Тікелей эфир

Ауыз судан тарыққан ауыл баласының жоғары биліктен көмек сұраған видеосы әлеуметтік желіде таралып, жұрт назарын аударды

Фото жеке мұрағаттан алынды
Фото жеке мұрағаттан алынды
Шешімі табылмаған әлеуметтік мәселеге биліктің назарын аударудың жолын тапқан 13 жасар Лұқпан Ержан ауыз су мәселесі жайлы бейнеарнау түсірген болатын.


"Мен тек шындықты айттым" деп сөзін бастады 8 сынып оқушысы Лұқпан Ержан. Ол тұратын Кіші Шыған ауылы Алматы облысы, Панфилов ауданына қарайды. Көптен бері шешілмей келе жатқан ауыз су мәселесі ауыл баласының жанын ауыртқаны сондай, ол ауыл тұрғындарының жан-айқайын видеоарнауы арқылы жеткізуді жөн санаған. Қысы-жазы түске дейін ғана келетін су кезегінде тұрудан шаршаған Лұқпан жоғары биліктен су мәселесін шешіп беруін сұрайды.

– Біз технология дамыған жаңа ғасырда өмір сүріп жатырмыз. Ауыз су мәселесінің шешімі табылмай-ақ қойды. Жылда "әне келеді, міне келеді" деп әкімдік халықты құр бос үміттендірумен келеді. XXI ғасырда өмір сүріп жатсақ та, әлі ауыл ішін есек арбамен кезіп, бөшкелеп, құтымен су тасып жүрміз. Мүмкін өткен ғасырда бұл ауыл балалары үшін қалыпты жағдай болған шығар. Бірақ, қазір ұят қой. Бұл мәселе шешімін табуы керек деп ойлаймын.


Ауыл адамдары су кезегінде тұр

Ауыл адамдары су кезегінде тұр / Фото жеке мұрағаттан алынды


Қыстың суығында, жаздың ыстығында ауыл балаларының түске дейінгі уақыты су тасумен кетеді. Ал бұл шаруамен отбасында күнделікті бір адам айналысу керек. Біздің отбасымызда мен жауаптымын. Ал ересек балалары жоқ үйлерден қарт кісілердің өздері, кейде 6-7 жастағы кішкентай балалар келеді. Кейде соларға кезегімді беремін. Кішіпейілділік танытып, кезегімді бергенмен өзім сусыз қаламын. Сосын Үлкен Шыған ауылындағы туған-туыстарды жағалап, солардан алып келеміз. Өйткені, су тек екі-үш сағатқа беріледі, сол кезде алып үлгеруіміз керек, – дейді Лұқпан.

"Мәселені шешудің жолын өзім іздей бастадым"

Үлгерімі орташа болғанмен, Лұқпанның балалар арасында әжептәуір беделі бар, мектепте белсенділер қатарында. "Қарапайым жігіттер" мектепішілік көңілді тапқырлар клубының мүшесі. "Мәселе" бағдарламасын жақсы қарайды екен. Тіпті сол бағдарламаның жүргізушісі Нартай Аралбайға еліктеп, соның сөз саптау мәнеріне салып, видео түсіре бастаған.

– Сол бағдарламаны жүргізушінің сөз саптау мәнеріне салып, кітап, ұялы телефон туралы түсірген видеоларым бар. Оны тек әншейін әуестікпен түсірген едім. Маған оның сөйлеу мәнері ғана емес, мәселені көтеру әдісі де ұнайды. Өйткені, тек шындықты айтады. Сосын ойлана келе мен де ауылдағы мәселені солай қозғасам дедім. Ешкім ұсыныс жасаған жоқ. Бұл – күнделікті ауыл өмірінің қиындығы, халықтың бүгінгі ауыр жағдайы. Мүлдем су болмай қалатын кез жиі болады. Сондықтан оны шешетін биліктің назарын өзімізге қалай аударсам екен деп, ойлана бастадым, – дейді Лұқпан.– Әлемжеліні шулатқан ауыз су туралы видеоны көрген ата-аналар, мұғалімдер хабарласып, рақметтерін айтты. Көбі қолдау танытты. Алайда, мектеп директоры "Жасың 18-ге толған жоқ. Мұндай мәселемен айналысу саған ерте" деген еді. Дегенмен, сүйікті ісімді жалғастыра беремін. Ендігі кезекте жол мәселесін қозғау ойымда бар. Жаркент қаласына жақын орналасқан ауылдардың бірі болсақ та ауылда жол жөнделмеген. Ал бізбен бір әкімдікке қарайтын Үлкен Шыған ауылында бұл мәселе шешілген.

Лұқпан болашақта журналист болуды армандайды. Өзіне үлгі тұтатын Нартай Аралбайұлы, Азамат Бейбітұлы, Бағдаулет Сейітжаппар сияқты журналистермен хабарласып, ой-пікірімен бөлісіп тұратынын айтты.

Суды Лұқпанның ағалары да тасыған

Анасы Ақмарал Иманбаева үйде су тасу жұмысы осы кенже баланың мойнында дейді.

– Алты балам бар. Лұқпан – үйде бесінші. Ұлдың кенжесі. Одан кейінгі қызым әлі кішкентай. Үйде мал қарау, су тасу жұмысы Лұқпанның мойнында. Қолы қалт еткенде КТК телеарнасынан "Мәселе" бағдарламасын қайта-қайта қарап, жүргізушісі Нартай Аралбайұлының сөйлеу мәнеріне салып жүреді. Шынымды айтсам, сабақты солай оқығанын көрмеппін.

Тіпті, соған дәптер де арнап қойған. Дауыс ырғағын салып, видео түсіріп жатады. Ал су туралы видео түсіргенін білген жоқпын. Мен балабақшада жұмыс істеймін. Күндіз жұмыстан қолым тимейді. Кешке ватсапқа ауыл адамдары Лұқпанның видеосын таратып, маған рақмет айта бастады.

Әкесі көрген соң, "жарайсың!" деп, арқасынан қақты. Ал мен балама кесірі тиіп кете ме деп қорықтым. Өйткені, ауыл іші болған соң, адамдар бірін-бірі жақсы таниды. Әкімнен де ұят болды деп ойладым. Ал, ұлым "Тек шындықты айттым ғой" деп қарап тұр.

Су тасудан жаны қиналып, қанша уақыт кеткенін айтып үйге келгенде "Суды ағаларың да тасыған. Ештеңе етпейді. Биыл беріп қалар" деп жұбатамын, – дейді анасы Ақмарал.


Үйдің кенжесі Лұқпан су тасудан шаршағанын айтады

Лұқпан су тасудан шаршағанын айтады / Фото жеке мұрағаттан алынды


"Балама қысым көрсетсе, қарап қалмаймын"

– Біздің ауыл Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан. Жаркент қаласына жақын. Бір округке қарайтын Үлкен Шыған ауылына су да жүргізіліп, асфальт жол да төселген. Балалар соған қарап қызығады. Ал, бізде суды түске дейін ғана таңғы сағат 10-нан мен түскі 13:00-ге дейінгі аралықта ғана береді. Суға әр адам басына айына 150 теңге төлейміз. Ауылда кейбір үйлерде ауласынан құдық қаздырып алған. Бірақ, құдықтың суы лай, топырақ, құм араласқан. Сүзгіш жоқ. Есік алдынан құдық қазып алу ойымызда болғанмен, қандай су шығатынын білмейміз. 100 мың теңгеге қаздырған кезде су шықпай қалып жатады. Осы уақытқа дейін балаларым жас болған соң құдық қазуға мүмкіндік болмады. Биыл жоспарлап отырмыз.

Ал жазды күндері кір жууға, мал суаруға, үй шаруасына арықтан ағып жатқан суды пайдаланамыз.

Видео тараған күннің ертесіне мектеп директоры шақыртып жатқанын айтып, сынып жетекшісі хабарласты. Мен босқа қорықпаған екенмін. Баламды жиналысқа салмақ болыпты. Мен бірден "Егер, баламды жиналысқа салып, қысым көрсететін болсаңдар, журналистерге хабарласам" деп айттым. Содан кейін тынышталды. Бірақ, мектеп директоры бала 18-ге толмастан ауыл мәселесіне араласуға болмайды деп ескертіпті. Мен оларға өз ойын айтқанын, ешкім қорқытып, болмаса бір адамның сілтеуімен түсірмегенін айттым.

Балам өтпелі кезеңдегі жаста. Өз ортасында өте ұйымшыл. Сабағы орташа болғанмен, өз шаруасына пысық. Егер қысым жасаса, психикасына әсер ете ме деп қорқамын, – дейді анасы Ақмарал.

Суды сағатпен берудің себебі бар

Үлкен Шыған ауылдық округіне Кіші Шыған, Үлкен Шыған, Ақкент, Қырыққұдық деген төрт ауыл қарайды. Төрт ауылда 11 378 адам тұрады. Үлкен Шыған ауылдық округінің әкімі Мақсат Оспанбеков суды сағаттап беруге мәжбүр екенін айтты.

– Бұл – біраз уақыттан бері шешімін таппай келе жатқан мәселенің бірі. Ауыл ішінде 25 текше метрлік су қоймасы 1960 жылдары салынған. Су қоймасының тозығы жеткен. Ондағы суды екі сағатқа арнайы су тартатын құрылғы (насос) арқылы береміз. Егер күні бойы құрылғы іске қосылатын болса, тұрғындардың қалтасына күш түседі. Онсызда екі сағатқа берілген судың ақшасын төлеу қиынға соғып отыр. Ал, кейбір жеке үйлер 25-30 метр тереңдіктегі суды пайдаланғанмен, оның тазалығына кепілдік бере алмаймыз. Қазір ауылдың 30 пайызға жуығы есік алдынан осылай құдық қаздырып алып, пайдаланып отыр, – дейді ауыл әкімі.

Жаңа жоба 908 млн теңгені қажет етеді

– Ауыз су мәселесінің тезірек шешімін табуына біз де мүдделіміз. Алайда бірден шешіп тастай алмаймыз. Барлығы қаражатқа тіреледі. "Ақбұлақ" мемелкеттік бағдарламасы негізінде біздің округке қарайтын Үлкен Шыған ауылы сумен қаматамасыз етілді. "Ауылды өңірлік дамыту" бағдарламасы аясында Ақкент ауылының су мәселесі шешілді. Осылайша кезең-кезеңімен жүзеге асып келеді.

Кіші Шыған ауылында 3392 адам тұрады. Өткен жылы оларды сумен қамту мәселесінің жалпы құнын есептедік. Бюджеттен 16 млн теңге бөлініп, жобасы да жасалды. Мемлекеттік тексеруден өтті. Іске асыру үшін 908 млн теңге қажет. Облыс әкімдігінде ондай қаржы болмағандықтан, республикалық бюджеттен сұрайтынын мәлімдеген болатын.

Жоба бойынша 1000 текше метрлік су қоймасы салынады. Бұрғылау тәсілімен 100-200 метр тереңдіктен су тартылып алынып, сол қоймаларға толтырады. Сосын әр үйге құбыр арқылы тарту жоспарланған. Әзірге Үлкен Шыған округіне қарасты Кіші Шыған және Қырыққұдық ауылы ауыз сумен қамтамасыз етілмей отыр, – деді Мақсат Оспанов.

"Ақбұ­лақ" бағдарламасы Қазақстан Республикасы Үкі­метінің 2010 жылғы 9 қараша күнгі қаулысымен бекітілген. Бағдарламаның басты мақ­саты – халықты қажетті мөлшердегі және сапа­сына кепілдік берілетін ауыз сумен қамтамасыз ету.
Оны жүзе­ге асыру екі кезеңнен тұрады. Бірінші кезең – 2011-2015 жылдар ара­лығы. Екінші кезең – 2016-2020 жылдар аралығында іске асыру жоспарланған.

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары