Бірінші курс студенттерінің жатақхана алу мүмкіндігі көбірек
Бірнеше күннен кейін Қазақстандағы ЖОО-да жаңа оқу жылы басталады. Ал оған дейін Алматыға алыстан келген студенттер жатақханаларға жайғасып үлгерулері тиіс. Десе де, еліміздің оңтүстік астанасында жоғарғы орындарындағы жауапты мамандардың есігін қағумен жүрген ата-ана әлі көп.
ҚР Ұлттық экономика министрлігіне қарасты Статистика комитеті берген ресми ақпаратқа орай, 2017-18 оқу жылында Алматы қаласында 131 292 студент болған. Ал Нұрсұлтан Назарбаевтың 2018 жылдың наурыз айында білім беру гранттарының санын тағы 20 мыңға көбейту туралы тапсырмасынан соң Қазақстандағы жетекші университеттерінің үштен бір бөлігінің Алматы қаласында орналасқанын ескерсек, биыл бірінші курсқа түсетін студенттер санының күрт өскенін білеміз.
Қазақ Ұлттық Техникалық Зерттеу Университеті (Сәтбаев Университеті) баспасөз қызметінің ресми ақпаратына орай, бірінші курс студенттері жатақханамен толығымен қамтамасыз етіледі. Есесіне жоғары курс студенттерінің басым бөлігі пәтер жалдауға мәжбүр. Орта есеппен Сәтбаев Университетінде білім алатын 3 студенттің біреуіне ғана жатақханадан орын бұйырып тұр.
Батыс Қазақстан облысының Данияр есімді тұрғыны Талғат және Марат деген інілеріне жатақхана алып беру үшін Алматыға әдейі келгенін айтады. Талғаттың Сәтбаев Университетінің студенті атанған кездегі қуанышы көпке созылмапты. Себебі жатақханадан орын алу мәселесін шеше алмай басы қатып кетіпті.
– Университеттегі мамандар студенттердің бәріне жатақхана жетпейтінін айтты. Бірінші курсқа түскен інімнің "Студенттер үйінен" орын алу мүмкіндігі көбірек. Бірақ үшке өткен екінші ініме жатақхана берілмейді екен. Оны бізге ашық айтты, – дейді Данияр.
Бұл мәселенің қай деңгейде шешіліп жатқанын білу үшін Informburo.kz тілшісі университеттердегі жатақханаға жауапты мамандардың пікірлерін білуді жөн көрді.
Студенттер саны күрт өскен
Алматыдағы Ұлттық университеттерге түскен биылғы студенттердің саны өткен жылғымен салыстырғанда екі есеге артқан. Олардың барлығына бірдей орын жетпейтіні анық.
Әл Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті (ҚазҰУ) студенттер қалашығының директоры Сейітжанов Әбдіқаһардың айтуынша, ҚазҰУ жаңадан студенттерді қабылдау бойынша биыл рекордтық көрсеткішке жетіп отыр.
– Әл Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті бакалавр мамандықтары бойынша 6606 грант иегерін қабылдады. Одан бөлек, ақылы бөлімге қабылдау әлі де жалғасып жатыр. Сонымен бірінші курсқа түскен студенттердің жалпы саны 8 мыңға жуықтап қалады. Ал магистратура (1600 орын) мен докторантураны (600 орын) қоса есептесек, ҚазҰУ биыл 10 мыңнан астам студентті қабылдап отыр, – дейді ҚазҰУ студенттер қалашығының директоры.
Сейітжанов мырзаның айтуынша, ҚазҰУ тарихында бұрын соңды мұнша студент бір жылда қабылданбаған. Елбасы тапсырмасымен білім беру гранттарының саны тағы 20 мыңға көбейтілгендіктен студенттер санының күрт өскені байқалады
– Бірінші курс студенттерінің жатақханалардан орын алу мүмкіндігі көбірек. Бұл процесс арнайы компьютердегі бағдарлама арқылы жүзеге асырылады. Студенттердің өтініштерімен бірге олардың әлеуметтік жағдайы, денсаулығы мен статусын анықтайтын құжаттар қабылданады. Компьютердің көмегімен жағдайы ең төмен студенттер бірінші болып жатақханамен қамтамасыз етіледі, – дейді Сейітжанов Әбдіқаһар.
"Жатақхана бәріне жетпейді"
ҚазҰУ қалашығы директорының айтуынша, Ұлттық университет басқаруында 6 мың орындық 15 жатақхана бар. Ал ҚазҰУ-да жалпы есеппен 20 мыңнан астам студенттің білім алатынын ескерсек, өтініш білдіргендерініің барлығы жатақханадан орын ала алмайды.
– Әрине, барлық студенттерге жатақханадан орын беру мүмкін емес. Бұл проблема кез келген мемлекетте бар. Мысалы, Түркиядағы Стамбұл университетінде 200 мыңнан астам студент білім алады. Университет пен қала әкімдігі олардың барлығын жатақханамен қамтамасыз ете алмайды. Соның өзінде, Елбасының тапсырмасымен Қазақстанда алдағы үш жылға бағытталған 75 мың орындық жатақханалар салу жоспары жүзеге асырыла бастады. Бұл еліміздегі студенттердің жатақхана мәселесін толық шешуге тиіс, – дейді Сейітжанов мырза.
Қай студенттің жатақханадан орын алуын компьютер анықтайды
Түркістан облысының тұрғыны Зейнеп ҚазҰУ-ға түскен кенже баласын ертіп, жатақхана алу мақсатында бірнеше күннен бері бір басшыдан екінші басшыға барып, әлек болғанын айтады. Ол өзі сияқты ата-аналардың телефон арқылы таныс-білістің көмегімен жатақхана алуға тырысып жатқанын естіп, бұл мәселенің оң шешілмей қалуы мүмкін екенін ойлап, уайымдай бастаған.
– Факультеттегі мамандар көп балалы отбасынан екенін біліп, жатақхана алатынын алдын ала айтты. Бірақ бұл компьютердегі бағдарламаның көмегімен іске асырылады екен. Ал оның нәтижесін апта соңына дейін күту керек. Кейбіреулердің туыс немесе таныстарына хабарласып, жатақханадан орын алуға тырысып жатқанын құлағымыз естіп, компьютерге де сенім арта алмай отырмыз. Адами фактор көбірек рөл ойнамаса игі еді, – дейді Зейнеп апа.
Өз кезегінде, ҚазҰУ студенттер қалашығының директоры бұл жерде ешқандай адами фактордың әсері болмайтынын айтты.
– Кейіннен ешкімнен арыз түспеуі үшін біз студенттерді жатақханаларға орналастыру процесіне "адами факторды" барынша араластырмай, оның компьютерлік анализдің көмегімен ашық әрі әділ түрде өтуіне қол жеткізбекпіз, – дейді ҚазҰУ студенттер қалашығының директоры.
Елбасы тапсырмасы қай деңгейде орындалып жатыр?
Алматы қаласының баспасөз қызметінің мәлімдемесіне орай, оңтүстік астанада 22 мың студентке жатақхана керек. Бұл көрсеткіш жыл сайын өсіп келе жатқандықтан алдағы үш жылда 37 жатақхана салу жоспарланған.
Ресми ақпаратқа орай, Алматыдағы 12 университет әкімдігі жалпы есебі 4,8 мың орындық жатақханалар салу жобаларын ұсынып, жер телімін алып үлгерген. Одан бөлек, 19 жатақхана салу жобаларын Алматы қаласы әкімдігінің өзі дайындап отыр.
Қазіргі таңда, Алматыда 7 жатақхана салынып жатыр екен. Олардың төртеуінің құрылысы жыл соңына дейін бітуі тиіс.
Сәтбаев Университетінің жатақханасы
Алматыдағы ЖОО-лардың ешбірінің меншігінде ҚазҰУ-дағыдай 15 жатақханасы жоқ. Себебі "Студенттер үйінің" басым бөлігі 1990-жылдары жекешелендірілген. Сондықтан өзге университет әкімдіктеріне бұл мәселені шешу біршама қиындық тудырып отыр.
Informburo.kz тілшісі Алматыдағы студенттердің жатақханаен қамту барысы туралы толығырақ ақпарат жинау үшін Сәтбаев университетінің баспасөз қызметінен статистикалық соңғы мәлімет алды.
Ресми ақпаратқа орай, биыл 2134 студент Сәтбаев университетінде грантпен білім алу мүмкіндігін жеңіп алған. Бұл өткен жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 90 пайызға көп. 2018 жылдың тамыздың 20-на дейін бірінші курс студенттерінің 70 пайызынан (1500 студент) жатақханадан орын алуға өтініш түскені белгілі болып отыр. Өтініш қабылдау бүгінге дейін жалғасып жатыр.
– Сәтбаев университетіне қарасты жатақханаларда 1742 орын бар. Ал бірінші курс студенттеріне 1130 орын бөлінген, – деп жазылған ресми мәлімдемеде.
Демек Сәтбаев университетінде де бірінші курс студенттерін толық жатақханамен қамтамасыз ету мүмкін емес.
Жөндеуге жіберілген жатақханалар
Сәтбаев университетінің ресми ақпаратына сенсек, ЖОО қарамағындағы №9 жатақхана Алматы қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің (ТЖД) талабымен сейсмикалық тексеруден өтпегені үшін жабылған. Жоспар бойынша бұл жатақхана толығымен бұзылып, орнына жаңасы салынуы тиіс. Ал құрылыстың қашан басталатыны әзірге белгісіз.
Одан бөлек, Сәтбаев университеті колледжінің ғимараты да толық жөндеуден өткізіліп, жатақхана ретінде пайдалануға берілмек. Университет еншісінде ТЖД талабына сай емес тағы бір жатақхана (№5) бар. Редакцияға келіп түскен мәліметке орай, бұл ғимаратта университеттің бұрынғы қызметкерлері тұрады.
Жатақханадан шығару туралы сот шешімі болса да, тұрғындары босатуға асығар емес. Сол себепті ғимаратты қауіпсіздік талаптарына сай күрделі жөндеуден өткізу мүмкін болмай тұр.
Шетелдік студенттер бәрінен бұрын қамтамасыз етіледі
Үндістан азаматы Джинаид Хан С. Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық Медициналық Университетінде (ҚазҰМУ) жалпы медицина мамандығы бойынша үшінші курста оқиды.
Үндістаннан келген өзге де студенттермен бірге биыл үшінші жыл уақытылы жатақханадан орын алыпты. Джинаид Ханның айтуынша, қазақ студенттері жатақханаға орналасу кезінде көп қиындықтарға тап болады екен.
Өз кезегінде ҚазҰМУ ректорының әлеуметтік мәселелер бойынша орынбасары Датқаев Ұбайдулла Informburo.kz тілшісіне берген сұхбатында жатақханаға қазақ студенттерінен бұрын шетелдіктердің орналасуын олардың оқу ақысын бірнеше есе көп төлейтінімен түсіндірді.
ҚазҰМУ жатақханасы
ҚазҰМУ ректоры орынбасарының айтуынша, университетте білім алатын 10 мыңнан астам студенттің үштен екі бөлігіне жатақхана қажет. Биыл мемлекеттік грантпен 1009 студент оқуға түссе, тағы 643 студент ақылы бөлімге қабылданған. Ал университетке қарасты 7 жатақханада небәрі 2700 орын бар.
– Бірінші курсқа түскен студенттерге 1000 орын алып отырмыз. Жыл сайын қабылданған студенттердің үштен екі бөлігі жатақхана алуға өтініш білдіреді. Қалғаны жоғары курс студенттеріне беріледі, – дейді ректордың орынбасары.
Датқаев мырза 600 орындық жаңа жатақхананың салынып жатқанын айтады. Жоспар бойынша, оның құрылысы қыркүйек айының басында бітуі тиіс.
Универсиада жатақханалары
ҚазҰУ студенттер қалашығының директоры Әбдіқаһар Сейітжановтың айтуынша, 2017 жылы Алматы қаласында өткен Универсиадаға келген спортшыларға арнап салынған жатақханалар жарыс аяқталғаннан кейін қаладағы университеттердің меншігіне берілуі тиіс болатын. Дегенмен Алматы қаласы әкімдігінің шешімі бойынша, жаңа жатақханалар мемлекеттік қызметкерлер мен ғылым саласында еңбектеніп жүрген азаматтарға берілетін болыпты.
– Егер Универсиада жатақханаларын бізге берген кезде, Алматыда жатақханадан орын ала алмай қалған студенттердің саны әлдеқайда азаяр еді, – дейді Сейітжанов мырза.
Студенттерге пәтер жалдап тұру қиын
Әдетте, Алматыда жалдайтын пәтер табуға бірнеше күн, кейде апта кетеді. Егер пәтер жалдау мәселесі бойынша мамандардың көмегіне жүгінбей, өзіңіз айналысамын деп шешсеңіз, бірнеше айға дейін тентіреп жүруіңіз әбден мүмкін. Ал алматылықтардың басым бөлігі пәтерлерін студенттерге жалға беруден қашады.
Оңтүстік астанада пәтерін жалға беретін азаматтардың студенттермен байланысудан бас тартатындарының себебін жылжымайтын мүлік бойынша тәуелсіз сарапшы Нұрсұлтан Сансызбаевтан сұрап көрдік.
– Студенттер ақшасын үнемдеу мақсатында топтасып пәтер жалдайды. Бір бөлмелі пәтерде 5-6 адамға дейін тұратын жағдайлар жиі кездеседі. Сәйкесінше, адамы көп пәтердің шуы бітпейді. Одан бөлек, студенттер достарымен мерекелік кештерде жиі бас қосады. Көршілерден арыз түспесін, пәтердің ішкі жағдайы жақсы қалыпта сақталсын деп үй иелері студенттерді алмайды, – дейді сарапшы.
Оның айтуынша, кейде студенттер пәтер ақысын төлеуді кешіктіреді. Себебі олардың тұрақты табысы жоқ. Бұл да – пәтер иелірінің осындай шешім қабылдауына негіз болады.
Студенттер келгенде пәтер ақысы қымбаттайды
"КВАДРАТ" Риэлторлық тобы" ЖШС директоры Нұрлан Алыбаев пәтер жалдау мәселесі бойынша студенттердің жиі хабарласатынын айтады.
– Жаңа оқу жылына қарай қалаға студенттер ағыла бастағаннан пәтер жалдау құны 10-15 пайызға қымбаттай түсті. Бұл – жыл сайынғы науқан үрдісі. Пәтер жалдауға сұраныс артқанымен, оның ақысы тым жоғары көтеріле қоймайды. Себебі нарықтағы бағаның тұрақты өсуі ел экономикасының дамуы мен халықтық әлеуметтік жағдайының жақсаруына тәуелді, – дейді Нұрлан Алыбаев.
Университетке жақын аймақтағы пәтерлер
Риэлторлық агенттік директорының айтуынша, жаңа оқу жылы басталған кезде университетке жақын аймақтардағы пәтерлердің бағасы 30 пайызға дейін өседі.
– Мысалы, ҚазҰУ төңірегіндегі жөндеуден өткен бір бөлмелі пәтер айына 90 мың теңге бағада жалға беріледі. Әдетте дәл осындай пәтерлер Әуезов сияқты университеттен алыс аудандарда 65 мың теңгеден басталады, – дейді сарапшы.
Риэлтордың көмегінсіз пәтер жалдау мүмкін бе?
Интернет арқылы пәтер іздеуге болады. Бірақ пәтер иесінің атынан жарияланған ұсыныстар әдетте аз кездеседі. Мысалы, krisha.kz сайтының картасы арқылы секунд сайын жаңартылып отыратын хабарландыруларды көре аласыз.
Одан бөлек, kn.kz және olx.kx сайттары арқылы да табуға болады.
Риэлтордың көмегіне жүгінгіңіз келсе ...
Жоғарыда аталған сайттардағы хабарландырулардың басым бөлігін риэлторлық компания агенттерінің ұсыныстары қамтиды. Жылжымайтын мүлікпен айналысатын мамандардың көмегімен пәтер жалдайтын болсаңыз, олардың қызметі үшін қосымша 20 мың теңге төлеуіңізге тұра келеді.
Кейде риэлторлардың өзі студенттерден бас тартатын сәттер де кездеседі. Оған студенттің ұсынған арзан бағасы немесе пәтер иелерінің келіспеуі себеп болады.
Егер пәтер иесінің келіскенін қаласаңыз, пәтерді жалдау ақысын көтермелеп іздеуіңізге тұра келеді. Тек қымбат ұсыныстарды қарау арқылы тез әрі қолайлы пәтерді жалға ала аласыз.
Ал артығымен төлеуді қалтасы көтермейтін студенттерге тозығы жеткен пәтерлерді арзан бағаға алудан басқа амал қалмайды. Ондай пәтерлерде әдетте су немесе жарық жиі өшеді. Одан бөлек, интерьер жабдықтары да ескі болып келеді.