Тікелей эфир

Қайтыс болған адамдар туралы ақпарат сатқан полицейлер анықталды. Жаңалықтарға шолу

Тауда жоғалған альпинистерді іздеу жұмыстары тоқтатылды. Сарапшылар Қазақстанда қалыңдық пен күйеу жігітті қайдан іздеуге болатынын анықтады.

Орман өртінен 221 млн теңге шығын келген

Бұл туралы ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Ерлан Нысанбаев хабарлады. Айтуынша, жыл басынан бері елімізде 499 орман өрті дерегі тіркелген. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңмен салыстырғанда екі есеге көп.

Қарқаралы ұлттық паркінің аумағында 12 тамыз күні тұтанған өртті төрт күнде әрең өшірді. Оған 329 адам, 60 техника мен 4 тікұшақ жұмылдырылды. 16 тамызға дейін жалғасқан өрт ұлттық парктің 3700 гектар аумағын шарпыды.

Көпбалалы отбасынан шыққан түлектерге гранттар үлестірілді

Білім және ғылым министрлігі бөлген қосымша білім беру гранттарына Астана мен Алматыдан барлығы 149 адам ие болды. Оның 47-сі Астанадағы, 102-сі Алматыдағы ЖОО түскен.

Өтініштер мен құжаттар Қазақстан бойынша бірдей уақытта (5-ші тамыздан 10-шы тамызға дейін) қабылданды. Үміткерлер білім гранттарын ҰБТ қорытындысы бойынша байқау негізінде ұтып алды.

Жәкішевтің ісіне қатысты шағымды қарау тағы да кейінге қалдырылды

"Қазатомөнеркәсіп" ҰАК" АҚ бұрынғы басшысы Мұхтар Жәкішевті шартты түрде мерзімінен бұрын босату туралы сот шешіміне түсірілген шағымы 27 тамызда қаралмайтын болды. Бұл туралы оның адвокаты Нұрлан Бейсекеев хабарлады.

Адвокаттың айтуынша, іс 2019 жылдың 10 қыркүйегінде сағат 16.00-де қаралады. Бұл туралы оған SMS арқылы хабарлаған. Не үшін кейінге қалғаны туралы айтылмаған.

Жәкішевтің сот шешіміне түсіріген шағымы Өскемендегі Шығыс Қазақстан облыстық сотында 22 тамызда қаралуы тиіс болатын, кейін 27 тамызға шегерілді.

Сотталған азамат түрмеде соққыға жығылғанын айтып, министрге шағымданды

22 тамызда әлеуметтік желіде Шығыс Қазақстан облысында орналасқан ОВ-156/6 түзеу мекемесінде жазасын өтеп жатқан Аманжол Қадырмановтың Ішкі істер министрі Е.Тұрғымбаевқа жолдаған бейнеүндеуі жарияланды. Сотталған азамат үндеуінде түрмеде өзінің тепкіге жығылғанын, моралдық тұрғыда жәбір көргенін айтып, шағымданды. Денесіндегі көгерген іздерін көрсетіп, кеуде тұсына ине қадалғанын, асқазанында екі қасық барын атап өтті. Көз жұмған жағдайда өліміне колония әкімшілігін кінәлі деп табуды сұрады. Келтірілген фактілерге байланысты қазір Қылмыстық атқару жүйесі комитетінің төрағасының қатаң бақылауымен тексеру жүріп жатыр.

Бұған қоса комитет сотталған азаматтың шағымына қатысты жауап берді. Хабарлада Қадырмановтың екі қасықты ОВ-156/6 мекемесіне ауыстырған кезде қасақаны жұтып қойғаны, бес күннен кейін оң жақ қабырға тұсына инені өзі тыққаны жазылған. "Түзеу мекемесінің жанындағы ауруханада денесіндегі бөгде заттар алынып тасталды, жағдайы қанағаттанарлық" деп жазылған ресми мәлімдемеде.

Комитет төрағасының бірінші орынбасары Т..Жәнібековтың сөзіне сенсек, А.Қадырманов аса ірі көлемде ұрлық жасағаны үшін сотталған. Бұған дейін қасақана түрде жәбірленушінің денсаулығына зиян келтіргені үшін айыпталған. Түзеу мекемесінде теріс қылықтар танытып, өзін жаман жағынан көрсеткен. Түрменің тәртібі мен талаптарын бұзғаны үшін қатаң шарттағы колонияға ауыстырылған.

Қорғаныс министрлігі альпинистерді іздеу жұмыстары тоқтатылғанын мәлімдеді

"Қырғызстанның Тянь-Шань тауында жоғалып кеткен альпинистерді іздеу бойынша бізге Орталық командалық бекеттен бұйрық берілді. Біздің жұмысымыз аяқталды" деп хабарлады Іздеу-құтқару операциясының жетекшісі Василий Пивцов.

Бұған дейін іздеу жұмыстарының еш нәтиже бермегені айтылған еді. Альпинизм және шыңға өрмелеушілер федерациясының президенті Қазыбек Уәлиев жоғалғандарды қар көшкінімен таудың жарылған жеріне түсіп кеткен деп есептейді. "Мұндай жағдайға құтқарушылар да душар болуы мүмкін. Сондықтан оларды әрі қарай іздестірудің мәні жоқ" дейді Қ.Уәлиев. Альпинистердің бірінің жұбайы құтқарушыларға алғысын айтты.

Қайтыс болғандар туралы ақпарат сатқан полицейлер анықталды

Елорданың сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі азаматтардың кенеттен қайтыс болғаны туралы ресми ақпаратты полицейлердің жерлеу қызметтері компанияларына сатқанын анықтады. Олар деректерді 102 ақпараттар базасынан алып отырған.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Превенция департаменті директоры Анар Жарова аталған факті бойынша Нұр-Сұлтан қаласының "Сарыарқа" және "Алматы" аудандарының полиция бөлімдеріндегі 9 қызметкердің жұмыстан қуылғанын мәлім етті. Айтуынша, олардың көбісі майор шеніндегі қызметкерлер.

Өзбекстанда екінші деңгейлі банктер шетелдік валютаны сата бастады

Бір күннің ішінде банктер айырбастау бекеттері арқылы 15 млн доллар сатыпты. Дәл осы күні банктер халықтан 20 млн доллар сатып алған.

Елдің ұлттық банкі валюта бағамын бұдан былай бақыламайтынын мәлімдеді. Хабарламада бағамды сатушылар мен сатып алушылардың өздері белгілейтіні жазылған.

Қазақстандық БАҚ не жазды:

Inform.kz: Демалыс күндері ауа райы қандай болады? Ресейдің Еуропалық бөлігінің солтүстік аудандарынан Қазақстанға атмосфералық фронттармен циклон жылжып келеді. Оның әсерінен елдің батыс облыстарында найзағай ойнап, жаңбыр жауады. Сондай-ақ, көптен күткен ыстықтың басылуы күтіледі. Күндізгі ауа температурасы бұған дейінгі 35…40°С-тан кейін 20…30°С-қа төмендейді. Сонымен қатар республиканың солтүстік және солтүстік-батыс аудандарының кей жерлерінде найзағай ойнап, жаңбыр жауады, жел күшеюі мүмкін. Қазақстанның оңтүстік-батысының жекелеген аумақтарында өткінші жаңбыр, найзағай болжанады. Республиканың өзге аймақтарында демалыс күндері жауын-шашын күтілмейді. Ал орталық пен шығыста ауа температурасы күндіз 25…35°С-қа дейін көтерілуі ықтимал.

Baq.kz: Сарапшылар Қазақстанда қалыңдық пен күйеу жігітті қайдан іздеуге болатынын анықтады. Қазақстанда әйелдердің саны ер адамдарға қарағанда 566,5 мыңға артық. Еңбек ресурстарын дамыту орталығының мамандары еліміздің қай өңірінен қалыңдықты оңай табуға болатын және қай жерден күйеу жігіт іздеу жеңіл екенін анықтады. Ең алдымен, Алматы қаласының Алатау ауданына назар аударған абзал. Онда мың адамға 597 әйел, яғни 100 ер азаматқа 148 әйелден келеді. Демек, таңдау көп – ауданда осы жылдың бірінші шілдесіне 215,8 мың адам тұрады, оның 87 мыңы ғана ер азамат. Еркектер мен нәзік жандылар санының ара салмағы бойынша екінші орында – Қарағанды облысындағы Долинка ауылы, мұнда 1993 ер адам және 2838 әйел немесе жүз еркекке 142 әйелден тұрады. Дегенмен, таңдау тым көп емес, себебі ауыл халқының саны небәрі – 4831 адам. Бұдан үш есе көп Алматы облысының Өтеген-батыр кентінде 14,4 мың тұрғынның 57%-ы әйел. 2017 нәзік жанды жұпсыз қалуы мүмкін.

Серіктестер жаңалықтары