Тікелей эфир

Алматыда тексеру күшейді. Қоғамдық көлікте маска тақпағандарға айыппұл салынады

Суретті Алматы әкімдігінің баспасөз қызметі ұсынды
Суретті Алматы әкімдігінің баспасөз қызметі ұсынды
Айыппұл көлемі – 83 мың теңге.

Алматының қоғамдық көліктерінде тәртіп күшейтілді. Енді санитарлық ережелерді бұзып, маскасыз жүрген жолаушыларға бірден айыппұл салынады. Бұған дейін тазалық шараларын сақтамағандарға тек ескерту жасалатын. Себебі, осы уақытқа дейін рейд жұмыстарын жүргізіп, тексергендердің жолаушыларға айыппұл салуға құқы болмаған.

Ал бүгіннен бастап қалалық мобильділік басқармасы, Көлік холдингі мен полиция қызметкерлерінен құралған мониторинг тобы жолаушылардың санитарлық ережелерді сақтауын тексеруге кірісті. Қазіргі мониторинг тобы санитарлық ережелерді бұзғандарға айыппұл салып, шара қолдануға құқылы. 

Топ өкілдері қаланың барлық бағыттағы қоғамдық көліктерін және метроны кезекпен тексеруді жоспарлап отыр. Сонымен қатар, қалада жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында, жүктемесі жоғары 28 бағыт бойынша қосымша автобустар шығарылып, жүру интервалы қайта қарастырылды.

Соңғы аялдамаларда автобус салондарына дезинфекция жасалады. Сондай-ақ, автобустар мен метрода маска тағу қажеттілігі туралы ақпараттық аудиохабарлама жасалады.

Жүргізушілерге жұмыс уақытында міндетті түрде маска тағу, маскасыз жолаушыларды көлік ішіне кіргізбеу және қажет болған жағдайда түсіріп кету туралы тапсырма берілді. Көлік холдингі қызметкерлері де карантин кезінде санитарлық нормаларды бұзушыларға ескерту жасап, автобустан түсіру туралы тапсырма алды. 


Оқи отырыңыз: Алматыда демалыс күндері қоғамдық көлік жұмысын тоқтатады. Шектеу қала "қызыл аймақтан" шыққанша жалғасады


Алматыда қоғамдық көлік тапшылығы әлі де бар. Баспасөз қызметінің хабарлауынша, қалада жолаушылардың қажеттілігін толық өтеу үшін мыңға жуық автобус қажет. Жылдың аяғына дейін тасымалдаушылар екі жүзден аса автобус сатып алуды жоспарлап отыр.

Серіктестер жаңалықтары