Тікелей эфир

Қазақ қарияларын неге қадір тұтқан?

Фото ernur.kz
Фото ernur.kz
Қазақ "қарттар – үйдің қазынасы" деп,үлкенді құрметтеген. Сондықтан қарттар үйі болмаған. Бүгіндері қария атына лайық адамдар азайып, қартайғанда қадірі кетті.

Ертеректе жасы қырықтан асқан қазақ қарттыққа бет бұрып, немере бағып, елге үлгі боларлық іс атқаруға тырысқан. "Ауылыңда қартың болса, жазылып қойған хатпен тең" деп жасы кішілер оларға құрмет көрсеткен. "Төріңнен қарт кетпесін" деп, той-томалақты батасыз бастамаған, қариялардан бата алуға тырысқан. Бұл үрдіс қазақ арасында әлі де болғанмен, сиреп барады, жаhанданудың салқыны тиіп жатқаны шындық.

Ата-әженің тәрбиесін алған балаға халықтың ықыласы ерекше. Ата–әже мектебінен өткен ұрпақ зерек те ерек болып, бүкіл елдің мақтанына айналатын. Қазақ әжесінің керемет образын қалыптастырған бірегей тұлға – Абайдай дананы тәрбиелеген Зере.

Қазақ үйдің төрін үлкендер үшін сайлап, үлкен кетсе, бақ-дәулет, ырыс кетеді деп, қайтыс болған соң нәзір беретін болған. (Нәзір – алла разылығы үшін құрбандық шалып, көпшіліктің басын қосып, батасын алу үшін істелетін шара). Ауыл қариялары көп оқымаса да өздерінің үлкен кісілерден көргенін, табиғаттан үйренгенін, қазақи ұғымнан түйгенін дәріптеген.

Филология ғылымдарының докторы, профессор Дандай Ысқақ қазақта қариясын қаңғыртып жіберу бүкіл бір ру үшін ұятқа саналған дейді.

– Жақын туған-туысы болмаса да қарияларды жалғыз қалдырмаған. Ағайынның ортасында өмір сүрген. Өйткені кәрілікті жалғыз қарсы алу – үлкен қасірет. Үйіндегі қарияның күтімін жасап, ризашылығын алған келінге ауыл адамдары құрметпен қараған. Қазақта "атаңа не істесең, алдыңа сол келеді" деген сөз бар. Ауылды жерде бұл үрдіс жақсы сақталған.

Алайда қарт кісілер арасында келіннің теперішіне шыдай алмай, қыздың үйінен пана тапқандар баршылық. Қыздың үйіне барып, бір-екі күн қонып қайтуға арланған қазақ едік. Енді қыздың үйін жайлы қоныс санап, күйеумен бірге тұратындар шықты.Келінмен сыйыспай, өз үйінде өгей атанып жүргендер де бар.

"Жаhандануға жауып, қарттарды керек қылмайтын болдық"

– Кезінде көпті көрген қариялардың ақылын тыңдап, өмірлік тәжірибелерін пайдаланған. Олар кез келген мәселені салт-дәстүр арқылы реттеп отырған. Рулар арасындағы жанжалды, жетім-жесір мәселесін шешетін. Солардың шығарған шешіміне ешкім қарсылық танытпаған. Осыдан ауыл қарияларының қаншалықты қадірлі болғанын байқауға болады. Бірнеше әйел алған қарттардың күтімін жас әйелі жасаған. Сондықтан келінге күні қарамаған.

Дегенмен қазақ өміріне жаhандану енгелі бері қарттарды тыңдап, құрметтемек тұрмақ, керексіз қылып барады.

Қазір материалдық жағдаймен санасатын кезең, яғни, үйде қарт адамның сыйлы болуы үшін оның зейнетақы алуы маңызды. "Күлшелі бала сүйкімді" дегендей, үйге табыс әкелетін адамға деген құрмет сол кезде еселей түседі.

Қайбір жылдары түркіменбашы қарттардың зейнетақысын алып тастаған еді. Ол үйдің үлкен кісілерін баласы бағуы керек деді. Алайда одан кейін халықтың жағдайы мүлдем төмендеп кетті.

Атағы дүркіреп тұрған азаматтардың қартайғанда өмірінің соңғы сәттерін қарттар үйінде өткізгенін көрдік. Солардың бірі – белгілі жазушы ағамыз еді. Ұлы – миллионер. "Әкеңнің қарттар үйінде тұрғанына намыстанбайсың ба?" дегендерге: "Ол менің тек биологиялық тұрғыдан ғана әкем болып саналады. Мен оны үйден қуғам жоқ. Өзі тұрғысы келмеді" деп жауап берген еді, – дейді Дандай Ысқақ.


Қарттар үйін паналған қария

Қарттар үйін паналған қария / Фото informburo.kz


"Алпысқа келгеннен ақыл сұра"

Халық арасында қарттыққа қатысты аңыздар кең таралған."Бір күні хан жасы 60-тан асқан қарияларды күтіп-бағуға кететін қаржыны үнемдеу мақсатында оларды өлтіруге жарлық шығарады. Әкесін өлтіруге қимаған баласын көріп, шал мырс етіп "Дәл жиырма жыл бұрын дәл осы жерде мен де әкемді өлтіріп едім. Басыма келді деп күледі. Мұны естіген жігіт әкесін сандыққа салып, бағады.

Бір күні жорыққа аттанар кезде сандықтағы әкесін бірге алып жүруіне тура келеді. Жолда шаршаған жауынгерлер бір дарияның жағасына келіп тоқтады. Сонда мөлдір су астында жатқан гаухар тасқа ханның көзі түседі. Оны алып шығу үшін терең дарияның түбіне сүңгіген сарбаздардың бірде бір қайтпайды. Сонда әкесі сыртта не болып жатқанын сұрайды. Баласы болған жайды, өзінің кезегі де келіп қалғанын айтады.

Сонда әкесі дарияның жағасында ағаш бар ма дейді? Баласы "ия" дейді. Сонда шал баласына:"Дарияның түбінен емес, ағаштың басындағы құстың ұясынан гаухар тасты табасың" дейді. Баласы дәл солай істеп, гаухар тасты әкеп береді. Хан жігіттен гаухар тастың ағаш басындағы ұяда жатқанын қайдан білгенін, неге ерте айтпағанын сұрайды. Жігіт амалсыз сандыққа тығып бағып жүрген жасы алпыстан асқан әкесінің кеңесімен тапқаннын айтады. Хан риза болып, қарияларды өлтіру туралы жарлықтың күші жойылғанын жариялайды. Содан бері халық арасында "алпысқа келгеннен ақыл сұра" деген нақыл сөз қалған екен.

"Қарттар бойында парасаттылық азайған"

Жазушы Нұрдаулет Ақыш кейбір қарттар тек биологиялық түрде қартайған дейді.

– Қазақ – үлкенге қарап бой түзейтін халық. Алдыңғы буыннан үлгі алып, соларға ұқсап бағады. Сондықтан, алдымен үлкендерге жол беріп, батасын алуға тырысамыз. Сол үлгі тұтқан ағаларымыздың ішінде ортада өзін лайықты дәрежеде ұстай алмайтын, келелі әңгіме қозғай алмайтын боқтампаздары бар. Ондайларды ұрпағы қайдан сыйласын? Оның үстіне сын көтере алмай, жұдырығын ала жүгіретіндері тағы бар. Біз ауыл үлкендерінен қаймығып, бойымызды тіктеп, көрген жерде сөз естімеуге тырысатынбыз. Бұл – қанға сіңген әдет.

Заман талабына сай ашылған қарттар үйіне ата-аналарын өткізуі осы сыйластықтың жоқтығынан деп ойлаймын. Қарттар үйіне шын мәнінде мұқтаж жандар жоқ емес. Алайда сол мұқтаж дегенді пайдаланып, әке-шешесін үйіндегі артық адам санағандар өткізіп жатыр. Ертеректе адамдар тіпті дүниенің қадірін жақсы білген. Киім жыртылса, тігіп киетін. Жиhаз сынса, жөндейтін. Қазір лақтырып жіберіп, жаңасын алғысы келіп тұрады. Үлкенге деген қарым-қатынас дәл солай. Қартайып, ауырған кезде керексіз дүние сияқты көреі, үйінен шығарып тастағысы келіп тұрады.

Қартайғанда жан жарынан айырылып, жалғызсырап, қайта шаңырақ құрғысы келетіндері болады. Өйткені есейген балалары көңіл бөлуге уақыт таппайды. Бірақ көңіл қосқан адамдарын балалары жақтырмай жатады. Қазақ дәстүрінде әкелерінің екінші әйелмен көңіл жарастырғанын қабылдағанмен, аналарының екінші рет тұрмыс құрғанын құптай қоймайды, – дейді жазушы.

Оқи отырыңыз: "Қара жорға" – қазақ биі. Оны аттың үстінде де билейді

Қарттыққа қам жасау керек

Жазушы Нұрдаулет Ақыш әдемі қартаюдың жолы – қарттыққа дайындалу дейді.

– Адамның жасы қырықтан асқан соң, қарттыққа іштей дайындалу керек. "Көңілім жас" деген сөз үлкеннің сыйын кетіреді. Кезінде қазақтар жас ерекшелігіне қарай киінген. Соған қарап сый-құрмет көрсеткен. Ол кезде патриархаттық психология болған. Ғабиден Мұстафиннің "Дауылдан кейін", "Көз көрген" шығармаларында қазақ халқының кеңдігі туралы айтылады. Онда "Қазақтың ішіне бәрі сыя береді. Шетке шыққанда көрдім. Тіпті бір ауыз суды да бір-біріне сатып береді" деген. Өйткені, қазақ туысы жоқ қария тұрмақ, сырттан келген кірмеге де үйінен орын тауып берген. Өз басым 90-жылдары ауылда бір туысқан әпкемнің жалғыз қалған кемпірді үйінде бағып отырғанын көрдім. Себебін сұрағанымда: "Бала-шағасы жоқ жалғыз адам. Ешқандай салмағы жоқ. Қайта үйдің ұсақ-түйек шаруасына көмектесіп жүреді. Өлсем, осы үйден шығарыңдар деп отыр. Жалғыз қалдыруға дәтіміз бармады" деді.


Қариялардың бала тәрбиесінде атқарар рөлі ерекше болған

Қариялардың бала тәрбиесіндегі рөлі ерекше болған / Фото ғаламтордан алынды


Қазір кейбір үлкендер қарттықты мойындағысы келмей, жас болып қалғысы келеді. Немере сүйсе, "әже" деген әдемі аттан қашып, "большая мама" деп айтқызатын болды. Жасы алпыстан асқан әйел адамға "апа" десең, ренжіп қалады. Өзінің апа жасына жетпегенін айтып, ақталады. Шындығында адам санасында жас болып қалу деген ұғым орға жығады.

Тіпті телеарналарда "супер әжелер" дегенді көрсете бастады. Сонда әйелдік қасиет, әжелік міндет қайда қалды? Нағыз супер әже деп немересіне мейірімін төгіп, ескі аңыз, әңгімелерін айтып, ертегімен сусындатып, дұрыс тәрбие беріп отырғандарды айтар едім. Сонда егде тартқан әйелдің немере алдында дұрыс образы қалыптасар еді. Адам психологиясының өзгеруі салдарынан ата-әжелер қарттықты мойындамай, құлап түскенше жүре береді, – деді Нұрдаулет Ақыш.

"Жасы жеткеннің бәрі – қария емес"

"Көбі – пендешіліктің деңгейінен аса алмаған шалдар. Ақсақалдықтың жөні қиын" деген болатын ҚР еңбек сіңірген қайраткері, ақын Жүрсін Ерман журналистерге берген сұхабында. "Абайлар алпысқа келмей өмірден өтті. "Қартайдық, қайғы ойладық, ұлғайды арман, Қартайдық, қайғы ойладық, ұйқы сергек" деп мазасы кетті. Бүгінгі жетпіс-сексендегі шалдардың ерсіз қылықтарын көргенде ыза боласың. Қазақтың бұрынғы қариялары қандай еді...

Әркім көргенін айтады. Біздің ауылда Зәбида деген ақсақал болды. Соғысқа қатысқан ұста, зергер, құсбегі адам еді. Солар балаға біреудің ала жібін аттатпақ түгілі сәл дұрыс отырмаса, аузынан дұрыс сөз шықпаса, қабағымен жасқап отыратын. Ол кісі отырған жерде бәріміз қысылып, жинақы отырушы едік. Міне, осындай қарияларды аңсаймын".

Қариялар үшін "Белсенді ұзақ өмір сүру" орталығы бар

Алматы қаласында ардагерлердің денсаулығын жақсартып, ұзақ өмір сүруіне қолдау көрсету мақсатында 2018 жылы "Ұзақ өмір сүру" орталығы ашылған болатын. Онда қариялар спортпен шұғылданумен қатар, орталық мамандарынан психологиялық және құқықтық көмек ала алады. Сонымен қатар, лингивистикалық бөлімде тіл меңгеру, ал компьютерлік бөлімде ғаламторды игеруіне жағдай жасалған.

Егде жастағы азаматтар бос уақыттарында тоғызқұмалақ, дойбы, шахмат ойнай алады. Спорт түрлерімен айналысуға да қолайлы жағдайлар жасалған. Тіпті, йога бөлімі де бар екен.

Алматы қаласындағы Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Мейіржан Отыншиев 2020 жылы қалада зейнеткерлерге арналған бес орталықты ашу жоспарланып отырғанын айтқан болатын. Аталған орталық мамандарының айтуынша, скандинав жүрісі келушілердің сүйікті спорт түріне айналған.

Ұлыбританияда қарттар мен жетімдер үйін біріктіріп, бір орталық ашқан. Кішкентай бүлдіршіндермен араласқан қарттардың қан қысымы реттеліп, денсаулықтары жақсара бастаған. Қазір бұл тәжірибені әлемнің басқа елдері де қолдана бастады.

Қазақстанда өмір сүру ұзақтығы – 69 жас

Мамандар халықаралық өлшемге сәйкес, 70 жастағыларың қариялар қатарына жатпайтынын айтады. Өйткені, Біріккен Ұлттар Ұйымының болжамына сәйкес, 2050 жылға қарай әлемде өмір сүрудің орташа ұзақтығы 76 жасқа жетпек.

Қазақстанда статистика комитетінің мәліметінше, жасы 60-65 -тен асқан адамдар саны артып келеді. Ал өмір сүру жасының ұзақтығы – 69 жас.

Әлемде ең ұзақ өмір сүретін халқы бар мемлекет – Щвейцария. Оларда өмір сүру ұзақтығы – 82-83 жас. Ал зейнетақыға әйелдер 64, ер адамдар 65 жасында шығады. 60-тан асқан адамдар саны мемлекеттің 23 пайызын құрайды. Халықаралық зерттеулер нәтижесінде алғашқы ондыққа Исландия, Испания, Франция, Италия, Аутралия, Норвегия, Израиль іліккен. Оларда өмір сүру ұзақтығы – 81-82 жас.

Поделиться:

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары