Полицейлер өткелдегі қауіпсіздікті қадағалап жатыр
Ақсеңгір – Шамалған теміржол өткеліндегі жол апатынан соң Informburo.kz тілшісі оқиға орнында болды.
Қазір қозғалыс ашылып, көліктер ескі өткелмен қатынап жатыр. Ал теміржолмен әдеттегідей әр 15 минут сайын пойыздар жүріп тұр. Алматы облысының полицейлері қозғалысты реттеп, жаяулардың қауіпті жолдан өтуіне көмектесіп жатыр. Бірақ жергілікті тұрғындар оларды жойқын апаттан соң ғана көріп тұрғанын айтты.
Шамалған станциясында 33 мыңнан астам халық тұрады. Тұрғындар күн сайын Алматы мен алыс-жақын елді мекендерге дәл осы торап арқылы қатынайды. Өткелден Нұр-Сұлтанға, Қарағанды мен Балқашқа бет алған жүргізушілер де жиі өтеді. Ресми дерек бойынша бұл теміржол өткелімен бір тәулікте 65 пойыз, 10 мың автокөлік жүреді. Сондықтан үнемі ұзын-сонар кептеліс. Әсіресе таңертең және кешкісін қозғалыс қиындап, кептеліс шақырымдап созылады. Кесірінен машиналар тура пойыз жолдың үстінде тұрып қалады екен.
"Бұл жермен күнде жүремін. Қозғалыс өте қиын, кептелісте сағаттап тұрасың. Діттеген жерімізге әрең жетеміз. Әбден шаршатып жібереді. Осы уақытқа дейін бір көпір салып беруге болады ғой", – дейді көлік жүргізушісі Рашит Асанов.
Тұрғындар соңғы оқиғадан әбден қорқып қалған. Шамалған станциясында 20 жылдан бері тұратын Эльмира Төлепбергенова күн сайын балаларын арқалап, теміржолды әрең кесіп өтеді.
"Менің 5 балам мектепте оқиды. Олар сабаққа бару үшін осы өткелден өтеді. Жолда пойыз жаншып, көлік қағып кете ме деп қатты қорқамын. Бұл жерде талай адам жантәсілім етті ғой. Сондықтан балаларымды өз қолыммен жетектеп жүріп шығарып салып, күтіп аламын", - дейді Эльмира Төлепбергенова.
Тұрғындар торапқа көпір салып беруді талай жылдан бері сұрап келеді. Бірақ көпшіліктің тілегі әлі орындалған жоқ.
"Өткелден өту өте қауіпті. Әсіресе жаяу адамдар үшін. Пойыз көбіне соларды қағады. Бізге көпір салып беруді бірнеше рет сұрадық. Бірақ жергілікті билік арызымызды үнемі жауапсыз қалдырып, құрғақ уәдемен шығарып салады. Егер көпірді дер кезінде тұрғызғанда апат болмас еді. Көрші Елтай ауылында да дәл осындай оқиға жиі болды. Дегенмен онда көпір тұрғызып берді. Ал біз кептелістен әбден мезі болдық. Жұмыстан соң үйімізге 3-4 сағатта әрең жетеміз", – дейді ауыл тұрғыны Жұбаныш Жарылқасымов.
Шамалған станциясынан 10 шақырым жердегі Елтай ауылындағы ахуал кезінде дәл осылай болған. Елді мекенде үнемі көлік кептеліп, пойыз жиі қауіп төндіретін. Халықтың сұрауы бойынша 2017 жылы Елтайдағы теміржол өткеліне көпір салынды. Ауыл тұрғындары қазір жағдайдың оңалғанын айтып отыр.
"Қазір қатынау ыңғайлы, бұрынғыдай кептелісте тұрмаймыз", – дейді Елтай ауылының тұрғыны Аман Кесиков.
Өткелге көпір салу мәселесі әлі шешімін таппай келеді
Жергілікті билік өкілдері жауыр болған мәселеден хабардар. Олар соңғы 3 жылда Ақсеңгір – Шамалған теміржол өткеліне көпір салу туралы ұсыныс білдіріп, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Көлік комитетіне және "Қазавтожол" мекемесіне құжат жолдаған.
"Бұл мәселе бұрыннан бері көтеріліп келе жатыр. Сұраныс жасадық, бірақ қаражат мәселесі шешілмей жатыр. Көпір салуға қаражаттан басқа кедергі жоқ. Қазір қанша қаржы қажет екенін де дөп басып айта алмаймын. Біріншіден, экономика-техникалық негіздемесі, екіншіден, жоба-смета құжаттамасы әзірленуі керек. Оны Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі жасауы қажет. Біз аудан тарапынан ештеңе істей аламыз", – деді Алматы облысы Қарасай ауданы әкімінің орынбасары Алмасбек Әшімбай.
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Роман Склярдың айтуынша, Ақсеңгір – Шамалған өткеліне көпір бюджетке көп шығын болатындықтан салынбаған. Себебі құрылысты бастау үшін 70-ке жуық жеке үй және екі жанармай құю бекетін құлату керек.
"Бұл жерге жол желісін салуға болады. Алайда ол үшін автокөлік жолы бірінші, екінші және үшінші категориядағы болуға тиіс. Ал апат болған жол тек екінші категорияға жатады. Көпір құрылысын жобалауды келесі жылға жоспарлап отырмыз. Бірақ дәл осы маңға емес, соның жанынан салынады", – деді Скляр.
Роман Склярдың мәліметінше, 2018 жылы осындай өткелдерде 9 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Екі адам қаза тауып, 20 адам жарақаттанған. Биыл жыл басынан бері, соңғы жағдайды қоса есептесек, 6 жол-көлік оқиғасы болды. Бір адам қаза тауып, 15 адам жарақат алды.
Адам шығыны көп болуы мүмкін еді
Көлік апаты Екатеринбург – Алматы автожолының 2449-шақырымындағы Шамалған станциясында 15 қыркүйекте 19.20 шамасында болды. Көлік кептелісі салдарынан автобус жүргізушісі теміржол өткелінде тұрып қалды.
Бұл теміржол өткелінде шлагбаум да, бағдаршам да бар. Бірақ автобус көлік кептелісі салдарынан теміржол өткелінің бойында тұрып қалған соң шлагбаум жабылмаған. Автобус –1990 жылы шыққан Setra маркалы көлік.
"Көліктің техникалық тексеруден өткен құжатының мерзімі 2019 жылдың 16 шілдесінде біткен. Одан кейін ол құжат мерзімі ұзартылмаған. Автобус "Қаскелең автобус паркі" серіктестігіне тиесілі", - деді министр.
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің айтуынша, пойыз сағатына 97 шақырым жылдамдықпен келе жатқан, өткелге 500 шақырым қалғанда шұғыл тежегішті қосқан. Автобуспен соғылған кезде жылдамдығы сағатына 55 шақырым болған. Қалыпты жағдайда пойыз тежегіш басылған соң 712 шақырым жүріп барып тоқтаса, бұл оқиға кезінде пойыздың тоқтау жолы 671 метрге қысқарған.
Апаттан автобустың 40 жастағы жүргізушісі Нұрғали Сорокуба қайтыс болды. Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, автобуста 20 адам болған, пойыз жақындап қалғанын білген 16 адам автобустан қашып үлгерген.
"Шұғыл мәлімет бойынша автобус жүргізушісі кептелісте тұрып қалған. Жүргізуші пойызды көріп, артқы есігін ашқан. 16 адам автобустан шығып үлгерген. Апат кезінде көлік ішінде төрт адам болған. Жүргізуші және бір әйел екі баласымен", – деді Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев.
Ауыр соққы алған 33 жастағы Эльвира Жәнібекова мен оның 2014 және 2016 жылы туған екі қызы ауруханаға жеткізілді. Қазір науқастар жансақтау бөлімінде жатыр. Жабық ми жарақатын алып, иығы мен қабырғасы сынған келіншектің беті бері қараған. Екі қызы өте ауыр халде.
"Бес жасар қыздың шеке сүйегі сынған және мидың қабы жыртылып, қан құйылған. Оған бірден операция жасалды. Кішкентай қыздың да жарақаты ауыр, бассүйегіне зақым келген. Екеуі де жасанды жолмен тыныс алып жатыр", – деді Алматы облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Өмірзақ Ниязбеков.
Қазір оқиғаның мән-жайын Көлік комитеті мен "Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясының қызметкерлерінен тұратын комиссия тексеріп жатыр. Қылмыстық кодекстің 344 және 345-баптарымен іс қозғалды. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Әкімдік теміржол бойына жер үсті өткелін салатын болды
Шамалған бекетіндегі қауіпті өткелден қорыққан тұрғындардың жауыр болған мәселесі шешілетін болды. Теміржолға келер жылы жер үсті өткелі салынады. Бұл туралы 17 қыркүйекте Шамалған станциясының тұрғындарымен кездескен Алматы облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Ержан Жасыбаев мәлімдеді.
Оның айтуынша, жаяуларға арналған өткелдің биіктігі – 80 м, ал ені 2 м болады. Онда жеделсаты мен арнайы көтергіштер орнатылады. Өткел жергілікті бюджет есебінен тұрғызылады. Құрылысқа шамамен 200 млн теңге көлемінде қаражат жұмсалмақ. Жауаптылар биылдан қалдырмай қажет құжаттарын дайындап, жер үсті өткелін 2020 жылы 1 қыркүйекте қолданысқа беруге уәде берді.
"Қараша айында бюджет комиссиясының отырысы болады. Біз мәслихат депутаттарына жер үсті өткел салуға қаржы бөлу туралы өтініш береміз және қосымша жобаның құжатын әзірлейміз. Ақпан айында жобаны мақұлдап, наурызда тендер ойнатамыз. Келер жылы 1 қыркүйекте өткелді қолданысқа береміз деп уәде етемін. Жаяулардың көпірі нақты апат болған Ақсеңгір – Шамалған теміржол өткелінің үстіне тұрғызылады деп айта алмаймыз. Ол жердегі қауіпсіздік пен шағын және орта бизнеске кедергі келтірмеу жағын да қарастырамыз. Сондықтан басқа аумаққа салуымыз мүмкін. Дегенмен жер үсті өткелі мен болашақта тұрғызылатын көпірдің арасы 400-500 м қашықтықта болады", – деді Ержан Жасыбаев.
Сонымен бірге "қауіпті өткел" тұсындағы кептеліс мәселесін шешу үшін үлкен айналмалы көпір де салынатын болды. Алайда жолайрықтың да қай маңнан салынатыны әзірше белгісіз.