Тікелей эфир

Қазақстан ішкі туризмнен жылына $20 млрд жоғалтады дейді мамандар

Фото thailand-trip.org сайтынан алынды
Фото thailand-trip.org сайтынан алынды
Туризмде тренд деп қабылданған кейбір бағыттар туралы Сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев Twitter парақшасында пікір білдірді.
"Туризмді экономиканың табысы мол саласына айналдыру үшін кешенді және мазмұнды жұмыс жүргізу қажет. Шетел тәжірибесінен үлгі алуға болады. Көрме-презентация, форумдар мен буклеттер мәселені шешпейді", – деп жазды Қасым-Жомарт Кемелұлы 2018 жылы 8 қазан күні.

"Туризм туралы заң жобасы талқыланардың алдында Сенат төрағасының пікірі заңның бағытына әсер етеді", – дейді мамандар.

Әлемдік экономикадағы аса жылдам дамып жатқан саланың бірі – туризм

БҰҰ, Дүниежүзілік туристік ұйымы және Халықаралық валюта қоры туризмнің табысы жылына 3,5 трлн АҚШ долларына жеткенін айтады. Бұл әлемдік жалпы ішкі өнімнің (ЖІӨ) 10,9%-на, ал инвестициялардың 7%-на тең.

Мұндай ақпаратты өткен жылы Дүниежүзілік экономикалық форумның сарапшылары жариялады.


Қазақстанға шет мемлекеттерден келетін туристердің үлесі

Қазақстанға шет мемлекеттерден келетін туристердің үлесі / Статистика агенттігінің сайтындағы 2017 жылдың көрсеткіштерінен алынды


Ал Қазақстанда...

Мәжіліс депутаты Шавхат Өтемiсовтің есебінше, бізде жылына 6,5 млн адам iшкi туризм қызметiн пайдаланса, шетелге шығатындар саны 9 милионнан асады.

– Туризмнің ішкі жалпы өнімдегі үлесi 1,6%. Оның ішінде iшкi туризмнің үлесi 1%-дан аз. Қазақстанның мүмкiндiктерiн пайдалана алмай отырмыз, – дедi ол.

Депутаттың пайымдауынша, бізде iшкi туризм – қымбат. Кейде шет елде демалған әлдеқайда арзанға шығады.


Қазақстандық туристердің шет мемлекеттерге шығу үлесі

Қазақстандық туристердің шет мемлекеттерге шығу үлесі / Статистика агенттігі сайтындағы 2017 жылдың көрсеткіштерінен алынды


– Туристiк өнiм бағасы шарықтап тұр. Бәсекелестiктi дамыту керек. Ұсыныс көп болса, баға төмендейдi. Қызығушылық болмаса, табыс көзi айналмайтынын компаниялар түсiнуi керек, – дейдi Шавхат Өтемiсов.

Туризмнің дамуына кедергі көп


Қазақстанға кім қандай мақсатпен келді?

Қазақстанға кім қандай мақсатпен келді? / ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің 2017 жылғы мәліметтері бойынша дайындалды


Өткен аптада Алматыда ішкі және келу туризмін дамытуға арналған мемлекеттік бағдарлама таныстырылды. Сол кезде Мәдениет және спорт вице-министрі Ерлан Қожағапанов жобаны мемлекеттік органдар алдында қорғау қажеттігін айтты.

"Елбасы тапсырмасы бойынша біз ішкі және келу туризмін дамытудың 2025 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламасын және "ҚР-ның кейбір заңнамалық актілеріне туристік қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Заң жобасын әзірлеумен белсенді айналыстық. Ұсыныстар жинадық, шетелдік сарапшылардың қорытындыларын алдық. Оның барлығы мемлекеттік бағдарламаны әзірлеу үшін құрылған штабта ашық талқыланды. Барлық мүдделі тараптардың қолдауынсыз біз мақсатқа жете алмаймыз. Бізге белсенді қолдау керек" – деді вице-министр.

Вице-министрдің "бізге белсенді қолдау керек" деп қорғана сөйлеуінің себебі бар екен

Осы жиын өтерден 1 күн бұрын Алматыда туризм секторының белсенділері бас қосты. ШҚО туристік компаниялар қауымдастығының атқарушы директоры Серік Жүнісов үкімет ұсынып отырған тұжырымдаманың сала өкілдері көңілінен шықпайтынын айтты. Құжатты дайындаушы топ мемлекеттік емес, жеке ведомстволық мүддені ойлап отыр. Оның айтуынша, бұған дейін де орындалмайтын бірнеше бағдарлама болған. Бұл да соның бірі болып қалуы әбден мүмкін.

– Өзбекстанда мемлекеттік қолдаудан кейін шеттен келген туристер ағынының екі есе өскенін көріп отырмыз. Бізге де осындай шара керек. Министрліктердің бюрократиясы бұған қол байлау, – деді Серік Жүнісов.

Қазақстандағы туристік компаниялар қауымдастығының өкілі Роза Асанбаеваның айтуынша, бағдарламаның қаржылық құны – 8 млрд АҚШ доллары. Түпкілікті мақсат – сыртқы туристік ағынды 6,6 млн адамнан 9 млн-ға дейін, ішкі туристердің санын 4,6 млн-нан 8 млн адамға дейін өсіру.

– Жоспар бойынша туризм саласында қызмет істейтіндер саны қазіргі 400 мың-нан 650 мың адамға дейін жетуі керек, – дейді Роза Алтынбаева.

Туризм арбаның бесінші доңғалағы сияқты әртүрлі министрлікке тіркесіп жүреді

Эксперт Евгений Кожевниковтың ойынша, туристік индустрия өкілдерінің "жеке министрлік ашылса" деген үміті тағы үзілді. Біздің елде туризм индустриясына бөлінген қаржыға мониторинг жасау мүмкін емес.

– Қазақстанға келетін туристер саны Әзербайжан, Грузия, Өзбекстанмен салыстырғанда төмен. Көрсетілетін қызмет халықаралық стандарттар жүйесіне сай емес. Туризмді дамытуға қаржы жоқ, ақша бөлінбейді деу қисынсыз. Ықылас жоқ. Қазір тек есеп берумен отыр. Өйткені қымбат мұнай бағасына иек артуды білетін үкімет әлі ашыққан жоқ. Туризм министрлігін ашпай болмайды, – дейді Евгений Кожевников.

Өзбек пен қырғызда қалай?

Өзбекстандағы туристік қауымдастықтың атқарушы директоры Гүлчехра Исрайлова өзбек билігі туризмді мемлекеттің басым бағыты санап, 2016 жылдың аяғында туризмнің күре тамырына қан жүгіртетін тарихи шешім қабылдағанын айтты. Онда эко-туризм ауылдың инвестициялық жағдайын жақсартатын негізгі фактор ретінде қарастырылыпты. Бұл жеке тұлғалардың бизнесті туризммен ұштастыруына мүмкіндік береді.

– Туризм саласын дамытуға атсалысқысы келгендерге жылына 2 пайыздық үстемақымен несие беріледі. Олар 2022 жылға дейін салықтан босатылады, – дейді Гүлчехра Исрайлова.

Қырғыздар туристерімен бөлісуге әзір

Қырғыз туристік қауымдастығының атқарушы директоры Мырзабек Озубеков бізбен әңгімесінде қырғыздың Ыстық көліне келген шетелдік туристер Алатаудан асып, Алматыға жететінін айтады.

– Одан кейінгі тізгін қазақтарда. Екі ел күш біріктірсе, Алатау қазақ пен қырғызды аш қалдырмайды. Құдай бір-бірімізге көрші болуды, Алатаудың күнгейі мен теріскейін тел емуді, бір тарихи тағдырды жазды. Бір-бірімізді құшағымызға тартайық, – деді Мырзабек Озубеков.

Бұдан кейін ол қырғыз елі эко және ауыл туризмі арқылы бизнесті дамытуға қолайлы жағдай жасап алғанын айтты.

– Біз виза мәселесін 2 күнде ғаламтор арқылы шешуге қол жеткіздік. Туристердің алдын-ала төлем жасаған 50 АҚШ доллары туризм индустриясын дамытуға жұмсалады, – деді ол.

Туристерді не қызықтырады?

Қазақтың тарихы, ешкімге ұқсамайтын болмысы, тұрмыс-тіршілігі, салт-санасы, дәстүрі қызықтырады. Шеттен келгендер өзге өркениетті көргілері келеді. Еуропа, Азия елдерін айтпағанда, іргеміздегі Өзбекстан бұ жағынан бізден оқ бойы озық тұр. Сан ғасырлық тарихы, қайталанбас шығыстық дара сәулеті бар Бұқара, Самарқан, Қоқан мен Хиуа секілді көне қалаларын туризм орталығына айналдыра алды. Заманауи Астана, Алматы емес, көне қалалар Сарайшық, Ақыртас, Отырар төбе мен Түркістан туристерге қызықты.

Көшпенділер өркениетін алға тартып, Моңғолиямен бәсекеге түсе алмаймыз

Сырт көз бізді өткенін ұмытқан және қазіргі заман ағымына ілесе алмай келе жатқан жұрт деп таниды.

– Қытай, Моңғолия қазақтарын тартып, көшпенділер өмірі жайлы жобалар жасауға болады. Сооронбай Жиенбеков жүгенін ұстаған қырғыз жұрты Дүниежүзілік көшпенділер ойынын халықаралық деңгейге көтерді. Оған Біріккен Ұлт­тар Ұйымының Бас Ассам­блеясы жоғары баға берді, ЮНЕСКО қолдау көрсетті. Өзбектер қырғыз ағайындармен күш қосып, туризмді дамытуға ықылас танытты,– дейді "Kazakh tourism" ұлттық компаниясы Басқарма төрағасының кеңесшісі Гүлнар Кенеева бізге.

Әлемге не ұсына аламыз?

Гүлнар Кенеева қазақ жерін әлемге таныту үшін ұйықтап жатқан тарихты ояту керек дейді. Екі-үш жыл бұрын Түркістан облысының Қазығұрт өңі­рінен динозаврдың сүйегі табылыпты. Қазығұрттың етегінде көп екен. Бірақ...

– Бас-көз болмаған соң тұрғын үйлердің іргетасына қаланып кетеді немесе көне заттарды жинаушы шетел­дік­терге болмашы қаржыға сатылады, – дейді Гүлнар Кенеева.

EXPO-дан кейінгі қызығушылықты сақтай алмадық

Рашида Шайкенова әлеуметтік желілерде ЭКСПО көрмесі өтіп жатқан кезде елге келген туристердің саны 18 есе өскенін айтты. Жергілікті операторлар қайта бағдарланып, кірме туризм бойынша жұмыс істей бастапты.


Рашида Шайкенова / Фото әлеуметтік желідегі парақшасынан алынды

– Біз сол деңгейді сақтай алмадық. Сарапшылар "20 млрд АҚШ долларын жоғалттық" деп жүр. Біз заң жобасын дайындаушы топқа Туристік инфрақұрылымды, визаларды және көші-қон саясатын ырықтандыруға, туристік нысандар мен дестинациялардың көліктік қолжетімділігін дамыту, туристік бренд туралы ұсыныстарымызды айттық, – дейді Рашида Шайкенова.

Шал­ғайдағы тарихи ны­сандарда ағылшын тілінде қызмет көрсете ал­майды

Рашида Шайкенова жыл сайын Қазақстан­дық жоғарғы оқу орындарынан 500 студенттің туристік менеджер дипломын алып шығатынын айтты. Алматы, Астана не облыстардағы туристік агенттіктер солардың оншақтысын ғана жұ­мыспен қамтамасыз ете алады.

– Тиісті ми­нистрлік сол мамандарды ішкі ту­ризмді дамытуға жұмылдыру керек. Орталықтан шал­ғай аймақтарда ағылшын тілінде ойын дұрыстап жеткізе ал­май­тын мамандар отыр, – дейді Рашида Шайкенова.

Туризм арқылы Түркияның аты әлемге танылды

– Түркия билігі ең алдымен халықтың әлеуетіне иек артты. Шамасы келетіндерге теңіз жағасынан жер берді, қаржы бөлді. Өз-өзіне келгенге дейін салықтан босатты. Теңіз жағасынан демалыс үйін саламын дегендерге "азық-түлікпен өзің қамтамасыз ет, бау-бақша өсір, егін сал" деп қосым­ша қаржы бөлді. Аз ғана уақыт ішінде ЖІӨ-нің тең жартысын туризм саласынан түсіріп отырған бай, қуатты елге айналды. Бұрын тек жағажай туризмімен аты шыққан Түркия қазір тарихи туризмнің мүмкіндігін іске қосты. Сүлеймен сұлтан туралы 150 сериялы киносынан кейін туристер саны 3-4 есе өсті. Тарихтан тірек іздеу әлемдік трендке айналған кезде Түркияның ақпарат көздеріндегі "Сұлтан Сүлейменнің уәзірлерінің зираты табылды" деген ақпараттың өзі туристердің қызығушылығын тудырып жатыр, – дейді Рашида Шайкенова.

Ішкі туризмнің қымбаттығына маусымдық фактордың әсері бар

Бұл – Рашида Шайкенованың пікірі.

– Қазақстандағы туризмнің индикаторы – Алматы мен Көкшетау. Бурабай мен Көкшетауға Астананың ықпалы күшті. Бурабай мен Шымбұлақтағы бес жұлдызды қонақ үйлердің басым көпшілігі жаз мезгілінде бос тұрады. Жыл бойы адам аяғы үзілмесе, баға да төмендер еді. Ол үшін Орталық, Солтүстік, Оңтүстік, Шығыс және Батыс бағытын қамтитын туристік жобаларды ұйымдастыру керек, – дейді Рашида Шайкенова.

Қазақстан туризм брендін қалыптастырған жоқ

Рашида Шайкенова бұл фактор туризмді дамыту үшін маңызды екенін айтады. Үкіметтік мінберлерде айтылатын Астана феномені немесе Алматы тек біз үшін ғана маңызды. Мыңжылдықтар тарихын сақтап қалған Бейжің немесе Стамбул, Самарқан мен Бұқараға Алматы мен Астана ілесе алмайды. Туристердің 50 пайызы алыс саяхатқа тарихпен тілдесу үшін шығады.

– Халық аңыздарында атақты қолбасы, қаhарымен бүкіл Шығысты тітіренткен Ақсақ Темір Түркістандағы әулиеге бас игені айтылады. Ахмет Яссауи қайтыс болғаннан екі жүз жылдан кейін оның әмірімен қирап бітуге қалған кішкене ғана мазардың орнына дүние жүзілік сәулет өнеріне сай ескерткіш орнатылды. Ахмет Яссауидің туған қаласы Сайрамнан бастап Түркістанды әлемдік туризмнің тартылыс нүктесіне айналдыруға мүмкіндік бар. Соны пайдалана алмай отырмыз, – дейді Рашида Шайкенова.

Серіктестер жаңалықтары