Ұлттық киімді заман талабына сай тігуге ұмтылған дизайнерлер оюдың мағынасына үңілместен, оңды-солды орынсыз қолданып жүр. Осындайда "қошқармүйіздің" обалына қалып жүрмесек деген ой санамызда жылт етеді. Құр сөзден қуырдақ қуырмай, қазақ оюының сырын ашу үшін зерттеп жүрген, суретші, дизайнер әрі "Қазақ оюындағы тәңіршілдік мәдениеттің пиктограммалары" кітабының авторын әңгімеге тарттық. Ерлан Қожабаев informburo.kz тілшісіне арнайы сұқбат берді.
Өтірік оюлар қаптап кетті
– 2001 жылы "Алматы кітап" баспасы "Қазақ оюының энциклопедиясын" шығарды. Оның ішінде қазақ оюын кездестіре алмайсыз. Бала кезімізде қар жасаймыз деп, қағазды қиқалап қиятын едік қой. Біреудің сондай жолмен ойдан құрастырған оюын кітапқа басып шығарыпты. Өтірік оюларды көрген соң, намыстанып кеттім.
Оқи отырыңыз: Ұлттық киімнің заманауи қазақы брендін дизайнерлер әлі қалыптастыра алмай отыр
Көне бұйымдарға қарап, оюларды сала бастадым. Одан кейін сүттің бетіндегі қаймақтай мағыналарына үңілдім. Өрнектерде көрініс тапқан ата-бабаларымыздың космогоникалық, астралды, діни және философиялық танымы әлі терең зерттелмеген. Ғасырдан-ғасырға жалғасып келе жатқан оюларымыз табиғи қалпын сақтауы керек. Оларды өзгертуге, өзгеріс енгізуге болмайды. Қазақтың оюлары сақ, ғұн замандарынан бері әбден қалыптасып, жүйеге түскен. Оюларды өзгерту салт-дәстүріңді, әдет-ғұрпыңды, ұлттық болмысыңды өзгерткенмен бірдей емес пе?
Тапқан оюларымды, ондағы бейнелерді ғалымдарға көрсеткен едім, бірден қолдады. Соның нәтижесінде "Қазақ оюындағы тәңіршілдік мәдениеттің пиктограммалары" деп аталатын альбомымды шығардым. Осы еңбек арқылы қазақта қошқармүйізден басқа ою жоқ деген таптаурын көзқарасты бұзуға тырыстым, – дейді Ерлан Қожабаев.
Оқи отырыңыз: Наурыз 2019: Астана мен Алматы қалай тойлайды?
Әу баста оюларды эстетика үшін емес, ырымдап бедерлеген
Түркітанушы Мұрат Әджи адамзат Алтай өңірінде пайда болып, әлемнің түкпір-түкпіріне таралғанын еңбектерінде жазып кетті. Осы жерді мекендеген түркілер дінді қабылдамай тұрғанда тәңірге табынғанын білеміз.
– Ою-өрнек – дінге дейінгі таңба. Сондықтан әлемдегі оюлардың мазмұны бірдей. Иудаизмнің пайда болғанына 2300, христианға 2019, исламға 1400 жыл болды. Ал адамзат 64 мың жылдан бері тіршілік етеді. Бастапқыда ым-ишара арқылы бір-бірін түсінсе, кейіннен жартастарды қашайтын болған. Скифтердің аңдық стилді қолданғанын білесіздер.
Ресей түркітанушысы Николай Аристовтың айтуынша, тайпалық одақ кезінде әрбір рудың ерекшеленетін тамғасы мен ұраны болған. Тәуке хан тұсында мал бір-бірімен шатасып кетпеу үшін, таңбалау әдісін енгізген. Жылқы мен түйенің сол жақ бүйірінен мінеді. Сол тұсына таңба басқан. Жауға шапқанда жауынгерлердің бойына рух дарытатын ұрандар өмірлік ұстанымға айналды. Орхон өзенінің бойынан табылған "Күлтегін" ескерткішіндегі жазулар тайпалардың тамғаларынан пайда болған.
Оқи отырыңыз: "Қазақ хандығының" екінші маусымы қалай түсіріліп жатыр? Түсірілім алаңынан репортаж
Тұскиіз, алаша сияқты тұрмыстық бұйымдар пайда болғанда бұрынғыдай аңдардың бейнесін анық бедерлей алмады. Сұлбаларын ғана түсіру барысында оюлар пайда болды, – дейді.
Кейде үйге келген қонақ алаша мен басқұр, текемет пен сырмақ оюларына қарап, сол отбасының қай рудан, қандай әулеттен шыққандығын сұрамай-ақ білетін. Мысалы, "Дулаттың "бүтін ай", Жалайырдың "тарақ", Қоңыраттың "босаға", Найман руының бір шақасы, Қаңлының "көсеу", Керейдің "крест" таңбасы.
Қазақтың оюлары үш пішінде салынады: шеңбер, үшбұрыш, шаршы
– Қазақ оюлары екі негізгі модульден тұрады: өмір шиыршығы (S) және крест (+). Оларды бір-біріне жалғау арқылы ою пайда болады. S – белгісімен бейнеленетін ою – бұл адам өмірінің кезеңін білдіреді. Бірінші басынан екінші басына дейінгі жол екі жақтағы өмірді, яғни өмір мен өлімді сипаттайды.
Оқи отырыңыз: Қазақ бас киімді неге қадір тұтқан?
Оюдан көбінесе үш пішінді жиі кездестіреміз. Шеңбер дегеніміз – күн. Ұлытау – пирамида, шаршы – төрт құбыла. Қазақта "Төрт қабырғасы тең болсын", "Төрт құбыласы тең" деген сөз бар. Жер бетінде бәрі тең. Онда бос кеңістік болмайды. Өмір мен өлім, күн мен түн, жақсы мен жаман, ер мен әйел бір-бірін толықтырып, тұтастықты құрайды. Бір-бірінсіз тіршілік жоқ. Философияда ақ және қара жолақпен бейнеленген "инь-янь" деген ұғым бар Осының бәрін қазақ оюынан кездестіре аласыз.
Көз алдыңызда қазақтың екі түсті оюы тұр делік. Оның қайсысына бірінші кезекте назар аударасыз, сол алға шыққандай болады. Екінші түске зер салсаңыз, енді осы алдына шыққандай әсер етеді. Екеуіне алма-кезек көз жүгіртсеңіз, қозғалыста тұрғандай сезіледі. Мұндай қозғалыстан шексіздікті, мәңгілікті көреміз. Ол – S белгісі, – дейді суретші.
Оқи отырыңыз: Денеге этникалық стильде таңба салуды қазақтар сәнге айналдыра бастады
Баланың тұсауын кескенде ала жіпті неге сегіз санының бейнесінде байлайды?
Бала тәй-тәй басқанда сүрініп қалмас үшін "тұсаукесер" тойын жасайды. Сол кезде баланың тұсауын жолы байланбасын, ашық болсын, өмірде ақ пен қараның аражігін ажырата білсін деген ниетпен ала жіпті сегіз бейнесінде байлайды. Сегіз бұл – шексіздік. Бұл белгі математикада осы ұғымды білдіреді ғой. Ала жіп – бұл шекара. Бала өмірге келгенде оның кіндігін кесеміз. Сол арқылы біз екі дүние арасына шекара қоямыз. Мұның бәрі көне Алтайдан келе жатқан символдар. Осы ұғымның барлығы оюларда кездеседі.
Оқи жүріңіз: 2000 оюдың авторы: қазақтың ою-өрнегі мен ісмерлік, зергерлік өнері туралы
Қазақ оюында күнтізбелік жүйе кеңінен көрініс тапқан
Бір жылда төрт жыл мезгілі барын білесіз. Жазғытұрым 22 наурыз күні күн мен түн теңелсе, жазда 22 шілдеде ең ұзақ күн және ең ұзақ түн болады. 22 қыркүйекте күн мен түн қайтадан теңеледі. 22 желтоқсанда ең қысқа күн, ең ұзақ түн болады. Міне, төрт құбыла деген – осы. Табиғаттың, ғарыштың заңдылығынан төрт мезгіл, әр мезгілде үш ай, бір жылда он екі ай, он екі мүшел, бір тәулікте жиырма төрт сағат шыға келеді. Осының бәрі ромб, шаршы кездесетін оюлардан байқайсыз. Ал оның бойында крест бар.
Киіз үйді ойлап тапқандағы түсінік қазақ оюында кездеседі
Түркітанушы Мұрат Әджи "Крест" ұғымының "қайқы қылыштан" туындағанын айтады. Бұл пікірмен суретші, дизайнер Ерлан Қожабаев мүлдем келіспейді.
– Крест белгісіне деген түсінік христиан діні келген соң өзгеріп кетті. Шынтуайтында, бұл ешқандай қайқы қылыш та емес. Тәңіршілдіктің белгісі. Қазақтар құрметті адам келгенде бас тартады. Асты дастарқанға апармас бұрын малдың басына қақ шекеден теңқабырғалы айқыш (крест), яғни тәңірдің белгісін салған. Қожа Ахмет Йассауи, Айша бибі кесенелерінің сыртқы қабырғаларында көлемі әр түрлі, түрлі бағытта айналатын крест пен свастиканы жиі кездестіреміз. Шаңыраққа қарасаңыз да, қошқармүйізге үңілсеңіз де айқышты көресіз.
Оқи отырыңыз: Қазақ неге қамшысын қолынан тастамаған?
Шаңырақтағы дөңгелек тоғын – күн, компас. Күлдіреуіштердің айқасқанынан крест пайда болып, төрт жыл мезгілін білдіретін төртбұрышты көре аламыз. Әр иінінде көбінесе үш күлдіреуіштен болады. Ол – жыл мезгілінің айлары. Түндікті түргенде, күн сәулесі керегеге түседі. Бұл – сағат. Уақыттың қанша болғанын осылай біліп отырған. Кереге – жер үстіндегі өмір деген мағынаны білдірсе, киіз үй – Ұлытау бейнесін көрсетіп тұр. Ал киіз үйдің ішінде от бар. Ол – жан, тіршілік. Оюлар да дәл осындай мағынамен бейнеленген. Осыдан кейін оюдың мағынасына шүбәланып көріңіз.
Қошқармүйіз оюы 10-15 мың жыл бұрын пайда болған
– Ою мен өрнек – екеуі екі бөлек. Ою ойғанның ойы ұшқыр. Яғни, ою – ойлаудың, ойланудың көрінісі. Оның магиялық әсері барын емдік қасиетке ие оюлардан аңғарамыз. Өрнек ол – сәндеу, нақыштау үшін қолданылады.
"Қошқар мүйіз" оюын алып қарайтын болсақ, ол – байлық пен молшылықтың ғана белгісі емес. Одан бес-алты кескінді көреміз. Пішіні қошқардың мүйізіне ұқсағанымен онда пирамида, свастика, крест, Ұлытауға шығу, Ұлытаудан түсу, өмір ағашы бар. Мұның бәрі – теңіршілдіктің белгісі.
Қошқармүйізден сағат тілі бойынша және сағат тіліне қарсы айналып тұрған қозғалысты байқаймыз. Негізгі элементтің бірі крест (+) бейнесіндегі нақыш. Одан кейін пирамида бейнесіндегі көрініс бар. Бұл – Ұлытауды бейнелеп тұр. Ұлытаудың үстіне ағаш өсіп, ол ағаштың бұтақтарында құстар бейнеленеді. Ол құстар – аруақтардың жаны ретінде қабылданады. Ағаштың ең жоғарғы жағында самұрық құс бейнеленеді. Бұлардың әрқайсысында өзіндік мән-мағына жатыр. Барлығы да тәңіршілдікпен байланысқан. Астындағы су өмірді бейнелеп тұр: аспан (құстар өмірі), жер (адамдар мен жануарлар өмірі), жер асты өмір (балықтардың өмірі).
Оқи отырыңыз: Хиджаб кию қазақ дәстүрінде болған ба?
Б.з.б VI-VII ғасырдағы ою Пазырық қорғанынан табылғанына қарап, қошқармүйіздің 10-15 мың жылдық тарихы бар деп топшыладық.
"Білместікке көнген – мін"
– Біреулер оюлардың мағынасын жетік білмегеннен кейін сырт пішініне қарап, бір нәрсеге ұқсатып айта бастады. Қармақшы, түйетабан деп жүр. Оюдың қайнар көзін біле бермейді, – деп күйінеді Ерлан Қожабаев.
Оқи отырыңыз: Бағзыдан келе жатқан ұсталар мәдениеті. Темір ұстасының киесі мен иесі болады
Балаларға арналған оюлар, ерлер мен әйелдерге тән оюлар бар. Қыз балалардың бешпетіне, көйлегіне гүл тәрізді немесе қанатты қарлығаш секілді өрнектерді бейнелеген. Ер баланың киміне найзаның ұшы, бүркіт, қошқар мүйіз секілді өрнектерді батыр, алғыр болсын деген ырыммен салған.
Белден төмен, белден жоғары салынатын оюлар туралы естіп пе едіңіз? Төсеніште қолданылатын оюлар бас киімдерге салынбайды. Себебі, онда тек зооморфтық кескіндер ("қошқармүйіз", "қосмүйіз", "арқармүйіз", "сыңармүйіз", "қырықмүйіз" т.б.) пайдаланылады. Осы оюларды үй жиһаздарында, ер-тұрман, қару-жарақтарда кеңінен пайдалануға болады.
Бас киімге, камзолға, шапанға салынатын оюлар бар. Мәселен, бас киімге салынатын оюларды балаққа немесе етікке салып қояды. "Ит құйрық" аталатын өрнек ешқашан бас киімдерге қолданылмаған. Мұның астарында "дұшпаның кеудеңнен жоғары өрлемесін" деген ырым жатыр. Ол өрнек "дұшпаның төмен болсын" деген ниетпен көбінесе ер адамдар шалбарының жырық балағына өрнектелген.
Әшекейлерде бейнеленген оюларда терең пайым бар
Қыздың қолындағы білезікте бедерленген өрнегіне қарап, оған құда түскен-түспегенін ұғынған. Жас келіншек тұрмыс құрғаннан кейінгі ахуалын ою-өрнекпен бейнелеп жіберген. "Құсмұрын" сәлемдемесі жіберілсе, құстай ерікті екенін ұғынып, уайымдамайтын болған. Бойы ұзын, талдырмаш адам бедерленсе, дөп-дөңгелек адамның жанындағы оның бейнесінен жағдайының мүшкіл екенін сөзсіз-ақ ұғыпты. Белгілі зергер Болат Атыраубаевтың айтуынша, зергерлік бұйымдарға көбінесе қошқар мүйіз, шаңырақ, кереге белгісін, өсімдік ою-өрнектерін пайдалануға болады.
Оқи отырыңыз: Есік қорғанынан табылған Алтын адамның сүйегін қайта жерлеу керек
О дүние мен бұ дүниенің оюларын шатастырып алмайық!
Суретші Ерлан Қожабаевтың айтуынша, тіршіліктің тоқтағанын білдіретін оюлар бар. Тірі адамға тіршілік белгісін білдіретін өрнектер ғана салынады. О дүниенің белгісін білдіретін оюды тірі адамға салып қойып жататын жағдайлар кездеседі. Бұлардың барлығын ажырата білуіміз керек.
Сағат тілі ғаламшарлардың қозғалысы сияқты қимылдайды. Сондықтан, осы дүниенің белгісін білдіреді. Керісінше, сағат тіліне қарама қарсы айналып тұрған кескіндер – о дүниенің белгісі. Қожа Ахмет Йассауи кесенесіндегі свастикалардың бәрі теріс айналып тұр. "О дүниеде тәңір әруақты қолдасын!" деген ұғымнан туындаған.