Тікелей эфир

"Ауыл – ел бесігі" бағдарламасына 90 млрд теңге бөлінген. "Неге бір қағаз жарты жыл мақұлданады?"

vslux.ru сайтынан алынды
vslux.ru сайтынан алынды
Мәжілісте агроөнеркәсіптік кешенді реттеу туралы заң жобасына өзгерістер мен толықтырулар енгізу талқыланды. Жоба бірінші оқылымда мақұлданды

Заң толығымен қабылданып жатса, ауылшаруашылық саласында біршама өзгерістер болғалы тұр. Оны Ауылшаруашылық министрі Сапархан Омаров жан-жақты түсіндіріп берді.

Ең бірінші қаржы мәселесін көтерді. Себебі, аграрлық салаларды қолдау үшін, яғни субсидияға республикалық бюджеттен қаржы бөлінгенімен шаруалардың шағымы азаяр емес. Өйткені, бәрі қағаз бетінде. Шын мәнінде қаржы жоқ. Сонда оны кім бақылап, қадағалайды?

Ауылшаруашылығын сақтандыру түбегейлі өзгереді

– Қаржы тетіктерін жетілдіру үшін міндетті сақтандырудан еріктіге, сақтандыру төлемдерін субсидиялаудан сыйақы төлеуге көшеміз. Осы күнге дейін өсімдік шаруашылықтары міндетті сақтандыруды енгізіп келген еді. Қазір егістік алқаптардың жартысы сақтандырылмаған. Былтыр 43 пайыз ғана сақтандырылыпты. Сақтандырудың 70 пайызымен өзара сақтандыру компаниялары айналысып отыр. Тиісті бақылау жоқ.

Кредиттік серіктестіктер бюджетке тәуелді

– Шындығында, кредиттік серіктестіктер тығырыққа тірелді. Егер шара қолданбасақ, тоқырауға ұшырайды. Осыған байланысты кредиттік серіктестік орталығын құру керек. Олардың құрылымында сақтандыру қоры болуы керек. Бұл қосымша қаржы тартуға мүмкіндік береді, – дейді Ауыл шаруашылық министрі Сапархан Омаров.

Жоспарланған жердің 50 пайызы ғана өңделген

Ал жыл сайын аса қауіпті зиянкестерге қарсы күрес үшін бюджеттен орасан қаржы бөлінеді. Сондықтан, пестицидтерді сатып алуға жұмсалатын шығынды азайтып, бағасын арзандатуға көшу керектігін министр айта кетті. Енді пестицидтерді сатып алуға жұмсалатын шығын субсидияланады. Нәтижесінде өңделетін алаң көлемі ұлғайтылып, арамшөптен біртіндеп арылту керек.

Ветеринария қызметінің тиімділігін арттыру үшін бірнеше өзгеріс ұсынылды:

Біріншіден, жергілікті атқарушы мекемелерден, кеден органдарының бақылау-қадағалау функциясын уәкілетті органға беріп, бір орынға шоғырландыру;

Екіншіден, құрылымын өзгертіп, аудандағы бөлімшелерді облыс деңгейінде шоғырландыру;

Үшіншіден, аграрлық ғылымды дамыту. Кәсіпкерлер бизнесінің бір бөлігі инновацияны енгізуі үшін субсидияланады. Негізі бірлесіп жұмыс істегенде ғана бизнес табысты болады. Бірақ, қазір бизнес дербес болғандықтан, қосымша қаржыландыруды енгізуге қауқарсыз.

Ауылшаруашылығы бойынша білім беру гранттары көбейтіліп, Аграрлық-техникалық университетті бітіргендерге ауылды жерлерде міндетті түрде жұмыспен қамтамасыз етіледі.

Төртіншіден, астық қабылдау кәсіпорындарында әкімшілік кедергілер бар. Енді мұның бәрі жойылып, мынандай өзгерістер енгізіледі:

  • Кірме теміржолдарды ұсынады;
  • Жарма өнімдерін өткізеді;
  • Майлы тұқымдарды қайта өңдейді.

Тауарларды Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы алып өткенде ветеринариялық-карантиндік, фитосанитариялық бақылау енгізіледі.

Кредиттік серіктестіктер бірігуге дайын ба?

Министрдің баяндамасы аяқталғаннан кейін депутаттық сұрақтар рәсіміне өтті. Депутат Қожахан Жабағиев Ауыл шаруашылық министрі Сапархан Омаровқа:

– Шаруаларды қазір қолдап отырған кредиттік серіктестік. Олардың өзі тығырыққа тіреліп отыр. Өз-өздерін қаржыландыруға қаражаттары тапшы. Ол үшін орталық кредиттік серіктестіктің құрылатынын айттыңыз. Қазір олар бірігуге дайын ба? – деп сұрақ қойды.

– 200 кредиттік серіктестіктің 100-і бірігуге келісімін беріп отыр. Олар өз қалталарынан 175 мың еуро шығарып, концепциясын жасап жатыр.

"ҚазАгродан" алған несиелер 4-5 пайыз ғана қайтарылмай қалады. Ал, екінші деңгейлі банктерде қайтарылмай қалатын кредит 10-15 пайызға дейін жетеді, – деп жауап берді Ауылшаруашылық министрі.

Мәжілісте "қызық" енді басталды

Депутат Роман Кимнің сауалы талқылау тудырып, нақты мәселенің "бет-пердесін" ашты.

– "Ауыл – ел бесігі" бағдарламасына 90 млрд теңге бөлінді. Өндірісті дамыту үшін ғана емес, ауыл тұрғындарының жағдайын жақсартуға бағытталды. Тағы 100 млрд теңгесі сумен қамтамасыз етуге бөлінді. Орындалуына кім жауап береді? – деп сұрады ол.

– "Ауыл – ел бесігі" бағдарламасына Ұлттық Экономика министрлігі жауап береді. Осы аптаның аяғына дейін аяқтаймыз. Барлық ауылдың мәселелерін қарап шықтық. Біз осы кезең ішінде 6,5 мың елді мекенді, соның ішінде келешегі бар 1781 ауылды анықтадық. Қазіргі таңда 12 аймақта бекітілген жобаларды алдық. Қалған екі өңірден жақын арада аламыз. Биыл сомасы 30 млрд теңге шамасындағы 500 жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр. Инфрақұрылымын дамыту үшін әкімдіктермен бірлесіп қызмет атқарып жатырмыз, – деп жауап берді Ұлттық Экономика министрлігінің вице министрі Ермек Алпысов.

"Бұлай жұмыс істеуге болмайды!"

Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматуллин ашуға булығып, ауылдың инфрақұрылымын дамытуға былтыр тапсырма берілгенін айтып, не себепті орындалмай кешігіп жатқанын Ұлттық экономика министрлігінің вице-министрінен сұрады. Дереу Ермек Алпысов "Үш жылдық жоспарға бюджеттен қаржы бөлініп қойды. Әкімдер, аудандар дайын тұр. Келісім беру үшін жарты жыл күтіп отырсыздар ма?" деген сауалға деректерді айта бастап еді:

–Мен сізден санды сұрап отырғаным жоқ. Қазан айында тапсырма берілгенде Экономика министрлігі парламентті осыны қабылдауға көндіріп еді. Наурызда тендер өтуі керек болатын. Ақша бар. Әкімдер дайын. Өңірлер дайын. Не себеп? Қағазды мақұлдау үшін бір мемлекеттік органнан келесі органға жарты жыл жеткізесіздер. Түсініп тұрсыз ба? 90 млрд теңге. Ал сіз осы айда бітеміз деп айтасыз. Не себеп? Мұның барлығы – жауапкершіліктің жоқтығы, – деді Нұрлан Нығматуллин өктем дауыспен.

Ұлттық экономика вице-министрі қаржының жақында ғана бөлінгенін айтып ақталып еді, оны тыңдамады да. "Жақында бағдарламаны бекітеміз" десе, "Бекітесіңдер! Қайда кетесіңдер? Істі реттеңдер!" деп тапсырма берді.

Субсидия беретін әкімдіктерді кім қадағалайды?

Депутат Шәкен Хаказовға сөз берілгенде, тағы бір даулы мәселені көтерді.

– Бізге Ауылшаруашылық кәсіпорындары үнемі шағым айтады. Құс шаруашылығын әкімдіктер субсидиялайды. Бірақ, шаруашылықтарға субсидия бөлініп жатқан жоқ. Сол себепті, 2019 жылдың басында Алматының шаруашылықтары 5 млрд,Ақтөбенікі – 3 млрд, Қарағандыныкі–1 млрд теңге, ШҚО –5 млрд теңге қарызға батты. Оған қоса салық төлеп отыр. Сонда субсидия беретін әкімдіктерді кім қадағалайды?

Ұлттық Экономика министрлігінің вице-министрі тағы "таяқ жеді"

– Біз талқылаймыз. Бірақ, көбінесе бюджетті Қаржы министрлігі қадағалайды. Әкімдіктерге қаржы жетпей жатқан болуы керек. Тағы да сұрастырып, бақылайтын боламыз. Ауылшаруашылық министрі өтініштерді қабылдайды, – деді Ұлттық экономика вице-министрі Ермек Алпысов.

"Үкіметтің қаулысы болса да, енді бақылауға аласыңдар ма?" деді Нұрлан Нығматуллин. "Бюджеттен бөлінетін қаржыны кім қадағалайды?" деген сұраққа ешкім толығымен жауап бере алмаған соң, Қаржы министрлігінің өкіліне бұрылды.

Қаржы министрлігінің вице-министрі Татьяна Савельева былай деді:

– Мұндай мәселе бұл салада ғана емес, бәрінде бар. Бұрын жергілікті бюджеттен субсидия үшін қаржы бөлінетін. Республикалық бюджеттен бөлінгеннен бері субсидияның көлемі азайды. Ауылшаруашылығы министрлігі аудандармен жұмыс істеп, келісуі керек. Ал оған Нұрлан Нығматуллин:

– Халық күліп отыр. Аграрлықтар қарызға белшесінен батты. Біз барлық жерде "шаруаларды қолдап отырмыз" деп, ауыз толтырып айтып жүрміз. Әкімдіктерді ешкім қадағалап отырған жоқ. Осы тұстан мәселе басталып отыр. Бәрің бірігіп жиналыңдар!

"Жыламаған балаға емшек жоқ"

– Сапархан Омаров осы мәселені айтып, Үкімет басшыларына жеткіз. Шаруалар субсидиядан үміттеніп отыр. Үкімет қол қойып қойды. Бірақ, ақша жоқ, – деді мәжіліс төрағасы.

Депутат Зағипа Балиева біздің елде ветеринариялық дәрі-дәрмектің бірде біреуі шығарылмайтынын айта кетті.

Заң жобасы талқылауға көшкеннен кейін дауыс берілді. Заң жобасы бірінші оқылымда бірауыздан мақұлданды.

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары