Көлсай көлдерін Тянь-Шаньның көгілдір маржаны деп атайды. Төменгі, Ортаңғы және Жоғарғы Көлсай мен Қайыңды көлдері Алматыдан шамамен 300 шақырым жерде орналасқан. Көлсай мен Қайыңдыға келетін туристер саны жыл санап артып, пандемия кезінде тіптен танымал бола түсті.
Ұлттық парк аумағында экотуризм қарқынды дамып жатса да, туристерге қолайлы инфрақұрылым тиісті деңгейде жасалмаған. Осы орайда Экология және Мәдениет министрліктері бірлесе әзірлеген Көлсай көлдері ұлттық паркін дамыту тұжырымдамасын көпшілікке таныстырып, парк аумағын 49 жылға дейін инвесторларға беруді көздеп отыр.
Көлсай көлдерінің қазіргі жағдайы қандай?
Ұлттық парктер Қазақстан азаматтарының ғана емес, шетелдік туристердің де назарын аударуда. Алайда паркте инфрақұрылым жоқтығынан экотуризм тиісті деңгейде дами алмай отыр.
"Көлсай көлдері" ұлттық паркі 2007 жылы құрылған. Парк аумағы босалқы жерлер мен Кеген орман шаруашылығы мемлекеттік мекемесінің орман қоры жерлерін біріктіру жолымен құрылған.
- Жалпы аумағы – 161 045 га;
- Орман шаруашылықтары – Таушелек, Құрметі, Көлсай және Қарабұлақ;
- Жұмысшылар саны – 126 адам.
Ұлттық парк директоры Данияр Тұрғанбаевтың сөзінше, қолданыстағы нысандар моральдық және физикалық тұрғыда ескірген. Оларды не жөндеу, не ауыстыру қажет. Қазіргі туризм инфрақұрылымдары – автотұрақтар, көру алаңдары, күркелер, орындықтар, дәретханалар, тұрмыстық қалдықтарға арналған контейнерлер, көрсету белгілері, ақпараттық стендтер көбінесе қазіргі заман талаптарына сәйкес келе бермейді. Сондай-ақ, келушілердің сұранысын толық қанағаттандырмайды.
Барлығы 7 туристік маршрут болса, оның екеуі ғана орташа абаттандырылған. Олар:
- №3 туристік маршрут: Төменгі Көлсай көлі – Сарыбұлақ асуы;
- №1 туристік маршрут: Саты ауылы – Қайыңды көлі.
"Туристер үшін де осы негізгі екі бағыт танымал болып отыр", – деді Данияр Тұрғанбаев.
Ұлттық паркте үш учаске кәсіпкерлерге уақытша пайдалануға берілген. Кәсіпкерлер Төменгі Көлсай көлінің жанынан эко-қонақ үй мен этноауыл ашқан. Мұнда автотұрақ, бақылау алаңы және шатырлар құруға арналған орындар бар. Жобаны әзірлеушілер бұл жеткіліксіз екенін айтады. Мысалы, Қайыңды көлінің туристік маршруты аз жабдықталған. Ол жерде киіз үйлер қалашығы мен шатырлар тігетін орын ғана бар.
Оқи отырыңыз: Экологиялық мәдениетті қалай дамытамыз? Оған қанша қаржы қажет?
Интернет мәселесі қашан шешіледі?
Ұлттық паркте ұялы байланыс операторларының станциялары қойылмағандықтан ұялы байланыс пен интернет жоқ. Біреулер интернетсіз, ұялы байланыссыз демалуды артықшылық деп санаса, енді бірі кемшілік көреді. Интернет болмағандықтан ұлттық парктің басшылығы бақылау-өткізу пунктін автоматтандырып, қолма-қол ақшасыз төлемдер жасау үшін POS терминалын орната алмайды.
"Көлсай көлдері" ұлттық паркінің директоры Данияр Тұрғанбаев келесі туристік маусымда Көлсайдың өзінде интернет болады деп сендірді.
"Интернет желісі мүлде жоқ десек болады. Ұялы байланыс та істемейді. Саты ауылына интернет енді келді. Жаңа жылға дейін оның жылдамдығы жақсарады деп олаймыз. Байланыс қызметін көрсететін мекемелерге хат жаздық. Келіссөздер жүріп жатыр. Келесі маусымда Көлсайдың өзінде интернет болады", – деді ол.
Қайыңдыға жол қашан салынады?
Саты ауылы мен Көлсай арасында жол асфальтталғанымен, Қайыңдыға қарай жол жоқ. Ұлттық парк директоры Данияр Тұрғанбаевтың сөзінше, 12 шақырым жол салу үшін жобалық-сметалық құжаттамасын жасауға қаржы бөлінген. Құрылыс жұмыстары 2021 жылы басталады деп күтілуде. Екі жыл жол салынып біткен соң Қайыңдыға баратын туристер саны 2-3 есе көбеймек.
"Қайыңды көлі 1911 жылы қаңтарда болған жер сілкінісі нәтижесінде пайда болды. Көл пайда болғаннан бері су деңгейі алты метрден астам төмендеді. Сол себепті Қайыңды көліне бөгет салу қажет", – деді Ұлттық парк директоры.
Қайыңдыда су деңгейі жыл өткен сайын түсіп жатыр. Мамандар халық арасында "суға батқан орман" деп аталатын ерекше су қоймасы бір күні жоғалып кетуі мүмкін деп алаңдайды.
"Көлсай көлдері" ұлттық паркі қалай өзгереді?
Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Мәдениет және спорт министрлігімен және Kazakh Tourism ұлттық компаниясымен бірлесіп "Көлсай көлдерінде" экотуризмді дамыту тұжырымдамасын әзірледі. Мұнда визит-орталықтар, эко-қонақ үйлер, глэмпинг, кемпинг салу және бұрыннан бар экскурсиялық маршруттарды өзгерту ұсынылады.
"Бұл ретте туристік маршруттар мен соқпақтарды дамытуға басты назар аударылады. Сондай-ақ, жеңіл салынатын конструкцияларды қолдана отырып қазіргі заманғы визит-орталықтар, глэмпинг, кемпинг, этноауылдар және керуенге арналған орындар құру көзделеді", – деді Данияр Тұрғанбаев.
"Саты ауылы – Қайыңды көлі" туристік маршрутында бақылау-өткізу пункті жанында визит-орталық, эко-қонақ үй, медпункт құрылысына учаске беру жоспарлануда. Төменгі тұрақтың жанында екі кемпинг, глэмпинг, тамақтану пунктін орнату үшін учаскелер берілмек. Жоғарғы тұрақта эко-қонақ үй, тамақтану пунктін салу және үш көру алаңын жабдықтау жоспарлануда.
"Саты ауылы – Саты асуы" туристік маршрутында бақылау-өткізу бекетінің жанына мини визит орталық, эко-қонақ үй мен этноауыл салынбақ. Ат серуендеуге арналған соқпақ, автотұрақ жабдықталып, глэмпингтер мен кемпингтер салуға учаскелер беріледі. Сондай-ақ, үш көру алаңы болады. Саты шатқалы жаяу және атпен жүру туризмін дамытуға өте қолайлы және Көлсай мен Қайыңды көлдерінің арасында орналасқан.
"Төменгі Көлсай көлі маңында визит-орталық, екі көру алаңын, Ұлттық парктің шекарасында эко-қонақ үй мен тамақтану пунктін салу жоспарлануда. Ат жолы жаяу жүргіншілерден бөлініп, абаттандырылып, ыңғайлы және қауіпсіз болады. Соқпақтарды жақсарту мен оңтайландыру мақсатында негізгі туристік маршруттар біріктіріледі", – деді Ұлттық парк директоры.
Ұлттық парк аумағында ешқандай визит-орталық болмағандықтан бірден үшеуін салу жоспарланып отыр. Барлық маршрут басында келушілерді визит-орталықтар күтеді. Орталықта ресепшн, ақпарат бағаны, кәдесыйлар мен кітаптар киоскісі, жергілікті экспозициялар музейі мен кинозал, конференц-зал болады.
Оқи отырыңыз: Қазақстан ішкі туризмнен жылына $20 млрд жоғалтады дейді мамандар
Жаңа нысандар парк экожүйесін бұзбай ма?
Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Ерлан Нысанбаевтың сөзінше, Ұлттық парктерде экотуризмді дамыту тұжырымдамаларының барлығы жергілікті экожүйені бұзбау қағдидасына сүйенеді.
"Көлдерге жақын маңда бірде-бір нысан салынбайды. Қазіргі нысандарды ескі ғимараттарды бұзып, орнына сала салған. Сондықтан салынатын ғимараттар шатқал ішіне кіргізілмей, алыс орналасады", – деді вице-министр.
Ұлттық парк директоры Данияр Тұрғанбаев та экотуризмге арналған инфрақұрылым қоршаған ортаға зиян келтірмес үшін негізгі көлдерден алыс болады деп сендірді.
“Қайыңды, Көлсай көлдеріне бірде-бір нысан жақын салынбайды. Ғимараттардың бәрі төмен орналасады. Шатқалдың ішіне кірмейді. Бұл – табиғатты ескеріп әзірленген тұжырымдама. Мақсат – экотуризмді экожүйені бұзбай дамыту. Адамдар жаяу немесе велосипедпен жүріп, табиғатқа зиян тигізбей демалатын жағдайға келуіміз керек. Тағы бір мақсатымыз – елді мекен тұрғындарын жұмыспен қамту. Қазірдің өзінде Сатыда жұмыс күші жетіспейді, сондықтан басқа өңірлерден тартылады. Тек ірі бизнес өкілдері емес, жергілікті халық туризмнің пайдасын көруі тиіс” – деді ол.
Жоба авторларының алдын ала есебіне сәйкес, инфрақұрылымды құру және туристік бағыттардың көбеюі арқасында туристер ағыны артады және жұмыс орны көбейеді. Қонақ үй қоры кеңейіп, шатырлар мен лагерьлер үшін көбірек орын болады. Нәтижесінде табиғи парктің жылдық табысы 30 млн теңгеден 150 млн теңгеге дейін өседі.
"Көлсай көлдері" ұлттық паркінде экотуризм жеке инвестицияларды тарту жолымен дамымақ. Жоба құны әзірге белгісіз. Дегенмен инфрақұрылым жасауға 4-7 млрд теңге қаржы салуға дайын отырған инвесторлар бар.
"Қоғамдық кеңес құрамыз. Тұжырымдаманы бекітіп, инвестор тартып, "Көлсай көлдерінде" туризмді дамытамыз. Қалай тұжырымдама бекітіледі, солай жобаның құны белгілі болады", – деді Данияр Тұрғанбаев.
Қоғамдық кеңес 10 күн ішінде құрылуы керек. Ал паркте экотуризмді дамыту жобасы 2025 жылға дейін жүзеге асырылуы тиіс.
“Даму тұжырымдамасын парк жанынан құрылатын қоғамдық кеңеске шығарамыз. Сол кеңес жан-жақты қарап, талқылап болған соң әрі қарай заңға сәйкес әрекет етеміз. Үлкен инвестициялық жоба арқылы нысандар пайда болады. Тұжырымдаманы ертең бизнес өкілдері инвестициялық жобамен келгенде біздің талаптарды толық түсінсін деп жасап жатырмыз. Байқауға қатысқан кәсіпкер біздің тұжырымдамадағы идея болған жағдайда ғана жұмыс істеуге мүмкіндік алады", – деп ескертті Экология вице-министрі Ерлан Нысанбаев.
Ұлттық парктің жер учаскелері туристік және рекреациялық қызмет көрсету үшін инвесторларға қысқа мерзімге бес жылға және ұзақ мерзімге 49 жылға пайдалануға беріледі.
Оқи отырыңыз: Қазақстанның әлі күнге дейін туристік бренді жоқ. Мәселе 10 жылдан бері неге шешілмей келеді?
Пандемия Қазақстанда экотуризмнің дамуына қалай әсер етті?
БҰҰ-ның Бүкіләлемдік туристік ұйымы ауылдық және экологиялық туризмді осы жылдың ұраны етіп алған. Себебі, пандемия әсерінен экотуризм жаһандық туризм үлесінің 30 пайызын құраған. Kazakh Tourism ҰК басқарма төрағасы Ержан Еркінбаев пандемия Қазақстанда адамдардың оқшауланып демалуға мәжбүр болуына байланысты экотуризмнің дамуына ықпал еткенін растап отыр.
"Шекараның жабық болуы, сатып алу қабілетінің төмендеуі, саяхаттаудан қорқу экотуризмнің одан да қарқынды дамуына әсер етеді. Адамдар автоматты түрде әлеуметтік қашықтық сақтап демалуға мүмкіндік іздейді, адам лық толы ұшақпен ұшудан қорқады", – дейді Ержан Еркінбаев.
Экотуризм – елдегі туризм саласының келешегі ең зор бағыты. Қазақстанның 10 пайызы – ерекше қорғалатын аумақтар. Барлық ұлттық парктің аумағын қосқанда Еуропаның бір елі шығады.
"Қорықтар мен ұлттық парктерде инфрақұрылым салуды көп адам қолдай бермейді. Олар "Ұлттық парк аумағына жол салмаңыздар, туристік инфрақұрылым жасамаңыздар, сол кезде адам аз келіп, табиғатқа зиян келмейді" дейді. Экотуризмге инфрақұрылым салып, жағдай жасасақ та, жасамасақ та ол жаққа баратын адамдар саны артуда. Туризмді дұрыс ұйымдастырмасақ, экожүйеге түсетін антропогендік жүктеме артып, биоалуантүрлілікке қауіп төнеді. Жаңа маршруттар ашпасақ, қазіргі бар орындарға зиян келеді", – дейді Kazakh Tourism басқарма төрағасы.
Оның сөзінше, Көлсай мен Қайыңды көлдері must see, яғни міндетті түрде барып көру керек орын болуы тиіс. Көрші Құрметі мен Саты шатқалдарын да дамыту қажет.
"Экожүйеге әсер етпесе, Құрметі шатқалында шатырлар, глэмпингтер, барбекю алаңдарын салуға болады. Саты шатқалы тыныш, санаторлық-курорттық бағыттағы жеңіл қонақ үй салуға таптырмас орын", – деді ол.
Ол визит-орталықтардың тамақтанатын, кәдесый сататын жер ғана емес, ең алдымен келген турист қажет ақпаратын алатын жер болуы керек деген пікірде. Сондай-ақ, ол Ұлттық паркте инспекторлардың аз және олардың уақыты өзіне тиесілі емес жұмыстармен айналысуға кететінін айта кетті.
Оқи отырыңыз: "Алтын Емел" мен "Шарын" 49 жылға инвесторларға беріледі. Бұл парктердің көркін аша ма, әлде табиғатын тоздыра ма?"Американың бір ұлттық паркінде 800-1000 рейнджер қызмет көрсетеді. Бізде 20-30 инспектордан көп емес. Инспекторлар ғылым, биоалуантүрлілікпен, жануарлар әлемімен айналысу керек болса, қазір көп уақытын қоқыс жинап, оны шығаруға жұмсап жүр. Қоқысты оған жауапты адам жинауы керек, инспекторлар нақты функциясын атқаруы тиіс", – деп айтты Kazakh Tourism басқарма төрағасы.
Әлеуетті инвесторлар не дейді?
Тұжырымдаманың таныстырылымына инвестор болуға дайын бизнесмендер шақырылды. Олардың кейбірі Ұлттық паркті дамытуға қатысты ұсыныстарын білдірді. Мысалы, кәсіпкер Тимур Нұртаев интернет тарту мәселесімен айналысқысы келеді.
"Мұнда кеше келдік. Көлсайда интернет жоқ болған соң бар ақшамызды жарата алмаймыз. Интернетті пайдаланып, банк картасымен төлем жасау үшін мұнда оптика талшықты байланыс тарту керек деп есептеймін. Ақшаны шығарайын десең банкомат та жоқ. Адамдар мұнда ақша жаратуға келеді, алайда оған мүмкіндік жоқ", – деді Тимур Нұртаев.
Ол табиғатқа зиян келтірмей, туристерді қонақжай орындарға электромобильмен жеткізуді ұсынды.
"Адамдар көп келе бастаған соң қалыпты жол салынады. Сол кезде Саты ауылынан Қайыңды мен Көлсайға дейін жүретін электр автобустарын әкеле аламыз. Бұл автокөліктер экологиялық жағынан таза, ауаны ластамайды, тыныш, жануарларды үркітпейді, осында өте қолайлы болады", – деді бизнесмен.
Тимур Нұртаев Көлсай көлдеріне шетелдіктер көп келетіндіктен жергілікті халыққа ағылшын тілін үйретуді ұсынды. Себебі туристерге ағылшынша ақпарат беретін адам жоқ. Ол ақпараттық тақтайшаларды да үш тілде де жазу керектігін айтады.
Саты ауылының тумасы Димаш Қастаев өзі жұмыс істейтін компания инвестор ретінде 150-200 млн теңге инвестициялай алатынын айтады. Оған эко-қонақ үйлер мен этноауыл, глэмпинг салып, жұмыс орындарын ашу көзделген.
Экология вице-министрі Ерлан Нысанбаев ұлттық паркті дамытумен бірнеше емес, бір басқарушы компания айналысуы тиіс деген пікірде.
Рекреациялық жүктеме нормасын не үшін анықтау қажет?
2015 жылы ұлттық паркке 18 121 адам келсе, 2019 жылы 87 662 адам келген. Ұлттық парк карантин шектеулеріне байланысты 2 ай жабық болғанына қарамастан 2020 жылдың басынан 29 қыркүйекке дейін 71 425 адам тамашалаған.
Көлсай мен Қайыңдыға келетіндер саны көбейіп жатқаны қуантады. Алайда рекреациялық жүктеме артса, парктің экожүйесіне зиян келуі мүмкін.
"Төменгі Көлсай мен Қайыңдыда рекреациялық жүктеменің көп болуы негізгі мәселенің бірі. Жүктеміні азайту үшін басқа туристік маршруттарды жабдықтау жоспарланып отыр. Төменгі Көлсайға келушілердің 25-30 пайызы ғана екінші көлге дейінгі туристік соқпақты пайдаланады", – дейді парк директоры Данияр Тұрғанбаев.
БҰҰ даму бағдарламалары жобасының ұлттық менеджері Талғат Кертешевтің сөзінше, тұжырымдамада туристік маршруттардың рекреациялық жүктемесі бекітілмеген. Олар былтыр алты маршруттың бір жылдық рекреациялық жүктеме нормасын анықтаумен айналысқанда "Көлсай көлдері" ұлттық паркінің жыл сайын 150 мың адам қабылдайтынын анықтаған.
Экология вице-министрі Ерлан Нысанбаев Қазақстанда ұлттық парктердің рекреациялық жүктемесін анықтайтын дұрыс әдістеме жоқ екенін, жақын уақытта әзірленетінін айта кетті.
Оқи отырыңыз: Меже – 190 мың адам. Экология министрлігі Шарын шатқалына келушілер санын қалай 10 есе көбейтпек?
Көлсай көлдерінің ЮНЕСКО биосфералық резерваттар желісіне қосылуына не кедергі?
Биыл Қазақстан "Көлсай көлдері" ұлттық паркін ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік биосфералық резерваттар қатарына қосу туралы өтінім берді.
"Біздің дипломаттарымыз Парижде "Көлсай көлдерін" ЮНЕСКО әлемдің мұраларының тізіміне қосу туралы өтінім берді. Алдымен олар өтінімді бағалайды. 2021 жылдың маусым айында шешім шығады" – деді Зоология институтының бас директоры, ЮНЕСКО-ның "Адам және биосфера" бағдарламасының Қазақстандағы ұлттық комитетінің төрағасы Роман Ященко.
Бірақ жаңа тұжырымдама болса Қазақстанның өтінімін қабылдамау қаупі бар. Себебі, ұлттық парктер нақты аймақтарға бөлінуі керек: аумақтың жартысына жуығы кез келген экономикалық қызмет пен рекреациялық пайдалануға тыйым салынған қорық режимі аймақтары болуы тиіс.
"Ұсынылған тұжырымдамада аймақтарға бөлу ескерілген. Бірақ, бірден көзге түсетін кемшіліктер бар. Жаңа маршруттардың орналасуын аудандастыру карталарымен салыстырдым. Жаңа маршруттар қорық режимі аумағы арқылы өтеді. Менің ойымша, бұл жолдарды нақтылау және жылжыту керек, өйткені ЮНЕСКО өтінімді мақұлдаса, онда халықаралық ережелерге сәйкес біз осы экожүйелердің қауіпсіздігі үшін жауап беруіміз керек", – деп ескертті Роман Ященко.
2019 жылы "2019-2025 жылдарға арналған ҚР туризм индустриясын дамыту" мемлекеттік бағдарламасы қабылданды. Бағдарламада Алматы өңірінің тау кластеріне ерекше көңіл бөлінген. Себебі мұнда төрт ұлттық парк орналасқан. Олар:
- Алтынемел;
- Шарын;
- Көлсай көлдері;
- Іле Алатауы.
4 парк бойынша да тұжырымдама әзірленіп, көпшілікке таныстырылды.