Қаралы үй үш күн бойына қазан көтеріп, ас пісірмеген. Адам қаза болғанда ерекше құрмет көрсетіп, оның аманатын орындауға тырысады. Алайда аза тұтып отырған үйде ас та төк дастарқанның жайылуы молдаларды да алаңдата бастады. Тіпті қаралы үйдің жайған дастарқан мәзірінде болуы тиіс тағамдар тізімін де жасап қойды.
Бұрын ет-жақынынан айрылған қазақ дастарқанға қойылатын асқа емес, қандай салт-дәстүрдің орындалуына аса мән берген? Бұл жөнінде этнограф Байахмет Жұмабай айтып берген еді.
– "Жақсы адамның өлімі де өнеге" деп оның өмірде істеген жақсы істерін көпке үлгі етіп айтқан. Көз жұмар алдында айтқан өсиеттері мен ақылын көпшілікке жария қылып отырған. Жасаған қателігін кешіріп, дос-жаран, туысқандарын бірлікке шақырған. Бір сөзбен айтқанда адамдарға мағыналы өмір сүруді насихаттаған.
Оқи отырыңыз: Қазақтың қандай салт-дәстүрлері сақталмай қалған?
Артына мұра қалдыру
Қазақ артына мол байлық қалдырған адамды емес, елі үшін игі істер жасаған, көпке үлгі болған адамды кемеңгер санаған. "Артыңа пұл қалдырғанша, ұл қалдыр, бөз қалдырғанша, сөз қалдыр" деген. Мынадай игі істері жалпы адамзат баласы үшін нағыз мұра болып саналған:
- Шөл далада қазған құдық;
- Ақылды, өнегелі ұрпақ;
- Жол, көпір, мешіт, жетімдер үйі мен емхана салу;
- Ақыл-білім беретін, халыққа жақсы-жаманды ұғындырып, ізгілікке жетелейтін кітап;
- Бау-бақша, саялы ағаш отырғызу.
Көңіл айтып келгендерді шығарып салмайды
Қаралы үйге көңіл айтып келген адамды қарсы алып, алдынан шыққан адамды жек көретін қазақ хан болса да қарсы алмайды, шығарып салмайды. Алдынан қарсы алу – аруақты қорлау болып саналады.
Оқи отырыңыз: Жерлеу рәсімінің жоралғылары қандай? Қазада шашылу қазақы салт па, діни дәстүр ме?
Адам қазасын да бірнеше түрге бөлген
"Ақ өлім, арам өлім, ез өлім, ит өлім, ер өлім" деп беске бөлген.
Ақ өлім деп Алланың бұйрығымен ажалы жетіп, асарын асап, жасарын жасап, бала-шағасының алдында иман суын ішіп, көз жұмғандарды айтқан.
Ер өлім – отанын, жер-суын, отбасын қорғау кезінде қаза болу. Сонымен қатар өзгелерді қауіп-қатерден қорғау жолында өз өмірін қиғандардың қазасы.
Арам өлім – өзіне қол жұмсағандар, отанына жасаған опасыздық салдарынан қашып жүргенде өлсе немесе ұрлық жасау кезінде, өзгелермен ерегес кезінде көз жұмса.
Ез өлім – жалқаулық, салақтық, ынжықтық салдарынан аштан, қайыр тілеп жүріп, ел-жұртына қауіп төнгенде қашып жүріп, жанын сауғалап жүріп өлсе, дұшпанына жалынған сәтте өлгендердің өлімі.
Ал еш себепсіз қаңғырып, елсіз жерде ит-құсқа жем болса, жамандық, қулық-сұмдық жолында сүйегі айдалада көмусіз қалса немесе дүниенің соңында жүргенде мерт болса, сонымен қатар дүниесі бола тұра емделмей қиналып жатып жан тапсырған адамдардың қазасын ит өлімге теңеген.
Оқи отырыңыз: Қазақтың ұмыт бола бастаған 10 салт-дәстүрі. Тест: біліміңізді тексеріңіз
Көрісу мен көңіл айту
Қазақ халқы таныс-біліс болмаса да, қаралы үйге көңіл айтуды парыз санайды. Өйткені мойнына қарыз саналады деп пайымдайды. Ал аза тұтқан үйге көңіл айтуға кіргенде үлкен ақсақалдар тек тиісті адамдармен ғана көріседі. Отбасының келіндерімен көріспейді.
Жоқтау айту
Жоқтау – дүниеден өткен адамның жақсы қасиеттері мен жасаған ісін ел-жұртқа, ағайын-туысқа дәріптейтін азалы жыр. Жоқтауды белгілі ақын-жыраулармен қатар әйелі, жақын туыстары айтады. Қаралы үйдегі келін мен қыздарының немесе әйелінің жоқтау айтуына қарап, қаза болған адамның қадір-қасиетінің қандай болғанын ұққан. Алайда жоқтау айту дәстүрі тек Қазақстанның оңтүстік өңірінде сақталған.
Оқи отырыңыз: Ырымның жаманы болмайды. Ырымға неге сенеді?
Ине-жіп үлестіру
Дәстүр бойынша көп жасаған, немере-шөбере сүйген әжелер өмірден өткенде "телім", немесе "тәбәрік" үлестіреді, яғни, ине, жіп, түйреуіш, оймақ тағы да басқа заттарды таратады. Оның өзіндік мағынасы бар.
Мысалы, ине-жіп үлестіру. Қайтыс болған адам көзі тірісінде көрші-қолаңнан, туысынан ине-жіпті қарызға алуы мүмкін. Сол қарыздың қайтарымы болып саналады, яғни, қарызын о дүниеге алып кетпесін деген сақтық шарасы, игі тілегі. Ал "телім", "тәбәрік" тарату адамдарды ізгіліке тәрбиелейді. Ұрпақтары осы адам сияқты ұзақ өмір сүрсек, үлгі-өнегелі болсақ деген ниетпен іске асыратын дәстүр.
Нәзір беру
Жетісі, қырқы, жүзін бергенде арнаулы мал сойып, барлығына сауын айтады. Туған-туыстары бата оқырға ірілі-ұсақты мал әкеледі. Туған-туыстары, көршілері жиналып құран оқып, марқұмды еске алады.
Жұбату шайы
Жұбату шайын марқұмның артында қалған туыстарының қайғы-қасіреттерін бөлісіп, көңілдерін көтеру үшін арнайы шақырып береді. Бұл ғұрып "еңсе көтертер", "жұбатар", "қаралы шай","көңіл шәй" деп те аталады. Осылай шайға шақыру арқылы қара жамылған отбасының көңілін көтеруге тырысады.
Қырқы өткен соң ең алдымен, көрші, туыстары, достары берген. Ал жыл нәзірі беріліп, тұл аударылған соң алыстағы достары мен ағайындары шақырады. Бұл ғұрып адамдардың бір-біріне деген қарым-қатынасын нығайтып, береке-бірлікке шақырады. Әрі ағайындар арасындағы араздықты жоюға көмектеседі. Бірақ бұл дәстүрді де көптеген өңірлер сақтай бермейді.
Оқи отырыңыз: Қазақ бас киімді неге қадір тұтқан?
Шек беру
Құрбан айттан бірнеше күн бұрын марқұмға арнап құран бағыштап, көрші-қолаңға ас береді. Бұл шек беру дәстүрін үш жыл өткізеді. Шекті аруаққа деген құрметті көрсету үшін береді. Жиналған адамға оның жақсы істерін айтып, насихаттайды. Сонымен қатар жетім-жесір, аш адамдарды да шақырып, ризалығын алады. Бұл дәстүр ұрпақты қайырымдылыққа тәрбиелейді.
Қара тігу салты
Марқұмның жеті нәзірі өткен соң қара үйдің түндігі түріліп, тірі кезінде ұстаған ұзын сапы найзасын отбасына шаншып, шаңырақтан шыққан сабына қара ту байлайды. Үйдің ішіне ер-тұрман, сауыт-сайманын, киімдерін іліп тастайды.
Жас болса қызыл, қарт болса ақ, орта жастағы адам болса жартысы қара, жартысы қызыл ту байлайды. Оны көрген кез келген адам ат басын бұрып, құран оқып, сусын ішіп, көңіл айтып шығады. "Қарның ашса, қаралы үйге шап" деген мәтел осыдан қалған.
Артына ұрпақ қалдырмағанды тұлдау
Бас құрағанмен, ұрпағы қалмаған ер адамға жасалатын дәстүр. Марқұмның жыл нәзірі өте қабір басына барып келген соң, үйдің түндік, туырлық, керегелерін сөгіп, уықтарын шашып, шаңырағын ортасына түсірген. Өйткені жас адамның қазасы ауыр саналған. Ал қазанын төңкеріп шағып, отын өшіреді.
"Бүлінгеннен бүлдіргі алма" деген осыдан қалған. Ал артында қалған әйеліне еркіндік береді. Егер күйеуінің туыстары әмеңгерлікпен алғысы келсе, оны алатын адам үйінің есігінен емес, шаңырағынан немесе керегесінен кіргізіп алады.
Тұл аудару
"Жүк түзеу" деп те атайды. Тұлдаған атты сойып, оның басын бірнеше табаққа бөліп әкеледі. Бұны "аза асы" дейді. Жыл асы берген соң жасы үлкен адам немесе құдаларының бірі "тұл аудару" рәсімін жасайды.
Егер қайтыс болған ер адам болса, қаралы туды жығып, тудың сабын сындырып, ер-тұрманын оңдап, қарау-жарағын түсіріп қояды. Ал әйел адам болса, жиналған жүкті түзейді.
Ас беру
Ас жас адамдарға берілмейді. 60-тан жоғары немер-шөбере сүйген, артына дәулет қалдырған адамдарға береді. Балалары парызын өтеп, руы мен ел-жұртының атақ-даңқын асырады. Басына кесене түрғызып, халқын жинап, ас беріп, түрлі спорттық ойындар өткізеді.
Оның басты мақсаты – аруақ қадірлеу, ата-тегін ұмытпау. Сонымен қатар жыл бойы жоқтау айтып, бата оқыр күтіп отырған қаралы жандарды рухани серпілтіп, аза мерзімін ақырластыру.
Күмбез, кесен тұрғызу
– Қазақ қайтыс болған кісіні ешқашан жат жерге жерлемеген. Сүйекті туған-туыс, руластарының жанына жерлейді. Басына қорған тұрғызып, аяққа тапталып қалмауын қадағалайды. Өйткені кез келген қазақ өзінің атамекенін сол қорғандар мен күмбездер арқылы дәлелдейді, – дейді этнограф.
Дастарқанға дәстүрлі тағам қойса жеткілікті
Дін өкілдері қара жамылып отырған отбасына жылқы сойып, дастарқанға жеміс-жидек қою – шарт емес дейді. Олар "Дастарқанды қарапайым жайған жөн. Мұндай кезде дәстүрлі тағамдар: ет, май, нан, қоспа, шай, ірімшік, тоқаш, құрма қойса жеткілікті" деп ескерткен болатын.