауыратындығы белгілі болады. Ата-аналардың көбі мұндай сынаққа дайын емес болып шығады. Сарапшының пікірінше, мұндайда олардың ынта-жігері мықты болуы керек. Баланы толыққанды отбасының мүшесі болуына жағдай жасап, өз баласындай жақсы көру қажет-ақ. Өз баласын шашының түсіне, денсаулық жағдайына, кімге ұқсап туылатынына қарап таңдамайтыны сияқты, асыранды баланы да дәл солай қабылдау керек.
Ата-аналарға арналған мектептер жоқ. Шетелде ата-аналар бірінші кезекте заң бойынша арнайы курстан өтуі тиіс. Мұнсыз оларға бала берілмейді. Қазақстанда ондай заң жоқ, сол себепті мамандандырылған мектеп жоқтың қасы. Нәтижесінде біздің елде ата-аналар баланы алғаннан кейін кез келген туындаған жағдайға дайын болмай шығады.
Асыранды балаларға арналған мектептер жоқ. Жетім балалар толыққанды отбасында өздерін қалай ұстау керектігін біле бермейді. Көңілі жетім болып қалған олардың көбі күйзеліске көп ұшырайды. Сәйкесінше, дайындалмаған балада бейімделу кезеңі өте қиын өтеді.
Асыранды баласы бар отбасын сүйемелдеу шаралары жоқ. Дайындалмаған ата–ана дайындалмаған баланы бауырына басқанда жағдай ушығады. Мұндайда отбасының көмекке жүгінетін жері жоқ болса тіптен қиын. Егер асыранды мен туған баланың арасында кикілжің туындаса не істеу керек? Баланы жетімдер үйіне қайта өтізесіз бе, әлде басқаша әрекет етуге қамданасыз ба? Мұндайда мамандардың көмегінсіз мәселені оңтайлы шешу мүмкін емес.
Қоғамда асыранды балалары бар отбасына қолдау көрсетілмейді. Адамдардың асыранды балаларға көзқарасы түзу бола бермейтінін тәжірибе көрсетіп жүр. Тастанды сәбидің туған ата-анасын наркоман, ішкіш, қаніпезер деп айыптаушылар табылады. Жетімдігін бетіне басатындар да бар. Бала-бақшада, мектепте, емханаларда, басқа да әлеуметтік нысандарда мұның қалыпты жағдайға айналғаны қынжылтады. Мәселен, отбасындағы асыранды балаға тегін мектеп бермейді?" деген сұрақ туындайды. Қоғам тарапынан мұндай соққы көру жетім балаға оңай емес.
"Асыранды балалары бар ата-аналар қоғамдастығы" қоры балалар үйінен бала асырап алуды жоспарлаған, сондай-ақ проблемаларға тап болған асыранды баласы бар отбасыларға тегін кеңес беретіндігі туралы хабарлайды. Қоғамдық ұйыммен төмендегі телефондар арқылы байланысуға болады: 8(705) 240-22-22; 8(701) 731-35-06; 8(777) 595-46-03.
Авторы Игорь Мосунов.
Аударған Мәншүк Шапхатқызы.