Тікелей эфир

Қанат Ислам: Көрінгеннің сынына құлақ асатын уақытым жоқ

Фото informburo.kz
Фото informburo.kz
Бір айдан соң канадалық Брэндон Кукпен жұдырықтасатын Қанат Ислам informburo.kz тілшісіне экслюзив сұхбат беріп, Астанадағы жаттығуын көрсетті.

Кәсіпқой бокстағы қазақ спортшысы, WBA FedeCaribe тұжырымының чемпионы Қанат Ислам 9 қыркүйек күні өзінің 25-інші жекпе-жегін өткізеді. Қарсыласы – 31 жастағы канадалық боксшы Брэндон Кук. Осы уақытқа дейін кәсіпқой бокста жеңіліп көрмесе де, Куктың әлемдік деңгейде салмақты титулы жоқ. Дегенмен, Қанат Ислам "Кук мықты боксшы емес" деген пікірлерді елемей, кез келген жекпе-жекке тиянақты дайындалу керек дейді. Астанадағы жаттығуынан соң informburo.kz тілшісімен әңгімелескен "Қазақ" (Қанат Исламның лақап аты – авт.) жаттықтырушысын ауыстыра ма, жоқ па, қазіргі дайындығы қандай деңгейде, ауру балалар мен жетімдерге не үшін көмектесетіні туралы кеңінен әңгімелеп берді.

– Сіздің келесі жекпе-жегіңізге дейін тура бір ай уақыт қалыпты. Дайындығыңыз қалай?

– Аллаға шүкір, дайындығымыз өте жақсы. Жаттықтырушым Америкадан келді. Бір ай бойы Алматыда ұлттық құрамамен бірге тауда дене шынықтырдық. Маған осы жаттығудың пайдасы көп тиді. Астанадағы жаттығуды бастағаныма бір апта. Қарсылас-спарринг боксшылар да келіп үлгерді. Қазір екі спарринг өттік. Барлығы ойдағыдай, жаттықтырушымның да көңілінен шығып жатырмын. Қазіргі маңызды мәселе – жарақат алмай, осы бір айды жоспар бойынша өткізу.


Қанат Ислам бір аптадан бері Астанадағы жаттығуын бастады

Қанат Ислам бір аптадан бері Астанадағы жаттығуын бастады / Фото informburo.kz


– Жарыс алдындағы осы бір ай уақыт жалпы тез өте ме, әлде тағатты тауыса, жарыс күнін күттіре ме?

– Бұл спорттағы ең қиын күндер. Жарыс бір-ақ күнде өте шығады, ал соған дейінгі уақыт еңбекті, шыдамдылықты талап етеді. "Өз-өзіңді жең" деп осындайда айтылса керек.

– Қанат, осы жекпе-жегіңіздің Астанада өтетіні Сіз үшін ұтымды ма? Әлде, "өз Отанымда, өз халқымның алдында жеңіліп қалмасам екен" деген уайым бар ма?

– Жекпе-жектің үйде, өз елімде өтіп жатқанына мен қатты қуаныштымын. Өйткені, жекпе-жектердің барлығы Америкада немесе Германияда өтеді. Ал, осындай әлемдік бокс кешін неге өз елімізде өткізбеске? Бұл – жекпе-жек Қазақстанның кәсіпқой бокстағы үлкен қадамы.


"Қандай қарсылас болсын, мен кез келген жекпе-жекке жанымды салып дайындаламын"

Қанат Ислам: "Қандай қарсылас болсын, мен кез келген жекпе-жекке жанымды салып дайындаламын" / Фото informburo.kz


– Кукпен жекпе-жекке шығатыныңыз белгілі болған соң, спорт «сыншылары», жанкүйерлердің біразы: "Қанат жаңадан бокстасып жүрген бала емес, тәжірибесі бар. Одан салмақты жекпе-жек күткен едік. Кук кәсіпқой бокста жеңіліп көрмесе де, ешқашан мықты боксшылармен жұдырықтасқан емес, тиісінше, қызығатын титулы да жоқ. Жасы болса 31-де" деп шу ете қалды. Бұған не дейсіз?

– Сын түзелмей, мін түзелмейді деген бар. Менің жанкүйерлерім де мені мықты болсын, жақсы болсын деп айтады. Мені де әлемдегі ең мықты боксшылармен кездессін дейді. Осыған дейін бокстаскан 24 қарсыласымның бәрі де мен үшін бір-бір баспалдақ. Осындай баспалдақтың бәрінен өту керек. Бірден барып чемпиондыққа таласуға болмайды. Мысалы, мен де бірден әлемдегі ең мықты боксшымен кездескім келеді. Бірақ, оның алдындағы баспалдақтардан өтпей, оған жете алмайсың. Сондықтан, осындай сын айтып жатқан адамдардың бәріне рақмет айтамын. Қандай қарсылас болсын мен бокстасуға дайынмын.

– Брэндон Кукқа қатысты спортқа қызығатын қазақстандықтарды езу тарттырған тағы бір-екі факт бар. Біріншіден, Брэндон Кук 2017 жылдың ақпанында басына көрермендер лақтырған мұз толы шелек тиіп, нокаутқа кеткен боксшы. Екіншіден, соңғы 10 жыл ішінде ол бокстағы мансабынан тыс уақытта, терезе мен есік орнатып, жұмыс істеген. Сіз үшін осындай деңгейдегі боксшымен рингке шығу ұят емес пе?

– Әрбір боксшының бокстан басқа қызғушылықтары бар, әртүрлі жұмыстары бар. Тіпті, түнгі клубта жұмыс істейтіндері де кездеседі. Бірақ, бұл боксшы сонымен жан бағып жүр деген сөз емес. Мен де мысалы бокстан тыс уақытымда ауылға барып, атқа мініп, жылқы бағамын. Сондықтан, мені Куктың бокстан басқа өмірі, жұмысы қызықтырмайды, мен оны спортшы ретінде, қарсыласым ретінде қабылдаймын.


Жаттығу кезінде Қанат спарринг қарсыласын нокаутпен жеңді

Жаттығу кезінде Қанат спарринг қарсыласын нокаутпен жеңді / Фото informburo.kz


– Сонда ауылға барып, жылқы бағатын уақыт қайдан табасыз? Ауыл адамдары суретке түсейік деп мазаламай ма?

– Ауылда ешкім мазамды алмайды, керісінше, қалада солай (күледі). Ауылда қарапайым қазақ ретінде, өзімнің хоббиім ретінде атқа мінемін. Ал ауыл адамдары үшін менің барғаным, келгенім, атқа мінгенім таңсық емес, өйткені үйренген.

– Халық сіздің промоутеріңіз Нельсон Лопесті "әлсіз қарсылас таңдайды" деп сынаса да, ол таңдаған қарсыластардың біразын сіз бәрібір тез жеңе алған жоқсыз. Бұл кездейсоқтық па әлде сіз үшін жекпе-жекті 12 раундқа дейін жеткізу маңызды ма?

Негізі, спортта әлсіз қарсылас, мықты қарсылас деген болмайды. Спортта бір соққымен ғана жеңе салады. Боксты кеше үйрендің бе, әлде мықты боксшысың ба, рингке мың есе сақтықпен шығу керек. Қарсыласың да алаңға бекер шықпағанын, қаншама тер төгіп дайындалғанын естен шығармау керек. Сондықтан, спорттан сырт адамның біреуді әлсіз, біреуді мықты деп сынауы теріс деп ойлаймын.

Жалпы, өзім көп адамның сынына құлақ аса бермеймін. Әрине, тыңдаймын, қабылдаймын, бірақ "ол адам маған сын айтатындай кім?" деп ойлаймын. Маған ақылын, сын-ақылын айтатын ұстаздарым бар, бокстың мықтылары бар, солардың ғана сөзін тыңдаймын. Боксты ең алғаш бастағанда, мені ешкім таныған жоқ, Ал, бокста сәл танылып едім, мені бәрі біле бастады. Ең бастысы, жұмыс істеліп жатыр. Кейбір адамдардың 10 жылда істейтін жұмыстарын біз 5 жылда істедік. Сондықтан, біреудің сынына құлақ асып, кідіретін уақытым жоқ.


Қанат Ислам Астанадағы жаттығу залында

Қанат Ислам Астанадағы жаттығу залында / Фото informburo.kz


– Сіз неге дәл осы Нельсон Лопеспен жұмыс істеймін деп шештіңіз? Бұл адам шынымен де сізді мықты етті ме?

– Біз Нельсонмен бірге "Астана Арландарынан" бері бірге жұмыс істеп келе жатырмыз. Бұның қол астында Ресейдің біраз спортшылары дайындалды. Сол кезден бастап танысқан болатынбыз. Бұл кісімен бірге кәсіпқой бокстың қыр-сырын үйрендік. Басқа да мықты промоутерлермен келісімшарттары бар. Яғни, мені қызғанып отырған жоқ, қайта, басқалар арқылы танытып жатыр. Ал, бұны білмейтіндер, барлығын сынап-міней береді. Жалпы, Қазақстанда кәсіпқой боксты жақсы білетіндер аз дер едім. Мықты промоутер болып, он чемпион дайындап, маған сын айтса, тыңдар едім. Ал бізде ондай адам жоқ. Бірақ, ақыл айтқыш адамдар көп. Бұл дұрыс емес. Өйткені, өзің істемеген дүниені басқадан талап етуге болмайды.

– Сіздің демеушіңіз кәсіпкер Бауыржан Оспанов екенін бәріміз білеміз. Жалпы, бұл кісімен қалай таныстыңыздар? Және де демеуші болған соң, «мына жекпе-жекті нокаутпен аяқта, келесі жекпе-жекті соңына дейін жеткіз» деп талап қоя ма?

– Бауыржан Оспановпен аға-іні ретінде сыйласамыз. Мені Қазақстанға ең алғаш рет әкеліп, кәсіпқой боксқа жол ашқан, осыған дейінгі 24 кездесудің бәріне демеуші болған сол кісі. Бауыржан ағам қазақ жігіттері бүкіл әлемге қазақтың атын шығарса екен, алдынан жол ашылса екен деп қана армандайды. Маған ғана емес, қаншама адамға, туған ауылына, туған жеріне көп көмектескен адам. Мақсаты – қазақ жастары мықты болса екен дейді. Спортта да, өмірде де маған ешқандай талап қоймайды.

– Қыста Батыс Қазақстан облысындағы қалалардың біріне барғанда, жетім балалармен кездестіңіз. Сол кезде жетімдер үйінен бала асырап алатын ниетім бар деген едіңіз. Бұдан басқа сіз ауру балаларға қол ұшын созып, көмектесіп тұратыныңызды білеміз. Өйткені, оның бәрін youtobe желісіне салып отырасыз. Бұл PR ма әлде қалай?

– Кейбір дүниелерді жария істеуге болады. Садақаны оң қолың берсе, сол қолың білмесін деген бар. Жетім балаларға, ауру балаларға көмектесу біздің азаматтық борышымыз деп білемін. Оны видеоға түсірсек, бізден көріп біреу жақсылық жасасын деген ниет қана. Ол жерде мен жұлдыз болып жарқыраймын деген ой жоқ. Менің чемпион болғанымның, он белбеуімнің халыққа не керегі бар? Халық бізден үлкен үміт күтеді. Яғни, миллиондап ақша тауып, он емес, жүз белбеу алсаң да, жетім бауырларыңа көмектесе алмасаң, не керегі бар?.


Қанат Ислам 2017 жылдың соңына дейін тағы бір үлкен жекпе-жекке шығады

Қанат Ислам 2017 жылдың соңына дейін тағы бір үлкен жекпе-жекке шығады / Фото informburo.kz


– Қазір жасыңыз 32-де. Енді неше жыл бокстасасыз?

– Оны бір Алла біледі. Кейбір боксшылар 50 жасына дейін спорттан кетпейді. Ал менің спорттағы жасымның неше жылдан кейін аяқталатынын бір Алла ғана біледі.

– Брэндон Кук биылғы соңғы қарсыласыңыз ба? Әлде жыл соңына дейін жоспарланған жекпе-жектер бар ма?

Жоқ, соңғы жекпе-жек емес. Жыл соңына дейін тағы бір жекпе-жек өткіземіз деген жоспар бар. Ол жекпе-жектің қашан, қайда және кіммен өтетінін сол уақытында біле жатарсыздар

– Әңгімеңізге рақмет! Астанадағы бокс кешінде жеңіс тілейміз!

Поделиться:

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары