Cеnter for Strategic Initiatives болжамы бойынша алдағы бес жылда Қазақстан экономикасына қатысты келесі өзгерістер болуы мүмкін:
- Қытай Қазақстанмен және Орта Азия елдерімен сауда айналымын юаньмен жүргізеді;
- Қазақстандағы шетелдік банктер саны отандық банктер санынан асып түсіп, бес жылда олардың экономиканы несиелеу үлесі 50 пайыздан артады;
- Түркия НАТО құрамынан шығып, ШЫҰ мүшесі болады. Ал 2020 жылы ЕАЭО-мен бірыңғай нарық туралы келісім жасайды;
- 2020 жылы Ресей рублі ЕАЭО елдерінің резервті валютасы болып, 2025 жылға қарай бірыңғай валютасына айналады;
- Қазақстан Дүниежүзілік сауда ұйымымен келісімді уақытша тоқтатады;
- 2019 жыл соңында Америка мен Ресей арасындағы қарым-қатынастың ушығуына байланысты АҚШ Қазақстанға қатысты санкция жариялайды;
- Алдағы үш жылда Forbes Kazakhstan нұсқасы бойынша 50 ең бай бизнесменнің тізімі 90 пайыз жаңарады;
- Қазақстан экономикалық реформалар жөнінен 2000 жылдардың басына оралады;
- Қазақстан техногендік апаттар фазасына өтеді;
- 2022 жылға қарай Қазақстанның сыртқы қарызы ЖІӨ-нің 200 пайыз мөлшерінен асып түседі.
Оқи отырыңыз: Қазақстан экономикасы: бүгіні мен болашағы. Қазақстан экономикасының ұлттық моделі қандай?
Сондай-ақ, әлем экономикасында да күрделі өзгерістер болуы мүмкін. Стратегиялық бастамалар орталығы өз болжамын жасап, еркін ақпарат кеңістігінде жариялап отыруды дәстүрге айналдырған. Сонымен, CSI әлем экономикасында қандай өзгерістерді болжап отыр?
№1. 2020 жылы Дональд Трампқа импичмент жарияланады
Келесі жылы АҚШ-та саяси дағдарыс баталады. Бұл болуы мүмкін жаһандық экономикалық дағдарысқа қарсы қимыл жасауға кедергі келтіреді. Биліккке таласушыларға және қоғамның топтарға бөлінуіне әкелген 500 компанияның акционерлері мен басшыларына қарсы жаппай әлеуметтік наразылықтар басталады. Бұл түбінде азаматтық соғысқа әкелуі мүмкін.
№2. Германия Еуропа одағынан шығу туралы мәлімдеме жасайды
2021 жылы Бундестагта өтетін сайлау кезінде AFD ультраоңшыл партиясы көп дауысқа ие болып, Германия Еуропа одағынан шығу туралы шешім қабылдайды. Сонымен қатар, Германия неміс маркасын қайта қалпына келтіретінін мәлімдеп, кейін ол Еуропа елдерінің резервті валютасына айналады.
№3. 2020-2022 жылдары Еуразия экономикалық одағы кеңейеді
ЕуроОдақ құрамына Өзбекстан, Түркіменстан, Тәжікстан, Әзербайжан кіреді. Германия және Франция еркін сауда аймағын құру туралы ЕЭО-мен келісім жасайды. Украина және Балтық елдері ЕЭО бақылаушысы мәртебесін алады.
№4. Ресейде жаңа коммунистік партия құрылады
Жаңа партия мемлекеттік дума сайлауында 2021 жылы екінші орынға шығады. Ал Ұлыбританияда лейбористтік партия Парламентте көпшілік дауысқа ие болып, оның басшысы премьер-министр болады. Осы жағдай социалистік партиялардың танымалдығын арттырып, жаңа реформалар жүргізуге ықпал етеді.
№5. Иран мен Сауд Арабиясы арасында әскери қақтығыс басталады
Оның салдарынан Ормуз бұғазы жабылады. Қақтығыстың бастапқы кезінде мұнай бағасы барреліне 200 долларға көтеріліп, $30-$300 аралығында құбылып тұрады. Алтынның бір унциясының құны 3000 долларға жетеді.
№6. Өзбекстан ЕАЭО-ға мүше болып, ауыл шаруашылығына субсидия беру тоқтайды
Бұл екі өзгеріс ауыл шаруашылығы саласында ауқымды дағдарысқа әкеледі. Нәтижесінде Қазақстанның ірі ауыл шаруашылық өнімдерін өндірушілерінің жұмысы тоқтайды.
№7. Ресей мен Қытайға оқуға кететіндердің саны артады
Мектеп бітіргеннен кейін Ресей және Қытай жоғары оқу орындарына түсетін қазақстандықтардың саны 2022 жылдан бастап жыл сайын 100 мың адамға артып отырады. Ал 2022-2025 жылдары бұл елдерде білім алушылардың жалпы саны 500 мыңнан асады.
№8. Тегін интернет желілері пайда болады
Өте арзан немесе тегін интернет тарататын Starlink (Space X), Kuiper (Amazon), Oneweb және Telesat жерсеріктік жүйелердің қалыптасуы, сонымен қатар Google-дың интернет-дирижабльдері және Facebook-тың интернет-дрондарының дамуы көптеген елдердің телекоммуникация саласын күйретеді. Сонымен бірге интернет еркіндігін шектеу мүмкін болмай қалады.
№9. Қытай алтын қорын көбейтіп, сирек металдар экспортына тыйым салады
2020-2022 жылдары Қытай мен АҚШ және оның одақтастары арасындағы қарым-қатынас нашарлай түсіп, Қытай алтын қорының нақты көлемін (10 мың тоннадан астам) жариялайды. Бұл жағдай әлемдік резервтердегі юань үлесінің 20-30%-ға жылдам өсуіне себеп болады. Сонымен бірге Қытай сирек кездесетін металдар экспортына тыйым салу арқылы дамыған елдердің экономикалық дағдарысқа ұшырауын жеделдетеді.
№10. Орман көлемі ұлғайып, қоқыс өңдеу зор табыс көзіне айналады
2022 жылдан бастап жер шарындағы орман көлемі арта бастайды. Сонымен қатар қоқыс жинау орындары мен қоқыс алаңдарында көмір қышқыл газы мен қоқысты, пластикалық қалдықтарды қайта өңдеудің жаңа және арзан технологиясы пайда болады. 2022 жылдың соңында мұхит бетіндегі қоқыстарды жинау бойынша жобаның аяқталғаны туралы жария болады. OceanCleanup компаниясы IPO жүргізіп, жиналған қоқыстың құрамындағы бағалы металл көлемі бойынша әлемдегі ең табысты компания атанады.