Тікелей эфир

Алыс та жақын Сингапур. Мұнда қоғамдық тәртіпті бұзсаңыз, қалтаңыз қағылады

Сурет rentofficetoday.com сайтынан алынды
Сурет rentofficetoday.com сайтынан алынды
Сингапур – Оңтүстік-Шығыс Азиядағы ең күшті дамыған қала-мемлекет. 2017 жылы жалпы ішкі өнім бойынша әлемде 37 орынға шықты. Бұл – жан басына шаққанда $ 57 000.

Оңтүстік-Шығыс Азияның ең дамыған аймағындағы Сингапурдың білім жүйесі несімен ерекшеленеді? Азия аймағы бойынша біріншілікті ешкімге бермей келе жатқан Сингапур Ұлттық университетінің маңызы мен міндеті қандай? "Арыстан шаһары" атауын иеленген қалада қандай қатаң талаптар бар?

Назарбаев Университетін үздік тәмамдап, бүгінде Сингапур Ұлттық университетінің Ли Кун Ю мемлекеттік саясат мектебінде білімін жалғастырып жатқан қазақ қызының бөлісер ойы бар.

Таңдауым – Азиядағы ең үздік университет болды

Сингапур Ұлттық университеті – аз ғана уақыт ішінде үшінші әлем мемлекеттерінің қатарынан шығып, "Азия жолбарысына" айналған шағын қала-мемлекеттегі іргелі оқу орны. Жыл сайын әлемнің түкпір-түкпірінен жүздеген үздік студенттер осыған ағылады.

Соңғы жылдары оқу орны QS Халықаралық зерттеу агенттігі жариялаған рейтингте Джон Хопкинс, Коламбия, Йель университеттерi сынды үздік білім ордаларын басып озып, 15 орынға жайғасқан.


Іңкәр Айтқожина ондаған мемлекеттің жүздеген студенттері арасынан суырылып шығып, осы университеттің грантын жеңіп алған

Іңкәр Айтқожина ондаған мемлекеттің жүздеген студенттері арасынан суырылып шығып, осы университеттің грантын жеңіп алған / Сурет жеке мұрағаттан алынды


– Оқуымды жалғастыру үшін соңғы курста жүргенде халықаралық университеттердің білім жүйесімен таныса бастадым. Меніңше, ешбір қазба байлығы жоқ кедей елдің санаулы жыл ішінде алпауыт мемлекетке айналуы кімді де болсын қызықтырады.

Әрине, мұның барлығы мемлекеттің реформалары мен саясатына тікелей байланысты. Сондықтан таңдауым Сингапур Ұлттық университетіне түсті, – дейді Іңкәр.

Түсем деушілерге талап қатты

– Мен оқып жатқан Ли Куан Ю мемлекеттік саясат мектебі – Сингапурда ғана емес, жалпы әлемге танымал оқу орындарының бірі. Демеушілері де өте көп. Университет басшылығы сол демеушілерден жиналған қаржыға шетелдік студенттерге грант бөледі.

Әрине, талаптары қатаң. Өтінім толтырғанда екі эссе жазуың керек. Профессорлар берген арнайы ұсыным хат та – талаптың бірі. Сонымен қатар, IELTS тестін тапсырады.

Өтінім толтыру барысында "Неге осы оқу орнына түскім келеді?", "Болашақтағы мақсатым қандай?" деген сынды бірнеше сұрақтарға жауап бердім. Ал, ұсыным хатты Назарбаев Университетінің профессорлары жіберді.

Сөйтіп гранттың бірін иелендім. Нақтырағы, халықаралық Lee Foundation ұйымы арнайы қаржы бөлді. Оған оқу ақысы, жатын орын, арнайы шәкіртақы, тіпті, Сингапурға барып-қайтатын ұшақ билеті де кіреді.


Сингапур Ұлттық университетінде бакалавр мамандықтары бойынша ақылы оқу 13 мың доллардан басталады

Сингапур Ұлттық университетінде бакалавр мамандықтары бойынша ақылы оқу 13 мың доллардан басталады / Сурет i-asia.com сайтынан алдынды


Ал, ақылы оқудың құнына келсек, жылына 40 мың долларға дейін барады. Әрине, біз үшін салыстырмалы түрде қымбат. Дегенмен батыстық оқу орындарымен салыстырғанда әлдеқайда арзан.

"Білімді бағалаудың өз ерекшеліктері бар"

Әрбір университеттің өзіндік білім беру жүйесі болады. Біздің елмен салыстырғанда ерекшеліктері біршама.

Мысалы, баға қою жүйесін алайық. Мұнда студенттің жеке дайындығы мен қабілеті ғана бағаланбайды. Қатарластарыңның білімді игеру көрсеткіші де қатты әсер етеді.

Емтихан уақытында студенттердің жоғары балл иеленген бастапқы 30 пайызының ғана үздік атануға мүмкіндігі бар. Сондықтан студенттер арасында жоғары бәсекелестік орта қалыптасқан. Яғни жеке бастың дамуын назарда ұстайды.

Тағы бір айта кетерлігі, Сингапурда оқытушылар өте беделді. Ғылым докторы, профессорлар үшін университет әкімшілігі тарапынан барлық жағдай жасалған. Гарвард, Лондон экономика мектебі, Колумбия университеті сияқты халықаралық деңгейдегі белді білім ордаларының профессорлары мен академиктері университетке жиі келіп, арнайы дәріс оқиды.

Білім жүйесіндегі батыстық және шығыстық идеология қақтығысы

Кез келген мемлекеттегі білім саласының дамуы ел ішіндегі бәсекелестік ортаға тікелей байланысты. Сингапурда көптеген университеттер бар. Дегенмен, өзгелерден озық тұратын екі оқу ордасының орны бөлек. Бұл туралы Іңкәр:

– Білім саласындағы бәсекелестік орта туралы сөз қозғағанда, Наньянг технологиялық университеті мен Сингапур Ұлттық университетінің аттары аталады. Екеуінің де тарихы XX ғасырдан бастау алған. Бүгінде әлемдік деңгейдегі үздік жоғары оқу орындарының қатарына қосылып отыр.

Дегенмен, бәсекелестік білім саласын ғана қамтымайды. Өйткені, Сингапур Ұлттық университетінің негізін батыста оқып келген саяси элита қалаған. Олардың көзқарастары либералдық бағытта.

Ал, Наньянг технологиялық университеті Қытайда білім алған технократтардың бастамасымен құрылған. Батыс пен шығыстық көзқарастардың қарама-қайшылығы тарихтан белгілі. Сондықтан осы екі университет бір-бірін геосаяси және мәдени бәсекелес санайды.

Ал, мен оқып жатқан мемлекеттік саясат мектепті "Сингапурдың экономикалық кереметінің атасы" Ли Куан Ю құрған. Бағдарлама саяси элитаны қалыптастыру мақсатында ашылып, бүгінде өз міндетін жоғары деңгейде атқарып жатыр, – деп тарқатып айтты.

"Сингапурда төрт ресми тіл бар"

Әлемде қанша мемлекет болса, сонша менталитет бар. Сәйкесінше, елдің географиялық орналасуына байланысты өзгеріп отырады. Менталитеттің қалыптасуы халықтардың өмір сүру ортасына, әлеуметтік құрылымына және қоғамдық құндылықтарға тікелей байланысты.

Төрт ресми тіл – ағылшын, қытай, малай және тамил тілдері. Дегенмен халықтың негізгі қатынас құралы – ағылшын тілі. Сондықтан қоғамға сіңісуде қиындықтар болмады. Егер де, саяхаттауды немесе оқуды жоспарлап жүргендерге ағылшын тілін білу жеткілікті.

Ал, адамдарын қонақжай деп айтуға болады

Дегенмен, қазақы қонақжайлыққа жетпейді. Басты ерекшелік қоғамдық қатынастартар "киасу" түсінігіне негізделген.

Бұл – Оңтүстік Қытай тілінен енген диалект, "жеңілуден қорқу" мағынасын береді. Ұғымның астарына үңілсек, әрбір сингапурлықтың өзгелерден қалып қоюды ұят санайтындығын аңғаруға болады.

Тіпті, достардың, әріптестердің өздерінің арасында бәсекелестік мықты. Олардың әрқайсысы қоғамда көшбасшы болуға ұмтылады. Жұмыста да, оқуда да солай. Тіпті, отбасының өзінде жеке дамуды бірінші орынға қояды. Бұл, өз кезегінде бәсекелестік ортаны қалыптастырып отыр.

Халқы өте еңбекқор. Мәселен, зейнеткерлердің өзі асханалар мен дәмханаларда жұмыс істей береді. Бұл – олар үшін қалыпты құбылыс.

Мәдениеті турасында бірер сөз...

Әрбір мемлекеттің өзіндік ұлттық ерекшелігі бар. Бүгінде әлем елдері мәдениеті, тағамдары, талай ғасырдан бері тойланып келе жатқан мейрамдары арқылы жаһанданудың жойқын дауылына қарсы тұрып, ұлттық кодын сақтауға тырысады.

Батыстық БАҚ-та мультимәдениет орталығы ретінде аталатын шағын мемлекеттің ұлттық ерекшеліктері турасында Іңкәрдың пікірі мынадай:

– Сингапур – түрлі мәдениеттің тоғысқан жері деуге болады. Мұнда халықтың денін қытай, малай және тамил үнділері құрайды. Ең көбі – қытайлар. Олар жергілікті халықтың 70 пайызға жуығы. Соңғы уақытта білім алу мақсатымен келетін еуропалық жастардың саны көбейген.


Қытай мәдениеті орталығы

Қытай мәдениеті орталығы / Сурет dalinfotour.ru сайтынан алынды


Мұнда әлемдік деңгейдегі қаржы орталығы бар. Бизнеспен айналысатын батыстық бай-бағландар да көп. Жоғарыдағы аталған үш халықтың басымдығына байланысты мәдениеті де түрліше болып келеді.

Мұндағы халық қытайлардың жаңа жылын да, үнділердің дивали мерекесін де тойлайды. Дивали – бес күндік фестиваль ретінде өтетін үнділердің мерекесі. Жыл сайын қазан немесе қараша айында тойланады. Басты ерекшелігі, тұрғындар үйлерін алдын-ала тазалап, майлы шырақтармен және электр жарықтарымен безендіреді. Бұл – қараңғылықты жарық, зұлымдықты мейірімділік жеңеді дегенді білдіреді.

Ал, малайлардың дені мұсылман болғандықтан құрбан айт кең түрде аталып өтеді. Ал баршаға ортақ мейрам – Тəуелсіздік күні.

Тарихқа сүйенсек, Сингапур 1965 жылы тап осы күні Малазиядан бөлініп шығып, тәуелсіз ел атанған. Сондықтан ел тарихында айрықша мейрам болып табылады. Жыл сайын 9 тамыз қарсаңында әскери шеру ұйымдастырылады. Тәуелсіздік күнін кең көлемде тойлау дәстүрге айналған.

Тағамдары да осы негізгі үш халықтың мәдениетіне сай өзгеріп отырады. Қытайлар үшін кеспе ұлттық тағам ретінде саналса, үнділер түрлі дәмдеуіштер қосылған асты ұнатады.

Валюта бағамы қандай?

Сингапур әлемдегі қымбат қалалардың қатарына жатады. Дегенмен, миллиондаған туристердің сүйікті орнына айналып үлгерген елге келушілердің саны жыл санап артып жатыр.

Ұлттық валютасы – сингапур доллары. Белгісі – S$. 30 мамырдағы валюта бағамы – 1 сингапур доллары 244,56 теңге тұрады.


Сингапурдың ұлттық валютасы 1967 жылдан бастап айналымға енген

Сингапурдың ұлттық валютасы 1967 жылдан бастап айналымға енген / Сурет jerusalemtour.ru сайтынан алынды


Қала ішіндегі қозғалыста қаржы үнемдегіңіз келсе, назар аударыңыз

Сингапур ақылды қалалардың көшін бастап тұр. Мұнда қала ішіндегі қозғалыста ең тиімді әрі арзан жол – қоғамдық көліктер, яғни, автобус пен метро.

Қоғамдық көліктердің дамығаны соншалықты, Google картадан қай автобустың қайда келе жатқанын, қанша уақытта аялдамаға жететінін білуге болады. Сонымен қатар, "SG Bus" қосымшасы да бар. Метро әр екі минут сайын жүреді.


Сингапурда барлық қоғамдық көліктерде бір ғана электронды карта арқылы төлем жасауға болады

Сингапурда барлық қоғамдық көліктерде бір ғана электронды карта арқылы төлем жасауға болады / Сурет frenzeelo.blogspot.com сайтынан алынды


Билет бағасына келсек, әр бағытқа бір сингапур долларынан басталады. Бір артықшылығы, қоғамдық көліктер таңғы сағат 06:00-ден түнгі 00:00-ге дейін жүреді. Қимыл-қозғалысы шектеулі жандар үшін әрбір аялдамада арнайы лифт орнатылған.

Бір күндік асқа орташа есеппен 15-30 сингапур долларының аралығында жұмсауға болады.

Туристерге құлаққағыс

Парижде Эйфель, Лондонда Биг-Бен мұнаралары, Нью-Йоркте Азаттық мүсіні туристер жиі баратын орындардың қатарында. Бұл тұрғыда, Сингапурдың да өзіндік символдары бар.

Қаланың басты символы ретінде "Марина Бей Сандс" қонақ үйін айта аламын. 55 қабаттан тұратын ғимаратқа келушілердің саны өте көп.

Сондай-ақ, "Шығанақтағы бақ" та қаланың көрікті жері саналады. Мұнда 200 мыңнан астам өсімдіктің түрін кездестіруге болады. Биіктігі 25-50 метр аралығындағы темір шыбықтардан құрастырылған 18 алып ағаш бар. Оларға түрлі-түсті шамдар орнатылған. Бақ түнде ғажайып. Сондықтан бұл жер – туристердің сүйікті орны.


Әйгілі "Шығанақтағы бақ"

Әйгілі "Шығанақтағы бақ" / Сурет factum-info.net сайтынан алынды


Тарихи орындарға баруға да кеңес беремін. Егер жағажайдағы демалыс қызықтырса, Сентоза аралы бар. Шығындалмайсыз, тек барып-келуге төрт доллар ғана кетеді. Ал, мәдениеті қызықтырса, малай, үнді, қытай мәдени орталықтарына барған жөн.

Қоғамдық көлікте су ішсеңіз, 500 доллар айыппұл төлейсіз

Тариха көз жүгіртсек, 1965 жылдары Сингапур жемқорлық жайлаған мемлекеттердің алдынғы қатарында болыпты. Оның деңгейі Ли Куан Ю бастамасымен жасалған реформаның нәтижесінде айтарықтай төмендеген.

Мысалы, 2017 жылы "Азия жолбарысы" Transparency International халықаралық ұйымының рейтингінде жетінші орыннан көрінген. Мұның барлығы елде жүргізілген қатаң тәртіптің арқасында жүзеге асқандығы белгілі.

Сингапурда қоғамдық тәртіпке баса назар аударады. Тіпті, жәй тәртіп бұзғанның өзіне жоғары көлемде айыппұл салынады.

Қоғамдық көліктерде су ішуге немесе тамақтануға тыйым салынған. Сырқаты сыр берген адамдарға ғана су ішуге рұқсат бар. Сағыз мүлде сатылмайды. Елге алып келуге де болмайды. Рұқсат етілмеген жерлерде шылым шегудің соңы да айыппұл төлеумен аяқталады.

Көлеміне келсек, қоғамдық көлікте тәртіп бұзсаңыз, сағыз шайнасаңыз, қоқыс тастайтын болсаңыз – 500 доллар, шылым шексеңіз – 1000 долларға дейін айыппұл төлеуіңізге тура келеді. Ал метрода жанғыш заттарды өзіңізбен алып жүрсеңіз айыппұл – 5000 доллар. Сингапур долларымен әрине.


Қатаң шектеулердің арқасында Сингапур әлемдегі ең қауіпсіз қала атанып отыр

Қатаң шектеулердің арқасында Сингапур әлемдегі ең қауіпсіз қала атанып отыр / Сурет freerepublic.com сайтынан алынды


Бір қызығы, сингапурлықтардың жазылмаған өзіндік заңдары да бар. Мәселен, мұнда балаларға қоғамдық тәртіпті сақтауды кішкентай кезінен бастап үйретеді. Ал эскалаторда әрқашан сол жақта тұру керек. Оң жағы асығып бара жатқан адамдар үшін бос тұрады. Қоғамдық көліктерде айқайлап сөйлеу тәртіпсіздікке жатады.

Сингапур Ұлттық университетінде оқығысы келетін жастарға кеңес

– Алдында айтқанымдай, университетке қабылдау талабында екі эссе жазу бар. Бірі 600, екіншісі 400 сөзден аспауы шарт. Берілген тақырып аясында өз ойыңды нақты әрі дәлелді түрде жеткізіп жазуға тырысу қажет.

Сондай-ақ, негізгі шарттарға жұмыс өтілі де кіреді. Кемі екі жылдық тәжірибе жинақтап алған дұрыс.

Қабылдау уақыты екі кезеңнен тұрады. Бірінші кезең желтоқсан айына дейін созылады. Бұл уақыт қажетті құжаттарды жинауға, өтінім жіберуге берілген.

Келесі кезеңде, яғни, ақпан, наурыз айларында үміткерлер Skype арқылы қабылдау комиссиясымен сұқбаттасады. Одан жарты сағат бұрын арнайы тақырып беріледі. Әңгімелескенде сол тақырып төңірегінде сұрақтар қойылады. Сондықтан халықаралық деңгейде болып жатқан түрлі мәселелер туралы ақпараттарды оқып, барлығынан хабардар болып жүрген дұрыс. Ой-өрістеріңді кеңейтіп, өз пікірлеріңді қалыптастырып жүруге кеңес беремін, – дейді Іңкәр.

Серіктестер жаңалықтары