ХІХ ғасырдағы бабалар өмірін көргіңіз келе ме? Олар қалай тіршілік етті? Немен көшіп-қонды, не ішіп-жеді, қандай киім киді?Адамдары қандай еді?
Онда сонау Алтай тауының жотасын мекен еткен алтайлық қазақтардың жайлауына барыңыз. Біз сол жерде болдық. Өз көзімізбен көрдік.
Алтайға барудың қызығы да шыжығы да көп
Мұнда барар жол қиын-қыстау. Екі жағы жалама таулы, ойлы-шұңқырлы, тасыған өзенмен жарысқан тар да тастақ сүрлеумен қазіргі жол талғамайтын көліктердің өзімен жүру қиын.
Тауға шығуға арнайы дайындалған көліктерден тыс ресейдің УАЗ, ЗИЛ машиналарын ғана мінеді екен.
Баянөлгейден Алтай ауданына 120 шақырым
Алтай тауларында жауын жиі жауады. Сол кезде өзендер арнасынан тасып, жолды бұзады. Алайда жергілікті халық ондай өмірге үйреніп кеткен.
Біз УАЗ көлігімен Алтай ауданына (Алтай сумын) бет алдық.
Алтай ауданы аймақ орталығы Баянөлгей қаласынан 120 шақырым жерде. Жолы кедір-бұдыр. Жауыннан кейін тасыған төрт өзеннен өтуге тура келді. 3-4 сағат жүрдік.
Аймақ орталығынан таңертең сағат 10-да шығып, түсте аудан орталығы Алтай кентіне жеттік.
Алтай ауданы мен жайлау арасы 20-25 шақырым
Түскі шәйден кейін аудан әкімі Әсет Әулиятұлының көлігімен төр жайлауға тарттық.
Қасқатас деген жерде жауыннан кейін құлаған тас өзен мен жартас арасындағы жолды бітеп тастапты.
Төмендегі Шегіртай көлі – мұздықтан қорек алған кішкентай көл. Мөлдірлігі сондай өзеннің табанына жабыса жүзген шабақтар мен балықтар да бірден көзге түседі.
Алтай көлдерінде Ұшқыш (орысша Ускуч делінеді) деген балық бар. Бұл – қызыл кітапқа енген ғажайып балықтың түрі.
Алайда бұл жақта балық аулауға ешқандай шек қойылмаған. Сол себепті, орыс, ағылшын балықшыларын да көзіміз шалды.
Жергілікті жұрт "қашаған қызыл" деп атайтын осы ұшқыш балық өте дәмді деседі.
– Мұндай суық әрі таза тау суындағы қашаған қызылдың денесі үлкен болмағанымен екі кішкене балықты тауыса алмайсыз, – дейді балық аулауға жиі шығатын Асқар Шәймарданұлы.
Біз осы үйге келдік
Алдыңғысы үлкен үй. Қасындағы отаулары. Үлкен үй – әулеттің ең үлкен ақсақалы және қарашаңырақ иесі тұратын үй. Ал одан тарағандардыкі үлкен үйге отау есептеледі.
Жайлау – масасыз әрі жанға жайлы салқын
Жайлау – таудың етегіндегі жер. Тау басында қар жатқанымен қатты салқын емес. Жанға жайлы. Масасы, шыбын-шіркей жоқ немесе аз. Осында екі айдай отырып, күн суытқанда тау етегіне қарай – күзеуге жылжып қонады.
– Алтайдағы қазақ малшылары көбінесе жылқы, сарлық және қой-ешкіні малданады. Бұлар сол жердің қатал табиғатына қарай бейімделіп, жерсінген. Әсіресе сарлықтар осы жотаның иесі іспетті. Қандай қалың қарда, қақаған суықта үстерінен буы бұрқырап, еш тоңбастан күйсеп тұрғанын көресіз, – дейді жергілікті малшы Кеңшілік ақсақалдың үлкен ұлы Есентай.
Мұнда байырғы қазақ тұрмысы сақталғанымен, өркениеттен де құралақан емес. Әр үйде күн энергиясы батереясы мен теледидар бар екенін көрдік. Тіпті, кей отбасылары үлкен антенналарды қойып алған.
Қазақ малшысының бір күні
Қазақ отбасында ерлер түз жұмысын, ал әйелдер мен балалар үй жұмысын істейді. Біз барған 95 жасқа келген Кеңшілік Сексенбайұлы әулетімен бір жерді жайлайды екен.
Ақсақалдың 7 баласы жеті үй боп, әр елге тарап кеткен. Бір баласы Астанада тұрады. Ал өзімен бірге отырған үш ұлы мен қызынан тарған отаулардың саны қазір сегізге жетіпті. Немерелерін қосса отызға жуықтайды.
Жазғы демалыс кезінде Ұланбатырда оқитын немерелері де келіп, өз қолғабыстарын тигізіп жүр.
Малшы ауылда жұмыс таңғы 4-5-те басталып кетеді. Ерте тұрған келін немесе отанасы алдымен түндік ашады. Сосын от жағып, дәрет алатын суды жылытады. Түнде су болмасын деп жауып қойған тезектің жабуын ашады.
Осы сайдың басы Қазанбай дарасы деп аталады екен. Бұл – мұнда аты аңызға айналған Қазанбай батырдың Қытайдың Алтайына өтетін асуы, Кеңшілік әулетінің тарихи мекені.
Таң ата қыз-келіншектер мал саууға, ал ерлер ат әкелуге аттанады.
– Тағы мал болғандықтан сарлықты сауғанда тұсап қойған дұрыс, – дейді отағасы Есентай.
Демалыс кезінде үйге қолғабыс жасап жүрген студенттер мен оқушы балалар да көп.
Жайлаудың құнарлы да шүйгін шөбіне әбден тойған мал ащылайды. Ондайда малға кеміре жалап тұруы үшін тұз керек. Сондықтан кесек-кесек тұздарды әкеліп, қора шетіне қояды.
Түнгі жайылыстан кейін жылқылар да желі басына келіп ащы кеміреді.
Біз барған үйде қой саууға сауыншы жетіспегендіктен қоралы қойды өріске айдады.
Аққұлын – Алтай ауданындағы мектептің 9 сынып оқушысы. Таңертең ат әкеліп, малды өріске айдауға көмектесіп жүр.
Атқа ер немесе тоқым салмай мінуді – жайдақ міну деп атайды. Аққұлын атқа жайдақ мінеді. Дәрігерлердің айтуынша атқа жайдақ міну қуық түбінің қабынуы сияқты ер-әйелдердің ауруының алдын алады. Оның үстіне аттың тері мен иісі де түрлі микробтарды жойып, денеге қуат береді екен. Кешегі аталарымыздың 70-80 жасында да аттан түспей, балалы болу қабілетінен айырылмай жүруінің бір себебі осы болса керек.
"Таңғы ас Тәңірден" дейтін халықпыз
Түскиіздің жанында, төрге салынған сырмақтың үстінде, рахаттана таңғы шәйімізді ішуге отырдық. Тарихшы, этнограф Еділхан Қонысбайұлы ағамыздың әңгімесі қазақ өмірінің біз білмейтін сырларын тарқатудан басталды.
Киіз үйдің түндігі ашылған. Таза ауада құрт-ірімшікті күтірлете шайнап, қою сарлық қаймағына малдың майына пісірген бауырсақты бір батырып жегенге не жетсін! Артынан сары маймен жұмсартылған сүтті шәйді сораптап отырмыз. Мұндай ауада шәйді қанша ішсеңіз де білінбей сіңе береді.
Сарлықтың қаймағын жеген де арманда, жемеген де арманда
– Сарлық сүті – ең қою, майлы сүт деп есептеледі. Әдетте бір сарлықтан 2 литр айналасында сүт шығады. Сүтті қайнатып алған соң оның бетіне азырақ ұн сеуіп қойса, қаймақтың қалыңдығы бір еліден асады, – дейді жеңгеміз Күлдән.
Осы қалың түскен қаймақты бұзбай, төңкеріп, азырақ шекер сеуіп, оған тағы бір қаймақты жабыстырып кептіріп алатындар да бар екен.
Бұл – нағыз керемет құнарлы тамақ. Ондай қаймақты бүктеп, киіз үйдің іргесін ашып, сонда салқын желге кептіреді. Қысқа сақталғанын жеген кісілер ауыздың суын құрта әңгімелеп отырды.
Нағыз құрттың атасын осында ғана көресіз
Ашыған сүт пен айранды жинап, сабаға құйып піседі. Одан сары май шығады. Майы алынғаннан кейін қалғаны іркіт деп аталады. Қазақтың "иттің үстіне іркіт төгіліпті" деген сөзі осыдан қалған.
Іркітті бірнеше сағат қайнатады. Оны құрт қайнату деп атайды. Іркітті де, қайнап тұрған құртты да ішуге болады. Ол – өте құнарлы, дәрілік қасиеті бар құнды тамақ.
Келесі қадам – құрт сүзу. Құртты қайнатып, сары суы бөлінгеннен кейін селдір дәке қапқа құйып, сүзеді.
Құртты сүзгенде шыққан сарысуды қайта қайнатып, сары тамақ жасауға болады. Сонымен бірге бұл сарысумен балшық илесе өте берік болады екен.
Бұрынғы заманда кесенелерді осы сарысуда иленген балшықпен сылаған. 2017 жылы Кейкі батырдың кесенесін де осындай сарысу қосып илеген балшықпен сылағаны тегіннен тегін емес.
Кебуде тұрған ірімшікті өресімен ұрлап қашатын...
Өре – құрт-ірімшік қатарлы сүт тағамдарын жайып кептіру үшін жасалатын сөре. Өре ағаштан жасалып үстіне "шыпта" деп аталатын тоқылған ши төселеді.
Кейде сөренің қасына қарақшы тігіп, оған киім кигізеді. Кезқұйрықтар құрт-ірімшікті алып кетпесін деп қарақшыларды жалбыратып қояды.
Қонақ келген күні мал туса "құтты қонақ" болды деп ырымдайды. Қазан көтеріп, ет асып, атап өтеді.
Түсте жауын жауды
Алтайдың жайлауы теңіз деңгейінен екі шақырымнан астам биікте орналасқан. Кез келген мезетте күн күркіреп, жауын жауады. Бұл күні де түске қарай өткінші жауын сарылдата құйды.
Жұрт жаңалап қонған үйдің іргесі морланбағандықтан су кіріп кетті. Біз сырттан кірген суды тоқтатуға жүгірдік.
Киіз үйдің іргесінен су кірмеу үшін арық қаздық. Ол – үйді морлау деп аталады екен. Сонымен бірге құйын, боран соққанда қозғалмауы үшін шаңырақтың екі жағынан тартып, салма салады.
Мынау найзағай түскен тауда сарымсақ сияқты жабайы көктаттар, бүлдірген сынды жемістер мен дәрі шөптер көп өседі.
Жауыннан кейін күн ашылды.
Жауын кезінде үсті малмандай болған мына сәби әжесінің төсегінде отыр.
Жауын басыла тезек пен отынның үстін ашып, күнге кептіреді. Шөмшек теріп, отын дайындайды.
Жуылған киімдер мен су болған бұйымдар киіз үйдің белдеу арқанына және сөреге жайылады.
Саңылақ малшының үйінде
"Моңғол елі халықтың еңбегін бағалайды" – дейді Моңғолия үкіметінің "саңылақ малшы" атағын алған Смағұл Кеңшілікұлы.
Ағамыздың айтуынша мал басы мыңнан асқанда "мыңдық" яғни аймақтық "саңылақ малшы", бес мыңнан асқанда "мемлекеттік саңылақ малшы" атағы беріледі екен. Қазірше Алтай ауданы (сумын) бойынша екі саңылақ малшы бар. Бірі – Смағұл ағамыз.
Балалар мен қонақтар әр күні бірнеше рет жылы саумал немесе қымыз ішеді. Бұл – денсаулық үшін таптырмайтын ем.
Әдетте биені әр сағат сайын күніне 5-6 рет сауады. Түнде құлынмен бірге жайылысқа жібереді.
Смағұл:
– Қазір менде мың жарым бастан артық мал бар. Оның ішінде түйе, жылқы, сиыр, қой-ешкісі бар, – дейді.
Алтайда ұры-қары атымен жоқ
– Тек анда-санда соғатын қасқырларды айтпағанда, – дейді ағамыз. Көрші Қытаймен шекара өңірі жыныс орман. Онда аю да, қасқыр-түлкі де жетерлік. Бұғы-марал, арқар-құлжа деген аңдар жыртылып айырылады. Алайда оған адам баласы тиіспейді.
Тіпті, ағамызда заңды қаруы да бар болып шықты. Ол әрине сақтық үшін немесе қасқырлардан қорғану үшін ғана керек.
Құла құлынның әңгімесі
Құла жылқының тұқымы ағамыздың ұлы атасы Асубай батырдан келе жатқыр екен.
Әйгілі Сәмен және Жабағы төрелерден тарайтын Алтай төресінің жылқышысы болыпты. Ісі мен сөзі бір жерден шығатын адал жігітті бірде төре жалғыз әпкесіне амандық жеткізіп, тіл алып келуге жұмсайды. Батыр: "Тақсыр, онда алыс жолға шыдамды, қуса жететін, қашса құтылатын Ақкөжек атты мініске беріңіз" деп өтініпті.
Жол бойы иен далада қонып, таң ата оянса, құла құлын ерткен құлан шатыс құла биені көріпті. Жылқы жанды батыр бие мен құлынға қатты қызығады да қуып береді. Ақыры Ақкөжектің жүйріктігімен биені ұстап жетелесе, артынан құлыны мен тайы да еріпті.
Аумалы-төкпелі заманда міндетті орындап, аман оралған Асубайға төре құла бие мен тайды береді. Мына құла жылқылар соның тұқымы.
Атамыздың аты – Сексенбай
Асубай атамыз 78 жасқа келгенде бәйбішесі қайтыс болыпты. Бес ұлы мен қыздары өзіміз бағамыз деп сөз салса да, ақсақал үйде жалғыз отырып алыпты.
Сонымен, ұлдары ақылдаса келе, әкелеріне оң жақта отырып қалған отыздан асқан қызды алып беріпті. Содан тағы да ұрпақ көрген екен. Сексен жасқа келгенде туған баласына Сексенбай деп ат қойыпты. Бүгінде 95 жасқа келіп отырған Кеңшілік атамыз – сол Сексенбайдың баласы.
Әулетімізден шыққан ғалым да бар
Бізбен бірге қонақта болған Еділхан – Кеңшілік ақсақалдың ағасы Қонысбайдың ұлы. Еділхан – тарих ғылымдарының докторы. Аймақта ұзақ жыл басшылық қызметтерде болған әрі бірнеше кітап жазған танымал тұлға. Ақсақалдың бір немересі – аудандық құрылтайдың депутаты, бір немересі – аудандық салық инспекторы.
Бір немересі Ақтан Әленханұлы Ресейдің Иркутск және Горно-Алтай қалаларында білімін жетілдіріп, қазір Ұланбатырда оқып жүр. Демалысқа келген кезінде үйге көмектеседі.
Сонымен, кеш қарая мал да қораланып, сарлықтар сауылды. Бұзаулар желіге байланды.