Demoscope қоғамдық пікірге жедел мониторинг жүргізу бюросы 6-9 қазан аралығында "Қазақстандағы қашықтан білім беру" тақырыбында сауалнама жүргізді. Оған 14 облыс пен республикалық маңызы бар қалаларда тұратын 1 100 адам қатысты. Бюроның мәліметінше, сауалнама кезінде отандастарымыздың қашықтан оқытуды бағалауда пікірі екіге жарылған. Кей респонденттер мұндай білім тәсілі коронавирустың таралуын болдырмау үшін мәжбүрлі түрде енгізілгенін түсініп, биліктен тиімді жұмыс күтетінін айтқан. Ал көпшілігі қашықтан оқуға қарсылық білдірген.
"Респонденттердің көпшілігі – яғни, 43 пайызы қашықтан оқытуға үзілді-кесілді қарсы. Қазақстандықтардың 38 пайызы онлайн білімге түсіністікпен қарайды. Бірақ, билік жаңа оқу жылына жақсы дайындалуы керек деп есептейді. Сауалнамаға қатысқандардың 16 пайызы онлайн форматты толығымен қолдап, қажетті шара деп санайды" делінген хабарламада.
Оқи отырыңыз: Ата-аналардың көбі қашықтан оқуға қарсы. Олар балаларының пандемияға қарамастан неге мектепке барғанын қалайды?
Сауалнамаға қатысушылар онлайн оқудың тиімділігін төмендегідей бағалады:
- тиімділігі орташа – 42% ;
- тиімділігі орташа деңгейден төмен – 41%;
- оқытудың жаңа түрінің тиімділігі жоғары – 12%.
Мониторинг жүргізу бюросының пайымдауынша, респонденттердің қашықтан оқытуды осылайша төмен бағалауы, еліміздің білім берудің жаңа түріне жалпы дайын болмауы және материалдық-техникалық қиындықтармен байланысты болуы мүмкін.
Сауалнамаға қатысушылар "Қашықтан оқытудың басты кемшілігі қандай?" деген сауалға төмендегідей пікір білдірді:
- 30%-ы – балалар, мұғалімдер және ата-аналар үшін стресс деп санайды;
- 28%-ы – техникалық қиындықтар, интернет жылдамдығы төмен деп есептейді;
- 19%-ы – білім сапасы нашар деп ойлайды;
- 9%-ы – компьютердің жоқтығын басты қиындыққа балайды.
Оқи отырыңыз: "Үйде білім алу оқу үлгерімін төмендетеді". Жекеменшік мектептер неге online білімге қарсы?
Сауалнама барысында аймақтар бойынша техникалық және интернеттің қиындығын негізінен Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан және Жамбыл облыстарының тұрғындары бастан кешіп отырғаны анықталған. Интернетке қосылу сапасы – онлайн оқытудың ең маңызды факторларының бірі екенін ескерсек, қазақстандықтар бұл тұрғыда артта қалып отыр. Өйткені, Demoscope жүргізген зерттеу нәтижелері көрсеткендей, сауалнамаға қатысқан азаматтардың:
- 49%-ында интернеттің жылдамдығы орташа, кейде қиындықтар туындайды;
- 25%-ында интернет сапасы нашар, олардың аймағында интернет әрдайым баяу жұмыс істейді.
"Интернеттің төмен жылдамдығын басқаларға қарағанда Алматы, Батыс Қазақстан және Қарағанды облыстарының тұрғындары атап өтті. Респонденттердің 22 пайызы ғана интернетке қосылу жылдамдығы жақсы екенін айтып, шағымдары жоқтығын жеткізді. Интернет сапасы бойынша ең жоғары бағаны (38%) Нұр-Сұлтан қаласы мен Қызылорда облысының тұрғындары берді. Бұл көрсеткіш пандемия кезінде білімге қол жетімділіктің теңсіздігін көрсетеді" делінген хабарламада.
Оқи отырыңыз: Қазақстандықтардың үштен бірі Covid-19 ресми статистикасына сенбейді
Қоғамдық көңіл-күйдің маңызды көрсеткіші - азаматтардың үкімет қабылдаған шараларға қатынасы. "Дүниежүзілік коронавирустық пандемия жағдайында білім берудің қандай формасын оңтайлы деп санайсыз?" деген сұраққа респонденттердің пікірлері шамамен бірдей бөлінді:
- 35%-ы адамдарға оқытудың ыңғайлы түрін таңдау құқығын беру керек деп есептейді;
- 33%-ы бұның мәжбүрлі шара екенін айта отырып, онлайн-оқуды қолдады;
- 29%-ы интернеттегі форматқа күмәнмен қарады. Олардың ойынша, бұрынғыдай мектеп пен университетке барған дұрыс. Сауатсыздық коронавирустан да қорқынышты.
Азаматтардың 42%-ы қашықтан білім беруді ұйымдастыру саласындағы мемлекеттік органдардың жұмысын орташа деп бағалады. Олардың ойынша, кейбір мәселелер шешілмеген күйінде қалды. Респонденттердің 13%-ы билік өте жақсы жұмыс жасады деп санайды. Қазақстандықтардың 36%-ы қашықтан оқыту сәтсіз, ал Білім және ғылым министрлігі қашықтан оқытуға дайын болмады деп санайды.
Demoscope қоғамдық пікір бюросы жүргізген сауалнама нәтижелері, қазақстандықтардың қашықтан оқытуға материалдық-техникалық жағдайлардың жоқтығынан және білім беру жүйесінің жаңа оқу жылына дайын еместігінен көңілі толмайтынын көрсетті. Сондай-ақ, сауалнама деректері интернетке қолжетімділіктің әртүрлі болуынан, оқушылар арасындағы өңірлік теңсіздіктің артқанын аңғартады.