Элит класс санатындағы пәтерлер
2017 жылдың мамыр айында мұндай үйлердегі пәтердің шаршы метрі орташа есеппен алғанда 440 мың теңге болған. Бір қызығы 2018 жылдың мамырында сол баға өзгермей сақталған. Бірақ аралықта бағаның күрт өскен кездері болыпты.
Бағаның ең шарықтаған кезі – 2017 жылдың қыркүйегінің соңғы аптасы болған екен. Онда шаршы метрдің орташа бағасы 504 мың теңгеге дейін көтерілген. Бірер айдан кейін түсіпті.
Биыл наурыз айында қайтадан күрт өсіп, шаршы метрінің орташа бағасы 476 мың теңгеге жеткен.
Бизнес класс үйлеріне келер болсақ
Бұл сегменттегі баға былтырмен салыстырғанда айтарлықтай қымбаттапты. Мысалы, 2017 жылдың бірінші мамырында шаршы метрдің орташа бағасы 312 500 теңге болса, биылғы мамырда – 340 мың теңге.
Комфорт класс санатындағы үйлердің орташа бағасы бір қалыпта тұр
2017 жылы мамырда шаршы метрінің орташа құны 280 мыңға бағаланса, биыл да сол шамада. 2017 жылы 17 қазанда 260 мыңға дейін арзандаған.
Ал эконом класс ше?
Мұндай пәтерлердің өткен жылмен салыстырғанда арзандағанын байқауға болады. 2017-нің мамыр айында олардың шаршы метріне орта есеппен 246 мың теңге сұраса, биыл сұраныс 231 500 теңгеге түскен.
"Қайта өскені, негізі бұл сегменттегі баға жылдың басында қатты құлдыраған болатын" дейді риэлторар. Жалпы эконом кластағы пәтерлердің орташа бағасының күрт төмендеуі биыл қаңтардың соңында байқалған екен. Ол кезде шаршы метрінің орташа бағасы 200 мыңға дейін арзандаған.
"Сатушылар шалқая алмайды"
Мамандардың айтуынша, халықты баспанамен қамтамасыз ететін Мемлекеттік бағдарлама саны көбейсе де, сату мен сатып алу көрсеткішіне айтарлықтай әсері болмаған.
– Егер ескі қаладағы үйлерге келер болсақ, шаршы метрі 245 мың теңге тұрады. Есіл ауданында "Жағалау" элит класстағы үйлерден бастап шаршы метр бағасы 270 мыңнан 400 мыңға жетеді, – дейді жылжымайтын мүлік бойынша сарапшы Валерия Цыганкова.
Дегенмен, мемлекеттік бағдарламалар көбейген сайын пәтерін сатушылар бағаны түсірмей шалқаю дегенді қойған.
– Тіпті пәтер аздап арзандады деуге болады. Мысалы, 2017 жылдың үшінші тоқсанын алып қарайтын болсақ, ескі үйлердің шаршы метрі 265 мың теңге болған екен. Қазір 245 мың теңге.
Сатып алушылардың көбі "7-20-25" бағдарламасын күтіп жүр
– Сол себепті олар дәл қазір тартыншақтап отыр. Өйткені, сауда сәл саябырсыды, – дейді Валерия Цыганкова. – Астана бойынша, ауданы 60-70 шаршы метрлік екі бөлмелі пәтерлерге сұраныс жоғары. Ондайлар жалпы сатылымның 30,22 пайызын құрайды.
"7-20-25" мемлекеттік бағдарламасы туралы төмен түсіп, оқи аласыздар.
– Бірақ, ескі үй болса да қолма-қол ақшаға сатып алушылар көбейді. Көрпесіне қарай көсіліп, қарызға батпай, қолында бар қаражатына келетін баспана іздейді. Ол да дұрыс шығар, – дейді сарапшы.
Пәтер қашан қымбаттайды?
Алдын ала болжам әрі жылдағы әдет бойынша, қыркүйек айына қарай 10-15 пайызға міндетті түрде қымбаттайтын көрінеді.
– Өйткені, жұрт осы кезде баласы баратын мектеп жанынан үй іздей бастайды. Сатушылар да сол кезді пайдаланып қалғысы келетін болар, сараңданып қалады, – дейді Валерия Цыганкова.
Сондықтан...
– Пәтер алу ойыңызда болса, қаңтар мен наурыз айлары аралығына жоспарлаған дұрыс. Осы кезде пәтер бағасы түседі, – дейді сарапшы.
"Елорда Даму" ЖШС салған үйлер
"Елорда Даму" ЖШС – Астана қаласы әкімдігінің уәкілетті ұйымы. Компания "Нұрлы жер" мемлекеттік құрылыс бағдарламасы бойынша Астана қаласының тозығы жеткен ескі үйлердің орнына жаңасын салып жатыр.
Нысандары: Ұлы дала көшесіндегі 19, 19/1, 19/2, Е16 көшесіндегі 4, 6, 2, Республика даңғылы, 61 және Қарасай батыр, 26-да.
– Шаршы метрі 245 мың теңгеден басталып, 300 мың теңгеге дейін барады. Баға үйдің орналасқан жеріне байланысты. Үйлердің барлығы төртінші, яғни эконом класс, – дейді "Елорда Даму" ЖШС қаржы және комиссия жөніндегі бас директордың орынбасары Төлепберген Қойшыбаев.
"Бізден үй алу үшін..."
– Сатып алушы бірінші компаниямен шартқа отырады. Өзінің төлем қабілетін растау үшін, банкте арнайы шот аштырып, пәтер құнының он пайызын салады. Сол ақша төлегеннен кейін пәтер клиенттің атына тіркеледі, – дейді Төлепберген Қойшыбаев.
Айтуынша, үй тапсырылғаннан кейін қалған 90 пайызын түгел салады немесе кез келген екінші деңгейлі банк арқылы ипотекаға рәсімдеуіне болады.
– Ал ипотеканы банк ұсынған шарт аясында рәсімдейсіз. Мәселен, көп банктерде алғашқы жарна 30 пайызды құрайды. Сол кезде, өзіңіздің төлем қабілетіңізді растау үшін үйге салған 10 пайыз жарнаңызды пайдалануға болады. Яғни, банк сұрайтын 30 пайызды 20-ға дейін азайта аласыз, – дейді Төлепберген Қойшыбаев.
Бір ескерер жайт:
"Елорда Даму" ЖШС-нің басқа компаниялардан айырмашылығы – клиенттің ақшасы кез келген екінші деңгейлі банкте өзінің атына ашылған есеп-шотта бұғатталып тұрады. Тек үй пайдалануға берілгеннен соң, негізгі келісім шарт жасалғаннан кейін компанияның есепшотына аударылады.
Saranda бағаға "сараң" емес
Байларға арналған бұл коттедждер қалашығы өте қымбат материалдан салынған. Элит класс категориясына жатады. Шаршы метрінің құны – 721 мың теңге.
Үйдің іші қосымша әктеуді қажет етпейтіндей күйде (улучшенная черновая отделка – авт.) 2018 жылдың төртінші тоқсанында пайдалануға беру үшін дайындалып жатыр. Орналасқан жері де Есіл ауданында, Президент саябағы мен Ботаникалық бақтың маңында.
Тоғыз бөлмелі үй қалталыларға арналған, көлемі – 597,2 шаршы метр. Төбесінің биіктігі – 3,3 метр. Бағасы да ұшып тұр – 430,94 млн теңге. Астында көлік тұрағы да бар.
Ал, ең көлемді 889,8 шаршы метрлік тоғыз бөлмелі үй 642,08 млн теңгеге бағаланған. Қалашықтың айналасы қоршалған.
Байшыкештерге арналған 12 пәтерлі үй бір гектар жерді алып жатыр
Жеті қабат үйде көлемі 383-766 шаршы метр болатын 5-10 бөлмелі 12 пәтер бар. Бұл тұрғын үй кешені Астананың қақ ортасында, Мәңгілік Ел даңғылында, "Қазақ елі" монументіне (Триумфальная арка) жақын орналасқан.
Үй классицизм стилінде салынған. Қасбеті ақ мәрмәрмен қапталған. Үйдің қабырғасы үш қатар кірпіштен қаланған, қалыңдығы бір метр.
Төбесінің биіктігі – 3,7 метр. Әрбір пәтерге үш автотұрақтық орын беріледі, сонымен қатар жеке жерасты сейф-қойма да қарастырылған. Астыңғы қабаттың өзі табиғи гранитпен әрленген. Мұның да шаршы метрі – 721 мың теңгеге бағаланған.
Шаршы метрі миллион тұратын үй түгелге дерлік сатылып кеткен
Алматы ауданы, Тәуелсіздік даңғылында орналасқан бұл үй де элит классқа жатады.
Екі бөлмелі пәтердің көлемі 116 шаршы метр. Үш бөлмелі пәтерлер 167 шаршы метрді алып жатыр. Төрт бөлмелі пәтердің көлемі 295 шаршы метр.
Тоғыз қабатты үйде 33 пәтер бар.
Бизнес класстың бағасы қандай?
Біз танысқан осы сегменттегі тұрғын үй кешені Алматы ауданы, Жұмекен Нәжімеденов көшесінде орналасқан.
Алты қабатты төрт ғимараттан тұрады. Әрбір ғимаратта 42 пәтер бар. Үй бизнес класс санатына жатады. Пәтердің биіктігі – 3,3 метр. Үй ұлттық нақышпен безендірілген. Жертөледегі қабатта автотұрақ, ал бірінші қабатта кеңселер орналасқан.
Ауласында балалар ойнайтын, спорт алаңдары және тағы автотұрақ орындары бар. Шаршы метрінің құны – 493,05 мың теңге.
140 шаршы метрлік үш бөлмелі пәтерлер 69, 168 шаршы метрлік төрт бөлмелі пәтерлер 82 млн теңгеге бағаланған. Бес бөлмелі, 240 шаршы метрлік пәтер 118 млн теңге тұрады.
Шаршы метрі 140 мың теңгеден басталатын коттедждер бар
Мұнда шаршы метрінің бағасы 140 мыңнан басталып, 1,5 млн теңгеге дейін жетеді. Пәтер бағасы да сәйкесінше, 30,8-330,8 млн теңге аралығында.
Үй комфорт класс санатында. Бәрі таунхаус стилінде салынған – кіреберістері жеке екі-үш қабатты үйлер.
Есіл ауданы, Қараөткел ауылында орналасқан. Балалы-шағалы отбасылар үшін ең тиімді ұсыныс.
Тұрғын үй кешені маңында мектеп, балабақша, дәріхана мен дүкен сияқты коммерциялық нысандар көп.
56 шаршы метр үй 11 миллион теңге тұрады
Мұндай үйлер үшінші, комфорт класс болып саналады. Шаршы метрінің бағасы 200-210 мың теңге аралығында.
39 шаршы метр бір бөлмелі пәтердің бағасы – сегіз млн, 56 шаршы метрлігі – 11 млн теңгеге бағаланған. Көлемі осымен шамалас екі бөлмелі пәтердің бағасы да сондай.
Тұрғын үй кешені сегіз қабатты екі үйден тұрады. Биіктігі 2,7 метр болатын пәтердің көлемі 39 шаршы метрден 150 шаршы метрге дейін. 2018 жылдың үшінші тоқсанында пайдалануға беріледі деп жоспарланған.
"Арзан" үйлер
Нарықта мұндай үйлер де бар. Элит кластағы үйлермен салыстырғанда арзан көрінгенімен бұларға да қолы жетпей жүрген жұрт көп.
Бұл – эконом (төртінші) класс үйлер. Ең арзандары қала сыртына салынған. Мәселен, Еуропаның комфорт стиліне сай бейімдеп салынған осындай қалашықта көлемі 25 шаршы метр, бір бөлмелі пәтерді алуыңызға болады. Шаршы метрінің бағасы – 180 мың теңге.
Көлемі 25 шаршы метр бір бөлмелі пәтердің бағасы – 4,5 млн теңге.
51 шаршы метрлік екі бөлмелі пәтерді 9,25 млн теңгеден басталатын бағаға алуға болады.
Ал, 60 шаршы метр үш бөлмелі пәтер он млн тұрады.
Қалашық Қосшы елді мекенінде орналасқан. Үш қабатты 70 үйден тұрады. Жалпы пәтер саны – 700. Паркингісі жоқ. Үй пайдалануға 2018 жылдың үшінші тоқсанында беріледі.
Тек бір бөлмеден тұратын үйлер де бар
Бағасы 5 млн теңгеден басталады.
Үйде бір кіреберіс қана бар. Алты қабатты, 60 пәтерлі үй. Шаршы метрі – 220 мың теңге.
28 шаршы метрін 6,18, 25 шаршы метрін 5,7, 22 шаршы метрін бес миллионға саудалай аласыз.
Мемлекеттен қолдау бар
Бүгінде баспаналы болғысы келетін кез келген адамға мемлекет тарапынан қолдау бар. Мәселен, 2017 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан "Нұрлы жер" бағдарламасы аясында, пайыздық мөлшерлемесі төмен несиемен пәтер алуға болады.
Бағдарламаның шарты бойынша алғашқы жарна пәтер құнының 30 пайызын құрайды. Қалған соманы банк 10 пайыз мөлшерлемемен береді. Талап бойынша Алматы мен Астана қалалары үшін пәтердің бағасы 20 млн, ал аймақтар үшін 15 млн теңгеден аспауы керек. Ипотеканы өзіңіздің төлеу қабілетіңізге қарай 15 жыл мерзімге дейін рәсімдей аласыз.
Бүгінде бағдарламаға "Сбербанк" АҚ ЕБ, "Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі" АҚ, "Банк ЦентрКредит" АҚ, "АТФ Банк" АҚ, "Tengri Bank" АҚ, "Цеснабанк" АҚ, "Bank RBК" АҚ қатысады.
Несиенің төлем сомасы жалақысының 50 пайызынан аспауы – басты талаптардың бірі. Несие алушының жасы 21-ден жоғары, соңғы жұмыс орнында төрт ай жұмыс істеуі керек, ал жалпы жұмыс өтілі алты айдан көп болуы шарт.
Сонымен қатар...
Көпшілік демін ішіне тартып күтіп отырған "7-20-25" бағдарламасы әзірленіп жатыр. Ол туралы мына жерден оқи аласыздар.
Және еліміздегі мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасын іске асырушы, ең ірі оператор – "Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі" АҚ ұсынатын ипотекалық несие бар. Ол – "Өз үйім" бағдарламасы.
Мұның ішінде 25 жылға дейін несиелеу қарастырылған. Алғашқы жарна – 30 пайыздан жоғары. Несие бойынша пайыздық мөлшерлеме алған қарыз түріне және өтініш берушінің "Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі" АҚ шотында жиналған қаражатына байланысты. Оған шотында 500 мың теңге жинақтары бар банк салымшысы қатыса алады.
Мысалы:
- Сатып алынатын үйіңіздің құнының 30 пайызын жинаған жағдайда (жетпей жатса қолма қол толтыруға болады) несие 9,5 пайыздық үстемемен;
- Сатып алынатын үйіңіздің құнының 50 пайызын жинаған жағдайда (жетпей жатса қолма қол толтыруға болады) – 7,5 пайыздан 8,5 пайызға дейінгі үстемемен;
- Егер сатып алатын пәтеріңіздің бағасының 50 пайызын үш жыл ішінде жинап үлгерсеңіз бағалау көрсеткішіңізге сәйкес 3,5 пайыздан 5 пайызға дейінгі үстемемен рәсімдей аласыз. Жетпей жатса, қолма қол толтыруға болмайды, ондайда алдыңғы категорияға жатасыз, пайыздық үстемеңіз сәйкесінше жоғары болады.
Бағдарламаның бір артықшылығы – атыңызға тіркелген басқа жылжымайтын мүліктің болуы кедергі емес. Екіншісі – Астана мен Алматы қалалары үшін (мемлекеттік бағдарламаларда осы қалаларда соңғы екі жыл тұрақты тіркеуді талап етеді) екі жыл тұрақты тіркеуді сұрамайды.