Тікелей эфир

Атыраудың әкімі мектеп директорларын мемлекеттік сатып алу процестерінен босатуды тапсырды. Жаңалықтарға шолу

Елордада Халықаралық сауда орталығының қазығы қағылды. Демалыс күндері Қазақстанның басым бөлігінде жаңбыр жауады.

Түркістандағы әуежайды Түркия инвесторлары салады

Kazakh Invest Басқарма төрағасы С.Тұяқбаевтың айтуынша, құрылыс жұмыстары биыл басталады. Бұған дейін әуежайдың құрылыс жұмыстарын жүргізіп қана қоймай, оны пайдалануға беріп, тіпті терминалда қызмет көрсететін Түрік инвесторларымен келіссөз жүргізіліп жатқаны хабарланған болатын.

Түркістанның әуежайын Шымкенттен 120 км қашықтықта орналасқан Шаға ауылында салу жоспарланған. Барлық инфрақұрылымы мемлекеттік бюджет есебінен тартылады.

ERG Павлодар облысынын абаттандыруға 3 млрд теңге бөлді

Бұл қаражат Екібастұз, Павлодар, Ақсу қалаларының, Үшқұлын, Майқайың ауылдарының әлеуметтік нысандарын салуға, сондай-ақ жол жөндеуге жұмсалады.

14 жылдан бері ERG топтың кәсіпорындары орналасқан Ақтөбе, Қостанай, Қарағанды, Павлодар облыстарының маңызды әлеуметтік-экономикалық жобаларын жүзеге асыру жөнінде меморандумдар жасасып келеді. 2001 жылдан бері компанияның осы мақсаттағы инвестициялары 226 млрд теңгеден асқан.

АҚШ-тың азаматтығын алғысы келетіндерге іріктеудің балдық жүйесі енгізілмекші

АҚШ Президенті Д.Трамп көші-қон саясатындағы жаңа жоспарын ұсынды. Ол бойынша елдің азаматтығын алуда жоғары білікті иммигранттарға басымдық беріледі. Президенттің айтуынша, Канада және басқа да заманауи елдерде осындай жүйе іске қосылған. АҚШ билігі жаңа жүйенің жоғары сұранысқа ие білімі бар азаматтардың елге келуге ынталандыратынына сенімді. Айтпақшы, жаңалықты грин-карталарға өтініш бергендерге де енгізбекші.

Әлемде әрбір жетінші сәби 2,5 кг-нан аз салмақта туылады

БҰҰ таратқан мәліметке сүйенсек, дүниежүзінде жыл сайын 2,5 млн шақалақ көз жұмады. Олардың 80%-ы төмен салмақпен туылғандар. Бұлардың үштен екісі Оңтүстік Азия мен Африка тұрғындары. Сарапшылардың айтуынша, төмен салмақта туылатын нәрестелер Еуропа, Солтүстік Америка, Австралия және Жаңа Зеландия елдерінде де бар.

Ең аз көрсеткіш (2,4%) Швецияда. Қазақстанда дүниеге келетін сәбилердің 5,4%-ы.

Елордада Халықаралық сауда орталығының қазығы қағылды

Негізгі инвестор – сауданы дамыту орталықтарының дүниежүзілік қауымдастығы. Әр түрлі елдерде халықаралық сауданың орталықтары трансұлттық компаниялардың аймақтық штаб пәтерлерін орнатуға арналған бизнес алаңға айналып отыр. Жаңа ғимарат ЭКСПО аумағында бой көтереді.

БҰҰ Қазақстандағы экстремизмге қарсы күреске қатысты алаңдаушылық білдірді

БҰҰ-ның арнайы баяндамашысы Фионнуала Ни Аолэйн Қазақстанға келген ресми сапарында еліміздің терроризм мен экстремизмге қарсы күресетін заңнамасы азаматтық қоғамға қарсы қолдану мүмкіндігіне алаңдады.Тәуелсіз сарапшы Астана мен Алматыда мемлекеттік органдардың өкілдерімен, құқық қорғау саласы қызметкерлерімен, Парламент депутаттарымен, адам құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілетті өкілмен кездесті. Сонымен қатар террористік және эсктремистік қылмысқа күдікті деп танылған, сотталған азаматтармен сөйлесіпті.

Фионнула Ни Аолэйн біздің елдегі терроризм мен эсктемизмге байланысты сот өндірістерінің жабық жүргізілетіні алаңдатып отырғанын атап өтті. Тәуелсіз сарапшы сондай-ақ Қазақстан түрмелерінде терроризм бойынша сотталғандарға қолданылатын дерадикализация әдістері халықаралық құқық талаптарына сәйкес келмейтінін,әлсіз топтардың құқын бұзып отырғанын айтты. Бұл тұрғыда осыған қатысты барлық ұйымдар, ұлттық, халықаралық қауымдастықтарды өз міндеттерін адам құқықтарына қол сұқпай атқаруға шақырды.

Атыраудың әкімі мектеп директорларын мемлекеттік сатып алуларды жүргізуден босатуды тапсырды

Облыс әкімі Н.Ноғаев білім беру саласының жұмысшыларымен кездесуінде мектеп директорлары өз міндеттерімен айналысуы керек деп мәлімдеді. "Мемлекеттік сатып алулар саласын нашар білгендіктен, қателерге бой береді. Нәтижесінде мектептерге сапасы жоқ тауарлар жеткізіледі. Бұл оқу процесіне әсер етеді", – деді әкім. Бұл ретте мектептерге ыстық тамақ тасымалдаушыларды анықтау рәсімнің де әр мектепте әр қалай жүргізілетіні де сөз болды.

Облыс әкімінің бірінші орынбасары С.Шапкенов жақын уақытта мектеп директорлары бұл шаруадан босатылатынын мәлім етті. Айтуынша, бухгалтерлік есеп бойынша рәсімдер де орталықтандырылмақшы.

Қазақстандық БАҚ не жазды:

Inform.kz: Демалыс күндері Қазақстанның басым бөлігінде жаңбыр жауады. 17-20 мамыр аралығында Қазақстанға Солтүстік Оралдан суық және ылғал ауа массалары келуі мүмкін. Салдарынан температура кезекті рет төмендеуі ықтимал. Республиканың батысына Ресейдің еуропалық бөлігінен біртіндеп антициклон жылжиды, сондықтан мұнда жауын-шашын тоқтайды. Сөйтіп солтүстік тропосфералық ағындардың әсерінен ауа температурасы төмендейді.

24.kz: 2025 жылға қарай кадр тапшылығы 570 мың адамнан асады. Бұл туралы кеше XII Астана экономикалық форумы аясында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев айтты. 2025 жылға қарай халық саны 1 млн 600 мыңға өсіп, 19 млн 800 мың адамды құрайды деген болжам бар. Жұмыс күшінің саны 6,7 процентке артып, 9 млн 800 мыңға дейін жетеді. Сонымен қатар, ведомство басшысы еңбек өнімділігінің өсуіне байланысты жұмыс күшінің ауыл шаруашылығынан білім беру, құрылыс, көлік, сауда және басқа да қызмет түрлеріне ауысуы мүмкін екенін айтты.

Серіктестер жаңалықтары