Мамандығым – "өрмекші"
Халық арасында осындай атақ алған өндірістік альпинистер Қазақстанда сұранысқа ие әрі жаңа игерілген кәсіпті меңгергендер. Өйткені әйнектен салынған биік ғимараттардың саны жыл өткен сайын көбейіп келеді.
Мақсат Боқановтың бұл салаға келгеніне 6 жыл. Жасы 27-де. Осы мамандыққа дейін жартасқа өрмелепті. Тіпті халықаралық жарыстардан жүлделі орындар алған. Сондықтан көп қабатты үйлердің әйнегін жуу ол үшін қиындық туғызбаған.
Оқи отырыңыз: Жұмыскердің құқығы: нені білу керек?
– Мен 12 жасымнан бастап жартастарға өрмелеуді үйрендім. Бұл спорт түрінің хас шебері атандым десем болады. Сосын жаттықтырушы болып қызмет атқардым. Бірақ уақыт өте келе басқа салаға ауысуды ойлай бастадым.
– Дәл сол кезде бір досым өндірістік альпинизммен айналысатын компания ашты. Әрине, мені бірінші жұмысқа шақырды. Келісімімді ойланбастан бердім. Өйткені бала кезімнен айналысқан спорттың маған табыс әкелетініне сенімді болдым. Мен үшін биіктікті бағындыру қиынға соқпайды.
Оқи отырыңыз: Оқу бітірген жас маман жұмыссыз неге қаңғып жүр?
"Нұрлы тау" ғимаратын бір ай жуған
Мақсат әлі үйленбеген. Ата-анасы жалғыз ұлдарының қауіпті кәсіппен айналысуына қарсы болыпты.
– Ата-анам бұл спортпен әуестенетінімді білсе де, мен үшін қатты уайымдады. Басқа да толып жатқан кәсіппен айналыс деді. Алайда қауіпті болса да, көңілім қалаған кәсібім осы.
– Мен шыққан ең биік ғимарат – Әль-Фараби даңғылындағы "Нұрлы тау" бизнес орталығы. 2011 жылы пайдалануға берілетін болғандықтан жедел жуып шығу керек болды. Ол ғимаратты жууға толық бір ай шамасында уақыт кетті.
Оқи отырыңыз: Work and travel. АҚШ-қа сапар. Таным да, табыс та болады
Жел соқса, ғимараттың қабырғасына жабысып аман қалуға болады
– Біз өліммен күнде бетпе-бет келеміз. Сақтық шараларын мұқият орындамасаң, өмірің кез келген сәтте үзіліп кетуі мүмкін. Сондықтан жұмысымыз қауіпсіздік шараларын сақтауды және өте жауапкершілікті талап етеді.
Арқан – сақтық шараларына қажет басты құрал. Сол арқанды дұрыс бекіте білудің маңызы зор. Жалпы бір адамның сақтық құрылғылары 400 мың теңгеден жоғары тұрады.
– Біз желдің бағытын, ауа райын жіті бақылап отырамыз. Кішкене желдің өзі үлкен қатерге ұрындыруы мүмкін. Желдің жылдамдығы секундына бір жарым метр болып соқса, жұмыс тоқтайды. Жаңбыр жауса да, жұмыс істей алмаймыз.
Ауа-райы күрт өзгере қалған жағдайда төмен түсуге мүмкіндік болмаса, ашық терезеден ішке кіруге тырысамыз немесе ғимараттың қабырғасына жабысып тұрамыз. Алайда оқыс оқиға болмауы үшін, төменгі қабатта тұрып, сақтық шараларын қадағалап тұратын, жауап беретін адам бар.
Оқи отырыңыз: Қазақстанда жұмысшы құқығы туралы не білу керек?
2009 жылы Алматыдағы "Есентай Тауэр" бизнес орталығының әйнек қабырғаларын жуғанда төрт бірдей альпинист қатты желмен ғимараттың қабырғасына соғылып, қайтыс болған еді.
Қайғылы оқиғаны көзімен көрген адамдардың айтуынша, бір-біріне ширатылып, оралып қалған альпинистердің арқандарын төменгі қабатта тарқататын адам болмаған. Күшті соққан желдің әсерінен тіпті бірі сегіз милиметрлік әйнектен тұратын екі қабырғаны ішке қарай тесіп өткен.
Табысы жоғары кәсіп
Өндірістік альпинизм саласының мамандарының табысы жоғары. Өйткені бұл жұмыс екінің бірінің қолынан келе бермейді.
– Жаз айында орта есеппен алғанда айлық табыс 300 мың теңгені құрайды. Ал қыста сол табыстың жартысын табамыз десе болады. Жазда тапсырыстың көптігінен үлгермейміз. Тіпті бір ай бұрын тапсырыс бергендердің өзіне күтуіне тура келеді. Өйткені бұл салада мамандар тапшы.
Оқи отырыңыз: Кеңседегі жұмыс. Күйзеліске қарсы күнделікті жасалатын 12 түрлі лайфхак
– Жалпы өндірістік альпинизмді толық меңгеру үшін көп уақыт керек. Табысына қызығып келетін жастар бар. Бірақ олар биікке шығудан қорқады. Биіктікті бағындыру оңай емес. Биікке шығу мен төмен қарау – екі ұғым. Талап өте жоғары болғандықтан, сыннан сүрінбей өтетіндер саусақпен санарлық.
Қызына ерекше ұсыныс жасағысы келетіндер "өрмекші адамдардың" көмегіне жүгінеді
– Бірде түнгі сағат 11-лер шамасында бір жігіт қызынның туған күнінде сөз айтудың ерекше тәсілін ойлап тапқанын айтып, соған көмектесуімізді өтінді.
Жақсы көретін қызы төртінші қабатта тұрады екен. Сол үйдің төбесінен арқанмен терезесінің алдына түсіп, гүлін қолына ұстап, түнгі сағат 12-де құттықтап, әрі ұсыныс жасағысы келіпті.
Оқи отырыңыз: Қамыс – табыс көзі. Орақ ұстаған отбасының тұрмысы қалай түзелді?
Алайда өмірінде биікке шығып көрмеген жігіттің ойының іске асуына көмек бергенімізбен, өзі қатты састы. Түннің ортасында жоғарыдан төменге түсу оңай емес, ол үшін қорқынышты болды.
Дегенмен өз ойынан бас тартпастан, қызы тұрған терезеге жетіп, үйлену туралы ұсыныс жасады. Қыз әрі таң қалды, әрі қуана-қуана қабыл алды.
Өндірістік альпинистер сегіз қырлы, бір сырлы
Альпинистер тек үйлердің қабырғасын жуумен ғана айналыспайды. Биіктікте жұмыс істеп үйренгендер сегіз қырлы бір сырлы болуы керек. Өйткені шатыр жабу, желдеткіш қою, қыста шатырдың қарын тазалау тағы да басқа жұмыстарды атқара білу маңызды. Мамандардың тапшы болуының да бір себебі осы.
Өндірістік альпинизм саласында көбіне құрылыс пен туризм саласының мамандары жұмыс істейді. Бірақ мұнда биіктіктен жүрексінбейтін басқа саланың мамандары да көп.
Оқи отырыңыз: Күркетауық бағып, 23 жасында Gelandewagen мінген жігіт
– Менімен бірге жұмыс жасайтын адамдардың ішінде ресторанда бармен болып немесе басқа бір салада істегендер бар. Әйелдер жоқ. Тіпті өзімнің туысқан інілерімді де үйреттім. Өйткені өздері қызығушылық танытты.
Сыннан өтсе ғана альпинист болады
Өндірістік альпинистер жыл сайын аттестациядан, медициналық тексеруден өтіп тұрады. Ал жаңадан келгендер альпинизмнің талаптарына сай емтихан тапсырады. Өйткені кез келген ғимаратқа шығу үшін де бір ай бұрын тапсырыс алынып, альпинистке арнайы рұқсат беріледі.
– Біз үнемі білімімізді жетілдіріп отырамыз. Өйткені құрылыс материалдары да жылдан жылға түрленіп отырады. Сондықтан әр түрлі қиындықтарға кезікпеу үшін жаңа жабдықтар алуымыз керек.
Оқи отырыңыз: Анардың ойыншықтарына Үндістан, Африка, Түркия, Ресей елінен тапсырыс түскен
Альпинистер ғимарат жуып қана қоймай, құтқарушының да қызметін атқарады
– Альпинистердің жолында кездесетін тағы бір қиындық ғимаратқа өтуге рұқсат алу. Өйткені біз шатырдан түсіп, жоғарғы қабаттан бастап жуамыз. Арқандарды шатырға байлау қиындық туғызады.
– Өмірде жарға шығудың пайдасы тиіп жатады. Құтқару жұмыстарын атқарамыз. Біздің пәтер төртінші қабатта. Бесінші қабатта тұратын көршінің сыртқы есігі жабылып, өзі далада қалғанда, балконнан балконға секіруге тура келді.
Ерекше түскі ас
– Ғимаратты жуатын кезде өзіңмен бірге көтеретін жүктің салмағы 10-15 келіге жетеді. Шелектегі суды ауыстырудың өзі қиын. Түскі асты арқанда салбырап тұрып, ішетін кезіміз болады. Өйткені кейде тапсырыс беруші қысқа мерзімде жұмысты аяқтауды талап етсе, төменге түсуге уақыт қалмайды.
– Көбіне ғимарат жуатын кезде ішіндегі адамдарға ескерту жасалмайды. Сыртынан жабысып тұрған бізді көріп, таң қалады. Шай, кофе ұсынбаса да, су ұсынып жатады терезеден. Қатты қуанып қаламыз. Мысалы, "Нұрлы тау" сияқты өте биік ғимараттарға шыққанда түскі асты сол жерде жіпте салбырап тұрып жейміз. Кейде шатырда отырып тамақтанамыз.
Оқи отырыңыз: Жұмыссыздық жайлаған Ащысайдың ендігі үміті Қытай инвесторларында
Әр жұмыстың өзгелер біле бермейтін құпиялары болады. Альпинистер ғимарат жуу үшін арнайы рұқсат алады. Ал сол рұқсат қағазын алу үшін бірнеше мекемеден анықтама талап етіледі.
– Әсіресе, мемлекеттік мекемелердің терезесін жуатын кезде сотталмағаның туралы да анықтама сұрайды. Кейбір ғимараттарға шығу үлкен қиындық туғызады. Өйткені ғимараттың төбесінде арқанды бекітетін ілмешек жоқ.
Оқи отырыңыз: Чемпионы көп, спорт мектебі жоқ ауыл
Шатыр – ғашықтардың кездесу алаңы
– Биік ғимараттардың ғашықтардың кездесу алаңына не үшін айналатынын түсінуге болады. Өйткені биіктіктен Алматының қандай әдемі қала екенін көресіз. Мен сол әдемілікке қараған сайын өз жұмысымнан ләззәт аламын.
Ал альпинистер қаланы барлық қырынан тамашалай алады деп ойлаймын. Құс ұшатын биіктіктен таңның атқанын, болмаса күннің батқанын көру сөзбен жеткізе алмайтын керемет сезімге бөлейді. Ал ондай сезімді санаулы мамандық иелері ғана бастан өткеретіні сөзсіз.