Арапа күні қасиетті құрбан айтынан бір күн бұрын келеді. Мұсылмандардың сенімі бойынша, ол – артықшылығы жағынан жұма күніне ұқсас күн. "Арапа жұмадан басқа күні жасалған жетпіс қажылықтан артық. Дұғалардың ең жақсысы да арапа күні жасалған дұға" деген сенім бар.
Биыл Арапа күні 30 шілдеге сәйкес келеді. Бұл күні ауыз бекітіп, ораза ұстау – сүннет. Соған орай, Қазақстан мұсылмандарының діни басқармасы республика бойынша ораза кестесін жария етті.
Оқи отырыңыз: Онлайн құрбан шалу, айт намазы мен дастарханы. Карантин кезінде құрбан айт мерекесі қалай өтеді?
Оқи отырыңыз: Шаш кесу, тырнақ бояу, тіс жұлдыру, екпе салдыру. Ораза ұстаушыға не рұқсат, неге тыйым салынған?
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы сайтындағы мәліметке сәйкес, бұл күні қажылық парызын өтеуге барған кісілер түс ауғаннан кейін ертеңгі (айт күні) таң намазына дейінгі аралықта Арафат тауына бір мезет тұрақтайды.
Арафат тауының тарихы сонау Адам атамен ұштасады. Тыйым салынған жеміске жақындағаны үшін Алланың қалауымен Адам мен Хауа анамыз жәннаттан шығарылып, дүниеде бір-бірінен алыс жерлерге түсірілген, сонымен олар бір-бірін аңсауға толы жылдар өткізген.
Оқи отырыңыз: Жаназа және құдайы ас. Індет кезінде бұл рәсімдерді өткізуде қандай талаптар сақталуы тиіс?
Адам Хазіреті Мұхаммедтің Алла алдындағы құрмет-беделінің арқасында кешірілді де, Алла Тағала Оған Меккеге дейін жол көрсету үшін бір періштені қасына ертіп жібереді. Адамның Хазіреті Мұхаммедтің құрметіне кешірім сұрауының берекетімен Жиддада өмір сүріп жатқан Хауа анамыз да басқа бір періштенің жетегінде Адам атаға қарай жол тартты. Ақыры екеуі арапа күні екінті уақытында Арафат сайында табысты. Жылап, қайта истиғфар етті.
Сыйлығы мен жақсылығы шексіз Алла Тағала олардың дұғаларын қабыл етумен бірге олардың нәсілінен болып, қияметке дейін жыл сайын сол күні және сол сағатта осы жерге келіп, кешірім сұраған, Алла рахымының аясына кіруді талап еткендердің барлығын кешіруге уәдесін беріп, үлкен сыйлық жасады.
Қажылардың арапа күні Арафатқа шығып, кешірім сұрауларының хикметі де осы.
Арафат тауы – Алла Тағаланың қажыларға тарту еткен жері, ал Арапа күні – Алланың барша иман келтірген құлдарына берген сыйы. Сондықтан, қажылық жасауға мүмкіндігі болмаған, Алланың үйіне бара алмай және Арафат тауына аяқ баса алмай, қынжылған жандар осы күнді шын ниетпен пайдаланулары керек.