7 қаңтар күні Иран әскери күші Ирактағы екі америкалық әскер базаны бомбылады. Шабуыл салдары мен адам және материалдық шығынның көлеміне қатысты АҚШ президенті Дональд Трамп халыққа жасаған үндеуінде қысқа ғана мәлімет берді. Ол Иракта АҚШ әскери базаларына Иран билігі тарапынан жасалған шабуылдан бірде-бір америкалық әскер зардап шекпегенін айтты. Бірақ шабуыл шығындарына қатысты нақты дерек бермеді.
Сондай-ақ, Дональд Трамп Таяу Шығыста соғыстың болдырмауға күш салатынын айтып, Иранды мәмілеге шақыру арқылы көрші елдермен қарым-қатынасын жақсартпақ.
Айта кетсек, Пентагон да, Ақ үй әкімшілігі де Иран әскери күшінің шабуылы нәтижесінде болуы мүмкін адам не материалдық шығынға қатысты мәлімет бермеді. Тек АҚШ президенті Дональд Трамп өзінің Туиттердегі парақшасында былай деп жазды:
"Бәрі дұрыс. Иран Ирақтағы екі әскери базаға шабуыл жасады. Салдары мен шығыны есептеліп жатыр. Бәрі орнымен. Әлемдегі ең қуатты және озық қаруланған әскер бізде. Ертең таңда шабуылға қатысты кейінгі әрекеттерге тоқталамын".
The Washington Post басылымының жазуынша, Иран мемлекет басшысы Сейед Али Хосейни Хаменеи АҚШ әскерін Ирак аумағынан кетуі үшін тағы да шабуылдар жасалатынын мәлімдеген. Сонымен қатар, АҚШ әуе күштеріне Ирак және Иран территориясы арқылы ұшуға тыйым салынды.
Шабуыл салдары қандай?
Пентагондағы АҚШ Қорғаныс министрлігінің мәлімдемесіне сенсек, Иран әскери күші тарапынан Ирактағы америкалық әскерлер орныққан Асад және Ербіл әскери базаларына 15 зымыран оғы бағытталған. Оның 11-і белгіленген нүктеге жеткен. Ал The New York Times басылымының Ирандағы ең үлкен медиа ресурстардың бірі Mashregh News басылымына сілтей отырып жазған дерегіне сүйенсек, Асад және Ербіл әскери базаларына 30 зымыран оғы атылған.
Шабуыл болған базаларда америкалық әскерлер болған. CNN арнасының мәлімдеуінше, Иран билігі шабуылдың боларын алдын ала мәлімдеген екен. Ал АҚШ президенті халыққа үндеуінде аты аталған екі әскери базалардағы америкалық және өзге де қолдаушы күштердің әскерлері жәбір көрмеген. Адам шығыны болмаған.
Айта кетсек, Иранның әуе шабуылынан кейін The Washington Post басылымының жазуынша, шабуыл салдары өте ауыр болуы мүмкін. Аталмыш медиа ресурстың Иран билігі берген мәлметке сүйеніп жазған дерегінде кем дегенде 80 АҚШ әскері мерт болғаны келтірілген еді.
Иракта қанша АҚШ әскері бар?
Соңғы мәліметтерге сүйенсек, Ирак аумағында АҚШ-тың 6 мың әскері бар. Бірақ АҚШ билігінің 2003-2011 жылдары Ирактағы суық қаруды іздеу операциясы кезінде әскер саны 150 мыңға жеткен екен. Операция межесіне жеткеннен кейін америкалық әскерлердің басым бөлігі кері қайтарылған.
Десе де, 2014 жылы әскер саны тағы 5 мыңға дейін көбейеді. АҚШ-тың бұрынғы президентінің мұндай шешімі Ирак пен Сирия территорияларындағы террористік ұйымдар белсенділігінің артуына байланысты болды. 2019 жылдың қазан айында АҚШ президенті Дональд Трамп шешімімен Сириядан шығарылған мыңға жуық әскер Ирактағы әскери базаларға ауыстырылған болатын.
Пентагонның мәлімдеуінше, АҚШ-тың 6 мың әскері Иран шабуыл жасаған екі әскери базада орнықтырылған екен.
Иран америкалық әскери базаларына неге шабуыл жасады?
Иран билігінің күні кеше жасаған шабуылын парсы генералы Қасым Сулейманидің өліміне жауап ретінде түсіндіріп отыр. Айта кетсек, 5 күн бұрын, яғни қаңтардың 3-інде АҚШ әуе күштері шабуылынан Ирак астанасы Бағдаттағы халықаралық әуежай маңында парсы генералы Қасым Сулеймани өлтірілді.
Генерал мінген көлік қашықтықтан басқарылатын дрондардың шабуылынан жарылған. Көп өтпей, шабуылға АҚШ президенті Дональд Трамп өзі рұқсат бергені жайлы ресми хабарлады. Ол Қасым Сулейманиді мыңдаған америкалық әскерлердің өліміне себепші болғаны үшін айыптады.
Бұдан кейін Иранда генерал Қасым Сулейманиді жоқтап миллионға жуық адам Тегеран көшелеріне шықты. Сондай-ақ, генерал өлімінен кейін Иран билігі ядролық қаруды шектеу туралы халықаралық келісімнен бас тартты. Одан бөлек, Иран Парламенті АҚШ-тың барлық әскери күшін террористер, ал АҚШ-ты "террористік ел" ел деп танитын заң қабылдады.
Қасым Сулеймани кім болған?
62 жастағы парсы генералының өлімінен кейін халықаралық медиа ресурстар ол туралы түрлі хабар таратып үлгерді. Десе де, біз жалпы деректерге тоқталсақ.
Генерал Қасым Сулеймани Ирандағы Quds Force негізгі барлау қызметінің жетекшісі болған. Америка баспасөзі оны Иран билігіндегі ең қуатты екінші адам деп жазды. Quds Force 1980 жылы Ирандағы Ислам революциялық әскери күшінің жанынан құрылған. Оны 1998 жылдан бері генерал Сулеймани басқарып келген еді.
Ал Таяу шығыстағы Al Jazeera басылымы Қасым Сулейманидің Иран қауіпсіздігі жолында маңызды рөл атқарған әскери қызметкер екенін жазады. Ол басқарған барлау қызметі Таяу Шығыстағы террористік ұйымдардың парсы жеріне кірмеуін қадағалаумен және Таяу Шығыстағы әскери қақтығыстарды болдырмаумен айналысқан.
Америкалық NBC News арнасы Пентагонға сілтеме жасай отырып, парсы генералы Қасым Сулейманидің Ирактағы АҚШ елшілері мен өзге де қызметкерлеріне шабуыл жасауды ұйымдастыруға тырысқанын жазды. Сондай-ақ, Пентагон генерал Сулейманидің Ирактағы АҚШ жақтастарының әскери базаларына шабуыл жасағанын да мәлімдеді.
Осы орайда, Трамптың шешімімен келіспеген демократтар пікір білдіріп үлгерді. Мысалы, АҚШ-тың демократ сенаторы Крис Мерфи Сулейманидің өлімін "ирандықтардың АҚШ қорғаныс министрін өлтіруімен" бірдей деп таныды. Сенатор Дональд Трамп шешімін сынға алып, президентке импичмент жариялауға шақырды.
Иран президенті Хасан Рухани мерт болған генерал Қасым Сулеймани құрметіне үш күнге қаралы күн жариялады. Оның денесі өзі туған Керман қаласына жеткізіліп, кеше жер қойнауына берілді. Иран билігі қаралы күн біткеннен кейін Ирактағы АҚШ әскери базаларына шабуыл жасап отыр.
Таяу Шығыстағы мұнай дағдарысы
Сарапшылардың жазуынша, Иран мен АҚШ арасындағы теке-тірес көп жылдан бері жалғасып келеді. Өзара қақтығыстар, әсіресе, өткен жылдың маусым айында ұшыға түсті. Айта кетсек, Иран билігі қолдайтын Ирактағы Шиит әскери күші мен Иемендегі тәуелсіздікке талпынған әскери топ парсы шығанағындағы Сауд Арабиясының мұнай танкерлеріне шабуыл жасады. Бұл АҚШ-тың Иранға жариялаған саяси санкцияларынан кейін болып отыр.
Ал қыркүйектің 14-і күні Сауд Арабиясындағы екі үлкен мұнай жинау пунктеріне әскери дронмен шабуыл жасалды. Шабуылды Иемендегі әскери топ өз мойнына алғанымен, АҚШ билігі бұл әрекетке Иранды айыптады.
Foreign Affairs басылымының жазуынша, Иран Таяу Шығыстағы АҚШ жақтастарына өзі қолдайтын әскери топтардың әрекетімен жанама түрде шабуылдауды жиілеткен. Ал өткен жылдың желтоқсан айында АҚШ Иранға жауап ретінде Ирақтағы Шиит әскери күшіне оқ жаудырған.
Ал бұл өз кезегінде Ирактағы Иран қолдайтын азаматтардың АҚШ-тың Бағдаттағы елшілігіне шабуылына алып келді. Шабуыл нәтижесінде АҚШ елшілігінің бір қызметкері қаза тапты.
Осыдан кейін аз күнде, АҚШ билігінің шешімімен парсы генералы Қасым Сулейманиге қастандық жасалды.
Үшінші дүниежүзілік соғыс болуы мүмкін бе?
The Washington Post басылымының The Monkey Cage бөлімінде жарияланған анализге сүйенсек, АҚШ пен Иран арасында ашық соғыс болуы екі талай.
– Екі елдің бір-біріне жасаған жауапты шабуылдарының шығыны көп болуы мүмкін. Бірақ соғыс бастайтындай деңгей емес, – деп жазады мақала авторлары.
Айта кетсек, The Washington Post басылымындағы The Monkey Cage жобасы әлемдегі саяси жүйелер мен саясаттанушы ғалымдардың біріккен форумын жасап, оқырман білуі тиіс мәліметті жеткізу мақсатында құрылған. The Monkey Cage, яғни, қазақшаға "маймыл торы" деп аударылып, "Демократия маймыл торындағы циркті басқару өнері" деген ойды жеткізеді.
Жоба аясында АҚШ пен Солтүстік Корея қарым-қатынасының ушығуына да нақты болжам жасай алған болатын.
Дегенмен, парсы генералы Сулеймани АҚШ әскери күшінен қаза тапқан ең алғашқы мемлекеттік жоғарғы лауазымды тұлға. Себебі осыған дейінгі америкалықтар мерт қылған Әл-Қайда және ДАИШ (Қазақстанда тыйым салынған террористік ұйым) террористік ұйымдарының жетекшілері Усама бен Ладен мен Әбу Бакр әл-Багдади ешқандай мемлекеттік қызметте емес еді.
Ал The New York Times анализіне сүйенсек, үшінші дүниежүзілік соғыстың болу мүмкіндігі төмен. Себебі осы сынды қарқын өткен жылдың маусым айында да болды. Парсы шығанағындағы мұнай танкерлерінің су жолындағы АҚШ-Иран теке-тіресі де үшінші дүниежүзілік соғысқа алып келуі мүмкін екені болжанған еді.
Брукингс институтының зерттеушісі Сюзан Малонидың ойынша, Иранның әскери шабуылмен жауап беруі күтілген еді. Бірақ олар соғысты бастауға үндеу жасаған жоқ. Ал Ирвайндағы Калифорния университетіндегі саяси ғылымдар профессоры Майкл Теслердің жазуынша, Иранмен соғыс ашу мәселесі америкалық арасында танымал емес. Мұндай шешім Трамптың кезекті президенттік сайлауды жеңілуіне алып келеді. Сонымен қатар, 2018 жылдың соңында Трамп Сирияға жасаған сапары барысында Таяу Шығыста соғыстың болдырмайтынын айтып, америкалық әскерлердің біраз бөлігін елге қайтарған еді.
Десе де, The Washington Post басылымының Трамп әкімшілігіндегі жоғарғы лауазымды тұлғаға сілтей отырып жазған дерегіне сенсек, АҚШ президентінің парсы генералын өлтіру туралы шешімі көпті таң қалдырған екен. АҚШ президентінің ұлттық қауіпсіздік бойынша төтенше жиынында Трамптың шешіміне қарсы ой білдіріп, бұл екі ел арасында ашық соғыстың басталуына түрткі болуы мүмкін екенін айтқандар да болыпты.