Дәстүрлі қазақ отбасында ажырасу деген мүлдем болмаған
Осы үрдістің бұзылуына түрлі тарихи оқиғалармен қатар әлеуметтік жағдай әсер отыр дейді мамандар. Ата –ана мен отбасы алдындағы жауапкершілікті сезінсін деген мақсатпен қазақ баласын "он үште отау иесі" деп ерте үйлендірген. Алайда қалыңмал беріп, қыз айттыру дәстүрі 1925 жылы "Қалыңмал алуды жою туралы" декреттен соң жойыла бастаған. Сонымен қатар осы үрдістің ыдырауына тек қалыңмал декреті ғана емес, өткен ғасырдың 20 жылдарындағы конфискация, коллективизация, ашаршылық, репрессия, соғыс әсер еткен.
Оқи отырыңыз: Қазақта ажырасу неге көбейді? Отбасын тұрақтандырудың жолы қандай?
Ал қалыңын беріп, қызын алған қазақ құдасымен байланыс орнатып, жастарды жаңа отбасылық өмірге дайындап, керек болса – ақылдарын айтып, ұрыс-керіс шықса – бақылап, екі жақты жарастырып отырған.
Қазақ дәстүрлі қоғамында патриархалды отбасын құрған
Сондықтан жастар ауыл ақсақалдары мен үлкендерінің сөзін жерге тастамаған. Олар бұзығын тыйып, ақылын айтып, отбасындағы жөнсіз ұрыс-керісті болдырмай, өздері бәрін реттеп отырған. Сол себепті ажырасу деген мүлдем болмаған. Отбасы және неке мәселесін зерттеп жүрген этнограф Аманжол Қалыш ажырасу өткен ғасырдың 40-50 жылдары кең етек жая бастады дейді.
– Егер 1950 жылдары әрбір жүзінші отбасы ажырасса, 1980 жылдары әрбір төртінші, 1990 жылдары әрбір үшінші отбасында ерлі-зайыптылардардың жолдары екі айырылатын болған. 2000 жылдары тіркелген 90 873 некенің 27 391-і бұзылған. Ал он бір жыл араға салып қарасақ, 2011 жылы үйленген 160 517 жұптың 44 928-і ажырасқан. Бұл, әсіресе Қарағанды, Павлодар мен солтүстікте, шығыс және орталық аймақтарда қатты белең алған. Ол жақтың тұрғындары үшін ажырасу қалыпты жағдай болып кеткен.
Оқи отырыңыз: Ауыл жастарының ажырасу көрсеткіші 17 пайызға артты
Отбасы күйреуінің басты себебі: қазіргі заманауи қоғамда әйелдің білім алуына, мансап жасауына, ары қарай сол жолда тұрмыс құрмай кете беруіне толық мүмкіндіктің болуында. Осыдан 10-20 жыл бұрынғы өмірмен салыстырғанда әйел құқығы, бостандығы мәселесі бұрынғымен салыстырғанда әлдеқайда нығайған. Бұрын отбасы үшін, бала-шағасы үшін шыдап, қиналса да жарынан айрылмайтын әйел бұл заманда өзі үшін де өмір сүруге болатынын түсінді. Әйел ғана емес, ер адамдарда, жалпы қоғамда эгоцентристік (менмендік) көзқарастың басым болып бара жатқанын байқауға болады. Толық емес отбасылар статистикада халықтың 30 пайызын құрап отыр.
Бұрын ауыл ақсақалдарының шешіміне қарсы тұрмаған. Ажырасуда тек белгілі бір себептер ғана ескерілген. Әйел адам өз бетімен билерге жүгінбеген. Ал ажырасқан күннің өзінде бала әкесінде қалған. Бұрын екі-үш әйелді әулетін көбейту үшін алған. Қазір заң жүзінде рұқсат бермегенмен, жасырын жүрістен туылған заңсыз балалардың көбеюі ұлттың болашағына қауіп төндіреді. Өйткені олар ата тегін білмейді. Содан келіп ғасырлар бойы қалыптасқан қан тазалығы бұзылады, – деді этнограф.
Оқи отырыңыз: Шымкентте көпбалалы отбасыларға жылына бір рет 100 мың теңгеден берілетін болды
"Әйел жолда, бала белде"
– Өмірлік жарын таңдағанда асығыстық жасаудан, көрсеқызарлықтан, болашақ серігінің қасиеттерін жетік білмеуден, жалпы алғанда отбасын құрудың шынайы сипатын танымаудан ерлі-зайыптылар ажырасып жатады, – дейді психо-аналитик, психолог Зүбайда Кененбаева.
– Бұрын туған-туыстары ақыл айтып, татуластыруға тырысатын. Сөзі өтетін адам керісіп қалған жастарды дұрыс жолға салатын. Қазір әр жақ өзінікін жақтап, екіншісін даттап отырады. Осылайша мәселені ушықтырып жібереді. Ажырасқан адамдардың барлығы отбасымен депрессияға ұшырайды. Сол депрессиядан шығу үшін психологтың көмегіне жүгінген дұрыс. Көбіне ажырасқандар "әйел жолда, бала белде" деген принципті ұстанады. Тіпті көмек сұрап келсе, ата-ананың өзі жастарды қайта қосып, жарастырып жібермейді. Жақында келіні төркініне кетіп қалған орта жастан асқан әйел келді. Сөйлесіп көрсем, баласы келіншегінің артынан барып, қайтарғысы келеді. Бірақ мені тыңдау керек деп әйелдің өзі баласын жібермей отыр екен. Соны айтып едім, жігіттің анасы кеңестеріме құлақ аспай, ренжіп кетіп қалды. Бірақ екі аптадан кейін хабарласып, кешірім сұрап, өзінің іс-әрекетінің дұрыс болмағанын түсінгенін айтты.
Оқи отырыңыз: Бабаларымыздың "Жеті атаға толмай қыз алыспау" қағидасы қайдан шықты?
Ал ажырасқан жағдайда әкенің балаға көңіл аудармай, тәрбиесіне араласпауы, баласымен жүйелі түрде кездесіп тұрмауы, алимент төлемеуі, еріне сөзін өткізе алмаған әйелдің баладан өш алуы қоғамдық дертке айналды. Жастау кезінде қарсылық танытпағанмен, өсе келе бала үйден естіп-көргенін істейді. Отбасын құрғанда дәл ата-анасының өмірін қайталайды.
Отбасының дәстүрлі құндылықтары сақталмаған соң, ерлі-зайыпты ажырасып олардың артында "махаббатты, жылулықты сезінбеген", толыққанды отбасы деген ұғымның не екенін түсінбейтін балалар қалады. Ал олар үлкен өмірге қадам басқанда мұны әдетке айналдыратыны дәлелденген. Мұндай отбасында (отбасы деуге келсе) өскен бала толыққанды жеке тұлға болып қалыптасу кезінде түрлі қиындықтарға ұшырап, оны шеше алмай қалады. Ол шын мәнінде сол есеймеген күйінде қалады. Ажырасудың балаға тигізетін зардабы – бірінші мәселе болса, екінші жағынан ажырасушылар үшін де бұл – үлкен трагедия. Себебі ол – шын мәнінде адамның жан-дүниесі мен психологиясына күйзеліс әкелетін нағыз қайғы. Бұдан кейін адамның әсіресе, әйелдер қауымының өмір айналымына қайта енуі қиын, бұл – ауыр әрі ұзақ процесс.
Әкенің баламен жүйелі түрде кездеспеуі оның өзіне деген, өмірге сенімділігін жоғалтады. Әсіресе, қыз баланың отбасын құруына үлкен кедергі. Өміріндегі ең қымбат адамы – әкесі тастап кетсе, оған қажетім жоқ деп ойлап, онда ер адамға теріс көзқарас қалыптасады. Сондықтан тұрмыс құрғанымен, ажырасуға оңай барып жатады. Ал ұл бала әкем сондай болған соң, мен де сондаймын деген ойға келеді, – дейді психо-аналитик.
Оқи отырыңыз: Неке алдында медтексеруден өтуді міндеттеу ұрпақ саулығын арттыра ма? Шетел тәжірибесі мен қазақстандықтардың пікірі
Бақытты отбасынан шыққан бала ғана бақытты болады
– Әйелдер көбіне ерінің кемсітуіне, қорлап, қол жұмсауына шыдамай ажырасуға бел байлайды. Кей ер адам әйелін ашу үстінде шапалақпен тартып жібергенмен, бірден өз іс-әрекеті үшін кешірім сұрайды. Егер еркек саналы түрде ұратын болса, ондай адамнан әйелді арашалап алу керек. Өйткені оның өміріне қауіп төнеді. Ал әйелдің бала үшін шыдап, соққыға жығылса да көнуі – үлкен қателік. Өйткені баласының да өскенде әйелін ұрып-соғуы әбден мүмкін, ол бұны қалыпты жағдай ретінде қабылдайды. Сондықтан бақытты отбасында өскен баланың ғана бақытты болатын естен шығармауымыз керек.
Ал бірін-бірі жақсы көретін ерлі-зайыптының өмірге көзқарасы, пайымдауы, қалауы әртүрлі болса, отбасын сақтап қалу үшін ортақ мәмілеге келіп, келісіп алғандары жөн, – дейді Зүбайда.
Бірде психологтар баланың кімнің қасында қалғысы келетінін білмек болып, тәжірибе жүргізген екен. Сөйтіп, қағаз бетіне үш шеңбер сызып, оған әкесі мен шешесінің және өзінің суретін салғызады. Сол кезде ол екеуінің ішіне ата-анасын бейнелеп, бір шеңберді бос қалдырады. Сонда бала өзінің жоқтығын аспанға ұшып ғайып болып кеткенмін деп түсіндіреді. Міне, осыдан-ақ оның психикасының күйзелісте екенін аңғаруға болады. Яғни, ол "ата-анам менсіз бақыттырақ болады" деп бәріне өзін кінәлайды.
Оқи отырыңыз: Қазақ баласы тойға қанша қаржы жұмсайды немесе ынсапсыз асабалар туралы
Бұрын қазақ отбасында ажырасуға бір ғана себеп болған
Бұл жөнінде зерттеуші Х.Арғынбаев "Қазақ халқындағы семья мен неке" тарихи-этнографиялық шолу кітабында келтіріпті. "Халық соттарының архивін ақтарған кезде сирек болса да айрылысушылардың болғандығына көз жетті" деп жазған.
Қазақ қауымында ежелден қалыптасқан дәстүр бойынша, күйеуі соншалықты ынжық, жаман, кемтар, кәрі болса да, әйелдің айырылысуға хақысы жоқ. Қалыңмалын төлеп алғандықтан, кімге арыз айтса да, қолдау таппаған. Дегенмен, әйел тарапынан қойылатын талаптардың міндетті түрде орындалатыны болады.
Біріншіден, еркектік міндетін атқара алмаса, екіншіден, күйеуі 10-12 жасар бала болып, әмеңгерлікпен алған әйелі 25-30 жаста болса, немесе бай адамдары тым жас баласына кедейдің бойжеткен қызын қалыңмалын төлеп алып берсе немесе қол бала етіп кіргізіп алса, үшіншіден жазықсыз соққыға жыға берсе, алдымен ата-енесіне, сосын әке-шесіне айтып, келіннің ата-анасы құдалар алдынан өтеді. Бұдан нәтиже шықпаса, билер алдына жүгініп, теңдік алу еркіндігі болады.
Оқи отырыңыз: Тұзаққа түсірген той
Сонымен қатар аз мал-мүлкіне қарамай, орынсыз шашып, рәсуа қылса, әйелінің жағдайына қарамаса, кедейшіліктен әйелін асырай алмаса, күйеудің туыстарына неше рет ескерткенмен нәтиже шықпаса, әйел билер алдына барып, ажыраса алған.
Бұл себептерден басқа шариғат жолы да бар. Некелескен күйеуі күнкөріске қаражат қалдырмай 6 ай он күн хабарсыз кетсе, 7 жыл бойына іс-түссіз жоғалып кетсе, екі куәгер кісіні ертіп, билер алдында жоғарыда аталған шарттардың шындық екенін дәлелдесе, рұқсат алады. Әйел тек осындай жағдайда ғана арызданып барған. Басқа уақытта баруға тыйым салынған.
Әйелді не үшін жазалаған
Бұл да жиі болмағанмен, кездесіп тұрған.
Біріншіден, жеңіл жүріске салынып, күйеуінің көзіне шөп салса, мал-мүліктен ештеңе бермей, қара сиырға теріс мінгізіп, бетіне күйе жағып, мойнына құрым киіз іліп, ауыл алдында масқаралап, төркінен апарып тастайтын болған.
Екіншіден, ешкімді сыйлай білмесе, үй шаруасын басқара алмайтын ақылсыз болса, жасауымен бірге төркініне апарып тастаған. Алақанымен тас уыстап екі қолын төбесіне қойып, "талақ еттім" деп үш рет қайталған. Бала әкесінде қалған. Тек емшектегісін шешесіне берген.
Оқи отырыңыз: Стамбұлдағы қазақтар тойының 7 өзгешелігі (Фоторепортаж)
Әртүрлі әлеуметтік жағдай ажырасуға себеп болып отыр
– Ажырасуға көбіне екі жастың әлеуметтік жағдайының тең болмауы әсер етеді. Өйткені мәдени деңгейі, талабы тең болмағандықтан екі жастың мақсаты да бір болмайды. Алғашында ғашық болып қосылғанмен, уақыт өте келе бір шаңырақтың астында тұра бастағанда таңдап алған жарын басқа қырынан танып, көңілі қалып жатады. Отбасындағы ұрыс-керіс те әйелдің жаңа ортаға бейімделуіне де кедергі келтіреді.
Сонымен қатар үнемі ата-анасының қамқорлығында болған балаларда психологиялық үйлесім болмайды. Өйткені ата-ана баланың өзін танып білуіне еш мүмкіндік қалдырмайды. Ал қиындық көрмей, тек қамқорлықта өскен бала үлкендерге құлақ аспай, тек өз қалауымен өмір сүргенді ұнатады. Сондай-ақ араласып жүрген ортасының да баланың қалыптасауына үлкен әсер етеді. Ал отбасын құрған ер адам өз орнын біліп, табыс тауып, отбасын қамтамасыз етіп отыруы керек, – деді әлеуметтанушы Мансия Садырова.
Оқи отырыңыз: Қыз алып қашу. Ата дәстүрі ме әлде заңмен тосқауыл қояр ескірген салт па?
Психологтардан ерлі-зайыптыларға кеңес:
- Бір-біріңізге ауыр сөз айтудан аулақ болыңыз. Себебі кешірсе де, адам өзін қорлап айтқан сөзді ұмытпайды.
- Проблемаларыңыз бен қиындықтарыңызды үнемі бір-біріңізге жүктеуден аулақ болыңыз. Адам шағымнан, жылап-сықтаудан, күн сайынғы құрбандықтарға барып жатырмын деген міндетсінулерден тез жалығады, шаршайды.
- Мәмілеге келу. Отбасы – бұл бір шаңырақ. Түсіністік танытатын кезде, жағдайды саралап, барлығын ой елегінен өткізіп, екеуіңізге де тиімді болатындай шешім жасауға болады. Егер біріңізге құрбандыққа бару керек болса, барыңыз. Ол – сіздің отбасыңыз үшін жасалатын қадам.
- Ренішіңіз болса, өкпеңіз қара қазандай болғанша үндемей жүре бермей, жұбайыңызға ашығын айтыңыз. Сөйлесу мен әңгімелесу жоқ жерде дұрыс отбасын құру деген бос иллюзия. Себебі неке – ұзақ әңгімелесу.
Депутат да бұдан шығар жолды ұсынған
ҚР Парламент Сенатының депутаты Әли Бектаев соңғы бес жылда 52 мың жас жұптың ажырасып кеткенін алға тартқан болатын. Ол отбасын сақтап қалу үшін баж салығын көтеруді ұсынды. Оның айтуынша, жастар дұрыс тәрбие алмағандықтан осындай қадамға барып отыр деген еді. Ол бұл мәселені шешу үшін елімізде отбасылық құндылықтарды сақтауға бағытталған бағдарлама құрып, мектептерде "Отбасылық өмірдің рухани негізі" пәнін енгізуді ұсынды. Ол: "Бұрын отбасы – қоғамның алғашқы құрылымы болатын. Қалғандарының бәрі соның негізінде құралатын. Ал қазір ол екінші орындағы құндылыққа шығып қалды. Ажырасулардың негізгі себебі сонда" дейді.
Оқи отырыңыз: Күшік күйеу деп кімдерді айтқан?
Он жылда жарты миллион қазақстандық ажырасқан
ҚР Ұлттық экономика министрлігінің Статистика комитеті ұсынған деректерге сүйенсек, соңғы он жылдықта 1,5 млн қазақстандық некесін қиған. Осы уақыт ішінде жарты миллионнан астамы ажырасып кеткен. Көпшілігі некеде 5-9 жыл тұрған 30-34 жас аралығындағы азаматтар. Жартысынан көбінде ортақ балалары бар. Ең көп ажырасу – Қарағанды облысында, ең төменгі көрсеткіш – Батыс Қазақстан облысында тіркелген. Статистика мәліметтері көрсеткендей ажырасу фактілері қалалық жерде көп тіркелген. 2018 жылдың қаңтар-шілде айларындағы көрсеткіш бойынша, некеге тұрушы ер адамдардың орташа жасы – 29, әйелдердікі – 26 болған.