Прокурор Денис Теннің өліміне кінәлілерді 20 жылға соттауды сұрады
Алматыда Д.Теннің өліміне қатысты сот процесі жалғасып жатыр. Прокурор Қ.Досов пен мемлекеттік айыптаушы Е.Сержанов күдіктілердің кінәсінің толық дәлелденгенін айтып, Арман Құдайбергенов (ұрлық жасау және адам өлтіру бойынша айыпталған) пен Нұралы Қиясовты (Тергеу нұсқасы бойынша Д.Тенге пышақ салды деп айыпталған) 20 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. Ал, қылмысты жасырып қалды деген үшінші күдікті Ж.Толыбаеваны 4 жылға соттауды сұрады.
Б.Рысқалиев 17 жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін
Мемлекеттік айыптаушы Д.Бағытжанов соттан Атырау облысының бұрынғы әкіміне осындай жаза тағайындауды сұрады. Экс-шенеунікке қызмет өкілетін асыра пайдаланды, жемқорлық пен ұйымдасқан қылмыстық топ құрды, алаяқтық жасалды және т.б. айыптар тағылды.
Прокурор Б.Рысқалиевтің ағасы А.Рысқалиев пен күйеу баласы Р.Әлбақасовқа 16 жылдан бас бостандығын айыруды сұрады.
Қытайда әлемде бірінші рет 5G технологиясымен қашықтықтан ота жасалды
5G технологиясымен механикалық қолды басқара отырып, 50 км қашықтықтан жасалған отада зертханалық жануардың бауырының бөлшегі алынып тасталды. Бір сағатқа созылған отадан кейін жануардың жағдайының жақсарғаны анықталды. Сынамадан сәтті өткен жаңа технологияны қытайлықтар болашақта алыс елді мекенде тұратын адамдарға қашықтықтан жасалатын ота кезінде пайдалануды жоспарлап отыр.
Қазақстанда азық-түлік шығындары ең төменгі жалақының 56 пайызын құрайды
Picodi.com сарапшылары әлемнің 52 еліндегі (оның ішінде Қазақстан да бар) ең төменгі жалақы мөлшерін саралап, ең көп тұтынатын негізгі тағамдарға адамдардың қанша қаражат жұмсайтынын есептеп көрді. Азық-түлік себетіне нан, сүт, жұмыртқа, күріш, ет, көкөністер мен жеміс-жидектер салынды.
Picodi.com есебінше, Қазақстанда осы тізімдегі тағамдарға орта есеппен 20914 теңге жұмсалады:
Сүт (10 л) – 2694 теңге, нан (10 бөлке 500 г) – 913 теңге, күріш (1,5 кг) – 394 теңге, жұмыртқа (20 дана) – 570 теңге, ірімшік (1 кг) – 1875 теңге, тауық еті мен сиыр еті (6 кг) – 9466 теңге, жеміс-жидектер (6 кг) – 3055 теңге, көкөністер (8 кг) – 1947 теңге.
1 қаңтардан бастап елімізде ең төменгі жалақы мөлшері 42 500 теңге болды. Барлық шегерімнен кейін қолға оның 37 253,40 теңгесі тиеді екен. Қазақстандықтар әлгі себеттегі тағамдар үшін бұл жалақының 56,1%-ын жұмсайды. Сарапталған 52 елдің ішінде Қазақстан 48 орынға жайғасты. Біздің елден кейін Тайланд, Нигерия, Индия мен Филиппин елдері орналасты.
Астанада жыл басынан бері 244 адам қызылша ауруымен ауырған
Алматыда – 6 адам. Аурудың таралуына адамдардың екпеден бас тартуы басты себеп болғаны аталды. Былтырдан бері осы аурумен ауырғандар саны, әсіресе Астана, Алматы, Ақмола және Түркістан облысында өсіп кеткен.
Қазақстанның екі жоғары оқу орны дамушы елдердің ең үздік университеттері тізіміне енді
Олар – әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мен Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті. Times Higher Education әлемнің 43 елінің 442 университетінің оқытушылық құрамын, ЖОО жүргізген зерттеулерін, сондай-ақ оның болашағына қатысты көрсеткіштерін саралап, рейтингісін құрған. ҚазҰУ бұл тізімде 201-250 орыннан (әлемнің 50 университетімен балдары бірдей болған) бой көрсетсе, Еуразия Ұлттық университеті 301-350 орында. Рейтингтің үздік ондығына Қытайдың 7 бірдей университеті ілінген. Олардың 4-уі алғашқы төрттікке кірсе, ал 5 орынға Ломоносов атындағы Мәскеудің мемлекеттік университеті жайғасыпты.
Еліміз мантудан бас тартпақшы
Балалардан туберкулезды анықтау мақсатында салынатын мантудың орнына біртіндеп басқа сынамалар енгізілетін болады. Қазақстанның бас фтизиопульмонологы М.Әденовтың айтуынша, мантудың аллергиялық компоненттері бар. Кей жағдайларда жалған нәтижелер береді. Қазір оның балама нұсқасы ретінде – диаскинтест енгізіліп жатыр. Бұл – ресейлік өнім, аллергиялық компоненті жоқ. Мантудың орнына сондай-ақ, иммунды реакцияға негізделген квантиферонды тесті де енгізу жоспарланып отыр.
Қазақстандық БАҚ не жазды:
Inform.kz: 17-19 қаңтарда еліміздің солтүстігінде боран соғып, оңтүстігінде жауын жауады. Иран аймағынан Қазақстан территориясына жылы ауа массаларының енуінен, барлық өңірлерде 5...15 градусқа климаттық нормадан жоғары ауа температурасы сақталып отыр. Оңтүстік циклонымен республиканың солтүстік жартысында қар, бұрқасын, оңтүстік жартысында – жаңбыр, жылбысқы қар, көктайғақ және тұман күтіледі, бұрынғыдай нормадан жоғары ауа температурасы сақталады.
Bnews.kz: Еңбекке жарамсыздық туралы парақты беру тәртібі толығымен автоматтандырылады. Дәрігер еңбекке жарамсыздығыңыз туралы парақша ашады, тиісінше, ақпарат денсаулық сақтаудың бірыңғай жүйесіне енгізіледі. Елімізде аталған парақшаны беруді бақылаудың осындай жүйесі болады. Еңбекке жарамсыздық туралы ақпарат дереу жұмыс берушіңізге жіберіледі, осылайша қағаз түрінде апарып дәлелдеудің қажеті жоқ. Оның автоматты түрде күші болмайды.