Кәкімбек Салықов– Солтүстік Қазақстан облысының тумасы. Оның аты инженер ретінде ғана шықпайды, ол исі қазаққа ақын болып танылады. Оған өнердегі ұстазы, ақын Молдахмет Тырбиев көп еңбек сіңірген. Үкілі Ыбырайдың шәкірті болған Молдахмет атасының жанында жүріп, ән-күйге сусындап өскен Кәкімбек Салықов домбыра тартуды да сол кісіден үйренген.
Ол мектепте оқып жүрген кезінен бастап өлең шығара бастайды. Ән айтып, серілікті серік еткенмен де, оқуын да қалыс қалдырмай мектепті күміс медальмен аяқтайды. Алайда жас түлектің бала арманы – Алматыға барып, журналист болу еді.
Осы арманының жетегінде жүргенде атасы Молдахмет бір күні қандай мамандықтв таңдайтынын сұрайды. Сонда ол ойланбастан журналист, ақын боламын деп жауап береді.
Атасы сәл ойланып барып, былай деп ақылын айтыпты: "Балам, мен де ақынмын. Бірақ ақын болу үшін мамандық алудың қажеті жоқ. Қазақта ақын бар, ән айтатын, жазатын да адам бар. Бірақ Қаныш Сәтбаев сияқты инженер жоқ. Ол да Баянауылдан келіп, Жезқазғанды байытты. Мына қазақ тауының баурайы толған қазба байлық. Соны зерттейтін адам керек. Сен сол Қаныштың оқыған оқуға бар дейді.
Ауылда қалған арман
Молдахмет атасының сөзін қабыл алған Кәкімбек журналист-ақын болу арманын алыстағы ауылына тастап, Мәскеуге аттанады. Өйткені Молдахмет атасынының тілегін орындауға бел буған сәтте газеттен Мәскеудегі алтын және түсті металдар институтына талапкерлерді шақырған хабарламаны оқыған екен.
Кәкімбек Салықов ақындықтан ауылы алыс оқуға түскенімен ән-жырынан қол үзбепті. Сол жерде білім алып жатқан қазақтың 500 баласымен тығыз байланыс орнатып, жиі бас қосып жүреді. Ондағы мақсаты – тілін ұмыта бастаған қазақ жастарына қазақ әндерін насихаттау.
"Біз алмайтын қамал жоқ"
Академик Аманжол Қошанов Кәкімбектің бала кезінен айнымас досы болған. Мәскеуде де бірге оқыған:
– Менің Мәскеуге барып білім алуыма Кәкімбек себепші болды. Біздің аталарымыз жақын туыс адамдар. Ол маған үнемі Мәскеуде қазақ жастары үшін білім қолжетімді екенін айтатын. "Біз алмайтын қамал жоқ. Менің көз алдыма Нью-Йорк елестейді. Демек дегенімізге жетеміз. Мәскеуге кел" деп үгіттеді. Мен ата-анамнан рұқсат алып, Кәкімбектің артынан бардым.
– Екі-үш курс төмен оқығаным болмаса, Шота Уәлиханов үшеуміз үнемі бірге жүретінбіз. Біздің ақылшымыз болды. Ол айналасын ән-күйге бөлеп жүретін. Сабағына да ынталы болды. Институтта уран мен никельді іздейтін арнайы топ құрылғанда солармен бірге жұмыс істеді.
Өмірінің жарқын кезін Жезқазғанда өткізген
– Кәкімбектің өмірінің ең жарқын бөлігі – Жезқазғанда жұмыс істеген кездері. Өйткені 20 жыл ғұмырын сол жерде өткізіп, қызметте көтерілді.
Ал ол – жай ғана ауылдың қара домалақ баласының бірі болатын. Сол кезде инженер мамандығын мықты игерген әрі Мәскеуден білім алып келген қазақ жастары саусақпен санарлық еді.
Жезқазғанға келгенде жай ғана шахтада шебер болып орналасты да, үлкен қызметке көтерілді. Бұның барлығы өзінің еңбегінің арқасы болатын. Мыс қорын тауып, Жезқазған зауытын іске қосты. 40 жасқа жетпей "Социалистік Еңбек ері" атағына ұсынылды. Ал ондай атаққа ұсыну үшін қанша еңбек ету керек екенін сол кездегі адамдар жақсы біледі, – дейді ақынның досы Аманжол Қошанов.
Қазақтың әдемі жігіті ән айта білуі керек
Кәкімбек Салықовтан көп тәлім алған, інісіне деген құрметіне бөленген Марал Ысқақбай "Жезкиік" атты ақынның әнін бірінші естігеннен ақынмен танысуды аңсапты.
– Кәкімбек Салықовтың есімі "Жезкиік" әнімен бірге аталады. Сондықтан болар, атына сырттай қанық болып жүрдім. Бір күні Алматыда танысудың сәті түсті. Алғаш көргенде менен "Домбыра тарта білесің бе, ән айтасың ба? деп сұрады". Менің бойымда ондай қасиет жоқ екенін естіген соң маған "Сен секілді әдемі жігіттің қолынан ән айту да келеді деді".
Қарақалпақтарды көшірмек болған
– Ол кісі қандай қызмет атқарса да, өзін өте қарапайым ұстады. Қызмет бабында да көп адамдарға қамқор болды. Байлыққа құмартқан емес. 1984 жылы Өзбекстан КПОК-нің бюро мүшесі, Қарақалпақ облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы болып қызмет жасап жүрген кезінде қарақалпақтардың тілі де, рулары да қазаққа ұқсас екенін байқап, оларға Қазақстанға көшуге ұсыныс та жасапты. Олар келіспеген. Кейін Кеңес өкіметі тараған соң қарақалпақтар қатты өкінген екен деседі. Олар Қазақстанға көшсе, қазақтармен араласып, тілімізді ұмытып қаламыз деп қорыққан екен ғой, – дейді Марал Ысқақбай.
Әніне ғашық еткен ақын
– Әйелі Марияммен де Мәскеуде танысып, үйленген болатын. Ән-күйге жаны жақын жігіт сұлу қызды сол әнімен өзіне ғашық етті. Әнге деген құрметі ерекше еді. Өйткені бала кезінен Молдахмет атасымен жүріп, өлең шығарып, үкілі домбырадан төгілген күйді бойына сіңіріп, одан рухани азық алған. Сондықтан болар қолы қалт етсе, өлең шығаратын, – дейді досы Аманжол.
"Қазақтың жез қанатты жезкиігі"
Кәкімбек Салықов беделді қызметтерді атқарғанмен, бойындағы қазақтың ән-өлеңіне деген сүйіспеншілігі оны ақындық жолға жетелейді. Үзеңгілестері оның Кеңес өкіметі тұсында қазақ ән-күйінің қаймағының бұзылмай сақталып қалуына көп еңбек сіңіргенін айтады. Қазақтың мәдениетін, әдебиетін дамытуға ат салысқан. Дәл осы екі жолды қатар алып жүруі оны халық арасында "Қазақтың жезқанатты жезкиігі" атандырған екен.
Жезқазған – екінші отаны
Кәкімбек Салықов Жеқазған өңірінде қызмет атқарып қана қоймай, "Жезкиік" ансамблінің құрылуына мұрындық болған адам. Ансамбльдің құрамында 10-15 адам жұмыс жасаған. Солардың ішінде Ғалым Мұхамеддин – ақынның "Жезкиік" әнін алғаш орындаған әнші.
– Жезқазған – Кәкімбек ағамыздың екінші отаны болған. Ауыл-ауылды аралап "Жезкиік" әнін орындағанда залдағы халық бірге орындайтын. Өйткені бұл халықтың ықылысына бөленген ерекше ән. Қолы қалт еткенде ән шығарып, болмаса мені шақырып алып, ән айтқызатын. Ансамбьді құрған уақытта "бабаларымыздан қалған мұраны халыққа тарата білу керек" дейтін. Біз сол тілегін орындауға тырыстық.
Ақын мұңы
– Кәкімбек – менің өмір жолымның дұрыс бастау алуына себепкер адам. Сондықтан ол көз жұмғанша, соның ақылын тыңдаумен келдім. Ол – тұнып тұрған лирик болатын. Орындалмай қалған арманы болған жоқ. Мақсатының барлығына жетті десем болады. Өйткені өзі алдына нақты мақсат қойып, соны жүзеге асырып үйренген. Енді өзі еңбек сіңірген Жеқазған өңіріне ескерткіші қойылса дұрыс болар еді. Өйткені оның есімін келер ұрпақтың есінде мәңгі қалдыру біздің міндетіміз, – дейді бала кезден досы Аманжол Қошанов.
Кәкімбек Салықов өзінің журналистерге берген соңғы сұхбатының бірінде, ақындық жайлы былай деп толғанған екен:
– Мұң кешпейтін адам жоқ. Мен де мұң кештім. Адам ақын болу үшін көп оқу керек. Көреген, ділбар болу керек. Тілсіз ақын болмайды. Өйткені тіл арқылы өз ойынан хабар береді. Халықтың адамы болғандықтан, басыңды шауып алсаң да шындықты айту қажет. Ал ол үшін үлкен жүрек керек.
Кәкімбек Салықовтың алғашқы өлеңдер жинағы "Сыр" 1977 жылы жарық көрді. Сол жылы "Жезкиік" атты жыр жинағы орыс тіліне аударылып жарияланды. 1981 жылы "Қырғызстан" баспасы оның "Нұрлы күндер" кітабын қырғыз тілінде, 1983 жылы Ғафур Ғүлам баспасы "Жезкиік" жинағын өзбек тілінде шығарды. "Букетовке реквием", "Эдельвейс", "Ғасырға тең бір мезет", "Че Гевара" атты поэмалары орыс тіліне аударылды.