Астана қаласы бойынша жүргіншілердің 10-15 пайызы ғана жол жүру ақысын электронды төлеу жүйесі арқылы төлейді. Жыл соңына дейін Елордадағы автобустардың барлығы жаңартылып,100% электронды төлеу жүйесіне көшуі тиіс.
Жалпақшешей жүргінші, ұры кондуктор, жымысқы жүргізуші
Жалпы Астанада күніне 850 автобус өз бағытымен көшеге шығады. Бүгінде жыл соңына дейін жаңартылады деп жоспарланған 380 автобустың 200 жаңартылыпты. Тек автобустар жаңарғанмен, қызмет сапасы көңіл көншітпейтін күйде қалған. Кондукторлар мен жүргізушілерге көңілі толмағандардың ішінде әлеуметтік желінің құдіретін білетіндер құқығы бұзылса,түсіріп алған фото, видео жазбаларын желіге жүктеп, шу шығарып да жататындары көбейген. Білмейтіндері сен тимесең, мен тимен деп жүре береді.
Биылғы жылдың көктемінде жол жүру билетін көзімше жыртып бер деп сұраған әйел, кондуктордың "берген билетті алыңыз, қайда барып, шағымдансаң өзің біл" деген дөрекі жауап бергенін видео жазбаға түсіріп алған. Жазба желіде тарай салысымен, автопарк басшысы жүргізуші мен кондукторға шара қолданатынын мәлімдеді.
Сұлтан Жақсылық есімді азамат та Facebook желісінде кондуктордың жартылай жыртылған билетті бергеніне наразылық білдірген. Айтуынша, кондукторлар билет жетпегендіктен жарты билет беруге мәжбүр екендігін айтып ақталған.
Сіз бен біз төлеп отырған жолақымыздың қызмет көрсету сапасына тікелей әсері бар екенін ескерген дұрыс. Ал жол жүру билетін елдің бәрі талап ете бермейді. Ол да түсінікті. Таңғы, түскі кептеліс уақыттарында билет сұрамақ түгілі, автобустың ішіне кіру мен шығу мұңға айналатын маршруттар бар. Билетті сұрауға мұрша да бола бермейді, ал сұрамасаңыз өзі ұсынуға зауқы жоқ кондукторлар тағы бар. Кейбір жүргіншілердің жалпақшешейлік танытып, не билеттен бас тартып, не кондукторға өздері кері ұсынатындары кездері де болады.
Ал автобусқа мінген екі адамның бірі осылай жасаса не болады?
Миллиондар қайда кетіп жатыр?
Бүгінде автопарктердегі көлеңкелі экономика жайлы қандай да бір ресми дерек жоқ. Бірақ ТМД елдерінің жол жүру ақысын төлеуді электронды жүйеге көшірген қалаларындағы тәжірибеге сүйенсек, жүргізушілер мен кондукторлардың жымқырып қалатын қаражаты автопарктің бір жылдық табысының 20-30 пайызын құрайды, – дейді Астана LRT баспасөз хатшысы Асқар Атагулин.
Ал кейбір бейресми деректер бойынша, автобус парктерінің бір жылдағы осылай "далаға" кетіп жатқан шығыны бір-екі миллион емес, жүздеген миллион теңгені құрайды. Миллиардтан асса да оны есептеп жатқан ешкім жоқ.
– Жалпы жарты билет берген жағдайда, көліктік бақылау қызметі тәртіп бұзу актісін жазып, автопарктің тәртіптік кеңесіне салып алқалық шешім қабылданады. Тәртіп бұзушылық жүйелі түрде жасалатын болса, жұмыстан босатылады, – дейді Асқар.
Сондықтан, кондуктор сізге жарты билет берсе, не мүлдем билет бермесе немқұрайлылық танытпаған жөн. Оларды күнін көре алмай жүрген байқұс санау санамызда қалыптасып қалған. Қоғамдағы "кімнің қалтасына кетпей жатыр. Таңнан кешке дейін табандарынан тік тұрып жұмыс істейді, алып жатқаны 90 теңге" деген пікір қате. Олардың айлық табысы әлдеқайда жоғары.
Жалпы жүргізушілер мен кондукторлардың қазіргі нақты жалақысы туралы ашық ақпарат жоқ. Ол туралы Астана LRT баспасөз қызметкері де білмейді. Себебі, автобус парктері жеке мекеме болып табылады, ал Астана LRT – қаладағы көлік қозғалысын бақылаушы ғана.
Жағдайды білу үшін жәй жүргінші болсаңыз жеткілікті
Мақала жазбастан бұрын, сөзіміз дәлелді болуы үшін informburo.kz ақпараттық порталының қазақ редакциясының тілшілері Елордадағы автобустағы жағдайды тікелей бақылауға көштік. Екі апта тұрақты бақылаудың қорытындысы мынадай:
Ұдайы жолаушылармен жұмыс жасап жүргендіктен кондукторлардың дені адам таниды. Үстіңіздегі киіміңіз келісті, түріңіз сұстылау көрінсе, олар сізге тұтас билет ұсынады. Түріңіз шаршаңқы, кондукторға жол ақысын бере салып, немқұрайлылық танытып, терезеге қарай сырт айналсаңыз ол да ақшаңызды алып жөніне кетеді.
Әсіресе ер адамдардың барлығы дерлік ұсақ-түйекке көңіл бөле бермейтіндерін жақсы біледі. Тіпті қарбалас уақытта ер адамдарға билет атаулыны бермеген кездеріне өзіміз де куә болдық. Көзімізше валидатордан он билетті шығарып алып, оны 16-17-ге бөлшектеп, арасына бір-екі бүтін билетті салып алып, жолақы жинауға кіріскендер де болды.
Ал валидатор аяқ астынан "істен шығып" қалды, деген билет сұраған пысық жүргіншілердің еститін үйреншікті жауабына айналған. Бұл туралы түсірілген видео редакцияда сақтаулы.
Астана LRT халықтан көмек сұрайды
Шындығында, Астана LRT барлығын бақылауға қауқарсыз. Сондықтан, мәселені бірлесе шешуге шақырады.
Асқар Агатулинның айтуынша, Елордада көлік қозғалысын ұйымдастырушы бір ғана Астана LRT-ның қолынан түк келмейді. Бұл – жұртшылық жұмыла кірісетін шаруа.
Шындығында сіз берген 90 теңге кондуктордың жағдайын жақсартпайды. Ал керісінше, сол ақша автопаркке түссе, сіз жүретін автобустар жаңарады, саны артады, қызмет сапасы жақсарады. Осылайша, уақыт өте сіз жол ақысына төлеген ақшаңызға сай қызмет алатын боласыз.
Жол ақы төлеу жаңаша, ал қоғамдық көлік қызметін ұйымдастыру жүйесі ескіше
Астана қаласында тоғыз автопарк қызмет көрсетсе, соның тек біреуі ғана мемлекеттік екен. Ал автобустардың барлығы мемлекеттің меншігі. Тек оларды жекеменшік автопарктар, ЖШС ұзақ мерзімді жалға алған. Олар өз кезегінде автобустарды жеке кәсіпкерлерге жалға береді. Яғни, автопарк жүргізуші мен кондукторға бір күнде белгілі бір билет мөлшерін сатуды тапсырады. Мысалы, жоспар – күніне мың билет сату, олар екі мың сататын болса, қалған мың билеттің ақшасы өз қалталарында қалады.
Қалалық әкімдіктің жанынан құрылған Астана LRT ЖШС осылай үшінші адам қолындағы қызметті ғана бақылайды.
Алматы сияқты "оңай" болмайды
2016 жылдың басында Алматы қаласында электронды жолақысын төлеу жүйесі енгізіліп, жұртшылықты біраз әбігерге салған. Тіпті бүгінге дейін Алматыдағы электронды төлеу жүйесі айналасында даулы мәселелер шешімін таба алмай келеді.
Жуырда ғана Жүргізушілер тасымалы асссоциациясының президенті Сәбит Аманбаев "Алматы көлік холдингі" ЖШС-нің өзіне жүктелген міндеттемелерді орындай алмай жатқандығы туралы хабарлаған болатын. Мұнда биыл 24 шілдеден бастап жол ақысын қолма-қол төлегісі келетіндер үшін жолда жүру ақысы 80 теңгеден 150 теңгеге дейін қымбаттаған. Айтуынша, ұсыныс әкімдіктен түскен. Адамдарды "Оңай" картасын алуға көндірудің тиімді жолы деп танылған.
Әкімдік болса, қолма-қол төлеуді қымбаттату көлеңкелі ақша айналымына жол бермейді, сонымен қатар салықты өсіріп, өз кезегінде жүргізушілерді электронды төлеуге ниеттендіреді деп түсіндіреді.
Ал Астанада алдағы уақытқа мұндай өзгерістер енгізілу көзделмеген. Өзіңізге ыңғайлы түрімен төлем жасайсыз дейді Астана LRT ЖШС баспасөз хатшысы.
Мектеп оқушылары үшін жеңілдіктер бар:
- 7 жасқа дейін жол жүру ақысы тегін.
- 15 жасқа дейін жалпы жол жүру ақысынан 50 пайыз жеңілдік (40 теңгені құрайды)
Студенттер үшін жеңілдік жоқ.
Жол жүру ақысын электронды төлеудің ASTRA PLAT жүйесі Елорданың интеллектуалды көліктік жүйесі Астана қаласының ITS универсалды платформасының өзге де жүйелермен бірлескен бір бөлігі болып табылады. Келесі қызметті атқарады:
- Астана қаласы бойынша автомобильді көлік тасымалы қызметінің сапасын жақсарту.
- Жүргізушілер тасымалы саласындағы қаржылық айналымның ашық болуын қамтамасыз етеді.
- тегін жүру құқығы бар азаматтарды тасымалдаумен айналысатын ұйымдардың шығынын есептеудегі дәлділік механизмін енгізу
- Тиімді, үнемді тарифтерді іске қосу арқылы қалалық қоғамдық көліктің қолжетімді болуын қамтамасыз ету. Мысалы, жол жүру ақысын 10 рет төлесеңіз 11-шісі тегін. Сонымен қатар 60 минут ішінде шексіз автобусқа тегін, ауысып мінуге болады. Жеңілдіктері бар азаматтар тегін жүру құқығын сақтап қалып отыр. Қала маңындағы тұрғындар үшін электронды төлеу жүйесі бір рет тегін автобус ауыстыруға мүмкіндік береді. Мысалы, ауылдан келген автобустан шығар кезде картаңызды валидатордан өткізсеңіз, 60 минут ішінде кез-келген қала не экспресс маршрутына отыра аласыз.