29 сәуір. Бейбітшілік және келісім сарайы. Нұрсұлтан қаласы. Қазақстан халықтары ассамблеясының кезекті сессиясы ашылды.
Сессияға кімдер қатысты?
Түрлі ұлттық киім киінген делагаттар.
Үкімет мүшелері, депутаттар, әр облыс әкімдері мен ондағы ұлттық орталықтардың басшылары, Достық үйлерінің мүшелері, танымал қайраткерлер, журналистер мен спортшылардың барлығы келді.
Бір-бірімен құшақтасып, көріскендеріне мәз болып жатқан әр ұлт өкілдерін көрдік.
Тақияның түрін көрдік.
Әр жерде жиналып отырған жастарды да көзіміз шалды.
Әскери форма кигендер де көрініп қалды.
Дін тұлғалары да көп көрінді.
Залға Ассамблея төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев пен ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қатар кірді. Қол ұстасып елге құрмет білдірді.
Бүгінгі Ассамблея сессиясына 487 өкілінің қатысып жатқанын айтқан Ассамблея төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев сессияны ашық деп жариялады.
Әнұран орындалған соң, Назарбаев сөз сөйледі. Ол:
– Бүгінгі күн – тұрақтық пен бейбітшілктің ең басты кепілі. Ингуш, шешен халықтарының "Вайнах" мәдени орталығы және тарихы туралы айтып, тағдыры мен талғамы бір халықтың береке-бірлігінің берік болуын тіледі.
Бүгінгі сессия қазақша басталып, негізгі бөлімінің ресми тілде жалғасқанын айта кету керек.
Ресей халық ассамблеясының өкілі Т.Смирнова бастап, Түркия мен Кореядан келген қонақтар сөз сөйледі.
Жамил Злимханов:
– Мен шешен жігітімін. Әкем соғыста қайтыс болды. Ақыры осыдан жетпіс бес жыл бұрын Қазақстанға көшіп келіппіз. Қазақтар мені оқытып, өсірді. Қазір мұнай саласында қызмет етіп жүрмін, – деді. Ол отандастарына адал қызмет ететінін айтып, қазақ халқына құрмет білдірді.
Кравцова Лариса:
– Мен Қарағандыданмын. Башқұртстаннан келгенімізге қырық төрт жыл болды. Біздің отбасымыз көп ұлтты. Жолдасым – орыс. Қазақ, татар секілді туыстарымыз бар, – деді. Ол осындай бақытты өмір кешіп жатқан елге риза екенін айтты.
Анкарадан келген саясаттанушы Нуршад Зорлуға сөз берілді: Ол:
– Мен Түркиядан атажұртқа жүрек жарды сәлемімді ала келдім. Түркияда сексен млн қазақ бар. Олардың жүрегі сіздер деп соғады. Мен Қазақстанды зерттеп келемін, – деп бастады. Ол "Елбасы Назарбаев" атты кітабының төрт тілде жарыққа шыққанын айтты.
Кореялық Чу Ионг-Минг:
– Мен Кореяның Сеул қаласынан келіп, докторантурада оқып жатырмын. Мен көп ұлтты құрамы бар Қазақстандағы татулыққа таң қалдым. Сол үшін Қазқастанда білім алуды таңдадым. Жергілікті кәрістер ішінен алпыстан астам ғылым докторы шығыпты, – деп барлық сөздерін қазақ тілінде жеткізді. Сонымен бірге Сеулде оқып жатқан қазақтардың көп екенін, қазақ тілін үйреніп жатқан кәрістердің де көбейіп келе жатқанын тілге тиек етті.
"Қазақтар мен кәрістердің түрлері де ұқсас" деді. Тіптен өз жолдасын Қазақстаннан тапқысы келетінін, екі ел арасын жақындату үшін қызмет ететінін айтты.
Германиядан келген Вальтер Гаукс:
– Сегіз жүз мың неміс отандарына қайтты. Миллионнан астам немістер атынан Қазақ халқына алғыс айтамын. Мен Астананы өз отаным санаймын, – деп бастады. Ол Қазақстандағы немістердің жақсы өмірін тілге тиек еттіп, Қазақстанның салиқалы саясатын мақтан тұтатынын айтты.
Сөз арасында Нұрсұлтан Назарбаев пікір білдіріп, ғылымды, экономиканы дамыту үшін Қытайдың тәжірибелерін пайдалану керек екенін айтып отырды.
Сұраған Дүрбетхан:
– Мен Моңғолиядан оралған қазақпын, – деп бастап, шетелдегі қандастар атынан тәуелсіз ел басшысына рақметін айтты. Сұраған шетелде ғылыми тәжірибелерімен жеңіске жеткенін, қазір Назарбаев университетінде жұмыс істейтінін жеткізді. Өткен жылы әлем бойынша математикадан берілетін ең үздік сыйлықты алған ең жас ғалым атанған екен. Сонымен бірге жас ғалымдарға бөлініп жатқан үш мың грант бар екенін, жалғаса беретінін, сол үшін алғыс айтатын қайталады.
Халықаралық Олимпиядадан алтынмен оралған Евгений Демиденко да жастардың мүмкіндіктерінің мол екенін жеткізді.
Алла Чечеткина:
– Қостанайлықпын. Мен Сақыпжамал секілді апалардың арқасында қазақ тілінің қасиетін сезіндім. Қазақтың нанын жеп, суын ішіп өскен адамнан Қазақ тіліне құрмет етуін талап етемін, – деп өзінің қазақ мектебінде оқығанын мақтанышпен айтты. Қазақ тілін дамытудың маңыздылығын атап, қазақы болмысты сақтауды дәріптеді. Сонымен бірге М.Мақатаевтың "Отан" деген өлеңін оқыды.
Жарыс сөз сонымен аяқталды. Соңғы сөз қайтадан Назарбаевқа берілді.
Ассамблеяға шетелдік достар клубын құруды ұсынды
Шетелдік инвесторлармен мемлекеттік деңгейде жұмыс жасауды Сыртқы істер министрлігіне тапсырғанын айтқан Нұрсұлтан Назарбаев Ассамблеяға шетелдік достар клубын құруды ұсынды.
– Ассамблеяның кәсіпкерлік қауымдастығының қызметі сапалы түрде жаңа деңгейге көтерілуі және оның құрамы бизнес-қауымдастықтың үздік өкілдерімен күшейтілуі тиіс. Қауымдастық іс жүзінде іскерлік байланыстарды дамытуға және елімізге инвестиция тартуға ықпал ететін Ассамблеяның шетелдік достар клубын құруы керек, – деді Н.Назарбаев.
Ол:
– Айтылған сөз, баяндамалар біздің жолымыздың дұрыс екенін көрсетеді, – деп, қазір әлемде экономикалық соғыс, санкция секілді мәселелер әлемді жайлап алғанын алға тартты. Сондықтан интеграциялық өзгерісті дамыту керек екенін баса дәріптеді.
Мемлекет ұлт не дін мәселесінде жасырын арандатушыларға қарсы шара қолдануға міндетті
– Тағы бір осы заманғы кең етек жайған, жол беруге болмайтын құбылыс коммуникациялық технологияның дамуынан келіп шықты. Меніңше, олардың абсолюттік артықшылықтарынан басқа, жойқын әлеуеті бар. Сандық байланыстың мүмкіндіктерін этникалық және конфессияаралық араздықты қоздыру үшін пайдаланды. Интернетте олар беттерін жасырып отырады, жазасыз қаламын деп ойлайды. Бірақ, олай кетпесін! Мемлекет осыған қарсы шараларды қабылдауға міндетті, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.