Қазақ ғұрпында жақсылықтың барлығы адамның маңдайына жазылады деген ұғым бар. Сондықтан бас киімді тебуге, лақтыруға, теріс киюге, басып отыруға тыйым салып, төріне ілген.
Ханға арналған бас киім
Қазақта ер адамдар бас киімінің бірнеше түрі болған. Қай түрі болмасын үйде ер адамның бас киімін тек шешесі мен әйелі ғана ұстаған. Бұл ырым үйдегі ер адамның басын қадірлеуден туған. Қазақтың бас киімдерін зерттеумен айналысып жүрген суретші, дизайнер Мүслім Жұмағұлов сақ дәуірінен бас киім киелі саналған дейді.
– Қазақта бас киімнің түрі көп болған. Ер адамдар да, әйелдер де жасына лайық бөлекше киетін. Бас киіміне қарап хан ба, қара ма ажыратады. Мысалы, мұрақты тек арнайы мерекелерде бөріктің үстінен тек хандар киген. Өйткені мұрақ – тек хан-сұлтандарға, ел билеуші лауазымды тұлғаларға арнап тігілетін бас киім. Мұраққа қарап халық оның мансабын, дәрежесін анықтайтын болған.
Оқи отырыңыз: Ұлттық киімнің заманауи қазақы брендін дизайнерлер әлі қалыптастыра алмай отыр
Қазақ оны орналасқан аймағына қарай айыр қалпақ, сәукеле қалпақ деп те атаған. Екі жағы қошқар мүйізденіп келетін, оюлармен әсемделіп, алтын және күміс түстес жіптермен зерленіп тігіледі. Пайдаланылған жіп түрлеріне қарай мұрақтың ою-өрнегі алыстан-ақ жылтырап көрінетін болған.
– Мұрақты шошақ қалпақтың сыртынан киген. Оны әр түрлі салтанатты жиындарда, ас пен тойларда және ғұрыптық шараларда киген. Ел аузында бас киімге қатысты "Хандар киер мұрақты, қараша киер құрақты" деген мақал-мәтелдер сақталған, – дейді Мүслім Жұмағұлов.
Оқи отырыңыз: Ұлттың жеті қорғаны: қазақтың жағдайы қалай?
Құлақшынды басында шамандар киген
Ал төбесі сәл ғана шошайып тігілген құлақшынды сақ дәуірінде дінтанушылар мен шамандар киген.
Өйткені шошайып тігілген құлақшынның төбесі шаманды басқа адамға қарағанда тәңірге бір қадам жақындатады деген түсінік болған. Басқа кигенде ол құлақ үстінде қалқайып тұрғандықтан құлақшын деп атап кеткен.
Батырлар бұрымды болған
– Жалпы сақ дәуірінен бастап ер адамдар да бұрым өрген. Бұрым қою XVIII ғасырға дейін жалғасты. Соғыста жекпе-жекке шыққан батыр қарсыласының басынан гөрі бұрымын кесіп алса, үлкен абыройға бөленген.
Оқи отырыңыз: Қазақ бренді
Жеңімпаз кесілген бұрымды найзаның басына іліп жүрген. Найза ұшындағы бұрымға қарап, қанша батырмен күрескенін байқайтын болған. Алайда қазір найза ұшындағы шашты көп адамдар аттың қылы деп ойлайды, – дейді Мүслім Жұмағұлов.
Тымақтың бірнеше түрі болған
– Үкілі тымақты көбіне бақсылар киетін болса, үкілі қалпақ, үкілі тақия, үкілі бөрік – нәрестенің, жас балалардың атрибуты. Тіпті тымақ ешкі, қой терісінен де жасалған.
Мысалы, оңтүстікте өңірлерде күн қатты суыта қоймайтындықтан аса қалың қылып тіікпеген. Күзен, қарсақ терісінен бас киімдер киген. Солтүстік өңірлерде қозы, ешкі терісінен тіккен. Ал шығыс пен батыс жақтың қазақтарында тымақ жауырынды жауып тұратындай мол тігілген.
Әсіресе, найман мен керей руларының тымақтары ерекше. Олар тымақтың төбесін қызыл матамен көмкерген. Ал тапшылық кездің өзінде найман-керейлердің көрші отырған башқұрттардан мата алып, тымақты әсемдеп тігуі бірден көзге түсетін болған.
Оқи отырыңыз: Сырттан кірмесе, отандық тігін өндірісі қазақты "тыр жалаңаш" қалдырады
Қазақтар бас киімді үйдің құты мен берекесі, басқа қонған бақтың "тұрағы" деп есептеген. Сондықтан оған қатысты ырым-тыйымдар құт пен берекені сақтауға, баянды етуге бағытталады. Сол үшін де қазақ ұғымында: бас киімді тарту етпеу, ауыстырып кимеу, бас киімді қабаттамау сияқты сенімдер бар.
Бас киімге қауырсын тағу барлық халықтарда мифтік наным бойынша жердегі адамның рухтық болмысының аспан әлемімен байланысты екендігін білдіреді. Сондықтан сыйлыққа тек жаңа бас киім сыйлаған, – дейді зерттеуші.
Шала туған баланы тымаққа салып өсірген
Сондай-ақ жас нәресте үшін, әдетте айы-күні жетпей дүниеге келген бала үшін тымақтың да алар орны орасан. Ал тымақтың өзі ел арасында қасиетті саналады. "Шала туып, тымаққа салып өсірген екен" деген сөз бар. Халықта айы-күні жетпей шала туған баланы тымаққа салып, керегеге іліп қоятын дәстүр бар.
Оқи отырыңыз: Арлы ел аяқ киіммен де озады
Себебі шала туған сәби ия ұстауға, ия бесікке салуға келмейді. Ал тымақ жылы, әрі бөлеуге, ұстауға ыңғайлы. Шала туған баланың неше күні кем болса, сонша күн керегенің әр басына ілініп қойылатындықтан, күн кереге басы арқылы есесптеледі.
Мысалы, қырық күні кем болса, керегенің қырқыншы басына ілінген тымақтан баланы алып, жаңа туған балаға жасалатын рәсімді жасайды. Егер бала қыста туса, үй қабырғасына бірнеше шеге қағылып, соған тымақ ілінеді. Бұл да – тымақтың қадірі мен қасиетін бейнелейтін көріністердің бірі деп түсінген.
"Тымақ ұру" дәстүрі де бар
Сондай-ақ "Тымақ ұру" немесе "Тымақ тастап, кешірім сұрау" – дау-жанжал кезінде қолданылатын дәстүр. Кінәлілер арызданушылардың алдына барып, кешірім сұрайтын болған. Ол – бітімге шақырудың ең үлкен көрінісі.
Қызды алып қашу үрдісінде де "аяққа жығыла" барған кездейсоқ құдалар да бас киімін жерге, қыз жағының алдына тастайтындығы тағы бар.
Бөрік
Ер адамның бас киімінің ең көп тараған түрі – бөрік. Ол төрт үшкілден, төрт қырлы күмбез іспетті пішіліп, арасына жүн салып астарланып, барқытпен, шұғамен, күдерімен тысталған. Бөріктің ішінен тақия киген. Абай атамыз:
– Күлпара басымда, пұшпақ тымақ,
Ішкі бауын өткізген тесік құлақ.
Тобылғыдан кесіп ап, жіппен қадап,
Артын бірге қыстырған бар құрысқақ, – деген екен.
Бөрік – ұлттық бас киім ішіндегі ең әдемісі саналған. Бөрікті қазақ жылдың қоңыр салқын, аумалы-төкпелі кезеңдері – көктем мен күзде киген. Өйткені ол киіп жүруге әрі жылы, әрі жеңіл. Бөрік үшін міндетті түрде қымбат тері қажет. Қазақта бөріктің атауларын қандай аң терісінен тігілгеніне қарай атау дәстүрі бар. "Сусар бөрік", "Құндыз бөрік", "Кәмшат бөрік" деген атаулар содан қалған.
Бөрік – көне сөз, "бөрі" – қасқыр деген сөзден шыққан. Қасқыр –түрік тайпаларының ежелгі тотемі. Пішіні бойынша бөрік конус тәріздес биік, үстіңгі жағымен дөңгелек болып немесе үстіңгі жағы кескіленіп сүйірленген болып келеді. Әрқашанда кәмшат, бұлғын, елтірі және т.б. аң терісімен жиектеп тігілген.
Сондай-ақ алтын, күміспен апталған, құндыз, кәмшат, бұлғынның терісімен жиектеп тігілген ежелгі қымбат қалпақтар, қара-құба және қызыл түлкінің терісінен жасалған қысқы тымақтар әлі де бар.
Бөрік тәріздес бас киімді қыздар да киген. Бірақ қыздардың бөрігі алқамен, үкі, көкқұтан немесе тауыстың қауырсынымен әшекейленген. Қазақтар осындай бас киімді "кәмшат бөрік" деп атайды.
Қалпақ
Ерлердің кейбір бас киімдерін киізден жасаған. Олардың ішінде ең көне және де дәстүрлісі – "қалпақ". Шошақ төбелі киізден жасалған бас киім алғаш рет Пазырық қорғанында табылыпты. Ал киізден жасалған қола қаңылтыры бар шошақ бөрік Николаев облысының қорғанынан шыққан.
Қазақта қалпақтың екі түрі бар. Ақ қалпақ және айыр қалпақ деп аталады. Ақ қалпақтың айналасы тұтас дөңгеленіп тұрады. Ақ киізден жасалған биік болады. Тігуіне байланысты "ақ қалпақ" деп атаса керек. Мерекелік ақ қалпақтар ақ жібекпен көмкеріліп, күміс оқамен кестеленіп, шет жағын бау тігісімен безендірілген.
Айыр қалпақтың аты айтып тұрғандай, оның етегі екі айыр болып келеді. Соңғы уақытта айыр қалпаққа айрықша мән беріліп жүр. Үстіне қарай бүгілген кең жиекті қалпақ – "айыр қалпақ".
Қалпақ – тек ерлер киетін бас киім ретінде саналады. Ол – киіз бас киімдердің ішіндегі ең көнесі. Қазіргі өндіріс мүмкіндігі молайып, материалдар көбейген заманда оны қалың драптан да тіге береді.
Телпек
Телпек – қалпақтың бір түрі. Телпек – ол сұлтан қалпағы, сол себептен телпекті XIX ғасырдың ортасына дейін тұрмыста қолданыста болған.
Тақия
"Тақия" – барқыт, қамқа немесе оқалы паршадан жасалған жеңіл жазғы бас киім. Ежелгі уақытта олардың шетін құндыз, кәмшат, тиін терісімен жиектеп тігіп, күміс және алтын тоқыма баумен әшекейлеген.
Әйелдердің бас киімдері
Қазақ дәстүрінде ер адамның тері сіңген бас киімін ешкімге сыйға тартпағанмен, әйелдерде ол дәстүр жоқ. Керісінше ізін басып келе жатқан келіндеріне өзінің жолын берсін деп ырымдап, өздері тағып жатады. Алайда қыз бала басына ақ, қара орамал тартпайды. Ақ – жаулықтың, қара – қайғының белгісі.
Қазақта ер болсын, әйел болсын бас киіміне құрметпен қараған. Дүниеге келген қыз балаға тұлым, ал ұл балаға айдар салған. Тәй-тәйләп жүрген кезден бастап, көз тимесін деп маржандап әшекейленген тақия кигізген. Бес жасынан бастап шашын өріп, шолпы таққан. Осылайша үкілі тақия, бойжеткен соң кәмшәт бөрік киген дейді энограф Құралай Сәрсембина.
– Күйеуге тиетін кезде дәстүр бойынша қызға сәукелені, басқа да киімдерін әкесінің үйінде ұзатылар сәтте жеңгелері арнайы келіп оң жақтағы үкілі тақиясының орнына кигізіп, енесінен байғазы алған. Жас келін түскен жерінде бір жылға дейін желек жамылып жүреді. Қазақта сонымен қатар, "шарғы салу" деген салт бар. Ол бойынша ұзатылған қыз өзіне таяу сіңілісіне басына тартатын орамалын "ендігі кезек сенікі, бақытыңды тап" деген ниетпен тарту етеді.
Киелі бас киімдер қатарынан саналатын сәукеле – ертеден келе жатқан қалыңдықтың негізгі атрибуты саналды. Қазақы дәстүрдегі сәукеле кигізу де ерекше салт. Ол бойынша қалыңдыққа сәукеле кигізу рәсіміне барлық құда-құдағилар шақырылып, ақ бата айтылып, жөн-жоралғы жасалып, сәукеле кигізуші "ана" байғазы алған. Жалпы сәукеле ең қымбат бас киім саналған. Тастармен көмкерілген кейбір сәукеленің салмағы жеті келіге дейін тартқан, – дейді этнограф.
Қасаба
Қазақ ұғымында сәукелемен қатар жүретін бас киімдердің бірі – қасаба. Кейінгі уақытқа дейін белгісіз болған қасабаны қазақ халқының дәстүрлі киімдерінің бірі ретінде танытқан этнограф Ө.Жәнібеков. Оның айтуынша, қасаба – көне түркі, қыпшақ бас киімінің негізгі элементтерін бойына сіңірген. Қасабаны тақиядан сәл биіктеу қылып тігеді. Арт жағында әйелдің бұрымын жауып тұратын желегі болған.
Қасаба – "алтын зерлі" деген мағынаны береді. Оның өн бойы түгелдей зерлі жолақпен әдіптеліп, алтын жіптермен кестеленетін болған. Қасабаны келіншек үкісіз, желексіз, сыртына жаулық салып, тойдан кейін де киген. Ол қазақ тіліндегі "қасабалы келіншек", "қасабалы қалыңдық" деген атауды қалыптастырған.
Кимешек
Кимешек – әйелдердің негізгі бас киімі. Әдетте, бұл бас киімді кию рәсімі де ауыл арасында ерекше аталып өткен. Ол бойынша жаңа түскен келін аяғы ауыр болғаннан кейін, сән-салтанатқа сәукеле киюді ерсі санап, ауыл әйелдерін шақыртып, оның ішіндегі құрметті саналғаны кимешек кигізу рәсімін жасаған. Ол үшін кимешек кигізуші сый-сияпат алған.
Кимешек – көбінесе ақ матадан, немесе ақ жібектен тігілетін бас киім. Кимешек басты, кеудені, арқаны жауып тұратын болған. Оның жиектерін көмкеріп кестелейді. Жас келіншектерге бет жақтауы жалпақтау болып, кестесі де көркем тігіледі. Мосқал тартқан әйелдердің кимешегінің бет жақтауы тар болады. Бірақ әшекеленбейді.
Кимешектің қазақ рулары мен тайпаларының өзгеше болуына байланысты әртүрлі үлгілері бар. Кимешекті 25-40 жас аралығындағы әйелдер киген. Маңдайы оқалы, биік сұлама кимешек әйелдің өңіне салтанатты кейіп береді.
Кимешектің күрделі пішімі – басқа киілетін бөлігі. Ол – "төбелдірік", "шықшыт", "желке", "маңдай", "алқым", "иін" деп аталатын бедер қиындылардан құралады. Ұзындығына қарай кимешек – арқа жабар, бел жабар (түйе кимешек), қылта шалғай, өкше қағар болып төрт өлшемге бөлінген.
Жеті жарғыда да бас киім туралы айтылған
Ежелгі "Жеті жарғы" заң ережелерінде "Сары жаулық" деп аталатын құн түрі бар. Кісі өлтірушінің туыстары құн төлеуге келісетіндерін білдіріп, өлген адамның үйіне жаулық жіберулері керек екен. Күйеуін кісі өлтірген әйел өзінің қаралы екендігін таныту үшін бір жыл бойы сары жаулықты тағып жүретін болған.
Қауырсынды аспан әлемімен байланыстырған
Ата-бабаларымызда бас киімге қауырсын тағу дәстүрі де бар. Мұны "Алтын адамның" бас киімінен көруге болады. Оған төрт алтын қауырсын тағылған. Таңбалы таста да осындай қауырсынды бас киім киген, малдас құрып отырған адам суреті бейнеленгенінен байқаймыз. Мифтік наным-сенім бойынша бұл жердегі адамның рухтық болмысының аспан әлемімен байланыста екендігін білдірген.
Қазақ әйелі бас киімді жасына қарай киген
Тақия – кестелеп, сырып тігілген дөңгелек, жеңіл бас киім. Үкілі тақия қазақ қыздарының ерекше ұнатып киетін бас киімі. Ол ұлттық өрнек мәнеріне тігілуіне қарай әр түрлі болған. Қыздардың тақиясы қызыл, күлгін, жасыл т.б. түстермен, шұға, барқыт, мәуіті сияқты маталармен тігіледі. Түрлі-түсті моншақ-маржан, алтын, күміс теңгелер және асыл тастармен безендіріледі. Үкінің үлпілдек қауырсынын әсемдік үшін тақияның төбесіне қадайды. Бұл қазақ халқының арасына көне діни ұғымға байланысты үкі құсын "қасиетті құс" деп, тотем тұтқандығынан пайда болған.
Жаулық – әйелдер басына тартатын орамал. Жаулықтың жібектен, матадан, жүннен жұқа етіп тоқылғаны да, қалың етіп тоқылғаны да болады. Жүннен қалыңдап тоқығанын "бөртпе" деп атайды. Жібектен не матадан шашақ шығармай тоқыған түрін "салы" деп те атаған.
Қазақ әйелдерінің жас ерекшелігіне қарай жаулық әртүрлі болады. Бүркіншек – басқа салатын жамылғы.
Ақ бүркеншік салған жұрт,
Ал ендігін жаққан жұрт
Қызыл маржан таққан жұрт (Едіге батыр), – деген өлең жолдарындағы яғни жамылу мағынасында дәл келетінін байқаймыз. Бұл сөз XI ғ. түркітанушысы М.Қашқаридың сөздігінде: "бүркүншүк – қатындар бүркенетін нәрсе" деп түсіндіріледі екен.
Бөрік – елтіріден, аң терісінен істелген, матамен тысталған, құлақсыз бас киім. Бөрік қазақтың ертеден келе жатқан ұлттық бас киімі болып, қыстық және жаздық болып бөлінеді. Қыстық бөрік ішіне жүн немесе мақта салып тігіледі. Ал жаздық бөрік мақта салынбай, қос астарланып тігіледі.
Жырға – әйелдің асыл тас, ақық моншақтарды тізіп әшекейлеген сәнді бас киімі. Жырға әдетте көп салпыншақты әр түсті меруерт тастардың жарқырауық сәулесімен құбылып, адамның бет-бейнесін ажарландырып бет моншақ, шұбыртпа, жақ алқа тәрізді тізіліп, бас киімнің етегін шашақтап тұрады. Өте баппен сәндеуді "ырғалып, жырғалып" деп атайды. Кейде сәукеленің шұбыртпасын, сырғаның салпыншағын, моншақ әшекейлерін жырға деп те атайды.
Әйел бас киімінің ғұмырнамасы:
- 3 жас (нәресте, сәби) – ит тақия, сырма, кепеш тақия;
- 5 жастан шыт тақия – сырға тағар ( "қыздың сүндеті");
- 7-13 жас – үкілі тақия, тепеш, жұрынды бөрік (төрт сай, шошақ төбелі) топы, көз тәті, үлбірлі үкілеген жаннат бөрік;
- 13-тен кейін (бір мүшел) отау иесі – сораба, жанатпен жиектелген қауырсын қадаған дәрежелі қарқара бөрік;
- 25 жас (екінші мүшел) – сәт құндызды салтанатты тәж сәукеле, зерленген шашақты қасаба;
- 37 жас (үшінші мүшел) – кимешек. Кимешекке қосымша бөлшектердің атаулары: шылауыш, бұрмаша жаулық, сәлде, күндік, құндық бөрік, шыт байлама, желек, салы (шәлі);
- 49 жаста (төртінші мүшел) сән – салтанаты биязылау кимешекке қатысты қосымшалардың бәрін қолдануға болады;
- 61-73 жас аралықтары кейуана деңгейіне жатады. Бұл кезеңде баскиімнің жеңілдеу жалаң кимешек, иекше, байлауыш түрлерін киген лайық деп саналған.
– Демек, киімнің негізгі функциясы – табиғи ортаның суығы мен ыстығынан, жауын-шашыннан қорғаумен қатар, ұлт жаратылысының келбетін танытатын этнографиялық, философиялық, мифологиялық әрі тәлім-тәрбиелік түрлі қыр-сырынан ақпарат беріп, бойына сан алуан қызмет жүктеген синкретті ұғым, – дейді этнограф Құралай Сәрсембина.