Көп балалы отбасылардың мәселесі сыздауықтай жарылайын деп тұрғаннан кейін, атаулы әлеуметтік көмек туралы айтыла бастады. Одан кейін оның бәріне бірдей емес екені мәлім болды. Біз ол туралы тәптіштеп түсіндіріп жазған болатынбыз. Тіпті көкейде жүрген сауалдарға да үңілдік.
Бірінші сәуірден бастап, атаулы әлеуметтік көмекті алу үшін құжат қабылдана бастады. Әйтсе де кейін түрлі даурықпа әңгімелер әлеуметтік желіде гулеп кетті. Informburo.kz тілшісі құлақ түріп, ақиқатын іздеуге тырысты.
"Мамандардың қате ақпарат беруінен көпшілігі шатасып кетті"
Бүгін Нұр-Сұлтандағы халықты жұмыспен қамту орталығына еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Светлана Жақыпова келді. Атаулы әлеуметтік көмек алуға өтініш тапсыру барысын бақылап, тұрғындардың назына құлақ түрді.
"Жүйе дұрыс құрылмағаннан осындай шу болып жатыр ма?" деген журналистердің сауалына вице-министр: "Дұрыс айтасыз!" деп жауап берді.
– Түркістан облысында көбісінен бірнеше құжат сұратып жатқанын білеміз. Өйткені, кейбір ата-аналар жайлы дерек орталық базада жоқ. Жалпы Республика бойынша 67 елдімекен "Е-халық" ақпараттық жүйесіне қосылмаған. Бұл мәселені IT-мамандармен бірігіп, 15 сәуірге дейін шешуге тырысып жатырмыз. Сондықтан, алыпқашпа әңгімелер қаптап кетті.
Ал, Нұр-Сұлтан қаласында жеке куәлікпен ғана қабылдап жатыр, – деді вице-министр.
Оқи отырыңыз: Бүгіннен бастап көп балалы отбасыларға арналған 21 мың теңге туралы заң күшіне енді. Қандай өзгерістер бар?
"Кеше келгенімде талонның жоқтығын айтып, қайтарып жіберді"
Informburo.kz тілшісімен сөйлескен Гаухар Пахреддинова "өтініш тапсыруға жеке куәлік жеткілікті" деген сөзді жоққа шығарды.
– 10 сәуір күні осы жерге келгенімде, бірнеше құжатты сұратты. Кеше барлық құжатты жинап келгенімде "талон жоқ" деп қайтарып жіберді. Міне, бүгін сағат 7.30-дан бері кезек алып тұрмын. Қазір вице-министрдің өзі келген соң, мамандар "жеке куәлік" болса болғаны деп басқаша сөйлеп тұр, – дейді ол. Бұл сөзді өзге ата-аналар да құптады.
Бұған жұмыспен қамту орталығының маманы не дейді?
Маман Нұрсәуле Тәжібаеваның айтуынша, Гаухар Пахреддиноваға қандай құжаттар қаралатынын түсіндірген. Бірақ, "алып келіңіз" деп айтпаған. "Өзі жазып алған болып тұр" деп міз бақпайды. Ал, мұнымен Гаухар келіспейді.
– Жалғызбасты ана болған соң, форма 4 анықтамасын сұратқан. Оны бала туған кезде перзентханада береді. Дәлірек айтқанда, әкесінің жоқ екенін дәлелдейтін құжат, – деп жауап берді Нұрсәуле Тәжібаева.
2007 жылға дейін туғандар "Е-халық" базасынан көрінбейді
– Мұндай жағдайда балалардың туу туралы куәлігін сұратамыз. Жеке сәйкестендіру нөмірін қарап, базаға енгіземіз. Демек, балаларыңыз 2008 жылға дейін туса ғана құжатының түпнұсқасын өзіңізбен әкелесіз, – деді ол.
Бейресми жұмыс істейтіндер "жұмыссыз" ретінде тіркеле ме?
Гаухар бейресми түрде "еден жуушы" болып жұмыс істейді, яғни, зейнетақы қорына ешқандай жарна аударылып жатқан жоқ. Мұндай жағдайда не істеу керек?
– Бейресми түрде жұмыс істейтіндерді "жұмыспен қамтылғандардың" қатарына қоса алмаймыз. Егер жұмыс беруші зейнетақы қорына жарна аударуға келіссе, онда "жұмыссыз" ретінде тіркемейміз.
Гаухардың жұмыс орны сәуір айында оның зейнетақы жарнасын аудармаса, дәл сондай 50 мың теңге жалақыға басқа жұмыс орнын тауып беруге тырысамыз. Көрдіңіз бе, бейресми түрде жұмыс істегеннен кейін жұмыс орны туралы анықтама сұраттық. Осы айдың соңында өтініш қалдырса да, жәрдемақы 1-ші сәуірден бастап есептеліп, осы айда тағайындалады, – дейді Жұмыспен қамту орталығының маманы.
Гаухар бұл жұмысты таңнан түске дейін ғана істейтіндіктен, тиімді екенін айтады. Өйткені, түстен кейін егіз баласы сабақтан келеді.
"Е-халық" ақпараттық жүйесінде сіз туралы мәлімет болмаса ше?
Бұл туралы Нұр-Сұлтан жұмыспен қамту орталығының баспасөз хатшысы Дана Тұрғынова түсіндіріп берді.
– Орталық базада өтініш беруші туралы ақпарат болмаса, мамандар құжаттарды өзге министрліктерге хат жолдау арқылы сұратады. Бір ай жұмыс күні ішінде жауап келеді. Әрине, кім ұзақ күткісі келеді? Мұндай жағдайда атаулы әлеуметтік көмекті алғысы келетіндердің көбі өздері құжаттарды жинауға мәжбүр. Қазір осы тұста түсініспеушілік туындап жатыр. Бізде арнайы құжаттар тізімі жоқ, – деді ол.
Оқи отырыңыз: Көпбалалы аналарға 21 мың теңге. Атаулы әлеуметтік көмекті сонымен кімдер алады?
Вице-министр Светлана Жақыпова уатсап желісі арқылы тарап жатқан құжаттар тізімінің өтірік екенін айтып, "мырс" күлді. Оның айтуынша, бүгін қабылданған құжаттар арнайы комиссияға жіберіледі. Олар үш жұмыс күн ішінде тұрып жатқан мекен-жайына барып, ақпараттың рас-өтірігін анықтайды. Ол кісіге атаулы әлеуметтік көмекке ілінген, ілінбегені жөнінде SMS-хабарлама келеді.
Ал, жұмыспен қамту орталығының маманы Нұрсәуле Тәжібаева оларда SMS-хабарламаның жоқ екенін айтты.
Тұрақты тіркеуі Нұр-Сұлтан қаласында болғанымен, қала іргесіндегі ауылдарда тұрып жатқандарға қайда жүгіну керек?
– Мұндай адамдар бізге өтініш тапсыра алмайды. Себебі, біздің комиссия мүшелері қала сыртына шықпайды.
Мысалы, Талапкер, Қосшы, Қараөткел, Қоянды сияқты ауылдарда тұратын болса, сол жаққа уақытша тіркеуге тұруға кеңес береміз. 1 сәуірге дейін уақытша тіркеуде тұрғандардың құжаттарын қабылдамайтын едік. Енді өзгерді. Одан кейін ауылдың әкімдігіне көмекті алу туралы өтініш береді. Ары қарай жағдайдың барлығын сол мамандар қарастырады, – деді баспасөз хатшы Дана Тұрғынова.
Уақытша тіркеуде тұрғандардың табысы бірге есептеле ме?
– Бір баспанада қанша адам тұрса, барлығының табысы есептеледі. Жұмыссыз отырғандар "жұмыссыз" ретінде тіркелуі керек. Әке-шешесі зейнет жасына жетпей, табыс таппай отырса да.
Тұрақты тіркеуде, уақытша тіркеуде басқа көшеде тіркеліп, өзге үйде тұруына болады. Ондай жағдайда өтініш жазғанда тұрып жатқан мекен-жайын көрсетуі керек. Базада тіркеуде болмаса, Халыққа қызмет көрсету орталығына барып, міндетті түрде тіркелу қажет.
ЕСКЕРТУ: Бір үйде тіркелгендердің табысы емес, бір үйде тұрып жатқандардың табысы есептеледі.
Ай сайын аударылатын зейнетақы жарнасы табыс көзіне кіре ме әлде қолға алған ақша есептеле ме?
– Табыс көзі есептелген кезде зейнетақы жарнасымен бірге қарастырамыз. Мысалы, қолма-қол 90 мың теңге алатын болса, құжаттағы табысы есепке алынады, – деді жұмыспен қамту орталығының маманы Сәуле Ерсұлтанова.
Баланың әкесі алимент төлеуден бас тартса, не істеу керек?
Біздің редакцияға алимент жөнінде сұрақтар жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай жауды. Соның бірі:
– Менің бес балам бар. Үлкен қызым – мүгедек. Бірінші некеден туған. Ол кісімен ажырасқаныма бақандай 11 жыл. Содан бері алимент алған емеспін. Атаулы әлеуметтік көмекті алу үшін өтініш жазуға барсам, мамандар "міндетті түрде ол кісіден алиментті өндіріп алуың керек" деп қайтарды. "Алимент алмайды" деген құжат неге жеткіліксіз? Екінші рет некеде тұрмын ғой. Оны есептемей ме? Басқа шешімі жоқ па? – деді Атырау қаласынан бізге хабарласқан Гүлсім Рысмағанбетова.
"Ондай жағдайда міндетті түрде сотқа жүгіну керек" дейді жауап берген Сәуле Ерсұлтанова.– Гүлсім Рысмағанбетова алиментті өндіріп алу үшін міндетті түрде сотқа барып, өтініш қалдыру керек. Содан бастап ол кісіге қарыз ретінде есептеле бастайды. "Қарызы жөніндегі анықтаманы" алып келсе, соның өзі жеткілікті. Егер әке балаға алиментті төлейтін болса, табыс көзі ретінде есептеледі. Ол құжатты сот орындаушылары беруі керек.
Алиментті төлемеу жөнінде екеуара келіссе ше?
– Егер әке заң жүзінде алиментті төлемей, бұрынғы әйеліне қолма-қол ақшалай көмектесетін болса, ауызша айтқан сөзді қағаз жүзінде көре алмаймыз. Ондай жағдайда нотариалды келісім немесе сот шешімін алып келуі қажет, – деді ол.
Несиені табыс көзі ретінде қарастыра ма?
– Иә. Сәуір айында атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау үшін қаңтар, ақпан, наурыз айларындағы табыс көзін, аударылған зейнетақы жарнасын қараймыз. Осы аралықта несие алған болса, ол да табыс болып есептеледі, – деді Сәуле Ерсұлтанова.
Сонымен табыс көзі ретінде мыналар есепке алынады:
- Бір жасқа дейінгі бала күтіміне байланысты жәрдемақы;
- Мүгедек баланың күтіміне берілетін жәрдемақы;
- Күйеуі қайтыс болғаны үшін тағайындалатын жәрдемақы;
- Несие;
- Зейнетақы;
- Көп балалы отбасыларға, тұрмысы төмен отбасыларға берілетін жолақы қаржысы;
- Алимент;
- Жеке қосалқы шаруашылықтан түскен табыс т.б.
Қандай табыс есепке алынбайды?
- Біріншіден, төрт және одан да көп баласы бар көп балалы отбасыларға берілетін арнаулы мемлекеттік жәрдемақы;
- Екіншіден,"Алтын алқа" және"Күміс алқамен" марапатталған көп балалы аналарға берілетін жәрдемақы;
- Үшіншіден, баланың мүгедектігі бойынша жәрдемақы;
- Төртіншіден, студенттердің шәкіртақысы;
- Бесіншіден, жергілікті атқарушы органдар беретін біржолғы төлемдер: бала тууына байланысты бір реттік берілетін төлем, мерекелерге төленетін жәрдемақы.
Айта кетейік, 1 сәуірден бастап атаулы әлеуметтік көмекті алуға 77 мың өтініш түскен.
Айтпақшы, өзіңізбен бірге міндетті түрде банк карточкаңыздың 20 сандық нөмірін алып келіңіз. Бірыңғай базадан көрінгенімен, жоғалған немесе мерзімі өткен карточканың нөмірі болмасын, қаражат түспей қалуы мүмкін.