Тікелей эфир

Қазақстан жанармай экспортын көбейтеді

Бұған дейін мұнай өңдеу көлемінің 2019 жылы 5 пайызға артатыны айтылған.

Алдағы онжылдықта әлем бойынша көмірсутекті шикізатты тұтыну деңгейі артады. Ал мұнай-химия өнеркәсібінің тұтыну көлемі екі есеге өспек. Бұл туралы елордада өтіп жатқан "Орталық Азиядағы мұнай өңдеу мен мұнай химиясы" атты жыл сайынғы форумда KAZENERGY қауымдастығы басқарма төрағасының орынбасары Ұзақбай Қарабалин мәлімдеді.

"Көмірсутегі шикізатының ірі экспорттаушыларының бірі ретінде біздің аймақ үшін мұнай өңдеу және мұнай химиясы зор маңызға ие. 2018 жыл – Қазақстан тарихында алғаш рет рекордтық жыл ретінде тарихта қалды. Мұнай өндірісі 90 млн тоннаны құрады. Ал газ өндірісі 56 млрд текше метрге жетті. Яғни, сала қарыштап дамып келеді. Оған елдегі үш ірі мұнай өңдеу зауыттарының жаңғыртылуы ықпал етті", – деді Ұзақбай Қарабалин.

Басқарма төрағасы орынбасарының айтуынша, мұнай өңдеу зауыттарының жаңғыртылуы мұнай өңдеу көлемін жылына 17 млн тоннаға дейін арттыруға мүмкіндік бермек.

"Өңдеу тереңдігінің артуы, сондай-ақ K4, K5 санатты жанармай сапасының сақталуын ескере отырып, біз ішкі нарықтың қажеттіліктерін қанағаттандырып қана қоймай, сонымен қатар жанар-жағармай нарығында экспорттық әлеуеттің иесі болдық. Сонымен бірге, Үкіметтің алдында шикізаттық емес экспортты 2025 жылға қарай екі есе арттыру міндеті тұр. Экспорттың едәуір үлесін мұнай-химия өнімдері құрайды", – деді Ұзақбай Қарабалин.

Энергетика вице-министрі Мұрат Жүребековтің айтуынша, Атырау, Шымкент пен Павлодардағы мұнай өңдеу зауыттарын жаңғыртудың арқасында Қазақстан ішкі нарықты отандық жанармаймен қамтып отыр. Бұған дейін Энергетика министрлігі мұнай өңдеу көлемінің 2019 жылы 5 пайызға артатынын мәлімдеген еді. Егер жоспар орындалса, биыл шетелге жанармай экспорты айтарлықтай ұлғаймақ.

"Цифрландыру аясында біз жақын арада Атырау мен Шымкент мұнай өңдеу зауыттарына техникалық қызмет көрсету мен құрылғыларды жөндеу жобасын енгізуді жоспарлап отырмыз. Бұл жүйе профилактикалық тексерістер мен жөндеу жұмыстарын басқарып, МӨЗ-дің үш жылдық жөндеуаралық кезеңіне өтуге мүмкіндік береді", – деді вице-министр. Оның айтуынша, осы жүйені енгізудің арқасында құрылғылардың қызмет ету қызметі 8-10 пайызға артып, жөндеуге кететін шығын 10 пайызға азаяды, мұнай өңдеу көлемі жылына шамамен 300 мың тоннаға артады.

Мұрат Жүребековтың мәліметінше, мұнай-химиясына салынған бір доллар экономикаға 2-3 доллар әкеліп, орташа есеппен 7 жаңа жұмыс орнын ашады. Оның айтуынша, мұнай-химия саласына инвестиция тарту үшін министрлік мемлекеттік қолдауды ұсынады. Мәселен, қазірдің өзінде Атырау облысында салықтық және кедендік артықшылықтарға ие арнайы мұнай-химия аймағы құрылған.

"Мемлекет инфрақұрылым құрылысын жүргізуді қаржыландырады. Өйткені бұл капиталды 20 пайызға және пайдалану шығындарын 15 пайызға дейін азайтуға мүмкіндік береді. Шетелдік жұмыс күшін тарту тәртібі жеңілдеді. Осылайша, ведомствоаралық комиссия деңгейінде өтініштер бір терезе қағидаты негізінде қаралады. Бұл бағыттағы жұмыс рұқсат беру мерзімін екі жылдан үш айға дейін қысқартты", – деді вице-министр.

Серіктестер жаңалықтары