Қытай азық-түлік нарығын Қазақстанға бағыттап отыр
4 маусымда Қытайдың Шиан (Сиань) қаласында Қазақстан кәсіпкерлерінің қатысуымен бизнесмендер форумы өтті. Жалпы мұндай жиын Шиан қаласында жиі өте бастады.
Ондағы басты себеп, 2017 жылы наурыздан бастап Шиан халықаралық сауда және зат тасымалы аймағы – шетелден астық импорттайтын арнаулы өткел болып белгіленді.
Шиан қаласы – Қытайдың батысындағы ең үлкен темір жол қақпасы. Жібек жолындағы үлкен бекет әрі мемлекет белгілеген арнайы тасымал-үйлестіру аймағы болып есептеледі. Қытайдың шет елге зат тасымалдайтын жүк поездарының 80 пайызы осы араны басып өтеді. Бұл – Шианның бұндай жұмысты ұйымдастыруға өте қолайлы орын екенін көрсетеді.
Қытайдың аграрлық саласы соңғы 10 жылда барынша құлдырай бастады. Алайда жалпы тұрғыдан алғанда Қытай азық-түлік өндіруде әлемде көшбасшы елдердің бірі әрі импорттаушы ел. Сонымен бірге АҚШ пен Еуропа Одағынан кейін үшінші орында тұратын экспорттаушы ел. Мәселен 2016 жылы Қытай 7 млн тонна сиыр етін, 200 мың тонна бақша өнімін, 3 млн тонна бидай, 11 млн тонна арпа, 7 мың тонна бал өнімін сырттан сатып алған.
Қытай астық экспортын кеңейтті
1.5 млрд халқы бар Қытай нарығына тамсанған қазақстандық кәсіпкерлердің қарқыны әлі бәсең. Себеп те жоқ емес.
Біріншіден, Қытайдың шет елден кіретін астық өнімдеріне қарсы шектеу саясаты бар. Алайда соңғы жылдары квота 10 пайызға дейін артқан.
Екіншіден, бұл мүмкіндіктерді пайдаланатын арнаулы рұқсатнамасы бар қытайлық компаниялардың да саны шектеулі. Ал қазақ кәсіпкерлері көп жағдайда олармен тікелей байланыс жасай алмайды.
Үшіншіден, астық экспорттау құқына ие Қытай компаниялары көбінесе теңіз арқылы тасиды. Себебі, теңіз тасымалының өзіндік құны төмен.
Төртіншіден, Қытайдың шеттен кіретін азық-түлік өнімдерін тексеру жүйесі қатал әрі өз тәртіптері бар. Ол туралы қазақ кәсіпкерлері бейхабар.
Осы себептерге байланысты, біздің елден астықты, басқа азық-түліктерін Қытай нарығына шығару қиын.
Қазақ кәсіпкерлері Қытайды енді тани бастады
Онсызда Қытайдың кәсіпкерлік жүйесін толық түсініп кете бермейтін қазақ кәсіпкерлері немесе делдалдар таныс-білістік пен жемқорлықты да пайдаланғысы келетінін көріп жүрміз.
Мұқият Шыбар – кәсіпкер, Қытай тасымал компаниясының агенті.
– Қазақстандық кәсіпкерлермен саудаға келіскенде олар ең алдымен сыйақы немесе пайыз жағына баса назар аударады. Бұл Қытай кәсіпкерлерін тіксіндіреді. Мұнда өзі жұмыс істеп отырған шаруашылықты немесе компанияны сатып кетуге дайын адамды сенімсіз санайды.
Және Қазақстанда делдалдық өте қатты белең алған. Тіпті компанияға тіке шыққан күннің өзінде кері делдалдың қызметіне жүгінуге мәжбүрлейтін жағдайлар жиі орын алады. Бір реттік пайдасын көздеу дұрыс емес, – дейді Мұқият.
Шынымен Қытайда да мұндай жағдайлар бар. Десе де олар өте төменгі саудалық топтарда кездеседі. Ал мемлекет атынан аттанған компаниялар мен үлкен корпорациялар үшін өз имиджін сақтау бәрінен жоғары тұрады.
Қытайда азық-түлік қауіпсіздігін сақтамасаң, өлім жазасын аласың
Әрине, азық-түлік қауіпсіздігі – мемлекеттің қауіпсіздігіне саятын күрделі мәселе.
2011 жылы 2 наурызда Қытайдың Жоғарғы кеңесінің тұрақты комитеті Қылмыстық Кодекске түзетулерді бекітті. Ол бойынша азық-түлік қауіпсіздігі саласындағы қылмыс үшін өлім жазасы енгізілді. Мұны ауыл шаруашылығы өнімімен Қытай нарығын "жаулаймын" деген ойы бар қазақ кәсіпкерлері естен шығармаулары керек.
"Бір белдеу – бір жол" бастамасы мен "Нұрлы жол" бағдарламасы осы мәселені шешуге мүмкіндік береді
Қадыл Тоқтамыс. Кәсіпкер, бизнесмен: "Қазақстандықтардың Қытаймен сауда байланысы қарқын алып келеді. Әсіресе астық, азық-түлік тасымалына жаңаша серпін берді деуге болады. Мысалы, қазір біздің астық тасымалдайтын вагондарымыз Алматыдан Шиан (Сиань) қаласына небары 6 күнде жетіп отыр.
Қадыл ағамыздың айтуынша, Қытай үкіметі "Бір белдеу – бір жол" бастамасына барынша көңіл бөліп, миллиардтаған юан қаржы құюда. 2017 жылдың наурызында Еуропа және Орта Азия елдерінен азық-түлік тасымалы үшін Шиан халықаралық сауда және зат тасымал аймағы – Шетелден астық импорт ететін арнаулы өткел болып белгіленіпті.
Аталмыш аймақ, Қытай компаниялары мен шет ел компанияларының Қытайға азық-түлік тасымалын жасауға жаңа мүмкіндіктер әзірлеген.
Басты мақсат – арзандатылған темір жол тасымалын ұйымдастыру. Бұнда, Еуропа мен Орталық Азяи елдеріне жүк апаруға кеткен вагондардың қайтар жолында азық-түлік ала қайтуына мүмкіндік жасалған. Бұл – астық тасымалының өзіндік құнын төмендететін тамаша қадам.
Қытайдың "жасыл өткелі"
Достық өткеліндегі Қытай кеден бекеті – азық-түлік тасымалдаған пойыздар үшін арнаулы "жасыл өткел".
Жыңмау халықаралық тасымал компаниясының кедендік рәсімдеу бойынша менеджері Ли Жишиң жергілікті телеарнаға берген сұхбатында: "Наурыз айында іске қосылған бұл бағдарламаға кедендік мөрі бұзылмаған, ақпараттары толық әрі дұрыс жасақталған астық тасыған пойыздар ілігеді. "Тез жіберу, алдымен рәсімдеу" тәсілін қолданып отырмыз. Кеден 50 вагондағы бидайға қатысты құжаттарды толық қаттауга жарты сағат қана уақыт жұмсайды" – деді.
Бұл өзіндік құны төмен теңіз тасымалына қарсы құрылық тасымалының бәсекелестігін арттырды. Мысалы Орта Еуропалық, Орта Азиялық темір жол тасымалының уақыты өте қысқа, тез жеткізіледі. Ал теңіз тасымалына дәл осы мақсатқа 30 күннен астам уақыт жұмсайды. Бұл уақытта астық дымқылданып, азық-түлік бұзылады. Ал темір жол тасымалы бұл уақытты 4-5 есеге қысқартып отыр.
Қазақстанның сапалы бидайын тасыған пойыздар легі көбейеді
Қазақстанның сапалы бидайын тасыған алғашқы вагондар легі 2017 жылы 22 ақпанында Шиан қаласына жеткізілген. "Чаң-ан" халықаралық зат тасымалы компаниясының пойызымен жеткізілген бидай Достық (Алатау сағасы) өткелінен өтті.
Бұл Еуропа мен Орта Азиядан қайтқан кезекті поездың тиеп қайтқан мөлшері ең көп астық болып есептеледі. Осы топтағы 1795 тонна бидайдың құны Қытай ақшасымен 2 миллион 631 мың 700 юан болған.
Қазір осы желі бойынмен бидай тасымалдайтын арнайы жүк вагондар легі көбейе бастады.
Қазақстан өнімі – қытайлықтар үшін арман
Қазақстанның астығы табиғи өнім ретінде Қытайда өте танымал.
Естеріңізге сала кетейік, ұлы Қытай жазығы – климаты ылғал, суы мол, топырағы құнарлы шығыс терістік пен орта жазық өңірі. Қытайдың негізгі астық қоры алынатын аймақ болып есептелетін. Алайда улы химиялық дәрілердің, гендік өзгеріске түскен дақылдардың көптен қолданылуы себепті қазір бұл өңірлердегі топырақтың құнарлылығы түсіп кетті.
Осылайша халық түгел дерлік химиялық қоспалардың ықпалымен өскен өнімді жеуге мәжбүр. Бұл тұрғыдан алғанда экологиялық таза өнім есептелетін Қазақстан азық-түлігінің құны жерге тимейді.
Ал жылына 20-23 миллион тоннаға дейін астық жинайтын Қазақстанның әлеуеті өте қуатты. Бидай экспорты бойынша әлемдік рейтингте алдыңғы ондыққа кіреді. Оның үстіне астығы таза әрі сапалы.
"Экологиялық таза өнім – болашақта бізді әлемге танытатын болады"
Азаматхан Әміртаев. "Байтақ Болашақ" экологиялық альянстың президенті: "Қазақстан үшін ең тиімді жол – экологиялық таза өнімнің отанына айналу. Қазір әлемде 160 млн-нан астам адам ғана таза, табиғи азық-түлік пайдаланады. Бұл көрсеткіш тағы да өсе түсуде.
Ал Қазақстан таза, табиғи өнім өндіру арқылы экологияны қорғап қана қоймай әлемді қамдауға дайын. Біз осы мәселелер бойынша, ҚР Ауылшаруашылығы министрлігімен, «Атамекен» кәсіпкерлік корпорациясымен, Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасымен тығыз жұмыс жасаймыз.
Экологиялық таза өнім – болашақта бізді әлемге танытатын болады. Бізде ол үшін мүмкіндіктер жеткілікті, енді тек іске кірісу керек".
Қазақстан астығының Қытайға көптеп сатылуы бағаға әсер етеді
Қадыл Тоқтамыс: "Қазақстанның сапалы бидайының бағасы Қытайдағы жәй бидайдың бағасынан арзан. Оның үстіне тасымал құны да қымбат емес. Олар қазақ бидайынан көбінесе түрлі өнімдер шығаруға шикізат ретінде пайдаланады. Бұл Қытай кәсіпкерлері үшін өте үлкен пайда көзі. Сол себепті, алда сауда қыза түседі".
Жангелді Шымшықов. Экономист сарапшы: " Қазақстан үкіметі өзінің әлеуметтік міндеттемелерін орындаған жағдайда астық бағасы қалыпты болатыны сөзсіз. Еліміздің азық-түлік корпорациялары, мемлекеттің астық қауіпсіздік қоры арқылы жылына 4 миллион тонна мөлшерінде астықты сатып алып сақтайды. Алайда экспорт көлемі артып, қордан басқа миллиондаған тонна бидайдың бағасы өссе қазақ бидайының еліміздегі ішкі бағасына әсер ететіні сөзсіз.
Фермерлер бидайын қымбат бағада сатқысы келеді ғой. Үкімет бағаны қаншалық ауыздықтағысы келгенмен бәрібір тоқтата алмауы мүмкін. Мен Қытай елшілігіндегі зат тасымалы мәселелеріне жауаты Го деген азаматқа хабарластым. Ол кісінің айтуынша, қазақ бидайының бағасы Қытайдың ішкі бидайынан кем дегенде екі есеге арзан әрі сапасы өте жоғары екен. Бұл бәсекеге қуатты деген сөз. Сол үшін олар қазақ бидайына ұмтылады".
Оның үстіне соңғы жылдары астық саласына бөлінген субсидиялар да тым мардымсыз.
Осылайша астықтың нарықтағы құнының көтерілуі нан өнімдерінің қымбаттауына алып келеді. Оны үкіметтің қаншалық уақыт ұстап тұра алатынына ешкім кепілдік бермейді.
Үкімет агро-экологиялық реформаға дайын болуы керек
Себебі, Қазақ кәсіпкерлігінің жаңа беталысы келе жатыр. Ол аграрлық жаңа үрдіс. Экологиялық таза өнім өндіру – елімізді мұнай-газ шикізаттық тәуелділіктен құтқаратын бірден бір жол. Оның үстіне еліміз тек астық шикізатын сатып отыра бермеуі керек, бұдан да маңыздысы астық өнімдерін мәнерлеп шығаратын кластерлерді құруы тиіс.
Бұлай деп айтуға әбден негіз бар.
Біріншіден, қазақ кәсіпкерлері белсенді түрде қытайша бизнеске бейімделіп жатыр.
Екіншіден, аграрлық саланың қуаты тым үлкен. Бұл – Қазақстан аграрлық саласының болашағының зор екенін білдіреді.
Үшіншіден, енді қазақ кәсіпкерлері қытай кәсіпкерлерімен бірлесе отырып, кәсіптерін бастайтыны да жасырын емес. Олар өзара бір-бірін толықтырады. Қазақ кәсіпкерлігі ресми және бейресми түрде халықаралық нарыққа бейімделеді.
Экологияны, табиғатты, тазалықты сақтау – ғаламдық үрдіс. Қазірдің өзінде экологиялық таза өнімге сұраныс өте үлкен. Бұл алда өсе түседі. Жері кең әрі құнарлы Қазақстан бұл мүмкіндіктен құр қалмай, ешкімге есесін жібермеуі керек.