Тікелей эфир

Қаржы пирамидалары әлеуметтік желіге көшті. Оларды қалай анықтауға болады?

 Фото ru.depositphotos.com сайтынан алынды
Фото ru.depositphotos.com сайтынан алынды
Қаржы пирамидалары 2000 жылдарға дейін қаржы саласына басымдық берген-ді. Қазір уақыттың ыңғайына тез бейімделіп, қалтаға түсудің түрлі жолын тапқан.

"Табысқа кенелтемін" деген құрғақ уәдеге әлі малданамыз

Қазақстандықтар енді отандық емес, шетелдік қаржы пирамидаларының арбауына түсе бастапты.

2018 жылдың сәуір айында жұмысын тоқтатқан "Квестра" Кабо-Верде Республикасында ор­на­ласқан "Atlantic Global Asset Manag­me­nt" компаниясының еншілес кәсіп­оры­ны бо­лып шыққан. Олар "клиенттерін" ком­па­нияның өкілдері мен веб-сайты арқылы іздеп тауып, қармағына іледі екен.

Еліміздің Бас прокуратурасы қор нарығында жоғары кіріс­терді уәде еткен осындай компания­лар­ды тексерді. Олардың бир­жа нарығына ешқандай сатылым шығармайтындарын анықтады. Жаңа салымшылар есебінен қаржысын көбей­тумен айналысқан.

Тап-таза қаржы пирамидасы.


2008-2018 жылдар арасында Қазақстандағы қаржы пирамидаларының орналасу картасы / ҰЭМ сайтында жарияланған мәліметтер бойынша дайындалды

2008-2018 жылдар арасындағы Қазақстандағы қаржы пирамидаларының орналасу картасы / ҚР Ұлттық банк сайтында жарияланған мәліметтер бойынша дайындалды


Олардың негізгі белгілері қандай?

Бұл туралы Ұлттық Банк төрағасы Данияр Ақышев 2018 жылы 22 ақпан күні Алматыда өткен онлайн-конференцияда айтып берді:

  • "Олардың құзырында депозиттерді қабылдауға рұхсат беретін Ұлттық банктің лицензиясы, жарғысы және мемлекеттік тіркеуден өткен реттік нөмірі жоқ;
  • Ұйымның қаржылық капиталы туралы мәлімет те жоқ;
  • Ұйымға келгендерге қойылар басты талап – мүшелік жарна төлеуді міндеттеу;
  • Бонус солардың мүшелік жарнасының мөлшеріне қарап анықталады;
  • Ең соңғы белгісі БАҚ арқылы жарнамасы: Олар бұдан ақша аямайды".

Заң бізде де бар. Бірақ...

Көптеген мемлекетте осындай құйтырқы алаяқтық іспен шұғылданатын компанияларға, қаржылық пирамиданы құратындарға заңмен тыйым бар. Бізде де Қылмыстық кодекске 2014 жылы түзету енгізілді. Заңға қайшы келгендер 7-ден 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Жарнама туралы қолданыстағы заңның 13-бабында "қаржылық (инвестициялық) пирамиданың қызметін жарнамалауға тыйым салынады" деп те жазылған.

Бірақ, олардың басым көпшілігінің бас кеңсесі АҚШ, Батыс елдерінде орналасқандықтан, біздің елдің заңымен жазалау мүмкін емес. Қолдан келері – жұмысын тоқтату.

Одан беріде пирамида тектес бірнеше түрі пайда болған. Біздің Қылмыстық кодекстің аталған бабымен олардың бәрін қамту қиын, сондықтан дәрменсізбіз. Мамандар Қазақстанның "қаржы пирамидаларына" шектеу қоятын заңды жетілдіру қажет дейді.

Олар жұмыстарын әртараптандырып үлгеріпті


Қаржы пирамидалары осылай жұмыс істейді / Дереккөз Ұлттық банкте жарияланған мәліметтер бойынша дайындалды

Қаржы пирамидалары осылай жұмыс істейді / Ұлттық банкте жарияланған мәліметтер бойынша дайындалды


Ұлттық банктің сайтында жарияланған мәліметтерге келсек. Олар 2010-2017 жылдары халықтың 7 млрд 145 млн теңгесін қақса, 2018 жылдың бірінші жартысындағы есеп – 20 млн теңге.

Ұлттық банктің Қаржылық қадағалау комитеті "алданып қалуларыңыз мүмкін" деуден ары аса алмай отыр

Оқи отырыңыз: Questra деген жік шықты, екі құлағы тік шықты

Тарих не дейді?

1960 жылы америкалық олигарх Бернард Мэдофф адамзат тарихындағы ең ірі "Mэdoff Investment" қаржы пирамидасының ірге тасын қалаған. Ол жарты ғасыр жыл бойы ірі компанияларды сазға отырғызуға негізделген қаржылық жүйені өмірге әкелді.


ХХI ғасырдың афералары /. Фото litres.ru сайтынан алынды

ХХI ғасырдың афералары


Мэдоффтан зардап шеккендердің арасында қарапайым тұрғындармен қатар, атақты адамдар да жеткілікті еді. Бейсбол спортының майталманы, "Нью-Йорк Метс" командасының иесі Фред Уилпон, актер Кевин Бэкон, режиссерлер – Стивен Спильберг пен Педро Альмодовар Медоффтың құрбандығына айналды.

Францияның, Голландияның, Жапонияның банктері де Мэдофф құрған тордан шыға алмай қалған.

Бұл процесс қазір бізде жалғасып жатыр

1993 жылдан бері қаржылық пирамида индустриясы Қазақстанда "қарқынды" жұмыс істеп келеді. Мұны мамандар ашық айтып отыр. "Қаржы салып "байып кеткендердің" өмірі туралы бейнероликтер халықтың көзін байлап, тереңдеп ойлануына апаратын жолды жауып тастағанын ұмыта алмай жүргендер әлі бар.

1995-2002 жылдар арасында Ұлттық Банк төрағасының кеңесшісі болған қаржыгер Ілияс Исаев халықтың экономикалық сауатының тым төмендігі себеп болғанын айтады. Ақпарат құралдарында қаржылық пирамидалар туралы жиі жазылғанмен, олардың әрекетін кәсіби талдау жағы кемшін.

Қазір де жағдай мәз емес. Себебі ақпарат құралдары емес, қаржы сарапшыларының өзі бұл тақырыпты талдап беруге маманданбаған.

Экономикалық және матема­тикалық талдау жасалған жоқ

– Бұл қауіп әлі сейілген жоқ. Халықтың артық ақшасы орналасатын қор нарығы әлі дамымай отыр. Сенімсіздік басым. Бұрын шетелдік қаржы пирамидаларына алданып келген еді. Енді желілік маркетингтік ұйымдардың қитұрқылығы оларды он есе орап алады. Ел ішінде "жылдам ақша" деген атаумен жұмыс істеп жатқан қаржы ұйымдарының табиғаты пирамидаларға жақын. Олар халыққа ұсынатын несие пайызы халықаралық қаржы заңына қайшы, – дейді Ілияс Исаев.

Қаржыгердің пікірінше, бұл мәселеге қатысты Үкімет тарапынан нақты шешім шығарылуы тиіс. Қаржы пирамидаларына заңмен тиым салумен шектелмей банк несиелеріндегі жасырын пайыздардың күшін жою керек.

– Осыған қол жеткізсек, қаржы пирамидаларының жұмысын тоқтатуға бір қадам жақындаймыз, – дейді Ілияс Исаев.

Қаржы нарығындағы алаяқтар жұмыс әдістерін қырық құбылта бастады

Ресейлік "Depot WPF" қаржылық-сараптамалық агенттіктің өкілі Алексей Андреев бізбен әңгімесінде қаржылық пирамида ұйымдарының басым көпшілігі өте қысқа мерзімде жұмыс істейтінін айтты.

– Қаржы, инвестиция нарығында қандай трендтер пайда болса, олар соның қасынан табылады. Сырт көзге олардың қайсысының пирамида екенін бірден ажырату қиын. 2018 жылы Мәскеу метроларында криптовалюта деп темір жетондардың сатылғанын басылымдардың бәрі жазды. Мұндай фактілер Қазақстанда, Алматы мен Астана қалаларында да тіркелді, – дейді ол бізбен әңгімесінде.

Олардың мақсаты – ақшаны жиып алып, ізін суыту


Depot WPF" қаржылық-сараптамалық агенттіктің өкілі Алексей Андреев /Фото әлеуметтік желідегі парақшасынан алынды

Алексей Андреев / Фото әлеуметтік желідегі парақшасынан алынды


Алексей Андреевтың пікірінше, басқа жаққа барып жұмысын жалғастыратындары сирек. Қылмысы ашылып қалғандар өңін жаңартып, басқа атпен тіркеліп, жұмыстарын елімізде жалғастырып келеді. Өйткені пирамиданы ашқандар қара жаяу емес. Басшылары әлеуметтің тыныс тіршілігін зерттеуге маманданған.

– Миллионер қалалардың әлеуметтік жағдайы дұрыс аймақтарға көбірек басымдық беретінін байқап жүрміз. Мұндай шешімді олар күштерін шашыратпау үшін қабылданған деп ойлаймын, – дейді.

Алексей Андреевтің ойынша, қаржы ұйымдарының интеграциялануы қазір де жалғасып жатыр.

– Олардың заңды ұйым ретінде қай елде тіркелгендерін анықтау мүмкін емес. Батыс елдерінде заңмен тиым салынғандары бастапқы құжатымен Қазақстанда немесе Өзбекстанда жұмысын жалғастыра беруі де мүмкін. Мұндай ұйымдардың көмегіне әлеуметтік жағынан аз қорғалған топ қана жүгінеді. Олар құжаттарды тексеруге мән бермейді, – дейді ол.

Пирамида әлеуметтік желілерге көшті

Қаржылық пирамидалардың жұмысын жандандыратын орта – инфантилді, өзгенің ықпалына тез бейімделетін топтағы адамдар.

– Олар қарны тоқ қоғамда жұмыстарын жүргізе алмайтындарын жақсы біледі. Соңғы кездері аудиториясын "сұрыптап" алу үшін әлеуметтік желілердің көмегіне жүгіне бастады. Бұл үшін оларға өз атауымен тіркелудің қажеті де жоқ. Жазылушылары көп блогергерге тиын-тебен беріп қойса жеткілікті. Әлеуметтік желінің табиғаты қаржы пирамидалары, желілік маркетингке жақын. Бұл оның қазіргі жұмыс істеу форматының ерекшелігі, – дейді Алексей Андреев.

Олармен соттасып қаржыңды қайтара алмайсың

Сән әлемінің магнаты Карла Шапиро "Mэdoff Investment" қорына 500 млн АҚШ долларын салып, дауласып, соттасып жүріп оның 70 пайызын қайтарып алған. Біздікілер жайлы мәліметті Ұлттық Банктің де, Бас Прокуратураның сайтынан таппадық. Сотқа жүгінгендері тек ұйымды жаптырып тастайды. Болғаны – сол!

– Олармен соттасу барысы 5 жылдан 8 жылға дейін жүреді. Сол аралықта қаржың инфляцияға ұшырап, құнын жоғалтады. Сол себепті қаржы пирамидаларынан аулақ жүру керек, – дейді қазақстандық қаржыгер Ілияс Исаев.

Ол қаржылық пира­ми­даға бас тігушілер ертеңгі кү­ніне се­німмен қарай алмайтын үл­кен әлеуметтік топты қамти­тынын айтады. Ақшасын банк депозитіне салып кө­бей­тейін десе, ондағы сыйақы мөлшер­ле­месі жылдық инфляция көрсеткішін де жаппайды.

– Кез келген қаржылық пирами­да 5-6 жылдан артық жұмыс істемейді. Бұрынғы құрбандары 1,5-2 миллион адам болса, қазіргілері 30-40 мың адаммен шектеледі. Аз мерзімнің ішінде салымшыларының 10 пайызын да бонуспен қамтамасыз етіп үлгірмейді. Қосымша табысы жоқтығын, олардың бонусты жаңадан келіп жатқан адамдардан жинақталған ақшасы есебінен беру арқылы түзетінін ашық түсіндіру керек. Ал заңға норма енгізетін болсақ, онда басы ашылмаған тұстар көп, – дейді Ілияс Исаев.

Қаржы пирамидаларының жұмысын Заңсыз тоқтату мүмкін емес

Ілияс Исаев бізбен әңгімесінде осылай дейді.

– Дұрысы, барлық қаржылық ұйымдар да, қаржы пирамидалары көзбояушылыққа жол бермес үшін өзіне қатысты барлық тәуекелдерді, жасырын пайыздарды ашып, "сыйақы мөлшерлемесінің таза көлемін нақты көрсетуі керек" деген бапты қосу керек. Өзбекстан, Ресей осындай баптарды заңдастырған. Бұл қадамға біз де баруымыз керек. Мұндай жағдайда қаржы пирамидалары заңды тіркелген елдерге сұрау салып, өтемақы талап етуге, қазақстандықтардың мүддесін халықаралық деңгейде қорғауға мүмкіндік туады, – дейді ол.

Ілияс Исаевтың айтуынша, 2015 жылы Қазақстанның Ұлттық банк пен Ресейдің Орталық банк қаржы пирамидаларына қарсы бірігіп күресу жайлы мәмілеге келген. Бұл шешімнен біздің елдің ұтары көп.

– Шетелдік қаржы пирамидалары бізге Ресей арқылы келеді. Күресті жүйелі жүргізсе, бір нәтиже болады. Ол үшін заңға енгізілген өзгерістерді Ресей заңымен үйлестіру керек, – дейді қаржыгер.

Бізде маркетинг желілері заңмен қорғал­ған

Бұл жөнінде ел Үкіметінің 2005 жылы "Желілік маркетинг, қоғамдық таратушылар, пошта арқылы және басқа да тәсілдермен сату жолымен сауда орындарынан тыс бөлшек сау­да ережесін бекіту туралы" Қаулысы шыққан. Онда "Таратушылардың кірісі дербес сатудан және олар желіге тартқан басқа агенттердің сатуынан түскен комиссиялық кірістен тұрады" делінген.

Психолог Мәдина Қадышева бізге қазір қаржы пирамидалары мен желілік маркетингтердің айырмашылығы қалмай бара жатқанын сөз етті. Олардың қатарында "Орифлейм", "Фаберлик", "Эмвей" секілді косметикадан бастап, тұрмыстық химияға дейінгі түрлі өнімдерді ұсынатын компаниялар тұр. "МЛМ" (Multіlevel marketіng – көпдеңгейлі маркетинг) деп аталатын бұл жүйеде тез баюдың жолын сізге сызып тұрып көрсете алады. Кей елдерде "МЛМ" компаниялардың қызметіне заңмен шектеу қойса, енді бірінде мүлде тыйым салынған.

Олар қалай алдайды?

Мәдина Қадышева әуелгі әрекет желілік маркетингке таныстарын шақырумен басталатынын айтты. Одан кейін басқа кісі келіп жоспар сызып толығырақ түсіндіреді. Ол түсіндірушілерді өз орталарында "follower" деп атайды.

– "Follow" артынан қалмай қадағалау деген мағынаны білдіреді. Ертесіне қармағына ілінген адамды интернеттен заттарды көрсетемін деп кездесуге шақырады. Сол кезде үшінші адам келіп, әңгіменің бағытын маркетингке бұрады. Фоллоу (follow) бір адамға жоқ дегенде 4 рет әртүрлі жетекшілермен өтірік кездейсоқ кездестіру арқылы қойылады. Осы фоллоуерлардың алдында адам өзіне керексіз қымбат затқа қалай тапсырыс беріп, компанияға қалай тіркеліп кеткенін білмей қалады. Бұл ұйымдардың да бас штабтары – шетелде. Негізінен студенттерді немесе жұмыссыз жүрген жастарды тартады. Желілік маркетингтерге алданғандарды жазалайтын немесе өтемақы өтетіп беретін заң жоқ. Ресей, Қытай олардың жұмысын реттеп отыруды заңдастырды. Қазір қаржы пирамидаларының тең жартысы желілік маркетинге көшті. Қазір оларды бір-бірінен ажырату мүмкін емес, – дейді Мәдина Қадышева.

Желілік жүйені жақтаушылар легінде көптеген бизнес-тренинг жобаларының авторы Роберт Кийосаки, әлемдегі ең ірі инвестор Уоррен Баффет, АҚШ Президенті Дональд Трамп та бар. 2018 жылы "Бәрін басынан бастау керек болса, мен желілік маркетингтен бастар едім", – деген АҚШ президентін қоғамы "қаржы пирамидасына" қолдау білдірді" деп айып тақты.

– Желілік маркетингтің айырмашылығы – тірі тауармен жұмыс істейді. Клиенттерді тартып, компания ере­жесіне сай жұмыс істесеңіз, ай сайын жалақы алуға мүмкіндік бар. Бірақ біздің тұрғындардың төлем қабілеті мен қаржылық сауаттылығы екінің бірінің миллионер болуына және басшыларының сол жағдайды қалыптастыруына мүмкіндік бермейді. Біздегі жүйе "бөліп ал да билей бер" деген қағидаға ұқсайды, – дейді Мәдина Қадышева.


Қазақстанда қылмысы ашылған қаржылық пирамидалар / Ұлттық банк сайтында жарияланған дереккөздер бойынша дайындалды

Қазақстанда қылмысы ашылған қаржылық пирамидалар саны / Ұлттық банк сайтында жарияланған дереккөздер бойынша дайындалды


Біздің елде алаяқтық жолмен жұмыс істеу де, табыс табу да жеңіл

Мысалы, Ресейде қаржы пирамидаларының тізімі бақылауда. Олар туралы мәліметті үкіметтің сайтынан табуға болады. Ақпарат жиі жаңартылып тұрады.


Ресейдегі жағдай осындай /РФ Орталық банк сайтында жарияланған дереккөздер бойынша дайындалды

Ресейдегі жағдай осындай /РФ Орталық банк сайтында жарияланған дереккөздер бойынша дайындалды


Бізде олар жайлы мәліметтер тым жұтаң. Құқық қорғау орындары қаржы пирамидалары басшылары мен ұйымдастырушыларын халықты сазға отырғызып, тайып тұрғанда ғана іздейді.

– Өйткені алданғандар соңына дейін "қолымызға бірдеңе тиер" деген үмітпен жүреді. Көңіліне күдік кірген салымшы уақытты созбай, бірден құқық қорғау ұйымдарына хабарласса, жағдай ушығып кетпес еді. Бізге адамдардың әлеуметтің қаржылық сауатын ғана емес, заңсыздыққа төзе алмау деген қасиетін қалыптастыру керек. Сонда сырттан келген топтар төбемізде ойнақтамайды, – дейді Ілияс Исаев.

Поделиться:

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары